Қаламы серік қайраткер

Нұғыман Сәрсенұлы Манаев – (1894-1938) өткен ғасыр басындағы өз кезеңіне сай оқыған-тоқығаны мол, сол білігі мен білімін туған халқының келешегіне арнаған санаулы қандасымыздың бірі. Бір қарағанда, Нұғыман Сәрсенұлын қырықтан сәл асқан қысқа ғұмырының ең саналы шақтарын жаңа қоғамның мемлекеттік құрылымы, оны басқару, халық ағарту ісіне арнаған бірегей жан деп танысақ та, журналистік қызметті өмір бойы жүрегіне жақын тұтқанын да жасыра алмас едік. Алдында Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамбетов сияқты заманының заңғарлары өскен өңірде дүниеге келген Нұғыманның журналистік қызметі «Ғалия» медресесінде басталды. Егер «Садақ» журналы турасында біраз тер төгіп, талай-талай тігінділер ақтарған­ талғампаз ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев, болмаса Башқұртстанның белгілі сөз сүлейі, Нұғыманның медреседегі парталас досы Саифи Құдаштың айтқандарына шек келтірмесек, сол «Ғалияда», сол жылдарда жарық көрген «Садақ» қолжазба журналын шығаруда қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннен де бұрын Нұғыман есімі аталатынын жұртшылықтың бірі білсе, бірі білмеуі де ықтимал. Бұл – құдайы шындық, біз бұл арада Бейімбет сынды біртуар қаламгерге журналистік қызметті қимай отырған ештеңеміз жоқ, қайта бүгінгі ойлы оқырман қолына шындықтың шынайы қыл шылбырын ұстатып кету ниеті ғана.

Әлхисса, Нұғыман Сәрсенұлы журналистикаға қалай келді? Оның еш құпиясы жоқ. Бірақ дәл осы сұраққа жауап берер алдында мына бір жайды да еске ала кетейік. Тегінде Нұғыман Манаев маңында, ол туған өңірде өнер мен әдебиетке деген ерекше дегдар қылық, ғажайып сүйіспеншілік бар. Оны әлгіндегі Мақаш сынды ғұламаның, осы арада көп болған атақты Нұрым мен Қашаған немесе рулас Қадырбай ақындар әсері, әлде Нұғыманның өз басындағы, болмаса қанындағы құштарлықтан дейміз бе, әйтеуір, әдебиетке деген бір жақындық бары рас. Оған туған нағашысы, күні кеше тоқсаннан асып дүние салған республиканың халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевты, болмаса күйеу баласы, қазақ жазба әдебиетінің ізашары «Мақтым» хикаятының авторы Салахиден Сарталиевтерді дәлел етсек те болар.

Қош, сөйткен Сәрсенұлы 1907 жылы Үшшеркештегі Шүкірәлі мешіті жанындағы медреседе қыс бойы жергілікті балалардың тілін сындырған ұстазы Зәки Батыраш әбзи жаз шыға Уфасына аттанғанда ілесе кетті. Мақсаты ел кезіп, жер тану емес, білім алып, көзін ашу болатын. Бірақ онда да «Бөкейден келген бөлек тұлға екенсің, қабылдандың» деп Нұғыманға есігін ашып, құшақ жайған Уфаның оқу орны жоқ, есесіне ең әуелі жұмысқа орналасу, білігін тереңдету міндеті тұрды. Сондағы тапқаны бақытына қарай «Шығыс»(«Шарқ») баспасы. Мұнда әуелі әріп теруші, кейін корректор болды. Бірақ аталмыш баспа ауылдан келген, әлі де қала өмірінің ұңғыл-шұңғылы мен еуропалық мәдениеттің нәзік сабақтарын бойына сіңіре қоймаған, сауаттылығы мен біліктілігі төмен жас баланың тез есейіп, азамат атануына көп әсер етті. Мүмкін соның септігі ме, аталмыш баспада өткен бес жыл Нұғыманды тез толыстырып, тіпті оның болашақ баспагер, журналистік қадамының қалыптасуына да игі ықпал жасады.

Байқасаңыз, Нұғыман Сәрсенұлының бүкіл ғұмырында журналистік қызмет үзілмей жалғасып отырады. Ал оның бастауы – осы «Шығыс» баспасы. Соған сай біраз уақыт қаламгерлік, баспа қызметінің дәм-тұзын татқан Нұғыман 1912 жылы «Ғалия» медресесінің табалдырығын аттай сала «Қолжазба болса да жұрт оқитын журнал шығарайық» деген белсенділік танытты. Бұл әбден заңды еді. Оған қоса Нұғыман осы кезде сол шақтағы ең бір беделді журнал «Айқаптың» да белсенді авторларының бірі болатын. «Қазақ» газетіне де жиі қалам тартты. Жазғы демалысында өзінің еңбек жолын бастаған «Шығыс» баспа­сын-да­ жұмыс істеп те жүрді.

Аталған жылдарда Нұғыман есімін оқырманға қаламгер ретінде танытқан әдеби дүниесі – 1915 жылы «Айқап» (№6) журналында жарияланған «Аяқталмаған романнан үзінді» деп аталатын шығармасы. Онда қазақ қыздарының аянышты тағдыры, оларды малға сатудан құтқару, оқыту, өмір танымын арттыру жайлы айтылады.

Нұғыман Сәрсенұлы аталған медресені бітірген соң да (1916 ж.) газеттен қол үзген жоқ. Сол баяғы «Қазақ» газетінде мақалалары жарияланып тұрды. 1917 жылдың көктемінде Ордада бөкейлік қа­ зақтардың губерниялық съезі шақырылғанда Екінші теңіз жағалауы округінен делегат болып қатысқан Нұғыман съезд шешіміне сай жарық көрген «Ұран» газетіне редактордың орынбасары болып тағайындал­­ ды. Бұл жерлесіміздің заманына сай білік-түсінігінің қалыптасқан, өмір тәжірибесі толысқан тұсы еді. Осыған сәйкес «Ұран» алғашқы саны­ нанақ Ресей топырағында бас көтеріп, жұртшылық арасында етек алған­ жаңа көзқарасты батыл жаза бастады.

Н.Манаев аталған газетте белсенділікпен жұмыс істеді және оның мұнда бесаспап маман атануына тура келді, әріп теруші, корректор, оған қоса редакторлық қызмет те атқарды. Дегенмен қарамай исі аңқыған қараңғы сыз бөлмедегі ауыр жұмыс оның ұзақ еңбектенуіне мүмкіндік бермеді. Аурулық себепті аталған қызметпен уақытша болса да қоштасты.

Астрахан ауруханасы. Өзі бастаған «Талап» мектебіндегі ұстаздық қызмет. Уездік атқару комитеті мен губпарткомдағы жұмыстарды атқара жүріп тағы да Ордадағы «Кедей туы» газетінде редакторлық қызметті қоса жүргізді. Осы тұста аталмыш газетте елдегі сауатсыздықты жою, отырықшылық, еуропалық мәдениеттің дамуына ерекше назар аударылды. Бұл 1923 жылдардағы жағдай еді.

Міне, осы кезден бастап Нұғыман Сәрсенұлы өмірінде жаңа кезең, яғни қоғамдағы ыстық-суықты көрген, тәжірибесі мол жан ретінде мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілу сатысы басталады. Бірақ ол осындай жауапты қызметтерде жүрсе де, өзіне жастайынан серік еткен газет жұмысы – журналистикадан қол үзген жоқ. «Советская степь», «Тілші», «Еңбекші қазақ» газеттерінде кезеңдегі өмірлік маңызды мәселелерді әркез алға ұстап, кесімді пікірлер айтты, жалтақсыз жайып салды. Солардың ішінде ел тұрмысын жақсарту, экономикалық проблемаларды шешу ісі де бар еді.

 

Нұғыман Манаевтың 1926 жылы 19, 20, 21 қазандағы «Еңбекші қазақ­» газетінде жарық көрген «Жетісу шаруашылығын көтеру туралы ойлар» деп аталатын түзілімі кезінде автордың халық шаруашылығын жетік­ білетін және заман ағымына сай терең ойлай алатын мемлекет қай­рат­ кері екенін танытты. Аталған мақалада мал шаруашылығын жер жағ­ дайы және жергілікті өнеркәсіпті ескере отырып, бір-бірімен ұштас­тыра жүргізу, әсіресе, өнеркәсіпті тез, қарқынды дамыту мәселесі қозғалды­.

Егер осылардың өзін тереңірек саралай түссек, Жетісу арқылы күншығысқа темір жол табанын тарту, жергілікті ұлт өкілдерінен шойын жол мамандарын даярлау, Мерке мен Бішкекте ет комбинаттарын тұрғызу жөніндегі ойларын атауға болар еді. Сайып келгенде, бұл ұсыныстар сол кезде соқасы мен күрегі, сойылы мен құрығынан басқа ештеңесі жоқ қазақ ауылына өндіріс әкелу және оларды бірінші кезекте жүргізу үшін аса қажетті ұсыныстар болатын.

