Көне әдеби мұра «Гүлжиһан» лиро-эпостық дастаны туралы

Қазақ халқы ежелден иеленген жер-су Шығыс елдерімен байланыс жасайтын «Жібек жолы» аталған жол бойында болған. Бұл «Жібек жолы» талай ғасырлар бойы Шығыс пен Батыс елдері экономикалық (сауда, ауыс-түйіс) және мәдени (оқуға бару, саяхат жасау) байланыс­ тарды жасаған жол екендігі тарихқа белгілі.

«Бал ұстаған бармағын жалайды» дейтіндей, «Жібек жолы» бойында көшіп-қонып жүрген қазақ халқы да шығыс елдерімен экономикалық, мәдени қарым-қатынас жасаған.

Талай-талай тізбектелген керуендер ерсіл-қарсыл асыл бұйымдар тиеп өтіп жатқанда қазақ елінің де ер көңілді азаматтары, оқуға талапты жастары қазіргі Сирия, Ливан, Каир, тағы басқа да зор қалаларға барып, оқып, білім алып, жұмысқа орналасып, тұрмыс құрып қалғандар да болған.

 

Қазақ халқы да басқа халықтардай көне әдеби, мәдени, рухани, тағы басқа да мұралардың иесі. Көп замандар бойы көшпелі ел болғанымен, «ұшарымды жел білсін, қонарымды сай білсін» деп те жүріп тарихи, әдеби, мәдени, рухани, тағы басқа да мұраларды кейінгі ұрпақтарға, ізбасарларға өшпес, өміршең етіп те қалдыра білген.

 

Қазақ халқына етене тән мұраларды ауыз әдебиеті саласына жататын мол қазына деп санасақ, ал жазба түрінде де сақталған мұралар тарих (тауарих), философия (бұрын «фәлсафа» деген), право (бұрын «әдет-ғұрып заңы» аталған), тәрбиелік мәні күшті педагогика мен этика салаларына жататын (бұрын «тағлым, әдеб» делінген) тағы басқалар баршылық.

 

Демек, қазақ халқының жалпы азаматтық тарихы, нақты атап жазсақ, 50-60 жылдарға дейін әртүрлі себептермен бұрмаланып жариялауға байланысты, туған әдебиетіміздің, өнердің тарихы XVIII ғасырдан әрі тереңдеген емес.

 

Ал 1957 жылы «Қазақ ССР тарихы» І томы жарияланғаннан кейін, Қазақ ССР Ғылым академиясының қоғамдық (гуманитарлық) ғылымдар институттары, олардың кейбіреулерінің құрамындағы секторлар ұқыпты да, жігерлі де түрлі мұраларды іздеді. Табылған әдеби мұраларды зерттеп, ғылыми тұрғыдан талдап, салыстыру тәсілдерін кең түрде қолдану нәтижесінде бұрынғы солақайлық пен тұрпайы тәсілді тастады.

 

Көне замандарда қазақ халқынан шыққан ойшылдарға, ғалымдар мен ақындарға олардан қалған мұраларды іздеп, жинап, зерттеуге қолайлы жағдай болды. Осы тұста айта кетуге тиіс мәселенің бірі, күрделі қолға алынғаны Әбунасыр Әл-Фарабиден қалған жазба-әдеби мұраларды араб тілінен (негізінен) орыс, қазақ тілдеріне аударылып, бастырылды. Жұртшылыққа кең тарады. Бұл жұмысты Қазақ ССР Ғылым академиясының философия және право институтының Әл-Фараби творчествосына арналған группа ынталы жүргізді. Бірнеше аударма трактаттар жарық көрді. Профессор Ақжан Машанов елеулі еңбек сіңірді.

 

Сол Әл-Фараби Сырдария бойында біздің жыл санауымызша 870-тен бастап өмір сүрген. Ол Отырар қаласынан шыққан. Отырар Сыр-дария өзенінің арқа бетінде Шымкент облысы, Шәуілдір ауданының жерінде. Әл-Фараби «Жібек жолымен» жүретін керуеншілерге ілесіп араб елдері­ не оқуға кеткені белгілі. Ол бүкіл дүние жүзіне белгілі, әйгілі «Шығыс­тың Аристотелі» аталған ұлы ғұлама!

 

Әбунасыр Әл-Фарабиден екі ғасырдай бұрын араб елдеріне оқуға кеткен кердері руынан Асылбек және Қасымбек деген екі жігіт болған. Екеуі де байлардың мал өсірген кісілердің балалары. Олар сыннан өтерде (оқуға түсерде) Омейядтық халифтардың бір бұтағы (ата тегі бойынша) саналатын, І Марван ибн әл-Хакамнан кейін, мұрагерлік жолымен Абу әл-Мәлік халифаттың тағына отырған. Яғни 65/685 жылдарда (К.Э. Босворт «Мусульманские династий», издательство «Наука!, главная редакция восточной литературы, Москва, 1971 гд, стр. 29). Бұл кітапты ағылшын тілінде «Эдинбург университетінде» 1967 жылы жариялаған. Орыс тілінде жариялауға К.Э. Босворт кіріспе сөзін Манчестер қаласында, 1 июльде 1969 жылы жазған.

 

Осы кітапты орыс тіліне аударған – белгілі шығыстанушы ғалым, араб тілінің, әдебиетінің маманы П.А. Грязневич (Ленинград).

Сол орта ғасырдағы кердері руы жастары сияқты оқуға талапты, білімге құмар қазақ жастары ХХ ғасырда да араб елдеріне барып оқып, жоғарғы дәрежелі білім алып, елімізге аман-есен келгендері болған. Солардың бірі

– Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев (1880-1933 ж.ж.). Ол 1904-1909 жылдарда Египеттің астанасы Каир қаласындағы университеттің заң факульте­ тін бітірген юрист. Ғ.Мұсағалиевтің туып-өскен жері – Орал облысы, Казталовка ауданы, ССР-дың 60-жылдығы атындағы совхоздың жерін­ дегі Әбдіраш аталған ауылдың ескі орыны. Руы – Нәртелі Қостаңбалы.

Каирдан бастап 1909-1910 жылдары Ғ.Мұсағалиев Индонезия, Үндістан, Пакистан және Жапон елдерінде болып, Порт-Артур арқылы Владивосток қаласына келеді. Сонсын теміржолмен Новоузенск стансасына келеді. 35 километрдей жердегі ауылына аман-сау жетеді. Новоузенск стансасына Ғ.Мұсағалиевті қарсылауға Шәңгерей Бөкеев және Ғұмар Қарашев ақындар барады.

