«Ұран» газетінің редакторы – Ғабдолғазиз Мұсаұлы Мұсағалиев

  • ғасырдың басы қазақ халқының тарихындағы бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресейдің патшалығы әдейі тұмшалаған­ ой-сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең болды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары аңсаған ілім-білімді үйренуге үндеу ХХ ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы қазақ азаматтарын елді ояту, азаттықты аңсау мақсатына жетеледі. Осынау зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар шоғыры халыққа таныла бастады. Бұлар ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылары болатын. Ұлт зиялылары дегеніміз, академик М.Қозыбаевтың сөзімен айтсақ, сол кездегі қазақтың «ұйытқысы», қамқоршысы, тірегі әрі рухани білегі»-тұғын1.

Қазақ зиялылары, әсіресе, патша өкіметін құлатып, Ресейде және оның ұлттық отар аймақтарында ерекше саяси жүйені тудырған 1917 жылғы Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алып, осы төңкеріс ала келген демократияның өзгерістер лебімен қанаттанып, қазақ арасында мәдени-ағарту жұмысын жандандыра түсуге күш салды. Бәрінен бұрын қазақ жерінде кенже қалып келе жатқан оқу жайын жолға қоюға зор талпыныс жасады. «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдар­ дан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші», - деп жазды Ахмет Байтұрсынов2.

 

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін құрыла бастаған ұлттық қоғамдық ұйым – Қазақ комитеттерінің белсенді араласуымен жер-жерде мектеп­ тер ашу, қазақ балаларына стипендия тағайындау, мұғалімдер даярлау ісі қанат жая бастады.

Төңкерістен бұрын жоғары білім алған қазақ жастарының көбі ақпан төңкерісінен кейін халқына қызмет етуге жан-тәнімен кірісті. Солардың бірі Ғабдолғазиз Мұсағалиев болды.

 

316

 

 

 

 

 

Алаш тарихын кеңестік дәуірде зерделеп, зерттеген жерлесіміз Мұс­ тафа Ысмағұловтың деректеріне сүйенсек, Бөкей ордасынан шыққан қазақ оқығандарының ішіндегі елеулі ірі тұлға – Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ол 1880 жылы Астрахан губерниясының Бөкей ордасындағы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы) Әбдіраш ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Мұса ауылға танымал, ауқатты адам болған. Ұлының талпынысын байқаған әкесі Ғабдолғазизді Қазан қаласындағы Алатай медресесіне оқуға береді. Медресені ойдағыдай аяқтап, білімін тереңдету мақсатында ақсүйектер (светская) мектебіне оқуға түседі. Осы мектепте оқып жүріп қазақ елінің тарихын зерттеп, ел аузынан әдеби мұраларды жинауға ден қояды. Осы жылдары оның әкесі қайтыс болады. Әкесінен қалған мұраларын сатып, қаражат жинап, Әбу-Насыр әл-Фараби бабасындай өнер-ғылым қуып, Мысыр еліне аттанады. Мұнда ол өзінің дарындылығымен Каирдегі Әл-Асқар университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Ол заң ғылымымен қатар араб, парсы т.б. тілдерді меңгереді. Меккеге қажылыққа барады. Басқа халықтардың тұрмыс-тіршілігін танып-білу мақсатымен Пәкстан, Үндістан, Индонезия, Жапония т.б. шығыс елдерін аралайды.

 

1911-1913 жылдары Орда, Орал, Астрахан қалаларында Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Шәңгерей Бөкеев т.б. бірлесе отырып, қоғам қайраткерлерімен бірге «Қазақстан» газетін шығаруға атсалысады.

 

1911 жылдың күзінен бастап Ғ.Мұсағалиев «Мамания» мектебінің меңгерушісі болып тағайындалады.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев «Айқап» журналына да тарихи тақырыпта «Қазақ жайынан», т.б. тарих туралы бірнеше мақала жазған. Осы мақалада Ғабдолғазиз: «Тілесе кім үшін болсын, дүниеде тарих ғылымындай бір ғылым жоқ. «Неге?» десеңіз, сол тарих ғылымын оқумен өткенде болған әртүрлі істерді біледі, оларды білу арқасында келешекке әркім өзіне бір тура жол даярлайды. Өткенде болған қате істерден сақтанады» деп, ол тарих ғылымы адам бойына патриоттық сезім ұялатады деген қорытындыға келген3.

 

1917 жылы буржуазиялық-демократиялық революция тұсында Ғабдолғазиз Мұсағалиев «Ғ.Мусин» деген бүркеніш атпен шілде айынан бастап Орал қаласында «Ұран» («Призыв») атты газетті шығара бастады. Бұл газеттің беттерінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев Ордадағы революциялық комитет туралы, уақытша үкіметтің қызметі жөнінде және Қазан төңкерісінің мұраттарын насихаттаған.

С.Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» атты романында: «Әр жердеақ газет шығара бастады. Семейде «Сарыарқа», Ташкентте «Алаш», соңынан «Бірлік туы», Бөкейлікте, Астрахань қаласында «Ұран» газеті, оны басқарған Ғабдолғазиз Мұсағалиев» деп көрсетіп, «олардың бәрі – «Қазақ» газетінің нұсқауын орындаушылар, тек «Тіршілік» газетінен басқалары» деген қорытынды жасайды4. Сонымен қатар Сәкен Сей­ фуллин «Тар жол тайғақ кешу» атты романында ХХ ғасыр басындағы саяси дүрбелең кезеңді сол кездегі шығып тұрған басылымдар арқылы, жарияланған мақалалар негізінде суреттеп берген.