Нұғыман Сәрсенұлы кезінде осындай ойларын жұртшылықтың назарына ұсына отырып, олардың іс жүзінде орындалуына мұрындық болды. Түркістан-Сібір теміржолының Жетісу жері арқылы өтетін мыңдаған шақырымдық бөлігі құрылысының жобасына байланысты ұсыныстары түгелге жуық қабылданып, соған орай өміршең іс-шаралар белгіленді. Бұл, бір жағынан, Нұғыманның Жетісу губкомы жетекшілері­ нің бірі ретіндегі өз үлесіне де байланысты еді.

Н.Манаев 1928 жылы Ақтөбе губерниялық партия комитетін бас­ қарып, арада бір жыл өткенде республика халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Қайда жүрсе де қолынан қаламы түспеген асыл ағаның осы кезде (1929 ж.) «Еңбекші қазақ» газетінде «Оқу жұмысының бесжылдық жоспары» деп аталатын мақаласы жарық көреді. Ол өз кезеңінің бағдарламалық жүгін көтерген өте мәнді ғылыми талдамалық мақала еді. Мәселен, «Біз халық ағарту майданында революция жүргізгелі отырмыз. Мұның өзі шаруашылық майданындағы адамдарды да қайтадан баулу, қалыңқы адамдарға жалпы білім беріп қана қою емес, оларға белгілі мамандық беру, сонымен бірге тұрмысқа да жаңалық енгізу, сол адамдардың қызмет әдістеріне де, жұмыс істейтін шаруашылықтарына да әлеуметтік негізге бағытталған жаңалық енгізу деген ұғым... Түйіп айтқанда, мәдениет революциясын шаруашылық саласы, тұрмыс жүйесіндегі мәдени мақсаттарымызбен тығыз байланыстыра жүргізуіміз­ керек» деген жолдары жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі.

Алтын уақыт қашан да адуын теңіздің ақшулан толқындары сынды кейде үн-түнсіз сұлқ түсіп, майда ағыстарымен бей-жай күй кешсе, енді бірде екпінді дауыл күшімен қайтадан қаһарлы мінез танытып, күркірей жарға ұрады. Сол кезде ол алдындағысын аспанға атып, не теңіз түбіне батырып, тұншықтыра түседі. Теңіз түбіндегі шөгінділерді қайта қозғап, қалқытады, жағаға шығарады.

Қазақстанның қайта оянып, тәуелсіздік алуы бойындағы бар күш-жігері, білігі, ұйымдастыру қабілетін туған халқына арнаған Нұғыман Манаев сынды алып тұлғалардың да ауызға алынып, атала бастауына негіз қалады. Бұл істің басында Әбу сынды әулие қариямыз тұрса, оны қостаған Зейнолла Серікқалиев сияқты белгілі сыншы, ғылым докторлары Рабиға Сыздықова, Қадыржан Сейталиев, ауылдағы ардагер ұстаз Сара Алпысова, жазушы Сатыбалды Дауымовтар болды. Олар қоғам қайраткерлерінің сандаған қырларын ашып, халқына жеткізді. Ал біз болсақ, оның жеке журналистік қыры мен әдеби аудармашылығы туралы ғана әңгіме қозғап отырмыз. Қазір біздің қолымызда Нұғыман Сәрсенұлының 1915-35 жылдар аралығында жазған, түрлі газет-журналдарда жарық көрген 25-ке тарта әдеби-публицистикалық еңбегі бар. Олардың кейбірі – «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Он алтыншы жыл туралы естелік» (1926), «Қалай аудару керек?» (1934), «Жаңа мектеп» журналындағы «Ағарту жұмысымыз жөнінен бірнеше сөз» (1929), «Мәдени жұмысымыздағы шабандық» (1929), «Кешегі екпін бүгінге жарамайды» (1930) мақалалары.

Ал «Айқап» журналындағы және «Ұран», «Кедей туы» газеттерінде жарияланған романнан үзінділері мен әңгіме, мақалаларының кейбірі болмаса, негізінен, көзге түспей, жылы жабулы күйінде жатыр. Керек десеңіз, соңғы екі газет тігіндісі біздің республика қорында жоқ. Ендеше, биікте самғап, биікте қалған ағаның журналистика мен әдебиеттегі қолтаңбасын қолмен қойып, жүрекпен бағамдау – болашақтың ісі.

Ал аудармасы жайлы әңгімелегенде ол 1931 жылдың күзінен бас­ тап, бірыңғай ғылыми аударма ісімен айналысып, марксизм-ленинизм классиктері еңбектерін зерттейтін ғылыми институтта аудармашылар тобына жетекшілік етеді. Соның дәлелі ретінде оның В.И.Лениннің республикамызда алғаш аударылып, басылған алты томдық еңбегіне жетекшілік еткені және өзі де сол еңбекті аударушылардың бірі бол­ғаны, өзінің көпшілікке арналған «Ленинизм әліппесі» атты оқулық кітабы бар екенін білеміз. Оған қоса Нұғыман көркем аударма саласында Л.Собо­левтің «Кішкене Төлегеннің бақыты» хикаясы мен Ф.Березевскийдің «Дегеніміз болмады» романын аударды.

Алдымен «Төлегеннің бақыты» туралы бірер сөз. Аталған шығармада жаңа кезеңдегі Қазақстанның табиғи байлығы – Алтай қорғасынының игерілуі мен оны халық шаруашылығы пайдасына асыру жайлы айта келіп, ел болашағы, Төлеген сынды жас нәрестелердің болашағы мен бақыты да осындай табиғи байлықтарда жатыр, ертең аталған байлықты солар игереді емес пе деген ой тасталынады.

Ал романда қазақ ауылының қарапайым қариясы Мұсаның Қазан төңкерісінен кейінгі болмыс-бітімі, тірлікті қабылдауы мен оған деген өзінің бағасы арқылы ғасырлар бойы бұйығы жатқан қазақ даласының оянуы әңгіме болады.

Екі аударма да оқуға жеңіл, өз оқушысын тартып, жетелеп отырады. Бұлардан басқа «Жастар арасында», «Азамат» пьесалары мен Шәңгерейдің ақындығы, «Қалың мал» романы, қазақтың қара өлеңі туралы зерттеулері, қазірде тілші ғалымдардың ерекше ықыласын аударып отырған «Тіл жайында» атты кітабы да бар. Олардың қай-қайсысы да кезінде жарияланып, баспа бетін көрген. Болашақта бастары қосылып, қайтадан жеке жинақ болып шығу ниетінде.

Міне, біз бүгінде қайраткер Нұғыман Сәрсенұлы Манаевтың қос қыры – журналистік және әдеби аудармашылық қызметі турасында осындай аз-мұз мәліметтер ғана келтірер едік. Бірақ оны терең зерттеп, халқы алдындағы игілікті ісін жұртшылыққа таныту – келешектің ісі.

 

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі, Атырау қаласы

 

 

Қайраткер, ағартушы - Нұғыман Манаев

Нұғыман Манаев – қатардағы ауыл мұғалімінен халық ағарту комисса­­риатының комиссары дәрежесіне­ дейін көтерілген азамат. Оның әкесі Сәрсен қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жамбай ауылында (орысша Никольск селосы аталған) орыс байларының малын баққан қарапайым шаруа адамы болған екен. Сәрсен Манаевтың өз ісінің білгірі, ұқыпты, жауапкершілігі мол, орыс көпестерінің ортасында да беделге ие болған адам екендігін айғақтайтын деректер де бар [1]. Нұғыманның орыс тілді ортада өсіп-жетілуі орыс тілін еркін меңгеруіне бірден-бір себеп болған.

Зерттеу барысында мұрағат құжат­ тары мен ғылыми-педагогикалық ең­ бектерге сүйене отырып, біз Н.Манаев­ тың өмірі мен шығармашылығын, қо­ ғамдық-ағартушылық қызметін шарт­ты түрде үш кезеңге бөліп қарастырып отырмыз: 1-кезең – Н.Манаев­ тың ұстаз-ағартушы ретінде дүниетаным негізінің қалыптасуы, Ғалия медресесін аяқтауы (1912-1916 ж.); 2-кезең – қатардағы мұ­ ғалімдік қызметтен мемлекет қайраткері, Республика Халық ағарту комиссариатының төрағасы міндетін атқарушы (1917-1931 ж.); 3-кезең – Н.Манаевтың ғалым ретінде қалыптасып, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен айналысуы (1931-1938 ж.).