Ғ.Мұсағалиев сегіз шет елдің тілін, соның ішінде араб, фарсы, түрік тілдерін білген. Тарих, заң, филология ғылымдарын еркін, жетік білген. Ол, әсіресе, орыс, испан, француз тілдерінде мүдірмей оқып, аударып және шебер жаза білген.

Өз елінде Ғ.Мұсағалиев қоғамдық және саяси қайраткерлердің бірі саналған. Ол прогресшіл, демократияшыл пікірден аумай, берік ұстаған. Бұған дәлел – оның Россияда шығып тұрған «Шора» және «Тәржіман» журналдарында, «Уақыт» газетінде татар тілінде жарияланған бірнеше мақалалары баршылық.

1911-1913 жылдары Орда, Орал, Астрахань қалаларында Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қарашев, Елеусін Бұйрин, Шәңгерей Бөкеев, Сейітқали Меңдешев т.б. бірге «Қазақстан» атты қазақ халқының қоғамдық газетін шығаруға, таратуға белсене атсалысқан. Ол Жетісудың атақты Тұрысбек, Есенқұл Мамандардың шақыруымен келіп, «Мамания» медресесінде мұғалім болып қызмет істейді. Оған қоса «Қазақстан» газетінің тілшісі міндетін атқарады. Осыған орай бір ескерте кететін мәселе – «Маманияда» Ғ.Мұсағалиев мұғалім болған кезінде оның шәкірттерінің бірі үлкен әдебиетші де күшті ақын Ілияс Жансүгіров т.б. тап осы ұстаздан дәріс алған.

 

Ғ.Мұсағалиев қазақтың демократ журналистерінің бірі Мұхамеджан Сералинмен де жақсы қарым-қатынас жасаған. Ол шығарып, таратып тұрған тұңғыш журнал «Айқапқа» әлеуметтік, мәдени және тарихи мәселелер жайында мақалалар жазып, бірнеше сандарда жариялаған.

Мысалы, «Қазақ жайынан» және «Жазу мәселесі» жөнінде.

 

«Қазақстан» газетінің редакциясы 1911 жылы 24-апрельде (№11) жариялаған хабарда Жетісудың басты адамдары бұл газеттің шығып тұруына көмек көрсету үшін жинап, Ғ.Мұсағалиев арқылы жіберген ақшаны алдық деп және бұл ақша жинаған азаматтарға алғыс айтқан. Тек қана бір-екі жыл Ғ.Мұсағалиев алыстағы қазақ елінің батысынан шығыс жағына таяу Жетісуға келіп бала оқытып, ақша тауып қайтқан кәсіпшіл ғой десек, онда қысқа ойлап, ешқандай мағына таппаған болар едік. Мәселе мынаған тіреледі:

 

Біріншіден, патша үкіметі қаншама қадағалап, бақылау органдары арқылы сол жылдары қазақ халқынан Думаға депутаттар сайлатпай, саяси қысым жасап, қудалап әрекет етсе де, соған қарамастан тәуекел жасап келудің өзі-зор мәселе. Себебін тауып дәлелдеп, 3000 кило­метр­ дей жерге келгендегі көздеген мақсаты бір-бірінен өте алыста жатқан екі елдің, яғни Батыс пен Шығыстағы азаматтардың нақты байланысын жасау болса керек.

 

Екіншіден, «Қазақстан» газетін шығаруға жалпы қазақ елінің озат ойлы азаматтары бірлесіп атсалысуды, қандай саяси қысымды патша үкімет органдары жасағанына іштей ойлап бейшара болмай, айтатын ой-пікірлерді осы газет беттерінде жариялап, халқымыздың саяси санасын оятып, ел үшін аянбай еңбек етуді көздеген.

 

Сол кездегі Верный (қазіргі Алматы) қаласындағы жандарм пункті Ғ.Мұсағалиевтің соңына түскен. Оны саяси сенімсіз адам деп санаған. Бұл жөніндегі архив қорында жатқан документтер бар.

Жетісуда жүрген кезінде Ғ.Мұсағалиев аграрлық мәселемен де шұғылданған. Түрлі деректер жинаған. Кейінірек ол «Жетісуда жер мәселесі» деп көлемді мақаланы «Қазақ» газетінде жариялаған. Бұл мақалада қазақ шаруаларының пайдаланып жүрген жер-суын колонизация жасап, патша үкіметі бұйрығы бойынша өздерін құмды, сорлы, тау-тасты тақырға көшіріп, тозғындатып жатқан отарлаушылық саясаттың өрши түскенін батыл сынаған.

 

Ал 1917 жылы февраль айында патша тақтан түсіп, оның үкіметі құлаған кезде, Уақытша үкімет құрылғанда Ғ.Мұсағалиев («Ғ.Мусин» деп өзін атап) июль айынан бастап Орда қаласына қайта барып, онда «Ұран» («Призыв») газетін шығарып тұрған. Бұл газет 1917 жылы декабрь айында Ордада Революциялық Комитеттің құрылуын қостаған және Уақытша үкіметтің өкілі А.У. Куликовтың Орда қаласынан қуылуын дұрыс деп өзінің оқырмандарына пікірін хабарлаған. («Ұран»)

1918 жылдың басынан бастап Ғ.Мұсағалиев Бөкей губерниясында Совет өкіметінің ауылдық жерлерде орнап, нығаюына барынша аянбай ат салысады. Осы жылдың апрель-май айларында ол Бөкей ордасында өткізілген Советтердің І съезіне делегат болып сайланған. Бұл съезд ашылған күні (30 апрельде) Ғ.Мұсағалиев съездің председателі болып бірауыздан сайланады. Осы съезге сайланып келген делегаттарға беретін және басқа да қажеттеріне жарататын қаражат болмаған. Сол себепті 30 апрель күні съездің бірінші мәжілісінде Ғ.Мұсағалиев ұсыныс жасап, 11 кісі құрамына енгізіп, финанс (ақша) комиссиясын құрады. Бұл комиссияға төтенше қаулының жобасын жасатып, съезде талқылап, бекітіп, Ордадағы байларға, саудагерлерге прогрессивтік салық салып, тез қаражат жинатып, делегаттарға бөліп береді және Совет өкіметі жергілікті органдарына таратады.

 

Сол Советтердің І съезінің 13 майда өткен қорытынды ақтық мәжілісінде халық комиссариаттары туралы қаулыны қабылдағанда, Бөкей губерниялық халық ағарту комиссары болып Сейітқали Меңдешев, оның бірінші орынбасарына Ғ.Мұсағалиев бекітілген.