 

Бөкейлік қазақтардың арасында саяси қозғалыс болып, оқыған жастардың арасында кеңесшілдері барлығы білініп жатқанын «Қазақ» газетінің 1918 жылы 27 ақпанда шыққан 261-інші нөмерінде «Ұран» газетіне мынандай хабар басылғанын жазған. Мақала «Тағы да өзгеріс» деп аталады. «Бөкей ордасының бұрынғы комиссары Б.Құлманұлы қалып, оның орнына Әзірбайұлы сайланғанын, Бөкейліктің ішкі істерін мына кісілер басқарады деп тізімдерін жазған:

 

  1. Ішкі істі қараушы: Б.Ниязұлы

 

  1. Жол ісін қараушы: У.Көшекұлы,

 

  1. Жәрдем беруші: К. Меңешұлы,

 

  1. Азық-түлік: С.Генералұлы,

 

  1. Ақша жағын: Д.Темірәліұлы,

 

  1. Оқу-оқыту: С.Меңдешұлы,

 

  1. Денсаулық: М.Көкебайұлы,

 

  1. Дау: С.Нұралиханұлы.

 

Осылайша «Ұран» газеті шығып тұрған кезеңінде елдің саяси жағ­ дайын жариялап отырған5.

Тарихшы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы «Ұран» газеті жөнінде:

«Ішкі Ордада (Бөкейлікте, Астрахан қаласында) 1917 жылы 14 мамырдан бастап шыға бастаған қоғамдық-саяси бағыттағы басылым. Редакторы Ғабдолғазиз Мұсаұлы. Ол «Қазақ» газетінде де белгілі қаламгер. «Ұран» газетінің №2 саны 1917 жылы 28 шілдеде шыққан. Со­ ған қарағанда, басылым тұрақты жариялана алмаған. Өкініштісі, бүгінгі деректанушылар осы газетті ғылыми айналымға, зерттеу нысанасына түсіре алмай келеді. Халел Досмұхамедұлы, Жаhанша Досмұхамедұлы т.б. тарихын қарастырушылар да осы газетке соқпай, айналып кетіп жүр»,- деп жазған болатын6. Енді, міне, бүгінде көптен қолға алынбаған «Ұран» газетінің материалдары қолға тиіп, оның мақалалары көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарына негіз болатыны бізді қуантады. Бұл да тарихтың ақтаңдақ беттерінің бір парағы деп айтуға тұратын еңбек.

 

Қорыта айтсақ, еліміздің болашағы өткен тарихында. Өткенді таразыласақ, зердеміз кеңіп, еліміздің қоғамдық-саяси мәселелерін талдап-талқылай аламыз, дүниетанымдық зердеміздің көкжиегі кеңейе түседі.

 

Сондықтан осы «Ұран» газетін жинақтап, мақалаларын аударып, кітап етіп басып жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз.

 

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Рысқалиева Ф. «Қазақ зиялыларының азаматтық қайырымы», «Ақиқат» журналы, 2005 жыл, №4
  2. Байтұрсынов А. Таңдамалы шығармалар жинағы, Т2, 2003

 

  1. Ысмағұлов М. Докладная записка о Г. Мусағалиеве, БҚО тарихи-өлкетану музейі, қор №8450/7
  2. Сейфуллин С. «Тар жол тайғақ кешу», А. 1977, 52-б.

 

  1. «Қазақ» газеті, 1918 жыл 27 ақпан, №261

 

  1. Әнес Ғ. «Алаш, Алашорда» энциклопедия, А. «Арыс», 2009 342-б.

 

  1. Мағзомова А. «Ғ.Мұсағалиев», магистр дис. 2008

 

  1. Оспанова М. «М.Ысмағұлов – Алаш тарихын зерттеуші», дип. жұмыс, 2014.

 

ҒАБДОЛҒАЗИЗ МҰСАҒАЛИЕВ

Халқымыздың жарқын болашағы мен ұлттық тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен ірі қайраткерлеріміздің бірі - Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Оның әр салада атқарған қызметі мен еліміздің бостандығы үшін ат салысқан игілікті істеріне баға беретін болсақ, оның есімі қазақ халқының тарихында ірі қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тарихшысы, публицист, ағартушы-демократ, өзінің ой-өрнегі бар дарынды ойшыл-философ және сегіз тілді жетік меңгерген, XX ғасырдың басындағы жалпы демократиялық ағымда­ болған қазақ зиялыларының бірі.

Атап айтатын болсақ, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің өмірі мен сан қырлы атқарған қызметі – жеке тақырып, тіпті мақала көлемінде осы күнге дейін зерттелген емес. Оны тарихи тұлға ретінде шағын мәліметпен тұңғыш рет жазған Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы Салық Зиманұлы Зиманов болды. Ол өзінің зерделі шәкірттерімен бірге 1975 жылы орыс тілінде «Казахский отдел народного комиссариата по делам национальностей РСФСР»1 деп аталатын мазмұнды еңбегін жарыққа шығарды. Тоқырау заманының цензурасының тосқауылына қарамастан, осы аталмыш ең­ бекте авторлар, жалпы тарихи зерттеуде тұңғыш болып, Ғабдолғазиз Мұсағалиевке және бұрын аттары аталмай келген біршама есімдер­ ге тоқталып, ғылыми талдау жасады. Бірақ, өкінішке орай, зерттеу тақырыбының басқа мәселелерге арналуына байланысты ғалымдар Ғабдолғазиз Мұсағалиев туралы бір бетке толар-толмас мәліметпен шектелді. Ал, шын мәнінде, терең талдау жасап қарасақ, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің өмірі мен қызметі – монографиялық деңгейдегі зерттеуді талап ететін жеке тақырып.

Нақтылы деректерге сүйенетін болсақ, Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1888 жылы Астрахань губерниясының Бөкей ордасында ауқатты, сол аймаққа танымал әулетте дүниеге келген.

Оның әкесі заман талабына сай білім алған, ел арасында өзінің әділ, жанға жағымды қасиеттерімен сыйлы адам болған. Әкесі әр уақытта мұқтаж халдегі ауыл азаматтарына өз дәулетінен бөліп беріп отырған.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев өзінің білімдегі алғашқы қадамын Қазандағы Алатай медресесінің табалдырығын аттаудан бастайды. Медресе қабырғасында ол шариғат қағидаларымен, жалпы ислам дінімен, со­ нымен қатар, шығыс халықтары тарихымен етене танысып, осыларды оқып-біліп, жақсы білім алады. Өзінің табиғи қабілеттілігіне байланыс­ ты орыс, араб, татар тілдерін жетік меңгереді. Медресені ойдағыдай аяқтаған Ғабдолғазиз Мұсағалиев білімін одан әрі тереңдету мақсатын көздеп, арнайы ақсүйектер мектебінде оқиды.