1912-1916 жылдар аралығында Нұғыман Манаев «Ғалия» медресесінде оқыды. Бұл медреседен қазақ халқының көптеген зиялы азаматы білім алып шыққан. Шын мәнінде, «Ғалия» медресесі түркі тілдес халықтың бәріне ортақ, прогресшіл бағыттағы жоғары оқу орны, халық азаттығын аңсап, оның сана-сезімдерін оятуға ұмтылған ақыл-ой орталығы болды.

«Ғалия» медресесінде оқыған Нұғыман қазақ ағартушыларының бірі Сәлімгерей Жантөрин, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов, башқұрттың белгілі ағартушылары Мәжит Гафури, Зия Камали т.б. белгілі ұстаздарының алдында шәкірт болып, дәріс алды. Кейіннен қазақтың белгілі ақын-жазушысы атанған азаматтармен қатар оқып, дос болды. Мәселен, Бейімбет Майлинмен қатар оқыса, өзінен екі жыл бұрын оқыған Мағжан Жұмабаевпен де жете таныс болды. Медресенің қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Башқұрттың атақты жазушысы Сайфи Құдашпен, Шахзада Бабачпен бірге оқығанын Нұғыман әруақытта мақтан еткен.

Башқұрт әдебиетінің классигі Сайфи Құдаш 1964 жылы Мәскеуден шыққан «Ұмытылмас сәттер» деп аталатын кітабында Уфада Нұғыман Манаевтың өзімен бірге оқыған сәттерін еске ала отырып, оның азаматтық ер қасиетін, дарын иесі екендігін ерекше бағалаған. Аталған оқу орнында Нұғыман Манаевтың пікірімен бірге оқыған тұстастары ғана емес, сонымен бірге Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сынды ұстаздары да санасқандығын ерекше атап өтеді.

«Ғалия» медресінде оқыған жылдары Нұғыман Манаевтың әдебиетке, педагогикаға, өнерге, журналистикаға өзіндік көзқарасы қалыптасып, жаңа бір шығармашылық қырынан көріне бастады. Ол Бейімбет Майлинмен «Садақ» деп аталатын қолжазба-журналын ұйымдастыруға мұрындық болып, редакция алқасында бірқатар жұмыс атқарды.

Осы арада сәл шегініс жасап, талай қазақ зиялыларының да бағын ашқан «Ғалия» медресесінің тарихына көз жіберсек: 1906 жылы күзде Мәхалла мешітінің төле (подвал) қабатындағы қабылдау емтихандарынан соң, медресенің алғашқы дәрісі өткізілді. Бұл – қарашаның 10-ы күні, сондықтан «Ғалияның» ресми ашылған уақыты осы кезден бас-талады. Кейін уфалық миллионерлер Сәлімгерей Жантөрин, Сәдретдин Хазиров, Сабыржан Шамгуловтардың қаржылай көмегімен Уфа көшесі­ нің бойынан екі қабатты медресе үйі салынды. «Медресенің бастауында тұрған, әрі егделеу жасына қарамастан алғашқылардың бірі болып оның оқуханасында­ дәріс тыңдаған Зариф молла көктемнің көк салпағында іргетасы құйылған­ шұңқырға түсіп, медресенің алғашқы кірпішін өз қолымен қалады» депті медресенің қысқаша тарихын түзген бұрынғы шәкірт Магдан Магади. Медресе ашылысымен оның төңірегінен қазақтың талапкер жігіттерінің табылуын, діндес-қандас жұрттың оларды жарқын жүз, түзу қабақпен қарсы алуын ойлаған түркі жұртында санаулы миллионер байдың бірі – меценат, әрі Ресей Императорлық жағрафия қоғамының толық мүшесі Сәлімгерей Жантөрин. Әрине, ел – біреу, ұлыс – ортақ. Десек те, қазақтар Жантөрин арқылы-ақ «Ғалияға» еркін кіріп-шығып жүрген [2].

Қазақ жігіттерінің «Ғалия» медресесіне оқуына бірнеше жол болған. Біріншісі – Орынбордағы «Хусайния», Троицкідегі «Расулия», «Уәзифа» сияқты медреселерді менсінбеген қалталылардың ұлдары. Екіншіден, қазақтың озық ойлы адамдары зерек, талабы бар балаларды іріктеп оқытқан, оларға қаржылай демеуші де бола білген. Үшіншіден – ұшайын десе тұсаулы, ұшпайын десе қанаты бар отты да, қара қалтай қазақ балаларының өзінше тырбанып еңбектенуі. Білім алуға талпынған жастардың осы үшінші тобында Нұғыман Манаев болған. Астрахандағы Шүгірәлі мешітіндегі медресені бітірісімен ол он екі жасында өзінің ұстазы болған уфалық мұғалім Зәки Батырашқа еріп, Дағыстандағы Бәйнек қаласында оқиды. Одан соң Уфадағы «Шарқ» баспаханасында қаріп жиюшы болып жүріп, 18 жасында «Ғалияға» түседі [3].

Медресеге орта сыныптық «Рушдиядан» өткендер сынақ тапсыру арқылы қабылданған. Төменгі басқыш «ибтидайда» 3 жыл, орта «рушдияда» 3 жыл, жоғары «Ғалияда» 6 жыл – барлығы 12 жыл оқыту мәдениеті ілгері елдерде сыннан өткен әдіс болып табылған. Озық келгендері сәтін салса, білімін шет елдерде тәмамдаған. Он жеті-жиырма жыл сүрелеп оқытатын Бұқара жолынан бұл әдіс білім сапасымен де оқшау еді. Медреседе қирағаттап Құран оқу, тәжірлеп мағынасын айтудан басқа «қаламға» жататын пәннен – Хадис, усули хадис (хадисті зерделеу әдісі), фикх (мұсылман заң жүйесі), сиярат-нәби (Мұхаммед пайғамбардың өмірі), Фәраиз (мирас бөлу ережесі), араб тілі (морфология, синтаксис, әдебиет, ділмар сөз, грамматика), дүниәуи пән жадығатынан – түркі тілдері (морфология, синтаксис, әдебиет, грамматика, сөз өнері), орыс тілі (грамматика), жалпы тарих (ежелгі, орта ғасыр, жаңа тарих), түркі тарихы, жағрафия, арифметика (төрт амал, бөлшек, пропорция, пайыз), алгебра (толық курсы), геометрия (планиметрия, стереометрия), тригонометрия, психология, педагогика, дидактика, әдістеме, химия (органикалық, бейорганикалық), физика, жаратылыстану ғылымдары– адам физиологиясы және дене тәрбиесі пәндері жүргізілген. Дін ғылымдары өмірге байланысты қисындап ойлау, әңгімелесу түрінде оқытылады. Түркі тілдерінде қирағат (оқулық) болмауы себепті араб, түрік, орыс тілдеріндегі көмекші құралдар пайдаланылған. Осы жолмен жүрген әр шәкірт түрік тілін жақсы меңгеріп, өзбекше, қазақша, түрікменше, башқұртша, ұйғырша, орысша еркін ұғыныса білген.

«Ғалияның» тарихында 108 шәкіртке медресе бітіргендігі туралы куәлік берілсе, Уфадағы Діни мүфтилік қазилары алдында емтиханнан сүрінбей өткен екі жүз шәкірт мүдарис (медресе мұғалімі), 12 түлек хатиб һәм мұғалім дәрежесін алған. «Ғалия» шежіресінде медресені 1906-1916 жыл аралығында 950 шәкірт бітіріп шыққандығы туралы дерек бар. Ал соның 200-ден сәл астамы мүфтилік қазилары алдында топ жарып келгенін, 100-ден артық шәкірт куәлікке ие болғанын ескерсек, қалған 600 шамасындағы шәкірт толық емес білім куәлігімен қанағаттанғанын білуге болады. «Ғалиядағы» қазақ-татар қарым-қатынасын өте жақсы жағдайда болды десек, онымыз артық айтқандық болады. Бұл «Ғалия» медресесінің ішкі қазақ-татар байланысы Тұрсынбек Кәкішевтің «Садақ» кітабында айтылып, ол, негізінен, тіл мәселесі турасында тұтанғаны [2].

«Ғалияда» оқып жүрген талай қазақ жігіттерінің бағы жанған. Мәселен, Ахмет Мәметовтің «Кеңес», «Әбрет» деген өлең жинақтары жарияланса­, 1913 жылы оқуға түскен Нұғыман Манаевтың араға үш жыл түспей, «Иман-Ислам» атты күрделі еңбегінің жарық көруі үлкен жаңалық болды. Ең алғаш Жиенғали Тілепбергеновтің реалистік әңгімелері ме­ дреседе­ қазақ шәкірттері шығаратын «Садақ» журналында жарық көрді. Жас қаламгер Майлин Бейімбеттің «алаулы жүрегінен құйылған алғаш­ қы лирикалық дастан» (Әбу Сәрсенбаев) – «Шұғаның белгісі» повесі «Ғалия» қабырғасында жарық көрді. Мағжан Жұмабаев, Біләл Сүлеев, Зейнел Иманжанов, Мейірман Ермекташев, Әбдірахман Мұстафин, Әубәкір Жәнібеков, Мұхамбетқали, Ғабдолла Оразаевтар, қырғыз азаматтары Иманғали Арабаев, Исхақ Қанағатов, башқұрттар Мәжит Ғафури, Шахизада Бабич, Сәйфи Құдаш, татар Ғалымжан Ибрагимов – бұл «Ғалия» түлектерінің кейбіреулері ғана. 1906-1916 жылдар ара­ лығында медресені бітірген мыңға тарта түлектің жеті жүздейі татар-башқұрт еді. Қалған үш жүзі Ресейдегі жиырма миллион мұсылманның ішіндегі қалың қазақтың қаракөзі немесе өзіміз сияқты бие байлап, қымыз жиып отырған башқұрт ағайынның баласы.