 

1918 жылы 2-5 сентябрьде Орда қаласында шақырылған Бөкей губерниялық мұғалімдер І съезіне Ғ.Мұсағалиев делегат болып сай­ ланып, оның президиумының тұрақты председателі болады. 1918 жылдың екінші жартысынан бастап 1919 жылдың октябріне дейін ол РСФСР-дың Ұлт істері жөніндегі Халық комиссариаты Қазақ бөлімінің Бөкейдегі бөлімшесі коллегиясының мүшесі, сонымен бірге «Дұрыстық жолы» («Путь правды») газеті мен «Мұғалім» («Учитель») журналының редколлегия мүшесі болып тағайындалды.

 

1919 жылы 15 апрельде РСФСР-дың Ұлт істері жөніндегі Халық комиссариаты Қазақ АССР-ын құруға дайындық жұмысты бастауға оннан аса қайраткерлерден ынталы топтың құрамын бекіткенде солардың біреуі Ғ.Мұсағалиев еді.

 

Сол жылы Бөкей губерниялық Советтің атқару комитетінің және қоғамдық ұйымдардың ұсынуы, қаулысы бойынша Ғ.Мұсағалиев Қазақ өлкесін басқару жөнінде В.И. Ленин қол қойған декретке сай құрылған Қазақ әскери-революциялық комитетке кооперация ретімен мүшесі де болады. Бірақ ол жұқпалы сүзекпен ауырып, ұзақ уақыт денсаулығы түзелмей, бұрынғыдай іске жігерлі кірісуге жарамайды. Туған, өскен еліне қайтады. Елінде Ғ.Мұсағалиев кедейлер комитетінің председателі болады. Ағартушылық жұмыстан қол үзбейді. Ауылдық жерлерде мектеп салдырып, кедейлердің, шаруалардың балаларын Тіленші сай, Жақсыбай, Әбдіраш ауылдарында оқытуға атсалысады. Нариманбек Нариманов атты Кредитное товариществоны ұйымдастыруға белсене қатысады.

 

Ретіне орай айта кеткен жөн болар, 192? жылы Бөкей губерниясынан бір топ мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлері делегациясы РСФСР-дың Халық ағарту комиссариаты шақыруы бойынша Москваға барады. Осы делегацияның құрамында Ғ.Мұсағалиев, Ғұбайдолла Ахметов (әдебиетші), Ахмет Мәметов (ақын, Советтер Одағы батыры Мәншүк Мәметованың әкесі), халық композиторы-күйші Сейтек Оразалиев, тағы басқа да ондаған азаматтар болған. Сонда Москвада түскен суреттері табылды. Осы сурет шежіренің алдыңғы қатарында Ғабдолғазез Мұсағалиев пен Ахмет Мәметов екеуі бір-біріне таяу, құшақтасып отыр. Бұл сурет шежіре өткенді сол күйінде көз алдымызға бұлжытпай көрсе­ тетін тарихи мұра! Бұдан 60 жыл бұрынғы деректі документ. Аталардың өшпес ізі, кейінгі ұрпақтар мақтан ететін мұра! Мирасқорларға өткен­ дерді біліп, қазіргі, келешек өмірге тәлім-тәрбиелік маңызы бар сурет-шежіре! Ғажап қастерлі тарихи маңызы да зор.

 

Ғабдол-Ғазез Мұсағалиев 1920 жылдары елде қарап жатпай аудар­ машы болған. Өзінің жаны сүйетін мәдени, рухани, әдеби-тарихи мұра­ ларға зор көңіл бөледі. Ол кезде газет-журналдар, кітаптар типо­гра­ фияда­ немесе баспада өте аз тиражбен басылып тарайтын болған­ дықтан­, қағаз да жоқтыққа байланысты көбінесе өз қолымен жәдитше

 

жазғандарын­ ана тілімізде Ахуат Жұмағалиев, Хамза Ишанғалиев (руы Қостаңбалы­, ағайын туыстары) және «Еңбек» артелі есепшісі Бисенғали Мұратов­, ауылдық мектеп мұғалімі Ахмет Батыровтарға қолдан көшіріп көбей­туге беретін. Сол көшірмелерді жәдитше оқи білетін жастарға тарата­тын­. Көшіріп таратуға Ғарифолла Қайырлиев қатысатын.

 

Ғ.Мұсағалиев кейде-кейде хадисше басылып шыққан араб тілінде кітаптарды оқып отырып, іштей ана тілімізде айтып отырып, Хамза Ишанғалиевке (өте тез жазатын) дәптерге жаздырған. Осы Хамзадан басқалар (негізгі аударма нұсқадан) алып, көшіріп, елден-елге та­ рататын тәсіл болған. Олай көшіру, тарату әдеби мұраларды халықтың игілігіне асырудың бір түрі саналған. Ол кезде елде (ауылдарда) радио, телефон, телевизор болмаған. Тек қолдан-қолға көшірме арқылы әдеби шығармалар, ата-бабаларымыздың шежірелері, батырлар жайында жазған жырлар жатқа айтылып тарағаны, еш күмән туғызбайтын мәселе.

 

Қазіргі кезде де шалғайдағы колхоздар мен совхоздардың тұр­ ғындарынан, әсіресе, қариялардан талай-талай жәдитше жазылған қолжазба әдеби, тарихи шежірелер қойын дәптер түрінде сақталғаны немесе жатқа білетіні, халық сахнасынан да, санасынан да орын алғандары аз емес. Бұл нағыз әлі жиналып, зерттеліп, белгілі бір жүйеде алтын қорға айналып бітпеген, ең зәру мәселелердің бірі десек, артық болмас.

 

Сол 1920 жылдардың соңында, дәл қолжазбада жәдитше жазумен көрсеткені Ғ.Мұсағалиевтің «1929 ж. 30 июнь» күні араб тілінен ана тілімізге «Гүлжиһан» атты лиро-эпостық поэманы аударып бітірген. Бірақ та ол кезде жәдитше жазуды, оқуды тастап, латын емлесіне көшу басталғандықтан, бүкіл Қазақ елінде бұл поэма баспа орындарына берілмей, жарияланбай қала береді. Қалғанда Ғ.Мұсағалиевтің әйелі Бәдиғұлдың туған анасы Әйнөктің қолында болады.