  1. ғасырдың басы қазақ қоғамына үлкен өзгерістер алып келгені мә­ лім. Сол дүрбелеңнің әсерінен оның сана-сезімі сан қилы саяси, әлеумет­ тік, экономикалық шиеленістерге куәгер болады, өз елінің дағдарысқа шалдыққанын анық байқап, отарлық саясаттың ұлттық сарынын өз басынан кешіреді. Осындай қилы заманда өзінің қамқоршысы, білім алуына барлық жағдайын жасап жүрген әкесі қайтыс болады. Әрине, әкесінің дәулеті оған мұра болып қалады. Ол арада біршама уақыт ойланған соң, шет елге барып, үлкен оқу орындарынан терең де жан-жақты білім алуды көңіліне түйеді. Осы мақсатпен ол Мысыр еліне барып, Каир университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Дәл сол кезде білім алу үшін бар байлығын жұмсап, ел-жұрттан алыс сапарға аттану екінің бірінің қолынан келе бермейтін аса батыл іс еді.

Әлемге әйгілі Каир университеті қабырғасында Ғабдолғазиз Мұсаға­ лиев өзінің бар қайрат-жігерін ойындағыдай білім алуға жұмсайды. Шы­ ғыс халықтарының тарих, этнография, жыр-қиссаларымен қатар, терең мағынада мұсылман құқы жүйелерімен жетік танысады. Білім ордасын­ да жүріп ол өткен дәуірдің тарихын ерекше ынтамен өз тарапынан зерттей­ бастайды. Көне дәуір тарихына берілгені сонша, ол XX ғасыр­ дың басқы кезеңінен 1200 жыл бұрынғы, Халифат дәуірінде жазылған қолжазбаларды дүние жүзіне танымал Мысыр елінің кітапханасынан оқумен болады.

Соның тікелей нәтижесінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев «Гүлжиһан» атты дастанды өте зейін қойып зерттеп әрі сол кезде қазақ тіліне аударады.

 

Каир университетінің заң факультетін ойдағыдай аяқтаған соң, 1909-1910 жылдары дүние жүзінде болып жатқан ұлттық қозғалыстар мен әр халықтың тұрмыс-тіршілігінен хабардар болу мақсатымен Үнді­ стан, Пәкістан, Индонезия, Жапония сияқты шығыс елдерін аралайды. Осы жасаған сапары барысында әр елдің салт-санасына үлкен көңіл бөліп, көптеген құнды жазбалар мен күнделіктер жазады. Бірақ, өкінішке орай, Қазан төңкерісі кезеңінде олардың бәрі жоғалып кетеді. Академик С.З. Зиманов, зерттеушілер С.О. Дәулетова мен М.Ш. Ысма-ғұлов­тардың­ жазған еңбектеріне сүйенетін болсақ, Ғабдолғазиз Мұса­ ғалиев сегіз тілді жетік меңгерген оқымысты екен2.

Шет елдерді аралаудан оралған Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1909 жылы Жетісу облысының Қапал уезінде қазақ балаларының сауатын ашып, санасын ояту мақсатымен осы жердегі Мамановтар ашқан мектепте дәріс береді. Өзінің терең білімін қазақ жастарына беруді өмірінің мұра­ты санайды. Қазақ халқының тарихында бұл оқу орны «Мамания» мектебі деп аталатын еді. Бұл білім ордасынан кезінде Ілияс Жансүгіров және тағы басқа да көптеген қайраткерлер түлеп ұшқан.

«Мамания» мектебінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1911 жылдың күз айларынан бастап меңгеруші болып қызмет атқарады. Ол өзінің білім беруге деген күшті талабына сай бұл мектепте Құранды, Исламның тарихын, Татар тарихын және Хадистерді оқытып, жан-жақты дәріс беруге талпынады. Архивте Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің осы атқарған қызметі хақында мынандай деректер бар: «Мактаб открыт в 1909 году без разрешения. В 1912 году дано разрешение... Средства на содержание мактаба дают братья Мамановы и Труспековы всего около четырех тысяч рублей в год. Распорядитель этих средств Кудайберген Труспеков...

Заведывает мактабом Габдулгазиз Мусагалиев, адрес его местный выселок Абакумовск, Копальского уезда, киргиз, мусульманин. Родился во Внутренней Букеевской орде, Астраханской губернии. До 15 лет жил в Букеевской орде, после сего учился в гор. Казани в Апанаевском училище шесть лет... Документа о прохождении учебного заведения не имеет. Есть документ от Оренбургского мусульманского духовного собрания на преподавание по мусульманский. Заведующим мактаба состоит с осени 1911 года. Русским разговорным отчасти владеет, грамоту по русский отчасти знает3».

Ғабдолғазиз Мұсағалиев мектептің барлық бағдарламасын өзі жаса­ ған, қай пәнді оқыту қажеттігін оқушылардың саны мен сапасына қарай енгізіп отырған. Мектеп шәкірттері оқу барысында жазу, арифметика, Құран, география, пайғамбарлар тарихы, ислам тарихы, зоология, татарлар тарихы сияқты пәндерді міндетті түрде меңгеретін болған.

Мектеп білімінің сапасы туралы 1913 жылдың 5 желтоқсанында Жетісу облысының халық училищелерінің инспекторы берген мәлімдемесінде мынандай деректер бар: «Имею честь сообщить, что в инспекции первого района из многочисленных мусульманских школ особой попу­ лярностью среди населения пользуются новометодные мактабы для детей обоего пола - татарские, в городах Верном и Копале, и киргизский, братьев Мамановых и Труспековых в Капальском уезде»4. Ғабдолғазиз Мұсағалиев бұл білім ордасына Мұхамедғали Есенгелдин, Бейсенбай Кадесов, Фатима Есенгелдина, Хасен Уәлиев, Берікқұл Кішібаев, Михайл Назаров сияқты өз заманындағы озық ойлы, білімпаз мамандарды тарта білді. Олардың әрқайсысы – жеке әңгіме боларлықтай ел азаматтары. Ал Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің оқу-ағартушылық саласында атқарған қызметінің тарихымызда алар орны аса айрықша.

