«Ұран» газетіне қатысы бар тұлғалар

Бақытгерей ҚҰЛМАНОВ

Құлманов Бақытгерей Ахметұлы – тұңғыш шығыстанушы-қазақ, шығыс ғылымының кандидаты, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері. Құлмановтың арғы аталары Әбілқайыр ханның ұрпағынан тарайды.

1859 жылы қазіргі Атырау облысы Теңіз ауданында дүниеге келген.

Б.Құлманов Орынбор гимназиясын күміс медальмен, Санкт-Петербор университетін шығыс тілдері мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген.

1890-1903 жылдары Ішкі Орданың Қамыс-Самар бөлігін басқарды. 1906-1907 жылдары Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына қатарынан екі рет Ішкі Орда қазақтарының атынан депутат болып сайланып, онда Мұсылмандар фракциясының белсенді мүшесі болған.

Ол қазақ даласынан сайланған Ш.Қосшығұлов, Б.Қаратаев, С.Жантөрин, М.Тынышбаев, Т.Алдабергенов, Ә.Бөкейханов, А.Қалменов, А.Бірімжанов сияқты ұлт зиялыларымен бірге мемлекеттік шовинизм мен империялық саясат үстемдік етіп тұрған сол кездің өзінде ел намысы мен талан-таражға түскен қазақ жерін қорғау ісіне барынша үлес қосты.

1917 жылы сәуірде Бөкей Ордасындағы елді мекендерде тұратын қазақтардың арнайы съезі болды. Съезге қазақ даласына есімдері белгілі Ғ.Мұсағалиев, И.Меңдіханов, С.Меңдешев, Б.Ниязов, М.Шомбалов, Ш.Бекмұхамбетов сияқты зиялылар қатысқан. Бұл съезд негізінде Ішкі Ордадағы басқару жүйесін жетілдіруге арналған еді. Съезд өз мәжілісінде басқару ісін жүргізудің орталық комитетін сайлады. Сонымен қатар съезд Бақтыгерей Құлмановқа «Қазақ халқының Астрахань өлкесіндегі комиссары» ретінде билік жүргізуге құқық берді. Халық алдында беделі бар Б.Құлманов ел басқару ісіне белсене кірісіп, егемендікке жетудің ірге тасын қалауға араласты. Б.Құлманов ұлтжанды қазақ зиялыларымен бірге Алаш партиясы мен оның үкіметін құруға белсенді түрде атсалысты.

«Ұран» газетінің беттерінде Б.Құлманов бастаған қазақ зиялыларының алмағайып 1917-1918 жылдарғы қызметі анық көрінеді. Әсіресе, Хан Ордасындағы «Ордалық окружной сайлау комиссиясының» жұмысын үйлестіру, Алаштың Құрылтай жиналысына («учредительная собрания») сайлау өткізу мәселесінде Б.Құлманов белсене қатысқан. Облыстық комиссар Б.Құлмановтың «Қазақ азаматтарына» атты үндеу-хаты «Ұран» газетінің 1917 жылғы 7-қазандағы №9 санына жарияланған.

Б.Құлманов 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезіне арнайы шақырумен қатысып, съезд төрағасы болып сайланды. Съезд Алашорда үкіметінің билік жүргізуші органы - Халық Кеңесінің төрағасын сайлау мәселесін алға қойған кезде Б.Құлмановтың есімі Ә.Бөкейханов және А.Тұрлыбаевтармен бірге демократиялық негізде дауысқа түсті. Төрағалыққа өтпегенмен де, Б.Құлманов жаңа құрылған Алашорда үкіметінің құрамына мүше болып сайланды. Халық мүддесін жоғары қойған ол Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов сынды ұлт зиялыларымен тізе қосып, халық мұраты жолында Алаш партиясының құрамына қосылды. Алаш қайраткерлері жалпы адамзаттық гуманизм қағидаларын да ұмытпай, бүкіл қазақ халқының мұң-мүддесіне қызмет етті және бүкіл ғұмырын осы мақсатқа жетуге арнады.

Б.Құлманов өмірінің соңғы кезеңі туралы мәлімет аз. Бір деректе (Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы) ол 1918 жылы Астрахан арқылы шетелге өтіп кеткен. Басқа деректерде ауыр науқасқа шалдығып, 60 жасында қайтыс болған.

Ғұмар ҚАРАШ

Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте Қырқұдық деген жерде (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы) Әуелі ауыл молдасынан оқып, хат танып, кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты моллалардан, Жалпақтал (қазіргі Фурманов елді мекені) қаласында Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, медресе бітіреді. Бұдан соң 1902-1910 жылдары өзі туып-өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытады.