 

1929 жылы Ғ.Мұсағалиев елінен Алматыға көшеді. 1930 жылдары Алматыда жұмыс істейді. Көбінесе бос уақытын аудармаға пайдаланды,

  • деп Бадиғұл анықтады Бадиғұлға 1959 жылы октябрь айында арнап барып жолыққанымда. Бадиғұл анасы Әйнөк екеуі Шәңгерей Бөкеев ақынның қонысында Тарғын өзені бойында еді. Сол кездесуіміз жайық беріш Ғайнетден Жаманбалинов ақсақалдың үйінде басталды. Шәңгерейдің бірнеше өлеңдерін Әйнөк жатқа айтып жаздырды. Ал «Гүлжиһан» поэманы көрсетіп оқытты. Бермеді. «Бұл күйеу баламнан қалған асыл мұра» – деді Әйнөк. Сосын ол – «Жасым 80-нен асты, бір күні Шәңгерей, Ғұмар, Мақар (домбырашы), Ғабдол-Ғазездей мен де дуниеден озармын. Сонда бұл «Гүлжиһанды» оқитын арабша әріппен жазылған, біздің замандастар да бірен-саран қалар. Менің жас кезімде Шәңгерей өзі түсірген суретімді естелікке беремін. Осы суретті мына Ғайнетденге көрсетсең болды. Ол менің атымнан, - «Гүлжиһанды» Ғабдол-Ғазездің көзіндей көрсін деп өзіңізге береді», - деген еді.

 

1979 жылғы жаз айында, жаңа ғана егінді ора бастаған мезгілде арнап Волгоград облысы, Палласовка ауданына қарайтын Тарғын өзені бойындағы Шәңгерей Бөкеев ақынның қонысында тұратын Ғайнетден Жаманбалиновқа бардым. Бұл қарияға сәлем беріп, қымызын ішіп, шөлімді қандырып, әңгімелесіп отырып келген шаруамды да айта отырдым. Әйнөктің суретін көрсеттім.

 

  • Іншек, Әйнекеңнің аманатын беремін. Ол марқұм болмастан бір жыл бұрын үйіме келіп әңгімелесті, - 1959 жылы Ғали Ойханов екеуіңіз келіп сұрағанда бермей қалсам да, уәде етіп едім, - менің суретімді Ғайнетденге көрсетсеңіз болды, ол «Гүлжиһанды» өзіңе берер, - деп. Міне, сол уәдемді орындайын және мына Бадиғұлмен бірге Саратовтағы балама жүрер алдында өзіңе де кіре шыға келдім. Сол «Гүлжиһанның» Ғабдол-Ғазез аударған түп нұсқасы осы. Бұны Мұстафа келіп сұраса бер, - деді. Әйнөктің сол аманаты сары алтындай сақтаулы тұр. Үйге сақтауға қорқып, бала-шағадан, біреуі ескі жазу ғой деп ет жегенде қолын сүртуге пайдалана ма деген хауіппен подвалға, мына салқын қымызды сақтап, баптап қоятын жер құрғақ еді. Сонда қобдида сақтаулы тұр, - деді Ғайнетден.

 

  • Ал, аға, сол «Гүлжиһанды» алып келсең, мен оқып тыңдатайын сізге,

 

  • дедім.

 

  • Қазір, - деп Ғайнекең сыртқа шығып, подвалдан «Гүлжиһанды» әкелді. Маған ескі дәптерді ұстатты. Дәптердің әр беті түтіліп, әбден тозығы жеткен, соны ақырын ұстап, іштей оқи бастадым. - Қолжазбаның талайын оқып көріп едім, мына «Гүлжиһанды» жазған дәптердің қағазы тым нашар қағаз екен, - деп едім, Ғайнекең:
  • Бұдан елу-алпыс жыл бұрын қағаз да, дәптер де, сия да өте нашар болды ғой, - деді.

-Әрине, - деп келісе кеттім.

 

  • Әйнөктен басқалар, Файыз да, Бадиғұл да бұл «Гүлжиһанды» сақтамас еді. Әйнекең бұл қолжазбаның қадір-қасиетін түсінген! Басқа біреу бұл «Гүлжиһан» түгіл «Ер-Тарғынды» да қорлап, жыртып тастайды ғой, - деді Ғайнетден қария.

Сонымен 20 жылдан кейін бұл қолжазба «Гүлжиһан» аударма хиқая-дастаны қолыма тиді. Бұл кезде Әйнөк те, оның қызы Бадиғұл да дүниеден озған болатын. Ал Ғайнетден Жаманбалинов қария да 1980 жылы сол Шәңгерей Бөкеев қонысында қайтыс болды.

1959 жылы октябрьде менімен бірге барып Ғайнетден, Әйнөк, Бадиғұлға жүздескен Ғали Ойханов, қазір ол Қаскелең қаласында, Пушкин көшесі, №54 үйде, 21-пәтерде тұрады.

«Гүлжиһан» лиро-эпикалық поэманың (дастанның) іздеу, табу тарихы осылай болды.

ІІ

Енді сөз болып отырған «Гүлжиһанның» тарихи, әдеби көркемдік, сюжеттерінің қиыстыру шеберлігіне, тағы басқа да мәселелерге назар аударып қаралық. Әсіресе, салыстыру тәсілін қолданып ой жүгірткенді дұрыс санадым. Бұндай тәсіл (способ, метод) қолданбасақ, көне за­ мандарда жазылған бұндай күрделі хикаялы лиро-эпостық поэма (яғни дастан) қадір-қасиетін, таризи маңызын жетік, терең түсіну оңай іс емес.

 

«Гүлжиһан» – дерек негізінде жазылған Ғабдол-Ғазез Мұсағалиев шығармасы.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында, ХХ ғасырдың басында, дәл атап жазсақ Абай - ... (қолжазбада осылай ашық қалдырылған, шамасы «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі» дастандарын айтса керек – Қ.Қ.), Ақылбай - ..., Мағауия - ..., Шәкерім – «Ләйлі-Мәжнүнді» қазақ тіліне­ аударып (шығыстық әдебиеттен) жаңалық жасады. Сол жасалған жаңалық­ аяқсыз, жалғассыз қалған жоқ. Әрине, Абай, Ақылбай, Мағауия, Шәке­рім – арабша оқып, жоғарғы дәрежелі білім алмаған ақындар.

 

Ғ.Мұсағалиев Каир университетін бітіргенін жоғарыда атадық. Ол орасан білімді абзал азамат. Көне шығыс елдерінің өмірі мен қоғамдық болмысын шарлап жүріп көрген. Салтын, әдет-ғұрпын тарихи қалып­ тасқан дәстүрін көңілге түйген, сыр-сипатын да жан-жақты білген де де­ сек қате болмас. Олай айтып немесе жазуға негіз – оның терең ойшыл­ дығы. Ол – ХХ ғасырда өмірін саналы, өнегелі өткізген, елерлік із қалдыр­ ған юрист, тарихшы, журналист, әдебиетші, халқымыздың саяси сана­сын­ ағартушы, прогресшіл, демократияшыл Ұлы Октябрь революциясының идеяларын қолдаған азаткер.