Қапалда ағартушылық қызметпен тікелей айналыса жүріп, ол 1912-1914 жылдары «Қазақ», «Айқап» сияқты ірі басылымдарда ма­ ғынасы терең бірнеше көлемді мақалаларын жариялады. Қайраткердің сол заманда көтерген мәселелері қазіргі XX ғасырдың басындағы Қазақстанның өзекті сауалдарына жауап берерліктей.

1917 жылдың Ақпан революциясын Ғабдолғазиз Мұсағалиев үлкен қуанышпен қарсы алады. Ақ патшаның тақтан құлауын қазақ халқын отарлық құрсаудан босатар қоғамдық өзгеріс деп таниды. Ол осы жыл­ дың шілде айынан бастап өзінің әріптестерімен қосыла отырып, Орал қаласында «Орал» деп аталатын газет шығарады. Газет беттеріндегі қазақ халқын бостандық пен теңдікке шақырған идеялар мен үндеулер­ дің өз кезіндегі қоғамдық-саяси ықпалы зор болады. 1918 жылдары Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметі жағына өтіп, Бөкей ордасында халыққа білім беру саласында жауапты қызметте болады. 1919-1920 жылдар аралығында Бөкей ордасындағы ұлттар істері жөніндегі халық комиссариатының Қазақ бөлімінің мүшесі болып қызмет атқарады. Тарихты, филологияны, халықтың ұлттық психологиясын жақсы білген Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің бұл істе асқан білгірлік, білімділік танытып, жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттік органдардың нығаюына өлшеусіз үлес қосқанын ерекше атап кеткен жөн.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев жоғарыда аталған қызметтерден кейін әдеби шығармашылықпен айналысады. Кезінде ол бірсыпыра естеліктер мен әдеби және ғылыми еңбектер жазған еді. Бірақ, өкінішке орай, олардың көпшілігі әртүрлі себептерге байланысты жоғалып кеткен, осы күнге дейін зерттеушілер қолына түспей отыр. Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1933 жылы Алматы қаласында дүние салды.

Егер Ғабдолғазиз Мұсағалиев жазған еңбектерге жан-жақты талдау жасап қарасақ, олардың мағынасы өзінің терең ойлылығымен, көтерген мәселелерімен осы күнге дейін құнын жоймаған дүниелер. Әсіресе, оның революцияға дейінгі кезеңде жарық көрген публицистикалық, ғы­ лыми мақалалары ерекше көзге түседі, осы күні қолға алынып жатқан көкейкесті мәселелермен сабақтас. Қайраткердің көтерген мәселелері ғылымның әр саласын қамтиды. Ауқымды, мазмұны терең тақырыптар. Демек, ол көтерген қоғамдық-саяси, құқықтық мәселелердің кеңінен, жан-жақты зерттелуі – алда тұрған міндеттер.

Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің XX ғасырдың басында ең тұңғыштардың бірі болып көтерген тақырыбынын бірі тіл мәселесі еді. Ол сол кездің өзінде-ақ қазақ қоғамының аса ірі қайраткерлері – Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Дінмұхамед Сұлтанғазин сияқты өрісі кең, ойлары терең зиялы азаматтармен бірге тілді сақтап, оны ары қарай бәз қалпында дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлген. Ғабдолғазиз Мұсағалиев қазақ тілінің көркейіп, дамуын осы ұлттың жер бетінде этнос ретінде сақталып қалуымен байланыстыра қараған. Оның мұндай болжам, тұжырымы дәл осы замандағы ел тағдыры мен тіл тағдырының сыбайлас заңдылығын қорғап, табан тірескен замандас зиялыларымыздың идеяларымен үндесіп жатқан жоқ па?! 1912 жылы ол Қапалдан «Айқап» журналына жіберген өзінің «Тіл-әдебиет» деп аталатын мақаласында былай деп жазды: «...Бір халық, бір елдің де дүниеде ұлт, ел болып жасауы, тіршілік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар. Тілі, әдебиеті болмаған ұлттың да тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзінде айырым әдебиеті болмаған ұлттар дүниеде жасай алмас, жасар, яки жасауы ұзаққа бармас, әдебиеті... жаны бар ұлттарға азық болар, жем болар; сөйте-сөйте ол ұлт өзі де дүниеден жоқ болар5».

Иә, қандай көрегенділік десеңізші! Осындай философиялық, терең мағыналы ой қалдырған қайраткерді халқымыздың білмеуі – бәрімізге аянышты, өкінішті. Оның тіл мәселесі хақында айтылған ойлары бүгінгі күні өмір шындығына айналып, халқымыздың 40 пайызға жуығы өзінің ана тілінен мүлдем маһрұм екенін, ал осының салдарынан ұлттық нигилизм мен мәңгүрттік психология қалыптасып отырғаны белгілі. Бұл құбылыс тоқтатылмаса, Ғабдолғазиз Мұсағалиев айтқандай, ұлтымызға жойылу қаупі туары ендігі жерде даусыз болса керек.

Осы мәселеге байланысты тағы да Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің пікіріне тоқталайық: «... өзінде айырым әдебиеті болмаған бір ұлт балалары да өздерінің ұлттарын сақтай алмас. Сақтай алмаулары үстіне өздерінен жоғары болған екінші бір ұлттың тіл-әдебиетіне үйренісер, оның тіліне де, әдебиетіне де жаны һәм кеудесімен ғашық болар. Өз тілі, әдебиеті ұмытылар, тілімен бірге, өз ұлтын да ұмытар. Бара-бара сол екінші ұлтқа сіңіп, оған бала болар. Балаларына жастан өз тілін жақсы үйретпеген, олардың көңілдеріне ана сүтімен бірге ұлт рухын сіңдірмеген...Бұл заманда бір ұлт өзінен күшсіз болған ұлттың ұлтын бітірейін, оған бір кетік жасайын десе, ең бастан ол бейшара ұлттың тіліне, әдебиетіне балта шабады. Өз әдебиетін олардың ана тілі орнына таратуға ыжди­­һат қылады. Өз әдебиетінен ана сүтімен бірге емген, өз әдебие­ті-­ нің баға­­сын біліп, дәмін сезген ұлт балалары өз тіліне ата-анасынан артық құрмет­ етер6.