Ғұмар Қараш – көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Оның 1910-1918 жылдарда Қазан, Үпі (Уфа), Орынбор қалаларынан «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел-хажы», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын, эпостық жырларды жинап, 1910-1912 жылдарда Орынбор қаласынан «Шайыр», яки қазақ ақындарының басты жырлары», «Көксілдер», яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уа ғайри мағыналы жырлар» деген екі жинақ шығарады.

1911-1913 жылдары әуелі Орда, кейін Орал қаласында шығып тұрған «Қазақстан» газетінің басы-қасында Ғ.Қараш жүріп, көптеген мақала жариялады.

Ғұмар 1917 жылы шілдеден бастап шыққан «Ұран» газетіне де белсене атсалысты. Газеттің №6 санында (1 қыркүйек 1917 жыл) «Ұран» газеті туралы» өлеңін, №20 санда (31 желтоқсан, 1917 жыл) «Айырым мүфтилік» туралы хабарландыру, ал №24 (16 ақпан, 1918 жыл) нөмірде «Ішкі Орданың атқа мінген адамдарына» атты мақаласын жариялаған. Бұл кезеңде Ғ.Қараш Орынбордағы қазақ съезінің шешімімен қазақ мұсылмандары өз алдына муфтилік құрылғанда, қазақтан сайланған төрт қазының бірі болғаны көрінеді.

Ғұмар Қараш 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді. Ғұмар сол жылғы желтоқсанда Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда тартымды баяндама жасайды.

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы діни мансабын біржола тастап, елге нақты қызмет ету, әлеуметтік өмірге белсене араласу жолына ойысады. Сөйтіп, туған елі Жәнібекке келеді. Ордадағы педтехникумда сабақ береді. 1918 жылғы 24-ші қыркүйекте болған Бөкей губерниясы мұғалімдерінің I съезіне және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния кеңестерінің I, II, III, IV съездеріне делегат боп қатысады.

Ғ.Қарашқа Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын «Мұға­лім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми-пән журналының шығарушылар алқа­сын басқару жүктеледі. Бұл – тұңғыш қазақ кеңес педагогикалық журналы­ еді. Ғ.Қараш осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды.

1919 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің жұмысына оның алқа мүшесі және белсенді тілшілерінің бірі ретінде қызу атсалысқан.

Ғ.Қараштың 1920 жылы 21 маусымда II Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайланады. Сол жолғы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі. 1921 жылы 12 сәуірде ақынды жаулары Құнаншапқан деген жерде азаптап өлтірген. Ақынның мезгілсіз қазасы хақында «Қазақ тілі» (1921, № 136) газеті: «Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне білімді, пікірлі қызметкерлердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындар қолынан қылышпен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрегімізге от жағады», – деп жазды.

Бейімбет МАЙЛИН

Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айырылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан.

1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қос­ танайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, бі­лім алған. «Ғалия» медресесінде Нұғман Манаевпен бірге білім алған, қолжазба «Садақ» журналын бірге шығарысқан.

1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журнал­ дарына жазып тұрады. «Ұран» газетінің 1917 жылғы 12 қыркүйекте­ жарық көрген №7 санында Б.Майлиннің «Қырда» атты өлеңі басылған. Бейімбет Майлин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.

1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім. Содан соң «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетін шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоциациясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі 30-шы жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім­ меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып істейді.

1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.

Ілияс ЖАНСҮГІРОВ

Жансүгіров Ілияс – ақын, қоғам қайрат­ кері. 1894 жылы 5 мамырда бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы) туған. Алғашында өз әкесінен, ауыл молдаларынан сауат ашқан.

Қарағаш ауылында жәдитше бастауыш мектепті бітіреді. Зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың дерегінше, Ілияс «Мамания» мектебінде Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің шәкірті болған. (М.Ысмағұлов өз естеліктерінде 1930 жылдары Ілияс Жансүгіровпен кездескенін, Мұстафаның бөкейлік екенін естіген соң Ілияс одан Ғабдолғазиз Мұсағалиев туралы сұрағанын айтады. М.Ысмағұловтың жазуынша, Ғ.Мұсағалиев 1917-1918 жылдары шығарған «Ұран» газетінің сандарын Жетісуға І.Жансүгіровке жіберіп отырған). Ілияс Жансүгіровтің «Кек», «Көбік шашқан» атты поэмалар мен «Исатай-Махамбет» пьесасын жазып, Батыс Қазақстан өңірінде өткен тұлғалардың тарихына қызығушылығына да ұстазы Ғ.Мұсағалиевтің әсері болуы мүмкін.

