«Қазағым» деп жар салған «Қазақстан», «Елім» деп ұрандаған «Ұран» газеттері хақында

Облыстық газеттердің 95 жылдығына арналып дайындалған «Қос газеттің тарихы» кітабының алғысөзінде «Бүгінде жан-жаққа сұрау салып «Ұран» газетін іздестірудеміз» деп жар салған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Набиоллаұлының сөзі жадымда сақталып қалғаны соншалық, Жәңгір хан реформаларымен қатар Бөкей ордасы тарихын зерттеу кезінде үнемі зер салып келдім. Сөйтіп, жылқы жылы да тулап келіп қалыпты. Әрине, жаңа жылда жаңа жоспар түзеу заңдылық. Ол үшін Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасының ұжымы дайындаған көмекші жолсерігін қолға алдық. Сөйтсек, 2014 жылдың 7 қарашасында Қазақстан тарихымен қатар өлке тарихын зертеуге зор еңбегі сіңген Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері Мұстафа Ысмағұлов 100 жасқа толады екен. Ғұлама ақын жерлесіміз Қадыр Мырза Әлидің өлеңіндегі «Елім, жерім үшін несіне аянайын!» сөзін тақырыпқа алып, дөңгелек үстелге дайындық жұмысын өткен жылы бастап кеткенбіз. Нәтижесінде «Ұран» газетінің фотокөшірмелері мен Жәнібек ауданының «Коммунист» газетінде 1957 жылдың 16 тамыз күні жарық көрген «Біздің аудандағы алғашқы газет» атты мақала қолымызға тиді. Авторы Ибрагим Мулякаев аудандық типографияның қарт әріп терушісі екен. Ол мақалада былай баяндаған:

 

«Ұлы революцияның қарсаңында Ордада «Ұран» газеті шыға бастады. Бұл газеттің ерекшелігі – редакция мемлекет тарапынан каржыландырылмайтын еді, редактордың өзі көпшілік арасында газет таратып, одан түскен қаржыны редакция мен баспахана қызметкерле­ рінің еңбек ақысына төлеп отыратыны әлі есімде.

 

«Ұран» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды. 1918 жылы Астрахан­ нан бір типография мен 15 әріп теруші келуіне байланысты бұрынғы «Ұран» газетінің орнына қазақ тілінде «Хабар», «Дұрыстық жолы» газеттері және айына бір рет «Мұғалім» журналы шығарылып тұрды.

 

1920 жылы бұл газет-журналдардың орнына «Қызыл дала» қазақ тілінде, «Степной набат» газеті орыс тілінде шығарылып тұрды. 1923 жылы бұл газеттер біріктіріліп, «Сәуле» газеті қазақ тілінде шығарылды. 1924 жылы бұл газет аты «Еңбек» деп өзгертілді. Мұнан кейін 1925 жылдан бастап «Кедей туы» деген атпен шыға бастады. Ол жарты жыл жұмыс істегеннен кейін, оның қызметкерлері мен баспахана құралы Оралдағы «Қызыл ту» редакциясына беріліп, Ордада газет шығару тоқталды. Мен «Қызыл ту» газетінде әріп теруші болып істедім».

 

Осы аталмыш алғашқы газеттердің рухани әрі нақты қозғаушы күші

 

  • ғасырдың басындағы ұлттық-демократиялық ағымдағы қазақ зия­

 

лылары­ екені белгілі. Тарих деректері Жәңгір хан мектебінің (1841 ж.) түлектері өлкеміздің және Қазақстанның белді қайраткерлеріне ай­ налып, Ресей мемлекеттік Думасының депутаты, Алаш қозғалысы мен Алаш Орда автономиясының беделді мүшелері, ағартушы және ғалым болғанын айғақтайды. Әрине, бөкейлік Ғ.Қараш, Е.Бұйрин, Ш.Бөкеев, Ғ.Мұсағалиев және Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Б.Қаратаев сынды қазақ оқығандары «Қазақстан» газетін шығаруға мұрындық болуы заңдылық. «Қазақстан» газетін шығару арқылы сол замандағы патша билігі мен қоғамға «Қазақстан» сөзін мойындатып, 1925 жылы еліміздің төл атауы биігіне дейін көтерген олардың ерлігі – бір бөлек әңгіме. Қазақтың рухы осылай шыңдалған!

 

«1905-1907 жылғы орыс төңкерісінен кейін қазақ зиялылары халық, заман хақындағы ойларын елге тарататын баспасөз қажеттігін жақсы түсінеді. Сөйтіп, алдымен Ордада, содан соң Орал (Теке) қаласында «Қазақстан» газетін шығарған зиялылар газет бетінде елдің әлеуметтік мәселелерін көтерген мақалалар мен өлеңдер, орыс әдебиетінен аудармалар жариялайды». («Қос газеттің тарихы» мерейтойлық жинақ. 70-бет. Орал, 2013.)

