Мамитан Ниязалин һәм жолдастарына ашық хат

Биыл Орынбордағы «медресе Хусаинияда» қырық шамалы қазақ баласы оқимыз. Осылардың көбі күнін көре алмайтын кедейдің балалары. Күз медресеге кіргенде жартытөлеу 150 сом ақшамызды беріп кірдік. Қалған 150 сомын қыс ортасында бермек едік. Сол айтылған уақыт жетумен, медресе басқармасы, «қалған ақшаны төлей алмаған шәкірт медреседен шығады» деп иғлан таратты. Белгілі ақша табар жері жоқ кедей балалары қысылды, састы. Сонан жиылып барып «Қазақ» басқармасындағы жәрдем ақшадан сұрадық. Басқармадағы мырзалар бізге мұқтаж болғандарыңның іспискесін жазып беріңдер дейді. Біз ісписок жазуды Мамитан Ниязалин, Шамсаддин Сүлейманов һәм Бейсенғали Жұмашов үшеуіне тапсырдық. Бұлар мұқтажбын дегендерді жазды. Мені мұқтажбын дегеніме қарамай спискіге жазбады. Тексеріп білсем, жазбауларының себебі бар екен. Басқа мұқтажбын дегендерден пара алып, менен де соны үміт еткен екен. Бұл мырзалардың сырын білген соң, (өзімше амал ойлап) «сұрағандарыңды алыңдар, бірақ мені спискіге жазыңдар» дедім. Жылы сөзді естіген соң үшеуі алатын ақшаларының 75 сомын алмақшы болды. Менен ешкімге айтпасқа һәм алдамасқа ант алды.

Солай спискіге жазып, мен 150 сомды алып, медресе басқармасына төледім.

Уағдаласқан Мамитан – жолдастарына тиісті жауабымды бердім. Екінші – Мамитан өзі «мен медресенің 150 сомын төлегенім жоқ» деп

150 алған екен. Медресе басқармасынан сұрасақ, Мамитан медресеге 150 соммен қабыл етілген һәм ол 150 сомды күз келгенде төлеген екен. Екі күн болмай басқарманы алдап алған өтірігі шықты.

Үшінші – медреседегі қазақ шәкірттері атынан келген біраз нәрсені үшеуіне «сатып, ақшасын бөліп бер» деп беріп едік. Ол нәрсенің ақшасын қорыққан шәкірттерге беріп, жуастарын құр қалдырды. Міне, медреседегі бастығымыз болған Мамитан, Шамсаддин, Бейсенғали мырзалардың қылып отырған қиянаты осы.

Енді бұл қаражүректердің кім екенін оқушылар өздері білер, бірақ мен медреседегі барлық қазақ балалары атынан қалған қиянаттарына протест етем. Басқармадан алдап алған 150 сомның қайтадан басқармаға беруін һәм шәкірттердің хұқын тегіс бөліп беруін талап етем.

«Медресе Хусаиниядағы» қазақ шәкірттері атынан: Құрманғали МҰСАЛИЕВ

Содержание: 
Тип материала: 
Газеттер шықандар