Жалпы «Ғалияның» қадірін қазақта жете түсінген де, жеріне жеткізіп айтып та кеткен кісі – Міржақып. Ол «Медресе «Ғалия» ноғайдікі болса да қазаққа бөтендігі жоқ. Он жылдан бері қанша қазақ баласы кірсе де, есігі ашық болған, мұнан кейін де, иншалла, жатырқайтын емес. Сондықтан пайдасына ортақ болып отырып, шығынына жоламауымыз зор кемшілік, үлкен ұят, көзі ашық азаматтар! Хайыр ихсаны кесілмеген байлар! Мынау медресе «Ғалияға» хал-қадерінше жәрдем ету – біздерге зор борыш» деп жазған.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезі қазақ халқы үшін тарихи оқиғаға толы қоғамдағы үлкен тарихи жағдайлар күрделі бетбұрыстарға жол ашты. Ол қалың бұқара сана-сезімінің ояна бастауы, елде оқыған сауатты, зиялы қауымның толысуымен ерекшеленіп, оқу-білімге жаңа көзқарастарды қалыптастырып, жаңа ғылыми негізде педагогикалық өзгерістерді жинақтауға мүмкіндік берді.

Н.Манаевтың қоғамдық-саяси ой-пікірінің қалыптасып дамуының мәні, дүние сырын түсінуі «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінен басталады. Өйткені бұл оқу орны әрбір шәкіртке діни қағиданы тү­ сіндірумен қатар, дүние болмысын ұғыну мақсатында саналы да сапалы білім беріп, олардың қоғамдық пікірінің қалыптасуына ықпал етті. Оған қоса медреседегі шәкірттік орта да осал болмаған. Қазақ әдебиетінде өзіндік із қалдырған ағартушы, қоғам қайраткерлері Мағжан Жұмабаев пен Бейімбет Майлин сынды тұлғалармен қатар жүріп, дәріс алуы да өзіндік үлесін қосқан. Белгілі дәрежеде көңілдері ояу жандардың жақсы орта қалыптастырды.

Нұғыман Манаевтың ұлттық қадір-қасиетті ұғынуына себеп болған тағы бір жағдай татар-башқұрт халқының зиялы қауым өкілдерінің де ықпалы тиген. Өйткені Н.Манаев олардың әдебиет пен мәдениетін зерделей жүріп, қазақ әдебиетінің қоры мен мазмұны да ешкімнен кем еместігін түсініп, төл рухани мұраның қадірін білді. Болашақта халыққа қызмет етудің жолы – томаға-тұйыққа түспей, өзге ұлттан да үйрене жүріп, өз халқының рухани қазынасын қастерлеуді мұрат тұтты.

Медресе жанында қазақ шәкірттерінің басын қосқан үйірме қазақ-татар әдебиетінің бай қорын меңгертіп, оларға әдебиет бағытындағы көзқарастармен таныстырса, таразының екінші басында саяси-тарихи ой-пікірлердің қалыптасуына әсер еткен «Садақ», «Қолжазба» журналдары болды. Бұл журналдарда өз заманының өзекті мәселелері, әдебиет пен мәдениеттегі олқылықтар мен кемшіліктер көтеріліп, сын пікірлер білдірілді [4, 190-б.].

Қазақ әдебиетіне өз үлесін қоса бастаған «Cадақ» журналы «Ғалия» медресесінде дүниеге келген еді. Бұл журналдың жарық көруі қазақ пен татар-башқұрт жастары арасында ұлт алауыздығын тудырды. Қазақ жастары төл әдебиетті оқуды қалады. Кейіннен, әрине, екі арадағы алауыздық реттелді.

«Ғалиядан» алған теориялық білім мен өмірлік тәжірибесі Нұғыман Сәрсенұлының педагог-журналист, аудармашы, болашақ қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілуіне негіз болды.

Н.Манаев ауылдағы «Талап» мектебінде сабақ беріп‚ мұғалімдік қызметте жүріп, қоғамдық-саяси қызметтерге араласа бастады.

1916 жылы 25 маусымдағы Ресей патшасының қазақ жігіттерін май­ данның қара жұмысына алу туралы шыққан жарлығы бейқам жатқан қазақ ауылын дүр сілкіндірді. Бүкіл елдің толқынысы Н.Манаевты да бейтарап қалдырмағаны түсінікті. Оның өз бастамасымен, халық қолдауымен тұрғызылған «Талап» мектебінде мұғалім әрі басшы болып, елдің сауатын ашуда азаматтық зор үлес қосты. Ол қазақ ел болам десе, оқу-білімнің қажеттілігін түсінуі керектігін ойлап, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс жөнінде 1926 жылғы «Еңбекші қазақ» газетіне «1916 жыл туралы есімде қалғаны» атты мақала жазады. Мақаласында Н.Манаев сол кездегі елдің жай-күйін, әлеуметтік-саяси жағдайды баяндай отырып, ұлт зиялыларының белсенділігін арттыруда ойлап, өзінің атқарған қызметтері жөнінде есеп бергендей етіп жазған [5].

1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс мәселесінде қазақтың бас көтер­ ген азаматтары ел қамын ойлап, толғанды. Егер де халық бұл науқанға қарсылық көрсетсе, арты қанды қырғынға айналуы мүмкіндігін, сондықтан елдің қарсылық жасамай, жазықсыз қан төгілмеуін насихаттауға тырысты. Өз мақаласында Нұғыман Сәрсенұлы майданға аттанған жігіттермен бірге кетуді өтіну себебі сол ортадағы надан, сауатсыз қазақ жігіттеріне жөн сілтеуші, кеңесші болу ниетінен туындағанын баяндаған. 1916 жылы Ақтөбеде болған қазақ жиналысына барған кезде Міржақып Дулатовпен кездескен екен. «Мен жігіттермен барғым келеді. Сіздер рекомендация беріңдер – деп, Міржақыпқа келдім. Міржақыптың жалғыз-ақ айтқаны:

– Сенің денсаулығың көтермейді, аса жүдеу екенсің, деді» – деген жолдар сарғайған 1926 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінде сақталған. Алайда майданға барудың сәті түспегенімен, ел ішінде солдаттардан келген хаттарды оқып, оларға хат жазуда абыройлы қызмет жасады [5]. Ауылдағы «Талап» мектебі халыққа соғыстағы солдаттарға хат жазып беретін, келген хаттарды оқитын қоғамдық-саяси, ағартушылық бағыттағы орталықтың міндетін атқарды. Ел арасындағы сауатты адамдар хат жазу мен келген хатты оқып беру үшін ақша алатындығын Нұғыман Сәрсенұлы өз шығармаларында сынап, әшкерелеп суреттеген. Бұл ретте «Талап» мектебінің өнегелі ісін үлгі етіп көрсетті.

Н.Манаев 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің он жылдығына орай жазған мақаласында қазақ ауылы өмірінің сипаты, әлеуметтік жағдайының нашарлығы, елдегі үстем тап өкілдерінің озбырлығын сынап жазып, өз пікірін білдіреді.

Мектеп салып, ағарту жұмысын бастаған жылдарында Н.Манаевтың атқарған педагогикалық еңбегі де мақалаларда көрініс тапқан. Өз мақалаларында Теңіз уезіндегі қарапайым халықтың 1916 жылғы патша жарлығын үлкен үреймен, қорқынышпен қарсы алғандығын жазған. Қолында байлығы бар, дәулетті адамдар балаларын майданның қара жұмысына жібермеуге тырысып, болыстарға пара беріп, орнына жасы толмаған кедей балаларын жіберу жағдайларының орын алғанын әшкерелеген. Бұл жағдай ел арасында қобалжу туғызды. «Сентябрьдің 16-сына қараған түнде бірінші пароходпен 300 жігіт аттандырылды. Жылаған бұқарадан жер қайысты. Жалғызынан айырылып еңіреген елдің етегі жасқа толды. Не күн, не түн екені белгісіз, аспан жерге айналып түскендей болды» дейді 1916 жылғы естелігінде Нұғыман Сәрсенұлы [5].

