Орысқа жер сату һәм қыр қаласы Жәнібек (басы өткен нөмірде)

Шашық хуторлардың зарарына ғана қазақтар қанағат етеді: 1904 жылы Саратаудан Астрханға тартылған теміржолдың қазақ жерінен өткен жерлерінде Жәнібек деген станса салынды. Бұл стансаның түбіне орыстар үй сала бастады. Орнын қазақтардан 5-10 сомға сатып алып, мұның түбінің зарарлы екеніне көзі жеткен бірқатар адам қаралардың қала салдырмасқа еткен амалы, арызы, обшестуаның пригоуоры (қоғамның өкімі – ауд.) кешегі кесір хүкіметтің бөкпесінде қалды. Енді Жәнібек үш жүз (300) үй шамалы қала болып алды. Поселок атанды. Мұныменен тұрмады, бұл күнде горд (қала – ауд.) болуды ізденді. Еңбегі босқа кетпеді, кешегі кесірлі хүкіметтің тұсында, кесірлі әкімдердің жасасып кеткен планы (жоспары – ауд.) бойынша жақын арада горд болып шықты. Үйезсіз-ақ «қыр қаласы – Жәнібек» болды!

Қазір енді анық білінді: барлық «іші лас, сырты таза» залымдардың құрған планы, көздеген мақсұты мынау екен: Жәнібекті горд жасап, Таловка уезіне тіркеп, тұрған жерінен, яғни қазақ жерінен жер кестіріп алып, һәм қазақ жеріндегі барлық шашық хуторларды Жәнібекке тіркеп, Тарғын болысының барлық пайдалы жерін өздеріне қаратып алмақ. Ал енді бұл планды қалай орындау керек? Яғни қазақ жеріндегі шашық хутордарды қалайша тұрған орындарында қалдырып, Жәнібекпен арасындағы 3-4 уолыстың қазағын қалай жоқ етіп, жерді босату керек?

Бұған амалы мынау болды:

1) Шашық хуторлардың қожаларынан губернский комисияларға арыз бергізді: «қазақтар күштеп бізді нығыздайды, мұның бір тыйымы болса екен» деп. Бұған губернский земелный комитет тәдбир етеді: «Хуторлар бұрынғы күйінше орнында тұрсын, учредительный собранияға шейін һәм қазақтар тығыздалмасын» деп.

2) Жәнібек комитеті хабар берген: «қазақтар жиналып, қазақ жеріндегі орыстардың егіндерін жорта бүлдіріп, малдарына жегізіп жатыр, һәм малдарын бізден шауып, тартып алып жатыр. Һәм егіндерімізді талап та алмақшылар, мұның үстіне германский проуакатсиа (германдық арандату – ауд.) бар» деп. Бұған қарсы ғамал ету үшін салдат сұраған. Осы арыз, осы шақырумен 1-нші аугуста (тамызда – ауд.) Жәнібекке елуден аса салдат келіп, қазақ ішіне шығып, бірнеше қазақтарды ұстап алып, өлімші қылып ... ... (бір жол оқылмайды, қиылып қалған – ауд.) Біреулерінің үйлерін шауып, талап, кейбіреулерден путраба төлетіп, кейбіреулерінен өткен заманда ... орысқа тіл тигізгеніңнің, қол тигізгеніңнің айыбы деп оның малымен төлеулер төлетіп, қырғидай тиіп, жаудай шауып жүргенде, баяғы қуылуға лайықты (?) қазақтар қатын-бала, мал-мүлкін тастап, қашып кете де бастады. Ендігі көшіп те үлгеретін еді, тек ... комитеттен мүшелер келіп, Астрханнан келген дырауларға арыз айтып, (сөйлесіп емес) салдаттар қайтарылды. Сотсыз ... сабау һәм самосуд жасаушылардың ғамалын прокурор серігі ... губернский комитеттен кәсіпкерлер һәм жұмысшы, салдатский депутаттардың кеңсесінен шығарылған мүшелер алдында судейный дознания (сот тексерісін – ауд.) жасап, жабылған жалалардан қазақтардың нақақ екенін біліп қайтқан соң ... баяғы қашқын қазақтар үйлеріне қайтып барып отыр.

 

Орысқа жер сату һәм қыр қаласы Жәнібек  (Нөмірі 6 сентябрь 1 жылан 1917 жұма)

Содержание: 
Тип материала: 
Газеттер шықандар