Мемлекет хәлі

Қазіргі сұрапыл дүния соғысы 3 жасын толтырып, енді 4-нші жасқа аяқ басты. Бұл соғыстың жалқын шарпуына ұшырамаған, онан зиян көрмеген адам жоқ шығар. Біздің сойылымызды ұстап, бізге көмекке шыққан уақ патшалықтардың 4-5-і немістің жұдырығының астында жүндей түтіліп, дүниядан жоғалды, мемлекеттері харап болды, халқы тозғындауға ұшырады. Бұлардан қала, соғыстан ең көп зиян шеккен патшалық бізің Русия болып тұр. Русияның соғысқа құрбан қылған адамының да, ақшасының да есебі, саны жоқ. Жау қолында кеткен жеріміздің көптігі сондай: бірнеше уақ патшалықтардың жерінен аз емес. Мемлекет арбасын үлкен бір терең, батпақ көлдің ортасына әкеліп батырды да, ескі хүкімет көзден жоғалды. оның орнына жаңа хүкімет отырды. Ескі хүкіметтің жығылып, жаңа хүкіметтің құрылып, өзгеріс болуы - бәрі де Петроград салдаттары, Петроград жұмысшыларының қимылы, солардың қайратымен еді. Бұлардың һәм бұларға басшылық ететін саяси партиялардың өзгеріс жасаудан бірінші мақсұты: бостандық, теңдік алу болса, екінші мақсұты: жаңғыз байлар пайдасы үшін болып жатқан осы сұрапыл соғысты тоқтату еді. Бірақ іс ойлаған жерден шықпады:

Ыстанболдағы Айа-София мешітін шіркеу қылуға ынтық болған кадет партиясынан құралған жаңа хүкімет, жаңа министрлер соғысты тоқтатуға риза болмады. 27-нші мартта: «айырым бітім жоқ. Одақтас патшалықтармен өлсек, бір өлеміз, тірілсек, бір тірілеміз» деп жұртқа жариялады. Бұған соғыстан ең көп зиян көрген салдат, жұмысшылар, крестиандар қарсы болып, кадет министрлерді түсіріп, орындарына социалист министрлер қойылды. Іс енді түзелер деп тұрғанда жұрттың қалап қойған соғыс министрі Керенский соғыс майданын бастан-аяқ қыдырып, салдаттарды қыздырып, 18-нші июнде рус, неміс арасында соғыс басталды. Тоқталады деген соғыс қайта басталды. Біздің әскер жеңіліп, көп қырғынға ұшырады. Мемлекеттің көп қазынасы дұшпан қолына түсті. Бастан-аяқ соғысты тоқтату жағында жүрген социалист, болшевиктер июль басында қолдарына: «Бітсін соғыс! Соғыс тілеуші хүкімет жоғалсын!» деп жазылған ту көтеріп, ұрандап, Петроград орамына шықты. Оларға құралды көп салдаттар ерді. Хүкімет жақты салдат һәм қазақ-орыстар оларға қарсы шықты. Екі арада шарпынды соғыс болып, Петроград орамында қан төгілді. Мемлекет хәлі зор қатерге айналды. Уақытша хүкімет сасқанынан Русияның білімді басты адамдарын жинап, 12-нші ағұста Маскауда сиез жасады. Сиезге келген партия адамдары бір-бірімен айтысып, қызыл кеңірдек болды да, түк бітірмей арам тер болып ауылдарына қайтты. Біз өзді-өзіміз ... таласып жатқанда, 20-ншы ағұста немістер келіп, Рига қаласын алып, Петроградқа қарай иек көтерді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, дұшпанға қарсы қойған генерал Корнилов 27-нші ағұста «Уақытша хүкімет көзден жоғалды, мен өз тілеген адамдарымнан минимтрлер қоямын. Айтқаным жақсылықпен тыңдалмаса, күшпен тыңдатамын» деп бас министр Керенскийге хабар салды. Сөзі тыңдалмастай болған соң соғыс майданын дұшпанға бос тастап, өзіне ерген әскерді Петроградқа жіберді. Оған хүкімет жақты әскер қарсы шықты. Корнилов жақты әскер өздерінің қате жолда екендіктеріне түсініп, хүкімет әскерімен соғыспады. Корнилов һәм жолдастары ұсталып, сотқа берілді.

Мемлекет ішін тыныштандыру ниетімен Уақытша хүкімет бірінші сентябрьде Русияны республика тәртібіне түсірдік деп иғлан етті. 14 сентябрьде бүтін Русия демократиясының Петроградта екінші сиездлары болды. Онда да баяғы партия адамдары өз программаларын қуаттап қызыл кеңірдек болды. Мемлекетті қазіргі ауыр хәлден құтқаратын айқын жолдар көрсетілмеді. Мемлекеттің қазіргі ішкі хәлі осылай: өзара талас, тартыс. Бір жақ соғысты тоқтатуда. Бір жақ арыз айтуда. Мемлекет ішінде жеуге нан, ішуге шәй, киюге мата жоқ. Үлкен қалаларда да күн сайын кісі өлтіру, талаулар көбейіп барады. Оны тиятын әкімде күш жоқ. Соғыс майданындағы әскерге керекті азық-түліктің оннан бірі де уақытында барып үлгермейді. Осы жоқтардың үстіне қазынаның кедейлігін, қазынада жалғыз тиын ақшаның жоқтығын тағы жамасақ, мемлекет басына үлкен қауіп-қатердің келгендігіне әркім де түсінсе керек. Дұспан Риганы алған соң ілгері қарай көп жылжымай тоқтаңқырап тұр. Бұл дұспанға қарсы енді қылар қайрат, енді көрсетер күш бізде қалған жоқ. Одақтасымыз сұм Англияның тұзағынан, уысынан сырылып шығып, немістермен ... бітім жасауға қазіргі хүкіметтің қолынан тағы келмейді. Енді үміт жалғыз учредительный собранияда қалды. Сол учредительный собрания шапшаңырақ жиналып, мемлекетті қазіргі ауыр халден құтқарып, арашалап қалмаса, келешек өте қауіпті, өте қорқынышты.

Содержание: 
Тип материала: 
Газеттер шықандар