Тұтас елімізге ортақ баспасөз бұлақ көзі – «Қазақстан» газеті әртүрлі себептерге, әсіресе, қаражат тапшылығы салдарынан бірнеше рет жұмысын тоқтатқанымен, оның қозғаушы күші – зиялы топ өз іс-әрекетін тоқтатқан емес. Сөйтіп, өзінің заңды мұрагері – «Ұран» газетіне эстафетаны олар 1917 жылы табыс етті. Әзірше, біздің қолымызда 1917 жылдың наурыз айында шыққан «Ұран» газеті бар. Бұл жәдігер «Кезінде Е.Бұйрин мен бір топ ұлт зиялылары негізін қалаған «Қазақстан» газеті баспаханасы 1917 жылы Ғ.Мұсағалиев ұйымдастырған «Ұран» газетінің шығуына мүмкіндік берді. 1918 жылы Ордадағы осы баспаханадан тұңғыш кеңестік «Хабар» (орысшасы «Известия»), «Киргизская правда», қазақша «Қазақ дұрыстығы» газеттері жарыққа шыға бастады» деген «Қос газеттің тарихы» мерейтойлық жинағының 73-бетіндегі мәліметті растай түсті.

 

Сайып келгенде, жоғары аталмыш деректер сабақтастасып, логикаға сай бір қатарға дәл тізіле қалғаны анық, яғни «Қазақстан» газетінің мұрагері «Ұран» газеті болғанын көріп тұрмыз. Осындай тұжырымдама жасауға қандай негіз бар деген сауалға жауап әзір. Себебі қайсыбір іс өзегі рух пен ой-өріске тәуелді, оған қоса міндетті түрде жігер болу қажет. Екіншіден, ел қамын жеген газет шығару үшін алғышарт – баспахана қажет болса, оның қозғаушы және демеуші күші – ұлтжанды мінез болса керек. Осындай асылдарымыз, олардың ішінде Ғ.Қараш, Е.Бұйрин, Ш.Бөкеев, Ғ.Мұсағалиев, Б.Қаратаев сынды қазақтың көсемдері «Қазақстан» газетінен бастап «Ұран», кейін «Хабар» (орысшасы «Известия»), «Қазақ дұрыстығы» («Киргизская правда») газеттерін шығарғаны, шығармашылық жарқын тобы болғаны-ғылыми тұрғыдан дәлелденген факт. Үшінші шарт – баспаханаға жан бітіру үшін заманауи техника тілін меңгерген маман қажет. Өздеріңіз көріп тұрғандай, «Қазақстан» газетінің жүйесі өзінің даму жолында бірнеше рет түлеп, 1925 жылы Орал қаласындағы мұрагері – «Қызыл ту» редакциясына берілген. Яғни, оның қызметкерлерімен қатар баспаха құралдары да табысталғанын көріп отырмыз. Тағы бір ескерер нәрсе – осы кезден бастап Ордада газет шығару тоқталды. Олай болса, Батыс Қазақстан облысының «Орал өңірі» мен «Приуралье» қос газеттері «Қазақстан» газетінің заңды мұрагері деуге толық негіз бар.

 

Сайып келгенде, «Қос газеттің тарихы» атты мерейтойлық жинақта­ ғы «Приуралье» газетінің бас редакторы, саясаттанушы Роза Сиықова­ ның алғысөзінде: «Таким образом, «Орал өңірі» и «Приуралье» по сути являются преемниками газеты «Казахстан» - первой газеты в истории Западного Казахстана» деген тұжырымдамасымен келісеміз. Әрине, тек Батыс Қазақстан аймағы емес, біртұтас Қазақстан бойынша алғашқы басылымдардың бірінен саналатын «Қазақстан» газеті облысымыздың қос газетінің де кіндігі деуге ңақты негіз бар екені сөзсіз. Қорыта айтқанда, қос басылым тарихын бұдан әрі жылжытып, 1911 жылдан бастаумыз керек.

Құрметті оқырман! Осы тұжырымдаманы дәлелдеуге жетіспей тұрған деректерді өлкетанушы, Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, аяулы жерлесіміз Мұстафа Ысмағұловтың қорынан тауып, Сізбен бөлісіп отырмын. Осы жерде айтарым – тарих өзегі өлкетануда болса, оның гаухар тастай жарқыраған қыр-сырын көрсете білетін тұлға өлкетанушы екені даусыз. Сондықтан елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен жерлесіміз Мұстафа Ысмағұловтың рухына тағзым етейік.

 

Нұржан ТӨЛЕПОВ,

 

Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық

 

музей меңгерушісі

 

Тип материала: 
Газет туралы