Кіріспе бөлім

Алаштың «Ұраны»

2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері шыға бастағанына 95 жыл толғанын атап өтті. «Известия областного исполнительного комитета Совета крестьянских, рабочих, киргизских, красноармейских и ловецских депутатов» – «Ішкі Ордалықты басқарушы областной кіндік комитеттің Хабары» аталып, Орда қаласында қазақ және орыс тілдерінде шыққан басылымның туған күні 1918 жылғы 17 қараша болатын.

 

Ғабдолғазиз Мұсағалиев – алғашқы редактор

Отарлауды басты мақсат еткен жүйе еліміздің шынайы тарихын бұрмалап, шындықты жасырып, өз саясатына қолайлы, оң жамбасына ыңғайлап құрастырылған тарих жасады. Соның салдарынан Қазақ елі үшін ерен еңбек еткен талай тұлғаларымыз бен олардың атқарған істері беймәлім болып, саясаттың құрбанына айналды. Тәуелсіздігіміздің арқасында осы олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіншілік алдық.