Байқап қарасақ, Ғабдолғазиз Мұсағалиев тілді тек ғана қатынас құралы ретінде танымайды. Ол оны кең мағынада түсінеді. Оның ойынша, тілді дамыту, көркейту, қамқорлық жасау әрбір өркениетті демократиялық мемлекеттің ең бастапқы саясаты болуы қажет екенін дәлелдейді. Коммунистік-империялық, отарлық саясаттың 70 жылдық үстемдігінің нәтижесінде тіліміздің жойыла жаздаған жағдайын Ғабдолғазиз Мұсағалиев алдын-ала көре білгендей.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев жазған еңбектерінде революцияға дейінгі демографияға байланысты өте құнды деректер бар. Ол көрсеткен сандық мәліметтерге осы күнге дейін талдау жасалған емес. Атап айтсақ, ол революцияға дейінгі Қазақстанда қазақтардың саны 7 миллион болған деген пікір айтады. Халқымызға танымал демограф-ғалым Мақаш Тәтімов 1897 жылы 4,2 миллион қазақ болғанын дәлелдейді7. Біздің ойымызша, бұл екі дерек те жан-жақты зерттелуі қажет. Себебі сол кезде Ғабдолғазиз Мұсағалиев келтірген дерек негізсіз емес, ол қайткен күнде де бұл мәліметті архивтен немесе басылған кітаптардан алуы мүмкін.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев – XX ғасырдың басындағы ірі қоғам қайраткерлері сапынан орыс империясының қазақ ұлтын езгіге, жерін отарлық саясаттың нағыз полигонына айналдырған зұлымдық әрекеттерін батыл сынға ала білген азамат. Өзінің осы тақырыпта жазған мақалаларында орыс патшасының қазақ жерін күшпен тартып алып, қазақ халқын кіндік қаны тамған жерінен қудалаған шовинистік саясатын ұлттық, патриоттық сезіммен ашына жазып, әшкереледі. Оның қарлығаштың қанатымен су сепкендей іс-әрекеті мен азаматтық үні, әрине, өз кезінде нәтижесіз болмағаны да сөзсіз. «Қазақ жері, - деп жазды Ғабдолғазиз Мұсағалиев өзінің «Айқап» журналында басылған мақаласында, - патша мүлкі саналып, мужиктарға өлшеніп беріле бастады. Шақырусыз келген бұл қонақ, ... қазақ халқы бұрынғысынан да кедейленіп, қысымшылыққа түсті... Енді қазақтардың алдында екі-ақ түрлі жол бар: 1) Жерден қысылып, үйден қырға, қырдан тауға қуылып, «Ата-бабаның жолынан айырылмаймыз» деген болып, қырылып, жұтап біту, дүниеден жоқ болу. 2) Өзіңді жыққан күшті балуанның әдісін үйреніп, жаныңды аман-сау құтқару. Жерімізді алып жатқан мужиктар да онша өнерлі халық емес. Біз де солардың ізіне түсіп, жақсы жерімізге қала салып, егін кәсібіне кірісейік, мужиктардан еш кері қалмаспыз, байлығымыз да кем емес. Қазақтардың егін кәсібіне бек тез үйреніп, мужиктардан да артығырақ пайда көргендері егін кәсібіне кіріскен қазақтар да тәжірибемен көрінген... Біз қазақтар ... ғұмыр сүруді тілесек... біздің алдымызда жалғыз бір-ақ жол қалады – ауылда қала салып, ауыл болып отыру, егін, сауда сияқты мәдени кәсіптерге кірісіңдер»8.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев қазақ халқының тарихын жетік білетін ірі тарихшы ретінде де таныла білді. Ол өз халқының өткен өмірі мен жалпы тарихы хақында мазмұны терең, тұжырымы нақты деректермен дәлелденген құнды мақалалар қалдырды. Ол еңбектердің құндылығы мынада: зерттеуші өз елінің тарихын жазуда қазақтың өткен өмірінде басынан кешкен оқиғалары мен жағдайларын ұлттық психология мен өз ортасында қайнап өскен ұлт өкілінің таным-білім, сана-сезімі арқылы жеткізіп, қарапайым тілмен баяндай білген. Шындығы керек, біздің халқымыз өз тарихын тек орыс тілінде жазылған деректердің негізінде оқып біледі емес пе?! Орыс зерттеушілері сырттан келіп, қазақ өмірінің жалпы болмысынан, әдет-ғұрпы мен саяси-құқықтық жүйесінен мүлдем бейхабар бола тұрып, тамыры тереңге кеткен тарихы жайында тұжырым жасаулары, әрине, халқымыздың өткені туралы дұрыс, дәйекті мағлұмат бермесі анық, ал олай болмаған жағдайда саналы түрде бұрмалауға ұшырағаны тағы бар. Осы орайда Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің тарихи тұжырымы нақтылы шындыққа негізделіп, оның ұлттық сипаттары мен ерекшеліктерін айқындауда құнды да терең қайнар көз ретінде танылады. Ойшыл тарих мәселесіне сол кездің өзінде-ақ ерекше көңіл бөліп, оның бұрмалануына үзілді-кесілді қарсы шығады. Ол былай деді: «Бұрынғы бабаларымыз, оқу, жазу білмейтін қарттарымыз... бұ күнгі қазақ жастарына қарағанда өз тарихтарын артығырақ білген... біздің қазақ жастарында жұрт қайғысы әлі де болса оянған жоқ, ұлтқа қызмет ету, жұрт үшін пайдалы нәрселерді жазу сияқты істермен бастарын ауыртпайды, өздерінің рахаттарын бұзғысы келмейді ... Мен өзім де сол тарих білмегендердің бірімін. Бірақ өз тарихымды өте білгім келеді. Құдай ол мақсатқа жеткізеді ме, жоқ па, өзі біледі»9. Иә, нағыз зиялы, ұлтжанды азаматтың жүрекжарды сөзі. Ғабдолғазиз Мұсағалиев ағамыз арман еткендей өз тарихымызды білу тек тәуелсіз ел болған соң ғана іс жүзіне асуда, «ақтаңдақтардан» арылып, орны түгенделуде. Ол арман еткен мақсат-мұратқа оның ұрпақтары жетіп отыр.