1919 жылы І.Жансүгіров Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түседі. Оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы Верныйдағы (Алматыдағы) Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады. 1925 жылы Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға түсіп, 1928 жылы бітіріп шыққан соң, «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке жіберіледі. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдас­ тыру ісіне де белсене қатысқан. Бұрынғы ҚазАПП (1926) таратылған соң, 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланып, 1934 жылы өткен 1-съезге дейін қызмет істейді. Съезде Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланды. 1934-1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы, сонымен бір мезгілде 1933-1936 жылдары Қазақ АКСР-ы ОАК-ның мүшесі болды.

1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілген.

Ғали БЕГАЛИЕВ

Ғали Бегалиев 1888 жылы Батыс Қазақстан облысының қазіргі Қазталов ауданында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, филология ғылымының кандидаты (1943), доцент. Қазандағы Мұхаммедия се­ минариясын (1902), Орынбордағы мұғалім­­ дер курсын (1918), Мәскеу педа­гогикалық ғылыми институтының аспирантурасын (1933) бітірген.

Ғ.Бегалиев 1912-1918 жылдары Батыс Қазақстан облысының Ақбұлақ станса­сын­ дағы қазақ мектебінде істеді. Осы жинақта жарияланып отырған «Ұран» газетінің мақалаларында да Ғ.Бегалиевтің есімі жиі аталады. 1918 жылы Ордада өткен мұғалімдердің тұңғыш съезінде Ғали съезд төрағасының көмекшісі болады. Съезде Бөкей ор­ дасының барлық мектептері қазақ бөлімдеріне беріліп, оқу ісін жаңаша ұйымдастыру, оған лайықты мұғалімдер даярлау, оқулықтар жазу ісін басқару Ғ.Бегалиевке жүктеледі. Ол осы мәселе бойынша 1918 жылы Орал қаласында бірыңғай еңбек мектептерінде мұғалімдер даярлайтын курс ұйымдастыруға қатысып, онда негізгі пәндерден лекция оқыды. 5-10 орыс кластарына арналған қазақ тілі оқулықтарын жазады.

Ғ.Бегалиев 1918-22 жылдары Орал қаласындағы педагогикалық курста, 1922-24 жылдары Ордадағы педагогикалық техникумда оқытушы болған. Одан соң 1924-1930 жылдар аралығында облыстық «Қызыл ту», республикалық «Еңбекші қазақ» газеттерінде қызмет етті. Қазақ педагогикалық институтында оқытушы, Қазақстан Оқу министрлігін­де нұсқаушы, Тіл және Әдебиет институтында бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер (1946-62) болды. Бегалиев – 50-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы. Қазақ, орыс мектептеріне арналған қазақ тілі оқулықтарын жазып, білім беру мазмұнын ғылыми негіздеуге атсалысты. Орысша-қазақша және қазақ тілінің терминологиялық сөздіктерін жасауға қатысты.

1966 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. Бүгінде Қазталов ауданының Қошанкөл ауылындағы орта мектеп Ғали Бегалиевтің есімін иеленген. Ал оның жұбайы, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер Мәдина Қожбанқызы Бегалиеваның атында Бөкей ордасы ауданы, Бөрлі ауылдық округіндегі орта мектеп бар.

Ғабит САРЫБАЕВ

Сарыбаев Ғабит Хайроллаұлы — қоғам қайраткері, Азамат соғысына қатысушы. 1893 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген. 1918 жылы Астрахан губерниялық кеңесінің мүшесі, қызыл гвардияшылар отрядының командирі болған. Ғ.Сарыбаевтың осы кезеңдегі қызметі «Ұран» газеті бетіндегі мақалалардан көрініс табады. Ғ.Сарыбаевтың өзі де «Ұранда» бірнеше мақала жариялаған. Қазақтың 1-ші үлгілі атты әскер полкін ұйымдастыруға қатысты. 1919 жылы осы полктің саяси комиссары болып тағайындалды.

Азамат   соғысы    аяқталған    кейін      түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1929-1930 жылы Қарқаралы ауданы партия комитетінің хатшысы. 1932-1933 жылы «Социалдық Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, кейін Гурьев (Атырау) аймақтық партия бақылау комиссиясының төрағасы.