 

«Гүлжиһан» поэмасындағыдай сюжеттер бүкіл әлемге тараған «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы», «Рауан ханның хикаясы» атты белгілі көркем шығармаларда ұқсас болып кездесіп, оқырмандарды ойландыруы да мүмкін. Осылардың бірін болмаса екіншісін, үшіншісін оқып, солардың ізімен Ғ.Мұсағалиев өзінше, жаңа күрделі, тартымды туынды жазып қалдырған мұра дей аламыз.

 

«Гүлжиһанда» аталатын орысша аудармада «Абд ал-Малик» деп кітапта басылған; Ғабдол-Мәлік болса, қазақ атына икемделеді. Өйтетін себебі мынадай: араб емлесінде дауысты «А-а» әрпі жоқ. Бұл әріптің орнына «...» хамза белгісін жазады. Ал, Ғабдол-Ғазез Мұсағалиев жазған Ғабдол-Мәлік орысша аударып, кітапты бастырғанда «Абд ал-Малик» болып оқылады. Ол тарихта болған адам. Араб халифтарының бірі саналады. Хиджра жыл санауы бойынша 648-685 жылдары Бағдатта билік етіп, патша болып тұрған. «Гүлжиһандағы» баяндалатын оқиғалар оның патша болған кезімен байланысты.

 

Демек, «Гүлжиһан» поэмасында (дастанында) жырланатын оқиға Һарон-Рашид пен Әбунасыр әл-Фараби замандарынан әрі жатыр. Автордың бұл шығармадағы айтайын деген мақсаты – адамгершілікті, бекзаттылық-адалдықты дәріптеу. Зұлымдықты, жауыздықты әшкере­ леп, тамырын балталап шауып құрыту. Сол үшін аянбай күресу. Көздеген мақсатына жанын аямай, қорықпай күресіп жету. Нағыз гуманистік идеяны қисындап дәлелдейді. Осы қырынан қарағанда, біздің Советтік қоғам мұрат-мақсаттарына қайшы келмейді. Ізгі, үлгілі, терең мағыналы ойлар оқыған адамды тамсандырады, толғандыра түседі.

 

Адал махаббатты Гүлжиһанға Асылбек ғашық болғандығын ІІІ тарауда:

 

«Жарқ еткен қараңғыда сенің нұрың,

 

Аз сөзді мағыналы ішкі сырың.

 

Көргенде сымбатыңды мін таппадым,

 

Өлшеусіз саған біткен ақыл, білім!» - деп жазса хатында, Гүлжиһан Асылбекке ІІІ тараудың аяғында:

«Көркем жігіт Асылжан,

 

Пірім өзің бас ұрған.

 

Бір сұңқарды өзіңдей,

 

Күтуші едім жасымнан» - деген жауабында жазғаны ғажап қой!

 

Бұл жоғарыдағы екі шумақ өлеңнен Асылбек пен Гүлжиһанның бір-біріне ынтық ғашық болып, сырларын жазысқан хат арқылы айтылғанын көреміз. Ғ.Мұсағалиев лирикалық өлеңді, Асылбек атынан 11 буынмен,ал Гүлжиһан болып 7-8 буынды ежелгі қазақтың толғауы түрлерімен жазғандығы көрінеді. Гүлжиһан мен Асылбек арасындағы шынайы ғашықтық мәселесін осылай тұтандырып, жаққан оттай етіп алаулатып, автор әшекейлі сөздермен одан әрі дамыта береді.

Осы лиро-эпостық поэмада (дастанда) Гүлжиһан – ең басты образ, яғни негізгі кейіпкер Асылбектің таңдап, ақыл парасатын өте ұнатып қосылған ғашық жары. Гүлжиһан мен Асылбекті автор әдемі бейнелеген. Қызығып, оқығың келе береді. Бұл екі ғашық қуанса, сәтті райда болса, тілектестік білдіргендей өзіңді-өзің сезінесің. Кейде ол екеуі арадағы күншіл, пасық адамдардың кесірі тиіп қайғырып, күйзеліске түссе, жаның ашиды.

 

Бала жасынан бірге өскен, бірге жүрген Асылбектің құрдасы Қасым­ бек ерте үйленеді. Оның оқымаған, мінезі де, сөзі де дөрекі, өзінше сұлу­ сымақ балдызы болады. Осы балдызын ал деп Қасымбек Асылбекке көр­ сетеді. Асылбек бұл қызды ұнатпайды. – Көрерміз, менің балдызымнан­ артық ақылды сұлуды алғаныңды, - деп Қасымбек Асылбекті кеке­теді­. Осыдан бастап екеуінің арасы шиеленісе түседі.

 

Қасымбек оқымаған, білімсіз, тек байдың баласы болғанына дандайсыған пасық, қара жүрек неме Асылбек пен Гүлжиһанды аран­ датудың қастандық тәсілін ойлайды. Екеуін біріне бірін шағыстыруға, айыруға, қорлауға, Асылбекке Гүлжиһанды желкенсіз, ескексіз қайыққа мінгізіп, теңізге ағызып өлтіруге ақыл береді. Солай өлтіруге Қасымбек жала жауып, «Гүлжиһанның қойынынан Қомырша деген жас жігітті ұстадым. Сол жерде оны өлтірдім» деп Асылбек бір сапардан оралғанда айтып сендіреді. Асылбекті сендіру үшін Қасымбек Ажарға пара беріп, оны өтірік куә жасайды. Қомыршаны өлтіргенімде оның қалтасынан Гүлжиһанның гауһарлы алтын жүзігі шықты деп Асылбекке көрсетеді. Бұл жүзікті бетін, қолын жуған жерінде Гүлжиһан ұмытып кеткенде Ажарға ұрлатып алдырады. Бұны Асылбек білмейді. Қасымбектің сөзіне сенеді.

 

Бірақ Гүлжиһан да Асылбектің бұрынғыдай жайраңдап келмей, түйіліп үн-түнсіз жүргенінен бір сұмдықтың болғанын сезеді. Асылбекке: «.... бұл

 

саған не болды?» - деп таңданады. Асылбек айтпайды. Бір-екі күн өтке­ сін ретін тауып Асылбек Гүлжиһанға, - екеуміз екі жеңіл қайықпен теңізге серуен жасайық, - дейді. Гүлжиһан келіседі. Әйелше киінетін киімдерін шешіп, үстіне бешпет, шалбар киеді. Асылбекке еріп барып, теңіз жаға­ сында тұрған бір кісілік қайыққа мінеді. Жағадан алысқа шыққасын Гүлжиһанды жалғыз тастап, зарлатып, Асылбек кейін жағаға қайтады.

Гүлжиһанның сонда айтқаны VIII тараудың алғашқы жолдарында:

 

«Асылбекжан – Асыл жан!

 

Ойнайсың ба асылжан

 

Ажарыңа қарасам:

 

Шырайлы жүзің ашынған...

 

Мұндай ойын көрдің бе,

 

Шариғатта жазылған?!

 

Ескексіз қайық үстінде -

 

Қорқам айнам басымнан.

 

Жібермеші теңізге –

 

Теңізден қорқам жасымнан.»

 

Осылайша Гүлжиһанның тағдырының трагедиясы басталады. Ал Асылбек Гүлжиһанға сені мұқаттым дегендей болып, өте қатуланып сол жерде:

«Гүлжиһан, теңізге ағып өлерсің де, Қорлыққа басқа түскен көнерсің де, Өзіме өз қылғаның келді алдыңа – Қалтаңда хатты оқысаң білерсің де.» -

 

деп қайрылмай, жағаға қарай кетеді. Сонда теңіздің толқындары айдаған қайық үстінде Гүлжиһан зарығып, қиналып айтқаны:

«Жан жолдасым Асылбек,

 

Бас қосқаным асыл деп,

 

Байлық, бақыт арылмас, -

 

Тегі жаза нәсіл деп.

 

Жамандыққа қиғаның,

 

Мен жайлы өсек жиғаның

 

Бұған не амал етейін...

 

Дұшпаныңды досым деп,

 

Араға өсек жүргізген,

 

Кеудеге нәлет кіргізген,

 

Қасірет-қайғы жасаған –

 

Нәлет болсын Қасымбек.

Оған неге нанасың

 

Дұшпаның еді шын залым,

 

Болар сенің күні ертең -

 

Талан-тараж мал жаның,

 

Біле алмадың, Асылжан,

 

Сырым жоқ сенен жасырған.

 

Арамызға от салған,

 

Орындадың сен неге

 

Қасымбектің арманын?!

 

Ажал жетсе кім өлмес,

 

Обалым сені жібермес,

 

Жігіт болсаң Асылбек

 

Кінәласып түгендес?!

 

Асылбек-ау Асылбек!..

 

Базар шығып кешіктің;

 

Маған неге өшіктің,

 

Болмасын саған білдің бе?

 

Маған деген кесірдің.

 

Ажалыма айдадың,

 

Жаман ақыл ойладың,

 

Ақыреттік досым-ай,

 

Өлімге мені байладың.

 

Халыққа қылдың келемеш,

 

Есіткен адам не демес.

 

Ағыздың мені теңізге,

 

Басатұғын жер емес...»

Теңіздің ақ жал толқындары арасында қайықтың тынымсыз шайқауы әсер етіп, Гүлжиһан шаршаған кезінде бір бөрене ағаш қалқып, толқын айдап қайыққа тіреледі. Сол ағашқа Гүлжиһан қолын созады. Ұстайды. Қайықтың жанына байлайды. Бір уақыттарда толқын бәсеңсігенде Гүлжиһан ұйықтайды. Бірақ қайық пен ағаш қосарланып толқын қалай қарай айдаса – солай қарай ете береді.

 

Келесі күні жел басылып, таң атып, күн шығып, аспан айқын көрініп жадыраған шақта Гүлжиһан оянады. Қайық пен ағаш бір аралдың жағасында тіреліп тұрады. Жан-жағына таңырқай қарайды. Аралда қалың өскен шөптерді, жыныс бітік өскен ағаштарды көреді. – Бұл аралда түрлі аңдар көп болар, адам болмас, - деп ойланып тұрады. Осы хикаяны автор ІХ тарауда баяндаған.

Теңізде азықсыз, сусыз қайықпен қалқып жүріп ашыққан Гүлжиһан ойлайды: - Жағасын аралдың аралайын, жейтін жеміс немесе жибек табылар, - деп қайықты құрғақ жерге сүйреп шығады. Ағашты да судан шығарады. Сосын ол аралдың жағасымен келе жатырып өліп жатқан бір китті және арыстанды көреді. Қорқа бастайды, - бұндай алып балық пен ең күшті жыртқыш аңды өлтірген қандай күшті аң, - деп.

 

Өлген кит пен арыстанның қасына келіп қараса, киттің арқасынан арыстанның тістеген жерін көреді. – Ал арыстан қалай өлді екен, - деп оның қасына келіп, бел омыртқасы үзіліп жатқанын көргенде: «...Е-е, кит жаны үшін бұлқанып құйрығымен соққанда арыстанның белін үзген екен... Сонымен екеуі бірін-бірі өлтірген болды...» деген ойға, пікірге тоқтайды. Бұл туралы ХІ тарауда айтылады.

 

Аралдың өсімдіктерін аралап, жеміс, жидек теріп жеп келе жатырған Гүлжиһан анадайдан қараңдаған төрт кісіні көріп, - адамға зиян ететін кісілер емес пе? – деп күдіктеніп қорқа бастайды. Бұны көрген ол кісілер айқайлап түрік тілінде сөйлесіп жүргенін де естиді.

 

...Еркекше киімім болғандықтан, бұларға ер адам болып атымды Гүлжиһан демей Жаһанша дейін. Әйел екенімді білсе, мені қорлауға барар... Сақтық етейін, - деп, - Мен «Жаһанша» деген жігітпін. Теңізде кемеміз күйреп, көп адам суға кетті. Мен шағын қайыққа мініп, толқынмен арпалысып осы аралдың жағасына келдім. Сіздердің тұрақтарыңыз қайда? – деп сұрайды.

 

  • Біздер осы аралдағы лагерьде жатқан, сотталып келген кісілерміз. Қорықпаңыз. Лагерьге апарайық. Бері келіңіз? – дейді төртеуі де. Бұл кездесу ХІІ тарауда сөз болады.

Гүлжиһан барады. Уыздай жас жігіт болып, әдеппен амандасады. Атым Жаһанша, - дейді де:

  • Ағалар, мен ашығып жаңа жидек теріп, жеп жүріп сіздерге кездестім. Мені лагерьге апарыңдар бастап, - дейді.
  • Жарайды. Бірге жүріңіз.