 

Ғабдолғазиз Мұсағалиев – Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамының тарихын зерттеп, жазу ісін алғаш қолға алғандардың бірі. Ол қазақ халқының тегі мен «қазақ» деген терминнің қалай пайда болғаны ту­ ралы құнды пікірлер айтқан еді. Алайда, оның пікірі мен осы мәселе хақында айтқан ойлары зерттеушілердің назарынан тыс қалып отырды. Мысалы, оның мына пікірі бәрімізді елең еткізерліктей: «...Кең даланы мекен етіп тұрған бұл көп халық осы күнге шейін өздерін «қазақ» деп атайды. Мағынасы: «ерікті адам», яғни «өз еркінде жүруші халық» деген сөз... Енді осы қырғыз атының қазақтарға қай уақытта һәм қалайша берілгендігі ашық белгілі емес. Қазақтардың қырғыз есімімен аталуының мәнін осылайша деп ойлауға болады: қырғыздар өздерінің ескі орындары болған Енисей, Том өзендерінің арасынан осы күнгі орындары болған Түркістанға қарай көшкен. Сол уақытта осы қырғыздардың тастап кеткен ескі орындарына қазақтар келіп отырған... Орыстар осы қазақтарды өздерінің орыс казактарынан, яғни казачьи орыстан айыру үшін біздің қазақтарға «қырғыз» атты қосқан. Солайша қазақтар «қырғыз», яки «қырғыз-қазақ» есімімен аталған»10.

Сонымен қатар Ғабдолғазиз Мұсағалиев – қазақ елінің Ресей құрамына қосылуының кейбір ғылымға белгісіз қырлары мен сырларына терең талдау жасаған тұңғыш қазақ ғалымдарының бірі. Ол көптеген деректі материалдар негізінде Әбілхайыр ханның Кіші жүз қазақтарын Ресейдің қол астына кіргізіп беру саясатын өз халқын діні басқа, екі қайнаса сорпасы­ қосылмайтын этникалық өзгешеліктері бар басқа ұлттың табанына салу әрекеті ретінде батыл сынға алып, оның осы бағыттағы мақсат-мүддесі тек өз басының қара қамы болғанын, әсіресе билік алу үшін жасалғанын өз еңбектерінде нақтылы дәлелдеді. Осы орайда, ол өз пікірін былайша білдіреді: « ... Әбілхайыр хан халық пайдасы үстіне өзінің құмар болған дәреже, лауазымын русь қол астына кіріп, сақтауды үміт етті. Сол ниет, сол үмітіменен ол русь қол астына кіруді қуаттайды. Һәмде қазақтардың бастан русьқа бағынуына себепші болды... Оның русьқа бағыну пікіріне көбісі қарсы келді... Сонда да хан көптің ризалығын күтіп тұрмады, өзіне ерген кісілермен русь қол астына кіруге қарар берді»11.

Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің зерттеулерінде көрсетілгендей, Әбіл­ хайыр ханның екіжүзділік саясаты мен өз билігін сақтап қалу мақса­ тында халқын орыс патшасының қанды шеңгеліне ұстап берген әрекет­ терін әшкерелейтін мәліметтер тек соңғы жылдары ғана белгілі болып, әрі ашық айтыла бастады. Мысалы, Қазанғап Байболұлы Әбілхайырдың­ саясатын былай деп бағалайды:

 

Орта жүз Абылайды ұнатады,

 

Кіші жүз бөлек сүреп бұл тартады.

 

Ілгері Тәуке ханға Әйтеке бас деп,

 

Болсын деп Әбілхайыр бірқатары.

 

Ордасы Есім ханның ұлы жүз деп,

 

Төледен басқалары сөз қатады.

 

Кісі еді өз пайдасын ойлайтын деп,

 

Төле би Әбілхайырды ұнатпады.

Иә, Әбілхайыр ханның қазақ халқы алдында асығыстық әрекет жасағаны туралы көптеген деректер баршылық. Бірақ тарихи, ғылыми әдебиеттерде Әбілхайырдың қазақтарды Ресейдің қол астына кіргізу саясаты көп жылдар бойы мадақталып, тіпті қазақ қоғамын жер жүзінде ұлт ретінде жойылып кетуден сақтап қалған әрекет ретінде көрсетіліп келді.

Әбілхайырдың өз халқын құлдыққа салған әрекетіне сол заманның өзінде ірі ақылгөй сұлтан, билер қатты наразылық білдірген. Мысалы, Әбілхайырдың сатқындық әрекетіне Кіші жүздің ел басшыларының үзілді-кесілді қарсы болғаны туралы деректі біз А.И. Тевкелевтің қол­ жазбаларынан оқи аламыз. Оның көрсетуі бойынша, елбасшылары: «Не себептен бізбен ақылдаспай Россияның қол астына кіргің келді, енді бостандықтан айырылатын болдық»12, - деп Әбілхайырды тарпа бас салған екен. Қорыта айтқанда, Әбілхайыр хан туралы халық арасында аңыз болып, жақсы жақтарымен ел санасына сіңген әңгімелер мүлдем жоқ. Демек, оның есімі халық қарғысына ұшырағандай.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін, халық аузында сақталып қалған бір ғана әңгімеге сүйенейік. Әбілхайырды өлтірген Барақ сұлтанды Түркістанда үш жүздің ақылгей билері соттағанда Әбілхайырдың сатқындық әрекетін ескере отырып, Барақ сұлтан мен оның елін құн төлеуден мүлдем босатып жібергенін екінің бірі біле бермес. Ал бұл – тарихи шындық.