1937 жылы репрессияға ұшырап, 1958 жылы ақталған. Өмірінің соңғы жылдары мектепте мұғалім болып істеді. 1960 жылы «Қазақстан Азамат соғысы жылдарында» атты жинақта мақаласы жарық көрді. Онда қазір­гі­ Бөкей ордасы, Жәнібек аумағында болған шайқас баяндалады.

Ғабит Сарыбаев 1966 жылы 15 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Бүгінде БҚО, Жәнібек ауданындағы Талов селосындағы мектеп Ғ.Сарыбаевтың есімімен аталады.

Жиенғали ТІЛЕПБЕРГЕНОВ

Жиенғали Әділұлы Тілепбергенов 1895 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Темір ауданы Қызыл жұл-дыз ауылында туған. Жазушы, драматург. Алғаш ауыл молдасынан сауатын ашқан Тілепбергенов Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқыды.

1915-18 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесіне ауысып, «Садақ» қолжазба журналының Б.Майлиннен кейінгі шығарушысы болды.

Тілепбергенов 1918-33 жылдары ауыл мұ-ғалімі, Темір ауданы оқу бөлімінің инспекторы, меңгерушісі (1921-25). Ақтөбедегі «Кедей» газеті редакторының орынбасары, редакторы (1925-26). Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінің редакторы (1927-28). Қызылорда ағарту институтында оқу-тәрбие жұмысын басқарушы, кейін директоры (1928). «Сыр бойы» газеті редакторының орынбасары (1929-30). Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы (1931-32). Темір ауданы «Социалды майдан» газетінің редакторы (1932-33) қызметтерін атқарған.

Тілепбергенов «Айқап», «Қазақ», «Алаш» газеттеріне елден хабарлар жазып, өлеңдерін жариялаған. «Ұран» газетінде де Ж.Тілепбергеновтің Темір уезінен жазылған хаттары жарияланған. Жазушының ауыл өмірін суреттеген «Таңбалылар» (1930) повесі жарық көріп, «Перизат-Рамазан» (1928), «Тілші» (1928) атты пьесалары сахнада қойылған. Әңгімелер мен фельетондар жинағы «Ізбасар» деген атпен 1969 жылы жеке кітап болып басылды.

1933 жылы Ақтөбе қаласында ауыр науқастан қайтыс болған.

Бисен ЖӘНЕКЕШОВ

Бисен Жәнекешев – Азамат соғысы кездерінде ерлік көрсеткен қазақтың бірінші атты әскери полкінің саяси комиссары, Батыс Қазақстанда Ке­ ңес үкіметін орнату жолындағы күреске белсене қатысушы, Азамат соғысының ардагері, ақын. Ол 1893 жылы Ішкі Бөкей ордасының (бұрынғы Астрахан губерниясына қарасты) Тарғын уезі, №9 болысы Қарабөлтек ауылында (қазіргі Бөкей ордасы, Бисен ауылы) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 15 жасында ескіше хат танып, өлең жазуға, домбыра тартуға әуестенеді. Әкесі Жәнекеш момын адам болған. Анасы Тойдық аса сындарлы, әзілқой, шешен кісі болыпты. 1912-1915 жылдары Бисен Баймағамбет халпенің медресесінде оқиды. Халпенің оқыған дәрісі ұнамайтындығын айтқан Бисенді «дін-шариғатқа» тіл тигізді деп, медреседен шығарып жібереді.

1915 жылдың күзінде Уфаға барып Ғалия медресесіне оқуға түскен. 1916 жылы ауылда мұғалімдік қызмет атқарған. Қазан төңкерісінен кейін жергілікті жерде Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысты.

1916 жылы «Ел едік Еділдейін еңсеміз зор», 1917 жылдың шамасында «Балаларға» атты өлеңдері жарық көрді. Бисеннің көп өлеңі қағазға тү-сірілмегендіктен, шумақтар ел аузында жүрген. Оларды кейінгі жылдары Ордадағы ұстаз, өлкетанушы Ғ.Зарипов тыңдап жүріп, жазып алған.

1918 жылы Бисен қазақтың тұңғыш атты әскер полкіне өз еркімен қосылды. Қазақ өлкелік соғыс комиссариатының саяси комиссары болып қазақ жастарын елді ішкі және сыртқы жаулардан қорғауға шақырды. Қызыл гвардияның жергілікті қарулы отрядын ұйымдастырды.

1919 жылы атты әскер полкінің барлау бөлімін басқарды. Азғыр, На­ рын, Күйгенкөл, Шүнге, Қарақол, Сайқын маңында ақ гвардияшылардың тұрақты әскер бөлімдерін талқандауға қатысты.