Ер-жігіттер бәрі дерлік соғыс қызметіне алынса, шаруа күйзеледі. Орыстан солдат алған уақытта жұрт мойнына түскен жүкті жеңілдетіп тұрған неше жол бар. Осы жеңілдік қазаққа да болсын:

– Қазақтан жалғыз жігіт алынбасын; (шамасы ер-азамат кіндіктен жалғыз болса);

– Бір үйден екі-үш жігіт алынатын болса, бірі үйде қалсын;

– Тарғын, Таловка қыстауындағы қазақ елі көп егін салады. Егін алғанша бұл екі қыстау қазағына бостандық болсын – деген талаптар білдірген бас көтерулер, 1916 жылғы патша жарлығына қарсы бас көтерулер мен толқулар қазақ ауылдарының арасында етек ала бастайды [6, 319 б.].

1916 жылғы оқиғалар сонымен бірге қазақ қоғамында ұлттық бостандық үшін күрес жолдары мен әдісіне қатысты жаңа көзқарастың қалыпта­ сып қалғанын да көрсетіп берді. Осы ұстамды ұлттық-демократиялық интеллигенция қазақ жеріндегі ара салмақтың өзгергенін, қарсы тұрған жаудың күші мен айласы бұрынғыдан басқа екендігін ескере отырып, жаңа әдіске қолдау көрсету керектігін айтты. Ол әдістердің белгісі ретінде ұлттық саяси тұтастықты негізгі мақсат етіп, саналы әрі ұйымдасқан түрде әрекет етуге жұмылу қажеттігін халыққа жеткізуге тырысты.

Қазақ даласында сонау бодандық құрығына ілінген ХVІ ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін 300-ге жуық азаттық көтеріліс бой көрсетті. Тарих сахнасында Сырым, Махамбет, Кенесары, Садық, Есет, Байзақ Датқа, Жанқожа, Амангелді, Бекболат т.б. айбынды да айдынды, қаһарлы да қайырымды, тегеурінді де екпінді, сүйікті де сүйкімді, қайғылы да мұңлы, аяулы ұлдар басқарған ұлт-азаттық қозғалыстар бар да, көпке қозғау салған хан Кене бастаған және 1916 жылғы көтерілістердің маңыздылығын жеке атап өтуге болады.

Кеңестік тарихнамада 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты тек Ресей топырағынан туындататынбыз. Шын мәнінде, ол қазақ халқының ғасырлар бойғы азаттық күресінің жалғасы, әрі оның биік шыңы болатын [7].

1917 жылы Орда қаласында шақырылған Бөкей қазақтарының губерниялық съезіне Нұғыман Манаев Теңіз жағалауы 2-округінен өкіл ретінде қатысты [8]. Съезде сан алуан өзекті мәселелер қаралып, олардың ішінде «Ұран» газетін шығару мақұлданды. Бұл «Ұран» газетіне Ғабдолғазиз Мұсағалиев редактор болып тағайындалғанымен, редактордың орынбасары болған Нұғыман Манаев барлық жұмысты бір өзі атқарды. Газет жұмысының қым-қуыт жағдайында ол Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды азаматпен бірлесіп жұмыс істеу арқылы өзіне үлгі-өнеге алып, көп тәжірибе жинақтады.

Қазіргі таңда ұлттық тарихқа деген көзқарас өзгеріп, Қазан төңкерісіне қоғамдық танымды қайта қарап жатқан тұста, тарихтан тағылым алу мақсатын көздеп, оны ұрпаққа үлгі етудеміз. Жүздеген ұлт пен ұлысты отарлаған Ресей империясында арасына сегіз ай салып жүзеге асқан екі төңкеріс халық санасына, соның ішінде көкірегі ашық зиялы қауымның жаңаша ойлауына түрткі болғаны – тарихи шындық. Бұратана ел атанған қазақ халқының санаулы да саналы, сауатты азаматтарының санасына сілкініс енгізе бастады. Сол әрекеттің бірі ретінде 1918 жылдың қыркүйегінде өткен Бөкей ордасы мұғалімдерінің съезін атауға болады. Бұған дейін 1917 жылы сәуірдің 19-22-сі күндері өткен Орал облыстық съезіне 800-ден астам делегат қатысты. Делегат саны басқа облыстық съездермен салыстырғанда басым түскен. Съезге Орал облысының барлық уездері мен аудандарынан өкілдер келді. Қатысушылардың географиялық қамтылу шеңбері мен қатысқан делегаттардың көптігі съезге даярлық жұмысының өте ұқыптылықпен жүргенін көрсетеді. Съезге шақыру жөніндегі ұйымдар өз жұмысын бастамас бұрын Ғұбайдолла Әлібековтің басшылығымен уақытша облыстық комитеті құрған болатын. Ақпан төңкерісінен кейін Орал аймағын басқару жөнінде Азаматтық комитет құрылып, оның құрамына Б.Қаратаев, Ғ.Әлібеков, А.Тоқберешов, Б.Жанқадамов, И.Ипмағамбетов, Х.Досмұхамедов кірді.

Орынборда бірінші қазақ съезі өтіп, Алаш партиясын жарияласа, екінші съезд Алаш автономиясын жариялап, оның үкіметі Алаш Орда деп жар салғаны белгілі. 1917 жылдың 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен I жалпы қазақ съезіне Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария облыстары мен Бөкей ордасынан, сонымен қатар Ферғана облысының қазақтар мекендеген аудандарынан өкілдер қатынасты. Съезге қатысушылар саны аса көп болмағанымен (20-дан аса адам), оның күн тәртібіне сол кездегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тікелей қатынасы бар 14 мәселе енгізілген болатын. Осы талқылауға ұсынылған қоғамдық маңызы бар мәселенің ішінде оқу, жалпыға білім беру жүйесі туралы ашық пікірлер де болып еді. «Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» аталсын, Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлт Кеңесі құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын» деп жариялаған

  1. жалпықазақ-қырғыз съезінде талқыланған мәселелерде ұлт кеңесі, ұлт қазынасы, мүфтилік мәселесі, халық соты, ауылдық басқару және азық-түлік жөніндегі мәселелермен қатар Алашорданың білім және сауаттандыру саясаты баяндалды [9].

Алаш ардақтылары сауатты ұрпақсыз саналы қадам жасай алмайтындарын ұғынып, жедел әрекеттерге көшті. Сол қадамдардың бірі деп Бөкей ордасында ұйымдастырылған мұғалімдер съезін атауға болады. С.Зиманов, С.Дулатова, М.Ысмағұлов «Казахский отдел народного комиссариата по делам национальностей РСФСР» деген еңбектерінде мұғалімдер съезінің ұлттық қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық маңызына ғылыми талдау жасалған [10, 183-185-б.].

«Мұғалімдер съезі» деп аталғанымен, халықтың әлеуметтік хал-жағдайы турасында көтерген мәселелеріне қарап, «халықтық» деп, атауға болады деген тұжырым қазақ зиялыларының съезд өткізудегі маңызды сипатын танытады.

1918 жылы Бөкей ордасында бүкіл қазақтардың мұғалімдер съезі өткендігі жөнінде Орал облыстық мемлекеттік мұрағатында деректер сақталған. Сол мұрағаттың 306-қорынан алынған тарихи материалды ұсынып отырмыз. Бөкей ордасының мұғалімдерінің І съезі «500 мың халқы бар, ішкі Бөкей ордасы білім-тәрбие, ағарту ісі жағынан Ресейдің едәуір сауатсыз бөлігіне жататынын, сондықтан қырғыз ордасы осы кезге дейін білім-ғылым жағынан артта қалып, қараңғылықта тұншығып келгенін» ашық жариялады. 1897 жылы жүргізілген санақ бойынша Ішкі Бөкей ордасында 30 000-ға жуық мектеп жасындағы бала болған. Осы 30 000 мың баладан 2000 бала ғана үкімет мектептерінде оқып, білім алды. Ал қалған 28 000 жастың мал бағып, асық ойнаудан басқа ермегі жоқ, әлеуметтік жағынан дамуға мүмкіндіктері де, құқықтары да болмады [7]. Солайша, Бөкей ордасы қырғыздарының (қазақтарының) барлық мәдениет атаулыдан артта қалғанын көреміз.

Патшалық қаражатқа ашылған мектептердің мақсаты халықтың көзін ашу емес, үкіметке қарсы шықпайтын тілалғыш адамдарды тәрбиелеу болды. Сондықтан сол мектептің тәрбиеленушілері өздеріне жүктелген жауапкершілікті көтере алмады. Бұл айтылған мәселеде мектептердегі білім берудің жағдайы жөнінде нақты көрсетілген.