Міне, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің тарихи жазбалары осындай дәлелдердің негізінде жазылғанына мол сеніміміз бар және мұндай деректер ендігі жерде жаңаша көзқарастар мен ғылыми зерттеулерді қажет етері анық.

Тарихи мәселелерге ерекше тоқтала келе, Ғабдолғазиз Мұсағалиев Тәуке ханның жалпы қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда, ұлттық бірлігі мен территориялық тұтастығын сақтауда аса маңызды еңбек сіңіргенін атап көрсетіп, оның даналығына бас иеді. Ғабдолғазиз Мұсағалиев былай деп жазды: «Тәуке хан өзінің әділ һәм ақылдылығы арқасында қазақтың үш Ордасын, яғни ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз қазақтарын біріктіріп, өзіне қаратқан қазақтардың өз арасын­ дағы соқтық жанжалдарды бітірген. Күшсіз табындарды күштілерге қарсы тұру үшін біріктіріп, күштілерді жуасытқан; жарлыны байға, күштіні күшсіздерге бір тегіс етіп, заң-закон түзеген ... Тәукеден кейінгі қазақ хандарының арасында береке, бірлік болмай, әр уақыт бір-бірімен шабысып, жауласып тұрған»13. Тәуке ханның халық үшін жасаған ең­ бегіне оның осылай баға беруінің маңызы өте зор, себебі болашақта Тәуке хан туралы ғылыми зерттеулерде Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің берген бағасы ескерілетіні анық.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев білімпаз ғалым ретінде Жетісу қазақтары туралы жазған еңбектері арқылы танылды. Ол Қапалда «Мамания» мектебінде дәріс бере жүріп, Жетісу өлкесіндегі қазақтардың тұрмыс-салты мен шаруашылығы жайында және патша өкіметінің отарлық саясаты салдарынан болып жатқан жағымсыз өзгерістер туралы өте құнды еңбек жазды. «Жетісу қазақтары жайынан» деп аталатын бұл еңбек кезінде Ахмет Байтұрсынов шығарған әйгілі «Қазақ» газетінде 1914 жылы бірнеше рет жарық көрді. Осы күнгі көзқараспен ғылыми методология бойынша талдау жасап қарасақ, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің бұл еңбегі өте құнды және өзінің маңызы жағынан объективтік идеяларға бай. Салыстырып қарайтын болсақ, бұл зерттеуде көрсетілген деректер мен ғылыми тұжырымдар бұрын жазылған тарихи еңбектерде мүлдем кездеспейді. Себебі, тоқырау заманында, яғни совет дәуірінде еңбек жазған тарихшылар «Қазақ» газетінен ат-тонын ала қашып, Ғабдолғазиз Мұсағалиев көрсеткен құнды мәліметтерге жоламауға тырысты. Ал, шындығында, Жетісу тарихы туралы және жалпы бұл өлкеге отарлау саясатының қалай еніп, етек жайғаны жайында аталған еңбекте баға жетпейтін мәліметтер бар.

Осы еңбектегі өте қажетті мәлімет деп Жетісу өлкесіне орыстың отарлық саясаты өршігенге дейінгі жалпы малдың санын айтуға болар еді. Ғабдолғазиз Мұсағалиев көрсеткен бұл мәлімет осы күнге дейін ғалымдардың назарына ілініп, ғылыми айналымға түскен жоқ. Ол былай деп жазды: «...Жетісудан 6 миллион қой, 1 миллион жылқы, 100 мың түйе шығады деп шамалаушылар болған. Бірақ, біздің ойлауымызша, бұл есеп өте аз. Өйткені орыс өкіметі осы күнге шейін қазақтың, әсіресе Жетісу қазағының малының да, жанының да дұрыс есебін алған жоқ. Біздің қазақта келіспеген бір әдет бар: Үкіметке малдың дұрыс санын өлсе де айтпайды. Осы күнге шейін Жетісу қазақтарының 4-5 жүз қойлысы 1 жүз қой, 2 жүз жылқысы барлары 50 жылқы жаздырып отырғандары көп. Осыған қарағанда, бұрынырақ Жетісудағы төрт түлік малдың төртеуі де жоғарыда айтылған саннан екі есе, үш есе артық болуға тиіс»14. Сонда, осы мәліметке сүйеніп, есептеп көрсек, XIX ғасырдың аяқ кезінде тек қана Жетісу өлкесінде 18 миллион қой, 3 миллион жылқы, 300 мың түйе болған деп тұжырым жасауға болады. Тоқырау жылдарында жазылған әдебиеттердегі көзқарастардың, әрине, ақиқатқа сәйкес келе қоймайтыны даусыз. Осындай мал санына қарап еркін далада емін-еркін өмір сүрген қазақтардың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайы аса мүшкіл халде болса керек. Оның әлеуметтік жағдайының күрт төмен түсуі тек келімсектердің көбеюі мен орыс мемлекетінің отарлау саясатына тікелей байланысты болды. Басқа себеп жоқ. Ғабдолғазиз Мұсағалиев та өзінің зерттеуінде осындай қорытындыға келіп, былай деп жазды: «Жетісу қазағын басқан кедейліктің де зор себебі - қоныстың тарылғандығы

