Ұстаздардың ұстазы Ғали Бегалиевтің туғанына 125 жыл

Міне, тағы да күз келді. Күз айы басталысымен барлық оқу орындарының есіктері айқара ашылып, ұстаздар қауымы жаңа оқу жылының тәлім-тәрбиесін бастап та кетті. Осы ұстаздардың өздері де кезінде аға буын әріптестерінің алдын көргені анық. Осындай ұстаздардың ұстазы болған Ғали Бегалиев 1888 жылы Батыс Қазақстан облысының қазіргі Қазталов ауданында дүниеге келген. Ол – қазақ педагогы, методист-ғалым, оқулықтардың авторы, журналист, қазақ балаларын ана тілінде сауаттандырған тұңғыш әліппе авторларының бірі.

 

Алғашқы білімін Мұхамедия медресесінен алған ол еңбек жолын Торғай облысында ұстаздық қызметтен бастайды. 1910-1912 жылдары Орынборда орысша курстарда оқып, 1912-1918 жылдары Батыс Қазақстан облысының Ақбұлақ стансасындағы қазақ мектебінде істеді. 1918 жылы Ордада өткен мұғалімдердің тұңғыш съезінде Ғали съезд төрағасының көмекшісі болды. Съезде Бөкей ордасының барлық мек­ тептері қазақ бөлімдеріне беріліп, оқу ісін жаңаша ұйымдастыру, оған лайықты мұғалімдер даярлау, оқулықтар жазу ісін басқару Ғ.Бегалиевке жүктеледі. Ол осы мәселе бойынша 1918 жылы Орал қаласында бірың­ ғай еңбек мектептерінде мұғалімдер даярлайтын курс ұйымдастыруға қатысып, онда негізгі пәндерден лекция оқыды. 5-10 орыс кластарына арналған қазақ тілі оқулықтарын жазды.

 

Ғ.Бегалиев 1922-1924 жылдары Орда қаласындағы педтехникумда мұғалім, 1924-1930 жылдары Орал қаласындағы «Қызыл ту», Алматы­ дағы «Еңбекші қазақ» газеттерінде істеді. ҚазПИ-де қазақ тілінен, методикадан сабақ берді, ҚазССР Оқу Министрлігінде инспектор болды. Қазақ әрі орыс мектебіне арналған оқулықтардың, оқыту әдістемеле­ рінің авторы, ана тіліндегі мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқыту ісін жақсартуға көптеген көмекші еңбектер жазған ол «Қазақстан мұғалімі» журналының тұрақты авторлары санатына қосылды.

 

С.М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тілі білімінің ұстазы Ғ.Бегалиев 1931-1933 жылдары Москвадағы методист-тілшілер даярлайтын педагогикалық ғылыми зерттеу институтының аспирантурасында оқып, кейін диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атанды. Қазақ тілінің терминологиялық және түсіндірме сөздіктерін жасауға қатысты. Қазақ лексикологиясы мен морфологиясы саласындағы, қазақ тілінің методикасы жайындағы еңбектері – тіл біліміне қосылған үлкен үлес. Ол ұзақ жылғы ғылыми-педагогикалық еңбегінде қазақ тілінің маман кадрларын дайындап, оларды ана тіліне сүйіспеншілік рухта тәрбиеледі. Оның тіл білімі туралы жазған оқулықтары мен ғылыми еңбектері Қазақстанның Мемлекеттік кітап палатасының алтын қорында сақтаулы. Ғ.Бегалиев Қазақ ССР Оқу Министрлігінің, екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет дипломдарымен марапатталды. Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген мұғалім 1966 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.

 

Бүгінде оның туған жері Қазталов ауданының Қошанкөл ауылындағы орта мектеп Ғали Бегалиевтің атында болса, біздің ауданымызда Бөрлі ауылдық округіндегі орта мектеп оның жұбайы Мәдина Бегалиеваның атында. 

Мәдина Бегалиева – қазақтың тұңғыш инженер-металлург қызы. 1917-1918 жылдардың өзінде старшын мектептеріне, ликбез мектеп­те­ ріне ұстаздық етті. Атты әскер полкінің үгітшісі, ерекше отрядтың мү­ шесі болды. Кездескен қиыншылықтарды жеңе жүріп, қазақ балала­ рының сауатын ашып, оларды білімге баулыды, орыс тілін үйретті. Мә­ дина Бегалиева – қазақ әйелдері ішінен үздік шығып, жалынды жастық шағы мен бар саналы өмірін туған елінің игілігіне арнаған, халқының болашағы үшін қалтқысыз еңбек еткен жан.

 

Ғали Бегалиев пен Мәдина Бегалиева екеуі өмірге төрт бала әкеліп, өсіріп, қыздары Нәкия, Шолпан, Роза, ұлы Темір білімді, тәрбиелі маман болып жетілді. Темір мен Шолпан анасының жолын қуып, Темір тау-кен инженері мамандығын алса, Шолпан техника ғылымдарының докторы атанды. Өкінішке қарай, екеуінің де өмірі қысқа болды. Қыздарының бірі – шет тілі маманы Роза Ғалиқызы Италияда елшілікте істесе, Нәкия Ғалиқызы кеңес қызметкері болды.

 

Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені қызметкерлері өлкемізді дамытуға, өркендетуге еңбегі сіңген, артына айрықша із қалдырған азамат-азаматшалар есімдерін жаңғыртып, музей қорын толықтырып, олардың еңбегі туралы деректер жинап, көпшілікке таныстырып келеді. Осындай мақсатта үстіміздегі жылы Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің Халыққа білім беру музейінде Ғали Бегалиев туралы кеңейтілген арнайы тақырыптық экскурсия өтті. Біздің қолға қалам алғандағы мақсатымыз – ұстаздардың ұстазы, қазақ балаларын ана тілінде сауаттандырған тұңғыш әліппе авторларының бірі Ғали Бегалиевтің есімін ұрпақтар жадында қайта жаңғырту.

 

Эльвира АХМЕТОВА,

 

Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің

 

кіші ғылыми қызметкері

 

 

«Орда жұлдызы» газеті, №40 (6865) сенбі, 5 қазан, 2013 жыл

 

Тип материала: 
Газет туралы