Ана тілінде сабақ беретін ұлттық мектеп болмаса, ағартушылық пен мәдениет көтерудегі кез келген игі талпыныс нәтижелі бола қоймас. Бір жағынан, патшалық үкімет балаларды түгел оқытуға рұқсат бермеді, мектептерді жапты, екіншіден, ескі молдалар надан халықты алдап, мұғалімдерге қарсылық тудырды. Өз елінде орын таба алмаған мұғалімдер басқа жерден орын іздеуге мәжбүр болды. Олар Орал, Торғай және Жетісу облыстарына, Қытаймен шекаралас ауылдарға дейін кетіп қалды. Туған жерлеріне ақпан төңкерісінен кейін оралды. Бірақ та Ішкі Орданың мұғалімдері өз мамандығы бойынша халыққа қызмет еткісі келгенімен, оған мүмкіндік болмады.

Сонымен қатар съезд Орал өңіріндегі мектептердің сан және сапа жағына, мұғалімдердің де білім деңгейі мен тұрмыс жағдайына тоқ­ талғандығын аңғаруға болады.

Сәуірде өткен мұғалімдер съезінде жергілікті Бөкей ордасының Ха­лық ағарту комиссариатына мұғалімдерден бір өкіл үшін жаздық курс­ тар мен ұлт мектептерінің санын көбейту жөнінде мәселе қозғалып, оны қаржыландыру Ағарту комиссариатына тапсырылған.

Жергілікті қырғыз (қазақ) комиссариатының Астрахань өлкелік комитетіне қаржыландыру туралы қаулы берілгенімен, одан жергілікті курстарға «ақша жоқ» деген жауап алынды.

Ұлттық мектептерді ашу туралы мәселе өзекті күйінде қалды. Мәскеу­ ден қырғыз (қазақ) комиссары М.Тұнғанчин мен Х.Бекентаев келгенде білім беру осындай жағдайда еді. Олар өз кезегінде мұғалімдерге курс-­тар мен ұлт мектептеріне қаржы берілгенін айтты. Кеңес үкіметінің көме­ гіне сүйене отырып, мұғалімдер съезі резолюция (қаулы) жасады.

Ішкі Орда мұғалімдерінің І съезі 2 қыркүйек күні қырғыз (қазақ) комиссариатының өкілі М.Тұнғанчиннің сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде күні біткен патша үкіметінің халықты білімсіздік қараңғылығында ұстап отыруы саясатқа орайластырылғанын тілге тиек етті.

Осындай саясатқа сәйкес ғасыр басында ұлт мектептері түгілі, орыс мектептерінің өзі аз болған. Бар мектептің өзі оқу жұмысының ең төменгі талаптарына да жауап бере алмады [12, 65-б.].

Әр халықтың ұлт болып ұюы жолында басым міндеттердің ішінде халық ағарту мәселесі алдыңғы қатарда болуы шарт. Ал ХХ ғасырдың бас кезеңінде халықтың оқу-білімі артта қалған күйде болды. Кеңес үкіметі халықтың оқу-ағарту саласына көңіл бөлді. Ең алдымен, жалпыға бірдей білім беру жүйесін енгізу, оны қаржыландыру мәселесі де маңызды мәселе ретінде ұдайы басты назарда ұсталды.

Съезге 44 мұғалімнен басқа халық ағарту комиссары С.Меңдешов, жерді пайдалану комиссары Ш.Бекмұханбетов т.б. қатысты. Съезд М.Тұнғанчиннің сөзінен кейін төраға сайлауына көшті. Съезд төрағасы болып бірауыздан Ғабдолғазиз Мұсағалиев, орынбасары Ғали Бегалиев, хатшысы Қайырғали Қыдыралиев сайланды. Съезде ұлттық тәлім-тәрбие, оқу-ағарту мәселесі жөнінде пікірлер қозғалды. Нақтылап айтқанда, съезд бағдарламасы мына мәселелер қамтыған:

ішкі Ордадағы ұлт мектептері және оның оқу-тәрбие жұмысы;

ішкі Орда мұғалімдеріне арналған қысқа мерзімді курстарды ашу;

курсқа қабылданатын адамдардың білім деңгейі;

ұлт мектептерінің саны, олардың орны, құрылысы;

ұлт мектептерінің бағдарламасы;

ұлт мектептерінің қарауындағы пансиондар;

оқушыларды қабылдау;

ішкі Орда мұғалімдерінің семинариясының ашылуы;

мектептен тыс білім;

мұғалімдер Одағының Жарғысын қайта қарау, кеңейту мен түзетулер енгізу;

газет-журнал мен әдеби шығармаларды тарату;

мұғалімдер съезін шақыру мерзімін белгілеу, т.б.

Ұзақ талқылаудан кейін бұл бағдарлама съезде қабылданды [13, 66-б.].

Мұғалімдер съезінің бірінші отырысындағы қаралған мәселе ұлт мектептерінің жағдайы туралы еді. Ұлт мектептері туралы қабылданған бағдарламаның көкейкестілігін бүгін де байқауға болады. Енді сол ұлт мектептерінің даму тарихына қысқаша тоқталамыз.

Дүниеәуи мектептердің қазақ жерінде пайда болуы ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Ресей патшалығының бодандығына еніп, отырықшылану үрдісімен тығыз байланысты. Орыс патшаларының 150 жылға созылған отарлау саясаты халқымыздың еркіндік жолындағы ғасырлар бойғы күресіне нұқсан келтіргенімен, Батыс пен Шығыс арасындағы рухани қарым-қатынасқа жол ашты. Cоның бірі дүниеәуи мектептердің ашыла бастауы еді. Мәселен, Змеиногорскіде (Шығыс Қазақстан) қорғасын-мырыш кен орнында 1761 жылы тау-кен жұмысшы балаларына арналып мектеп ашылды. 1786 жылы Омбы қаласында «Азиялықтар мектебі» ірге көтерді. Аудармашы-тілмаштар даярлайтын бұл оқу орнына қазақ балалары да қабылданды. Осындай мектеп 1789 жылы Орынбор қаласында (Меновой двор жанынан) да ашылды. Қазақ феодалдарының (сұлтан, бай, би, cтаршын) балаларына Неплюев кадет корпусына (1825), Омбы кадет корпусына (1848) түсіп, білім алуына рұқсат етілді. Сондай-ақ алғашқы дүниеәуи қазақ мектебі Бөкей хан ордасында 1841 жылы, ал 1850 жылы Орынбордағы шекара комиссиясының жанынан ашылған болатын.

Патшалық отарлау саясатының басты мақсатының бірі халықты жаппай орыстандыру, шоқындыру, қазақты өзінің төл тілінен және дінінен ажырату болды. Бұған жетудің негізгі жолы мектеп ашып, халықты төл дінінен жат діни сауаттандыру ісі еді. Осы орайда Мәскеуде құрылған арнайы миссионерлік қоғамның негізгі ұстанымдарына көңіл аударған абзал. Онда: «Мұсылман елдерін ыдырату, арасына от жағу, яғни пантүркішілдік пен панисламдыққа қарсы күресу; қазақ елінің ағартушылық қозғалысын татарлардың ықпалынан, мұсылман дінінен алшақтату; бұратана халықтарды православие дініне шоқындыру;

халықты ата-баба тарихынан, ұлттық мәдениетінен қол үздіру, яғни қазақтардың ғасырлар бойы қолданып келе жатқан жазу таңбаларын жою, орыс әліпбиін енгізу; мұсылмандық мектептер мен медреселерді біртіндеп жою, олардың орнына аралас орыс-түзем, орыс-қазақ мектептерін ашу, кейін бұлардың бәрін таза орыс тіліне көшіру; шет аймақтарда отаршылдық саясатты жүзеге асыру үшін миссионер ғалымдар, оқытушылар кадрларын көптеп даярлау» деген қағидалар басшылыққа алынатыны бұйрық күйінде көрсетілген.

Орынборда ашылған татар мектебі (1744 ж.) мен Неплюев кадет корпусы, Омбыдағы «Азия мектебі» мен кадет корпустарының атқарған қызметі осы құжатта көрсетілген шаралардың жүзеге асуының нақты көрінісі болды. Отаршыл үкімет жергілікті халық ішінен ру билеушілері мен басқару орындарының әкімдерін тағайындауда олардың орысша сауатты болуын талап етті [14, 35-б]. Мұның өзі адам болғың келсе, орысша білуің керек дегенді санаға құюдың бір әдісі болатын. Оның нәтижесі ұрпақтардың қазақ тілінен, өз тілінен ажырауына әкеліп, жар­ ға соқтыра жаздады.

Баяндалып отырған кезеңге дейін Батыс Қазақстан аумағында оқу-ағарту қызметі барынша дамыған‚ жергілікті мектептердің 50-60 жылдық тарихы бар‚ маман мұғалімдердің кәсіби ортасы қалыптасқан болатын. Алайда уақыт өзгерісі бұрынғы қалыптасқан жүйені өзгертуді қажет деп есептеді. Мектеп тарихын зерттеушілер И.Сембаев‚ К.Құнантаева‚ Қ.Бержанов‚ С.Мусин‚ Ш.Нағымов еңбектерінде қазақ мектептерінің ұлттық мәселелері жан-жақты зерделенген.