... таудың, етектің егін үшін жарамды жерлерін ойып-ойып казак-орыстарға кесіліп берілген... іліп алар жерлер... Россиядан көшіп келген мужиктерге беріліп жатыр... қазақтардың тау һәм етектегі көп қыстаулары, мың азаппен қазып шығарған арықтары, егіндік-пішендік жерлері бәрі де қолдан кетті... Жерге тоймайтын шын жалмауыздар казак-орыстар... Алдында қара-құрасы бар қазақтар осы күнде де тауға шыққан болады. Шыққанменен не пайда? Жолшыбай орыстың егіні мен пішендігі; Жуықтап кетсе қазақтың малын ұстап, өзін сабап, айып тағып, қырып-жойып өлтіре жаздайды15». Міне, сол заманның өзінде-ақ патша өкіметінің аяусыз әрекеттерімен қазақ жерін отарлауға келген орыс-казактардың жан түршігерлік істерін батыл сынға алған тарихшымызға бас имеске болмайды.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев – сонымен қатар революцияға дейінгі Қазақстандағы философиялық ой-пікірді дамытуға үлкен үлес қосқан қайраткер. Оның осы саладағы мағыналы да мазмұны терең ойлары дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған ірі ойшыл-философтардың идеяларымен сабақтас екенін аңғармасқа болмайды. Атап айтсақ, ол философияның негізгі категорияларының таным процесіндегі орасан зор рөліне ерекше көңіл бөледі. Мысалы, себеп пен салдар категориясын қазақ қоғамының даму эволюциясына қолданып, мынандай пікір білдіреді: «...Дүниеде себепсіз ешбір нәрсе жоқ. Байлықтың да, ке­ дейліктің де бір себебі бар16». Ол осы категорияны басты назарға ала отырып, қазақ қоғамының не себептен жалпы дағдарысқа, кедейлікке ұшырағанын талдап, нақтылы көрсетуге ниет білдіреді. «...Малдың еркін қоныста айт-шәйтсіз, емін-еркін өрістеп жайылуы шарт. Бұл кәсіптердің қайсысы болса да шарты табылмаса, ілгері баспайды17», - деп қазақ жерін тартып алудың салдары мен қазақтың жоқшылыққа тап болуы аралығын байланыстырады. Жалпы, Ғабдолғазиз Мұсағалиев дүниеде себепсіз еш нәрсе болмайтынын дәлелдеп, оны ашып, танудың дамуда орасан зор рөл атқаратынын дәлелдейді.

Ойшыл-философ өз еңбектерінде революцияға дейінгі Қазақстандағы қоғамдық ой-пікірде тұңғыштардың бірі болып француздың ірі ойшыл-философы Шарль Луи Монтаскье уағыздаған «географиялық орта» теориясын жан-тәнімен жақтайды. Шарль Луи Монтаскьенің бұл теориясында, негізінен, әр халықтың құлықтылық қабілеті мен заңдарының мазмұнына географиялық жағдайлардың тікелей әсер ететіні дәлелденген. Ғабдолғазиз Мұсағалиев өз еңбектерінде осы идеяны қолдап, қазақ қоғамына пайдалануды жөн көрді. Ол былай деп жазды: «...Қай кәсіп болса да, оның ілгері басуы һәм пайдалы болуы үшін жерінің, орнының жаратылысында сол кәсіпке қолайлы болуы шарт...

Сауда кәсібінің ілгері кетуі үшін су һәм отарба жолдарының жақын болуы, егін кәсібінің ілгерілеуі үшін жердің қаратопырағы яки арығының мол болуы шарт... мал шаруасының шарты... қоныс кең, жайылым мол болса, қазақтың тайы құлындап, тоқтысы қоздап, жыл сайын тұяққа тұяқ қосылып, төрт түлік мал бір-бірімен күндескендей болып жарысып өседі, өршиді, көбейеді18».

 

Ойшылдың бұл пікірі Ресейде XX ғасыр басында ғұмыр кешкен орыстың ірі ойшылы Николай Бердяевтың да мына пікірімен үндес екенін аңғармасқа болмайды: «Человек есть не только порождение природ­ ного мира и природных процессов и вместе с тем он живет в природ­ ном мире и участвует в природных процессах. Он зависит от природной среды...19».

 

Ғабдолғазиз Мұсағалиев қазақ халқының әлеуметтік прогресс жолы­ на шығуына тұсау болып тұрған нақтылы себеп Ресейдің жаулап алу саясаты, яғни жердің тарылуы деп санайды. Бұл факторға ерекше мән бере отырып, ол қазақ даласында ағартушылық істері кең тарағанда ғана, демек, өркениеттілікке, демократиялық мемлекет деңгейіне көтерілуге жол ашылатынына кәміл сенеді, жоғары саяси-құқықтық жүйенің қалыптасуының өзін ғылым мен білімнің дамуымен тікелей байланыстырады. Ол өзінің ой түйінінде былай деген: «Мың айт, бір айт, баяғы надандық, білімсіздік, өнерсіздік, жалқаулық – қазақ халқы не көрсе де, сол жалқаулық, надандық себепті көріп жатыр. Қазақты надандықтан құтқармай тұрып, қазіргі ауыршылықтан аман-есен алып шығу оңай болмас. Не қылсақ та, сол надандықпен күресіп, соны жығып, жеңудің амалын табу керек20».

 

Қорыта келгенде, Ғабдолғазиз Мұсағалиев – XX ғасырдың басында Қазақстандағы философиялық, қоғамдық-әлеуметтік, саяси-құқықтық және тарихи ой-пікірлердің жаңа сапаға көтеріліп, дамуына өзінің зор үлесін қосып, айтулы еңбектерінде қолтаңбасын қалдырған ірі ойшыл-философ, қоғам кайраткері, ағартушы-демократ. Соған қарамастан, ол қалдырған мол рухани мұра осы күнге дейін зерттелмеген жағдайда. Демек, ендігі жерде еңсесі биік тұлғаның осы еңбектерін қажетіне асы­ рып, оның өнегелі өмір жолын кітап бетіне түсіру бүгінгі күн зиялыла­­ рының­ борышы болса керек. Болашақта Ғабдолғазиз Мұсағалиев тура­ лы небір құнды естеліктер мен деректер баспасөз беттерінде басылып, ол туралы біліміміз тереңдей түседі деген ойдамыз. Елге қызмет еткен ердің есімі халық санасында мәңгі қалуы тиіс.

Сәкен ӨЗБЕКҰЛЫ,

 

заң ғылымдарының докторы, профессор

 

ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі