Жиенғали ТІЛЕПБЕРГЕНОВ

Жиенғали Әділұлы Тілепбергенов 1895 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Темір ауданы Қызыл жұл-дыз ауылында туған. Жазушы, драматург. Алғаш ауыл молдасынан сауатын ашқан Тілепбергенов Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқыды.

1915-18 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесіне ауысып, «Садақ» қолжазба журналының Б.Майлиннен кейінгі шығарушысы болды.

Тілепбергенов 1918-33 жылдары ауыл мұ-ғалімі, Темір ауданы оқу бөлімінің инспекторы, меңгерушісі (1921-25). Ақтөбедегі «Кедей» газеті редакторының орынбасары, редакторы (1925-26). Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінің редакторы (1927-28). Қызылорда ағарту институтында оқу-тәрбие жұмысын басқарушы, кейін директоры (1928). «Сыр бойы» газеті редакторының орынбасары (1929-30). Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы (1931-32). Темір ауданы «Социалды майдан» газетінің редакторы (1932-33) қызметтерін атқарған.

Тілепбергенов «Айқап», «Қазақ», «Алаш» газеттеріне елден хабарлар жазып, өлеңдерін жариялаған. «Ұран» газетінде де Ж.Тілепбергеновтің Темір уезінен жазылған хаттары жарияланған. Жазушының ауыл өмірін суреттеген «Таңбалылар» (1930) повесі жарық көріп, «Перизат-Рамазан» (1928), «Тілші» (1928) атты пьесалары сахнада қойылған. Әңгімелер мен фельетондар жинағы «Ізбасар» деген атпен 1969 жылы жеке кітап болып басылды.

1933 жылы Ақтөбе қаласында ауыр науқастан қайтыс болған.

Тип материала: 
Тұлғалар