Съезде мынадай резолюция қабылданды:

  1. Жалпыға бірдей оқуды енгізу мақсатында Ішкі Ордада ұлт мектептерін ашу. Оның әр мектебінде 50 баладан болуы керек, 90 ұлт мектебі қызмет етуі үшін ашу керек. Қырғыз әскери комиссариаты керек­ ті тиісті қаржыны бөлу қажеттігі айтылды.
  2. Молдалар сабақ беретін мектеп үйлерінің бәрін Қырғыз комисса­ риаты Бөкей бөліміне өткізу.
  3. Жаңадан ашылатын ұлт мектептерінің құрылыс кестесін жасауды ерекше комиссияға тапсыру. Комиссариат мүшелері: С.Меңдешов, Бегалиев және Қыдыралиев сайланып, мектептің 50 мұғаліміне арналған 6 апталық курстар ашу көзделді.

Бұл курсқа 2 кластық училищелік білімі бар адамдар да болашақта мұғалімдікті таңдау шартымен қабылдана алатын болды. Курстар қыркүйек айының 23-інен қалмай ашылуы керек. Курстардың мезгілімен ашылуы, лекторларды шақыру жұмысы Бөкей ордасының Қырғыз комиссарына тапсырылды.

Облыстық Қырғыз съезіне мұғалімдер съезінен бір делегат жіберу мәселесін қарастырып, Ғали Бегалиевті жіберу ұйғарылды.

Ордада жаңадан ашылатын мектептер үшін төрт адамнан тұратын комиссия мүшелерін сайланып, оларға бағдарлама түзіп, сол негізде оқулықтар жасау тапсырылды.

Қазақ даласы тұрғындары бір жерге шоғырланбай, бір-бірінен алшақ орналасқандықтан, оқушылардың басын қосатын мектеп жанындағы интернаттар ашылу керектігі мәселе ретінде көтерілді.

Хан ордасында мұғалімдердің аздығын ескере отырып, мұғалімдер семинариясын ашу да сол кездің өзекті мәселесі болғаны ескерілген [15, 67-б.].

Яғни бұл съезде оқушыларға тек білім беру мәселесін көтеріп қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайларын ойластырғаны да байқалады. Оның бір дәлелі – білім беру орындарында интернаттар жасақтау мәселесі алға шығарылғаны. Мұның өзі – ғасыр басындағы ағарту саласында еңбек еткендердің сауатты ұрпақ қалыптастыруға жаңаша тың көзқараста болғандығының айқын мысалы. Бұл бастамалар арқылы бүкіл қазақстандық аумақта кең шеңберде алмағанымен, ұлттық мектепті қалыптастыруда жол бастап, заманға сай соны сүрлеу қалыптастырғаны аян.

Съездің екінші мәжілісінде ұлт мектептеріне дәріс беретін маман кадрларды даярлау күн тәртібіне қойылды. Ашылған ұлт мектептерінде мұғалімдердің жетіспегенін аталмыш құжаттар арқылы анықтауға болады. Мұғалімдердің қажетті санын жеткілікті ету бар да, олардың педагогикалық‚ ғылыми тұрғыдан дайындығы мол болуы, сөйтіп, сапалы деңгей де жоғары болу туралы сөз болған.

Екінші мәжіліс Ғ.Мұсағалиевтің бастауымен 4 қазанда сағат 18-де ашылды. Алдымен мектептен тыс білім алу туралы мәселе талқыланды. Тарихи бетбұрыс – Ресей патшалығына бодандыққа енуімен қатар, орыс мәдениетін, тіл, әдебиетін қабылдаудың, үйренудің жолын табу қажеттігін, бұл тұрғыда халыққа қызмет көрсететін мәдени ошақтар:

Көшпелі 30 кітапхана ашу;

Даланы шартты түрде жеті бөлікке бөліп, жалпы білім беретін және ауыларалық деңгейде жеті дәрісші тағайындау;

Көрнекті құрал үшін екі көшпелі киноматография шығару; Ересектер үшін Бөкей ордасының 4 поселкесінде курстар ашу;

Дала мұғалімдері балаларды ғана емес, сауатсыз ересектерді де оқытуға міндеттеу [16].

Құрылысқа қажетті қаржы мәселесін шешу үшін сарапшылар тобы құрылып, оған Ғұмар Қарашев, Иса Қасымов, Нұрмұхамед Шығыров, Ізбасар Камалов сайланды.

Мұрағат деректері қазақ мектебінің ғана емес, қазақ-орыс саяси, мәдени байланысының көшпенді халық үшін қалай болғандығынан мәлімет беріп, тарих қатпарларын ашады. Бұл мұғалімдер съезі аталғанымен, ол сол кезеңдегі қоғамның күрделі мәселелерін ойластырып, оны шешу жолын ұйымдастырып, болашаққа өзіндік жол көрсете білген. Жалпыға бірдей білім беру саясатын қолдай отырып, соны көшпелі қоғамда іске асырудың тетіктерін таба білген. Ол тетікті қоса салу оңай емес екені белгілі, шынында, бұл күрделі жүйеге бағындырылатын механизмді іске асыратын азаматтарды дайындауға мұрындық болуды көздеген. Яғни толық сауаттандыру көпшіліктің тарапынан қолдау тапқанда ғана, нәтижелі болатынын түсіндіре білді. Сондықтан мұғалімдер даярлаудың қысқа мерзімдік курстарын ашу арқылы жетіспеушілікті азайтпақ болған. Мұндай тәсіл қазіргі таңдағы жұмыссыздарды азайту мақсатында оларды жаңа кәсіп бойынша қысқа мерзімдік курстарда қайта оқыту мәселесі­-нің көтерілуімен үндесіп жатқандай.

Дала халқын қажетті оқулықтармен, газет-журналдармен, әде­ биеттермен қамтамасыз ету үшін көшпелі отыз кітапхана ашу және оқудың көрнекілігі үшін екі көшпелі киноматография жасақтау қолға алынған. Мұның бәрі, әрине, өз ұлтына шын жаны ашыған ұл-қыздардың, жарқын болашаққа барар жол іздеп, жанұшырған Алаш азаматтарының іс-әрекеті еді.

Бұл отырыста ел арасына шығып, халықты білімділікке насихаттау, олардың орыс мәдениетімен үндес бола білуге бағытталған үгіт жұмыстарын жүргізу ойлары да айтылған.

Сонымен қатар мектептерде оқу-тәрбие үрдісі өз мәнінде жүргізілуі үшін мектептің материалдық тұрғыдан мейлінше жабдықталуын, оқу және әдістемелік құралдармен, әдебиеттермен жеткілікті түрде қамтамасыз етілуге ерекше назар аударылды. Өткен ғасырдың 19-20-жылдары қазақ тіліндегі оқу құралдардың өзін айтпағанда, көркем шығармалар да өте аз болатын. Бар оқулықтар мен әдебиет оқушы сұранысына толықтай жауап бере алмайтын. Орыс мектептерінде орыс тілді оқулықтар‚ қазақ мектептері татар-башқұрт тіліндегі оқулықтарды пайдаланды. Осы аталған кемшіліктерді жою мақсатында съезд;

  1. Мұғалімдер одағы жарғысын қайта қарау қажеті туып, оған то­ лықтырулар мен түзетулер енгізуді мұғалімдер одағын басқару ко­ миссариатына тапсыру көзделді. Оның талқылануы мен бекітілуін мұға­ лімдердің ІІ съезіне қалдырды.
  2. Қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың насихаты үшін мұғалімдер одағы жанынан екі апталық мерзімді журнал шығаруы керек болды.

Жоғарыда айтылған оқулықтарды бастыру, әдеби шығармалардың таралуы және педагогикалық журналдар шығару үшін Орталық Қырғыз комиссариаты бір баспаханамен қамтамасыз ететін болған.

Ішкі Орда мұғалімдерінің ІІ съезін жаңа стиль бойынша 25-қыркүйек­ те өткізу белгіленді.

Ұлт мектептерін басқару үшін Орталық Қырғыз комиссариатының бөлімінде арнайы қызметкер болуы керек. Бұл орынға ұсынылатын кандидатты мұғалімдер съезі белгілейді, Қырғыз (қазақ) комиссариаты бекітеді. Съезд барысында Ғ.Мұсағалиев пен Ғали Бегалиев кандидат ретінде ұсынылды.

Мұғалімдер Одағының басқару комиссариатына: Одақ төрағасы – Ғабит Сарбаев, орынбасары – Х.Қыдыралиев, хатшысы – Бисенғали Жәнікешов болып сайланды.