 

Лагерьдің бастығына барып жолығады. Ол тамақ, сусын беріп Гүлжиһанға аяныштық білдіреді де:

  • Білімің бар ма? Жазу-сызуға қалайсың. Менің есепшім жоқ. Қатшым жоқ. Менімен бірге жұмыс істе осы лагерьде – деп ұсыныс жасайды.
  • Жарайды. Білімім жетеді. Істес болайық, - дейді Гүлжиһан-Жаһанша. Сол лагерьдің жатақхана салу, азық-түлік қоймасын, асханасының

 

жұмысын, есеп-қисап жүргізуін Гүлжиһан жақсы басқарады. Лагерьдің бастығына және тұтқындарға да тазалық, тәртіп жасағаны ұнайды.

Аралдағы лагерьге Бағдаттан келген Абд Әл-Мәлік атынан тексерушілер Жаһанша (яғни Гүлжиһан) жасаған жақсы жұмыстарды көргенде таң қалады. Бағдатқа қайтып, халиф Абд әл-Мәлік алдында тексерушілер лагерьде көрген-білгендері туралы баяндама жасағанда Жаһаншаны іскер жігіт деп мақтайды. Сонда Абд әл-Мәлік, - егер Жаһанша іскер жас жігіт болса Бағдатқа келсін, оқысын, түбі бір алғыр азамат болып шықса халифатта жұмысқа орналастырайын, - дейді.

 

Жаһаншаны Бағдатқа алдырады. Ол Дәрілфунен университетінде оқуға түседі. Оқуын бітіретін уақыты жақындағанда Жаһанша бір күні бау-бақшада демалып отырғанда қасына бір топ қыздарды ертіп Абд әл-Мәлік халифаның қызы Нұржамал кездеседі. Ол Жаһаншаға білімді, сұлу жас жігіт деп ойлап ғашық болады. Жаһаншаның соңынан қалмайды. Талай жерлерге Жаһаншамен сөйлесу үшін арнап барып сөйлеседі. Ғашық екендігін айтады. Екеуі келіседі. Сөз байлайды.

 

Нұржамал Жаһаншаға уәдемді бердім, тұрмысқа шығамын деп ана­ сына айтады. Анасы күйеуі Абд әл-Мәлікке қызының сырын айтады. Абд әл-Мәлік қарсы болмайды.

Отыз күн ойынын жасап, жан-жақтан қуанышқа кісілер шақырылатын болғасын дайындық жүріп жатқанда Абд әл-Мәлік халифа Жаһаншаны (Гүлжиһан екенін білмей) өзімнің күйеу балам деп санап халифатқа жұмысқа орналастырып, заң жұмысының тергеу, түзеу мәселелерімен шұғылдануға тапсырма беріп, жергілікті әкімшіліктерге төтенше уәкіл болып барып, әртүрлі шараларды жүзеге асыруға бір ай командировкаға жібереді.

 

Некеміз қиылып, неке су ішпей біз жыныс қатынасын жасамайық деп Жаһанша Нұржамалды көндіреді. Бірін-бірі әдеппен сыйласып жүріп-тұруға келіседі.

Командировкада жүріп Жаһанша (Гүлжиһан) Қасымбектің жаласымен сотталып кеткен Асылбекті іздеп табады. Асылбек азып-тозып жүдегенін көреді. Бір жергілікті әкімшілік кеңесінде Гүлжиһанмен (Жаһанша болып жүрген) Асылбек кездескенде өзінің әйелі Гүлжиһанды танымайды. Асылбектен оның не үшін сотталғанын, Қасымбек пен Ажардың жаласымен екенін біледі. Сол істі оқып қарап та Қасымбек пен Ажардың жалахор, пасық, парашыл екенін әшкерелеу үшін қайта сот жасап, Асылбекті ақтап алуға кіріседі.

Қайта болған сотта Асылбектің жазықсыз сотталғанын, Қасымбектің Қомыршаны өлтіріп, пара беріп Ажарды өтірік куә жасағанын дәлелдейді. Қасымбекті дарға астырады. Ажарға ауыр жаза қолданады. Асылбекті ақтап, мал-мүлкін өзіне қайтаруға үкім шығарады.

 

Осы екінші соттан кейін тұтқын үйден босап шыққан Асылбек Жаһаншаға әділ үкім шығарғаны үшін алғыс айтуға келіп жүздескенде, оның өзінің әйелі екенін білмейді. Сонда өзін таныту үшін Гүлжиһан (Жаһанша болып сот мәжілісін жүргізіп үкім шығарған) өзінен-өзі толғанып, нәзік әдемі үнімен ақырын кеңседе ән салады. Бұрынғы айтқан өлеңдерін қайталайды, сол туралы автор Гүлжиһан жайында ХVIIІ тарауда:

 

«Асылбек, Гүлжиһан ба іздегенің?

 

Күдерді әлі күнге үзбегенің?

 

Өзіңше көпті көріп жүргендейсің...

 

Көп екен білгеніңнен білмегенің

 

«Жаһанша» сонда ойланып ән салды, Асылбек тыңдап тұрып аң-таң қалды. Өлеңі әніменен бәрі таныс

Әрине, тыңдағанда сөзі дәмді» - деп, сосын тағы да осы тараудың аяғында:

«Хабарын Гүлжиһанның естіп едім,

 

Бір айналып келіңіз, естіртемін, -

 

Деді де, - бара тұр деп есік жапты

 

Қозғады Асылбектің қасірет шерін...» - деп бұл тарау аяқталды, ХІХ тараудың басталуы былай:

«...Киді де саусағына гауһар жүзік,

 

Сәулесін жарқ еткізді көріп қызық.

 

Қынабын қылышының асынды да

 

Қасқиып, жалаңтада тұрды күліп.

Сол кезде қақты есікті, кірейін, - деп, - Жаһаншадан анық хабар білейін, - деп, Қылыш қолда Гүлжиһан ақырады: Бетіңді парша-парша тілейін деп.

 

Асылбек танып қойып Гүлжиһанды,

 

Ажары хор қызындай сұлу сәнді.

 

Еңбектеп аяғына құлай жатты

 

Қорқып та, қуанып та есін танды - деп автор Асылбектің Гүлжиһанға жалынып, кешірім сұрап айтқанын мына төмендегі шумақта аңғартады:

«...Жалбарындым өзіңе,

 

Түсіндім айтқан сөзіңе,

 

Арманым жоқ өлтірсең –

 

Келді бүгін кезіңе.

 

Білімің мен қайратың,

 

Арыстандай айбатың,

 

Кешіргейсің, Гүлжиһан,

 

Алсын тірі өз басым?

 

Өлтірсең мен саған жоқ,

 

Жарық дүние маған жоқ.

 

Қия гөр қасық жанымды?

 

Қатесіз өткен адам жоқ» - деген қиын жағдайда болғанын Асылбектің көз алдыңа елестетіп суреттей білген.

