Қырда

Сайрандап сахраны жүрдім кезіп,

Қуаныш, жүруменен шаттық сезіп.

Сергіді жас жүрегім жалқын басқан,

Кешегі қара күннің кеткен езіп.

 

Қол-басым азат болып, көңіл тасқан,

Көрмеген мұндай дәурен бала жастан

Керіліп екі қолды сермегенде,

Көзіме тең көрінді жер мен аспан.

 

Көк орай аяқ астым – бейне кілем,

Сар басты жоңышқалар қызыл күрең.

Биеке, нарлау, жусан, ақ бас селеу,

Бәрі де қуанышты анық білем.

 

Құттықтап бостандықпен жүрген күйді,

Бетіме ескен жел де жылы тиді.

«Өзің би, өзің патша, нұр есен...» деп

Шөп біткен тәжім қылып басын иді.

 

Мен бұған бұрынғыдан жаман тастым,

Керіліп, көтеріле аяқ бастым.

Масайрап өз-өзімнен бойым балқып,

Алдағы сағымданған белден астым.

 

Кеш болып сол арада күн де батты,

Шық түсіп, жердің жүзі мұнар тартты.

Ауылға – өз аулыма бет түзедім.

Қамшылап астымдағы мінген атты...

                                                         Би Мұхаммед МАЙЛИН

Содержание: 
Тип материала: 
Газеттер шықандар