Бисен Жәнекешев азамат соғысын абыроймен аяқтап, жиырмасыншы жылдардың ортасында, 1924 жылдың наурыз айында «түйнеме» деген жаман аурудан қайтыс болды. Қарулы серіктері сүйегін өзінің өсиеті бойынша қаза болған 80 жігіттің қасына әкеліп қойды.

1955 жылы мүсіншілер Х.Шамсуддинов пен А.Шилимов осы жауынгерлерге арнап, Орда ауылында үлкен ескерткіш тұрғызды. Бұл ескерткіште қолына ту ұстап, қасқая қарап тұрған комиссар мен туға бас иіп отырған екі жауынгер бейнеленген.

Мұстафа ЫСМАҒҰЛОВ

Мұстафа Шәмбілұлы Ысмағұлов 1914 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық кеңесінің Свердлов атындағы (бұрынғы К. Маркс) кеңшарында кедей отбасында дүниеге келген. 1930 жылы бастауыш мектепті аяқтап, сол жылдың тамыз айында Қазақ орман техникумына түседі. Оқу барысында денсаулығына байланысты I курсын ғана тәмамдап, одан әрі оқуын тас­ тайды. Денсаулығы қалпына келгеннен кейін Қызылорда сауда техникумына түсіп, аталмыш оқу орнын 1934 жылдың қыркүйегінде есепші-бухгалтер мамандығы бойынша аяқтайды.

1934 жылдың қыркүйегінде Қазақ Өлкелік комитеті комсомолының шешімі бойынша Қызылорда ҚР БЛКЖО-мен Балқаш өңірі құры­ лысы жұмысына шақырылып, онда бастапқыда есепші, кейін сельхоз­ комбинаттың материалдық бөлігі бойынша бухгалтер қызметін атқарып жүрген жерден 1935 жылдың қыркүйек айында Балқаш ҚР БЛКЖО (Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы) кері шақыртып, істерді басқарушы етіп тағайындайды.

1936 жылдың қазанында Тынық мұхит флотының кадрлығы жедел қызметіне шақыртылып, онда Владивосток қаласы маңындағы авиамектепте 120-шы авиабригадада оқып, одан денсаулығының жарамсыздығына байланысты 1937 жылдың қыркүйегінде шығып кеткен. 1937 жылғы желтоқсаннан 1939 жылдың қараша айына дейін Қарағанды осоавиахим мекемесінің облыстық кеңес төрағасы міндетін атқарушы болып қызмет атқарады. 1942 жылы Алматыдағы барлаушылар (контрразведчик) мектебін бітірген. 1954 жылға дейін Мемлекеттік қауіпсіздік саласында жедел уәкіл болған.

МҚК (Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті) органынан босаған соң өз білімін толықтыру үшін ҚазМУ-дың журналистика бөліміне түсіп, 1960 жылы аяқтады. ҚазМУ-дың 3-курсын кешкі бөлімде, қалғанын сырттай бөлімде оқыған.

Қазақстан ҒА-ның Философия және құқық институтында 1957 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеді. Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды деректер жинаған. Әсіресе, Боғда, Еспай, Сейтек, Зәмзәм Есжанова т.б. күйлерін таспаға жаздырған. 1982 жылдан Махамбеттің «Шашақты найза, шалқар күй» атты жинағын шығаруға атсалысты және оның домбырасын тауып, республикалық халық аспаптары музейіне тапсырды.

Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары ту­ ралы құнды-құнды деректерді, архивтік материалдар мен фотосурет­ терді, 120 күйдің пленкасы мен Махамбет пен Дальдің достығы туралы жазылып бітпей қалған романның қолжазбасын, түркі, араб, парсы ті­ лінде жазылған көне кітаптар туралы мәліметтерді Астрахан, Москва, Ленинград, Саратов, Омбы, Орынбор архивтерінен тірнектеп жинаған.

М.Ысмағұлов қазақтың тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаев, алғашқы қазақ журналистерінің бірі Елеусін Бұйрин, ойшыл ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш туралы зерттеп, зерделеді. Аталмыш тұлғаларды зерттеген М.Ысмағұловтың деректері мен қолжазбалары Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы. Зерттеуші деректері мен қолжазбаларында Бөкей ордасынан шыққан қазақ оқығандарының ішіндегі елеулі, ірі тұлға – Ғабдолғазиз Мұсағалиев (1880-1933 ж.ж.) жайлы тереңірек қарастырған.

Содержание: 
Тип материала: 
Тұлғалар