Гүлжиһанның адамгершілік, әділеттік, мейірімділік қасиеттерін көркемдігіне ақылы, білімі сай екенін сипаттап, автор Асылбекке айтқанын былай деп жазған ХІХ тараудың аяғында:

«...Естен кетпес күн болды,

 

Жарық дүние түн болды.

 

Басыңды кесіп алсам да,

 

Күнәсі жоқ құн болды.

 

Басың көтер, тұр енді

 

Кешірім енді күнәңді,

 

Дұшпаныңды, досыңды

 

Кімдер қандай біл енді.» - деп тынады.

Осы лиро-эпикалық поэманың (яғни дастанның) ХХ тарауында Гүлжиһан мен Асылбектің өмірінің жаңа кезеңі басталғандығын Ғ.Мұсағалиев сөз етеді. Екеуінің бас қосып, бұрынғыша ашық сырласқан бір сәтін автор:

 

«...Гүлжиһан сұхпаттанса Асылбекке, Кейде күліп қояды әзілдеп те: Әперем Нұржамалды әйелдікке Шын күйеу сіз болуға келді дөпке.

 

Асылбек жалынады, - алмаймын, -деп. Тіпті онда Бағдатқа да бармаймын, - деп. Гүлжиһан Асылбекті бірге әкетті

Ол үшін ақыл табар айласы көп...» деген пікірлерді аңғартады. Бағдатқа келгесін Жаһанша командировкада жүріп бітірген жұмысы

жайлы Абд әл-Мәлік халифаға жазып та беріп, айтып та түсіндіріп, патшалықта етек жайған өтірік жала жауып, біреуді біреу мұқату үшін пара беріп ұстату, кінәсіз жазалау, арамзалардың құлықтары күшейіп, бейкүнә адамдардың абақтыларда, лагерьлерде қорлық көріп, қапаста жатқандарын деректермен дәлелдейді.

 

Абд әл-Мәлік Жаһаншаның бітіріп келген жұмысына өте риза болады.

 

Алғыс айтады. Бұл туралы автор ХХІ тарауда былай деп толғанды:

 

«...Жаһаншаға, - рахмет жаусын, - деп Халифа, Мақтарлық ісіңіз, - деп беріп баға Көргенін қиянатты бүкпей айтқан, Ризашылық білдірген жас әмірға.

 

Көп жерде ел басқарып әкім болған, Адамдар зұлымдықпен айналысқан, Мал, байлықты мақтан қып ұятсыздар Талайға жауып жала басын құртқан.

 

Екен деп Халифа да айтып салды, Басын шайқап, өкініп, ол қиналды, Қарғысына халықтың қалмау үшін Тез шара қолдануды ойына алды...»

Ал ақтық ХХІІ тарауда Ғ.Мұсағалиев өткір, алғыр, іскер жігіт болып жүрген «Жаһанша» атанып Гүлжиһанның Абд әл-Мәлік халифаның қызы Нұржамалға Асылбекті үйленуге көндіргенін баяндайды. Шын өзінің аты Гүлжиһан екені жайлы әуелі Нұржамалға, сосын оның анасына, анасы арқылы Абд әл-Мәлікке естіртеді. Нағыз тапқырлығы Гүлжиһанның осы тарауда өте тартымды (қызықты) жазылған.

 

Асылбектің Нұржамалға үйлену тойында зор білімді, қиянаткерлікке әуестенбеген өткен өміріне бұл тойға дейінгі шолу, қорытынды жасап, Асылбек ойланған етіп автор:

«...Он екі пән тамамдап шыққанымда, Пір, перғауын болды тек ұққанымда. Қыз, жігіт бір-біріне сезіне аңсап-Махаббатта ұқпаппыз күш барында.

 

Қазір сондай біздің күш басымызда, Шерулеткен көп жастар қасымызда, Өткенді жуып, шашып ойды бөлді, Қилы күйге түссек те жасымызда.

 

Сол бір күш махаббатың осы тойы,

 

Бұл Гүлжиһан іске асқан еді ойы:

 

Қарадан хан болуға жарайтындай –

 

Адамның қазіргі деп асыл сойы...

 

...Сол кезде қариялар үлкен жақта, Көңілді шат-шадымен болған шақта. «Осы той ізгі той боп даңқы қалсын Аталып жазарлықтай тарихта:

 

Гүлжиһан – Жаһанша әмір берді ұсыныс: «Халифаның атынан болсын ұлы іс! Мүнәпіс тұтқындарға жариялаңыз – Кешіріп бұрын еткен болса қылмыс. Көңілденіп халифа жедел тұрып, Ұсынысты қостады мақұл көріп:

Жүздеп, мыңдап сотталған, айдалған бар Әкімдер ереже-заң жүр деп бұзып.

 

Ережелер шығардық тәртіп үшін.

 

Жойған жоқ оның бәрі әлі күшін.

 

Жалақор мен парақор ұйымдасып –

 

Кінәсіздер жазалау тиям ісін.

 

Халифа ұсынысты қабыл етті.

 

Мүнәпіс болады деп жария етті.

 

Абақты мен лагерьде азап көрген

 

Азат болу таңы атып, күні жетті...

Ғ.Мұсағалиев ХХІІ тарауды аяқтағанда Гүлжиһан жөнінде жазған пікірлерін қорытып, мына төмендегі бір шумақ өлеңге сыйғызған:

«Гүлжиһан – түрлі тұрмыс шеккен адам. Түбінде мақсатына жеткен адам! Жолына әдебиет үлгі беріп – Білім, қайрат әдісін еткен адам!»

Сосын автор: «Арабияда Ғабдол Мәлік патша Бағдатта болып, 21 жыл үкім жүргізіп, 86 жасында Шамда офат болды. Балалары Уәлит, Сулиман, Хишам т.б. кезінде халифа болды» - деп анықтау жазған. 1929 жыл 30 июнь.

Қазір Алматының тұрғыны, университеттің филология факультетінде араб тілінде оқытушы болып істейтін Тоқманбаев Жеңісбек бұрын Бағ­ датта, Шамда бірнеше жыл болғанда Шам қаласында қазақтар әлі бар екенін айтты. Бірақ олар өздерінің қазақ екенін білгенімен, араб тілінде сөйлейтін көрінеді. Шам қаласындағы полиция органының бастығы қазақ көрінеді. Асылбек кердеріден тараған ұрпақтардың тұқымы болып шығуы мүмкін!?

Мұстафа ЫСМАҒҰЛОВ

30 март 1984 ж.

Инд. 480051

Город Алма-ата, 51

Заводская улица, дом №21

Исмагулову Мустафа Шамбиловичу