3. Ұлт мектептеріне 1,681085 сом; және мектептен тыс білім алуға 160 200 сом сұрау қажеттігі айтылып, екеуі де съезд тарапынан бекітілген.

Шығын үшін көрсетілген 26 000 сомнан басқа қырғыз істеріне 14 000 сом ІІ мұғалімдер съезін шақыруға және ұлттық білім берудің басқа да шығындарына бөлінді.

1918-1919 жылдың қыс мезгілінде жәдит мұғалімдер тобы – Ғұмар Қараш, Ишанғали Меңдіханов, Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев, Бисен Жәнекешов, Ғабдығали Сұлтанов, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев, Ғали Бегалиев, Ғабдолла Мұқашев, Дәуіт Мұқашев, Ғабдол-Ғафар Мырзалиевтер «Жазушылар құрамасы» деген атпен бір ұйымға бірікті [17, 71-б.]. Кейбір зерттеушілер «Жазушылар құрамасын» «қазақ жазушыларын біріктірген алғашқы одақ» деп санайды.

Мұрағатта сақталған бұл құжаттардан Ұлт мектептерін көбейтіп және оларға материалдық шығармашылық-әдістемелік көмек көрсету үшін қаржы көлемін молайтып бергендігі көрінеді. 1919 жылы қаңтар айында екінші мұғалімдер съезі өтті. Съезд Ғ.Ғ. Бегалиевтің басқаруымен­ ашылып, оның жұмысына Ғ.Қарашев төрағалық етті.

Мұғалімдердің І съезінің қаулысына сәйкес мектептегі сабақтарды үзбей, ІІ бөлімді ашу ұсынылды. Құрылыс кестесін құру үшін 4 адамнан тұратын комиссия белгіленді. Оған Ж. Юсупов, Н.Манаев, Ғ.Мұсаға­ лиев, Ғ.Қарашев [18, 67-б.] сайланды. Екінші теңіз округінен қатысқан Н.Манаевтың бұл комиссия құрамына мүше болып енуі оның мәселені жақсы білетіндігі ескерілгені аңғарылады.

Екінші деңгейдегі мектептерді ашу үшін қаулы қабылданды. Осы жылы біреуін ғана ашу керек деп шешілді.

Келесі отырыс қаңтардың 10-ы күні Ғ.Қарашевтың төрағалығымен

басталып­, төмендегі сұрақтар талқыланды.

Қатардағы мектептің бағдарламасы талқылауға ұсынылып, съезд оны қабылдады. Курстың өту барысы әр жылға бөлінгендіктен, өзіндік қиындығының болуына байланысты ол мәселені ІІ съезге қалдыру керектігі айтылған.

Съезд төрағасы Ғ.Қарашев «Кім мұғалім бола алады? Оған қандай білім керек» деген өзекті мәселе көтерді.

Жылдық курстарға бөлінген ұлттық оқулық, мектептердің бағдарла­ масы­ тыңдалды‚ бөліктерге бөліп қарап‚ оны «қанағаттанарлық» деп тауып‚ оны кеңейте беру орынсыз деп келісті. Басқа жердің (елдің) сөзі кездессе‚ оны қазақ сөзімен ауыстыру керектігі де сөз болды. Съезд төрағасы білікті маман, қазақ педагогикасының теориялық негізін қалыптастырушы ғалым Ғ.Қарашев еді. Оның съезге төрағалық етуі кәсіби мәселені орнықты қоя білуге, жұмысты оңтайынан шешуге үлкен күш екенін танытты. Сондықтан съезде мұғалім қандай талаптарға жауап беруі керек, мұғалім тұлғасы, педагогика этикасының шеберлігі, білім беру мен тәрбие қалай болуы керек деген т.б. сауалдарды қанағаттандыру үшін жауаптар ұсынылды. Қазақ оқулықтарын көбейту, татар, башқұрт, араб тілінде жазылған немесе осы тілдерде екі топтарды қазақылан­дыру мәселесі айтылды [16].

Съезд қараған келесі мәселе – ұлт мектептеріндегі оқыту әдістері. Сабақ барысында практикалық әдісін қолдану қабылданды. Мектепті басқару ісінде мектеп кеңестерін құру туралы қаулы қабылданды. Мектепке керекті мүлікті жасау үшін оның жанынан ағаш ше­бер­ханаларын ашу тапсырылды.

Сондай-ақ съезде барлық медреселерді керекті құрал-жабдықтармен­‚ кітапханалармен жабдықтауды, оның жанынан 25 адамдық ин­тернат ашу, таңертең ыстық ас беру мәселелері қойылды.

Алыс ауылдардан қатынап оқитын оқушылар үшін оларды жеткізетін ат бөлінуі керек, ал оған керек қаржыны қазақ әскери комиссариаты төлеуі керек деп шешті.

Келесі талқыланған мәселе де мектепке келетін баланың жасы туралы сөз болған.

Қатардағы мектептің І бөліміне 9-10 жас, ал екінші бөліміне 11-12 жас аралығында қабылданатын болған.

Әр бөлімді 5 адамнан бастап ашылып, жалпы саны 15 оқушы болу керектілігі айтылды.

Сонымен қатар съезде қазақ орфографиясы үшін комиссариат жанынан жеті адамнан тұратын топ құру жоспарланды [18, 70-б.] Съезд емле мәселесіне де соқпай кетпеді. Біраз кеңестен соң «Кітап жазу комиссиясы қазақ емлесін бастан-аяқ меңгеріп, теріс деп тапқан жерлерін өзгертуге ерікті болсын» деген қаулы шығарылды. «Оқу құралдарын жетістіру, кітаптарды тәржіме ету және тағылым журналын шығару үшін» сайланған комиссияға жеті адам – Ғұмар Қараш, Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Ғали Бегалиев, Халиолла Есенбаев, Ғабдол Бөкейханов және Ғабдолла Мұқашев енді. «Осы кісілердің қызметте тұрғандары шығып, тек қана кітап жазу қызметімен шұғылдансын» делінеді.

Бұл қаралған мәселелердің ішінде мектепте бала оқытуда әскери, еңбек тәрбиесін де жан-жақты беру мәселесі қаралды. Сол заманға сәйкес айтылған жағдайларды қолдану өте қажет болатын. Мектепте шеберхана ұстап, онда мектеп құралдарын жасаудың тәрбиелік және экономикалық маңыздылығы бар екенін сол кездің өзінде түсінгенін байқатады.

Оқулықтарды дайындап‚ бастыру үшін Ғ.Қарашев‚ Ғ.Мұсағалиев‚ М.Көкебаев‚ Ғ.Бегалиев‚ Х.Есенбаев‚ Ғ.Бөкейханов‚ Ғ.Мұқашев, Н.Манаев мүше болған комиссия жасақталды. Оларға еңбек ақы ретінде айына 1000 сом белгіленді.

Келесі мәжіліс қаңтардың 17-сі күні кешкі сағат 6-да басталды. Бұл мәжілісте Ғ.Қарашев есеп берді. Содан кейін Браун мұғалімдер ережесімен таныстырды. Ереже 4 тармақтан тұрды, съезд бәрін де қабылдады.

Ұлттық мектептерге қабылданған жұмысшыларға дәріс беретін мұғалімдердің өз тілдерінде сабақ берудің қарапайым түрін білу дәреже­ сін тексеру мәселесі қойылып, мынадай ұсыныстар айтылды:

  1. Мұғалімді жергілікті халық ағарту кеңесін сайлауы керек.
  2. Санақ жүргізу арқылы мектеп жасындағы балалар санын анықтау. Мектептегі оқушылардың тұрғылықты мекенжайын анықтап, қамтылу шекарасын анықтау тапсырылды.
  3. Мектептерде оқушыларға ыстық тағамдар ұйымдастыру көзделді.
  4. Көмек керек балаларды анықтап, олардың отбасына көмек беру,

бұл бүгінгі күндегі әлеуметтік жағынан нашар қамтылған отбасыларды анықтау болып табылады.

Сонымен қатар мектеп кеңесімен бірлесе отырып, тұрғындар тарапынан да көмекті ұйымдастыру қажеттігі алға шығарылды.

Интернаттарды дайындау және іске қосу мәселесі өз алдына үлкен тақырып болса, мектеп жұмысшыларының еңбек қағидасы да өзекті шаруа ретінде талданған.

Бұл мәселеде мектеп жұмысшысы ең үлкен ынта танытуы керектігі айтылып, оның жұмысы үш түрге жіктелген:

  1. Техниканы жөндеу;
  2. Ағашты өңдеу.

Жұмысшысы мектеп кеңесімен бірлесе отырып, тұрғындарды мектеп салу ісіне дайындау керек болды. Оқушылардың күшімен аз да болса, мектептің материалдық базасын жақсарту мәселесі қойылды. Мектеп шәкірттеріне кәсіби бағдар беру арқылы оның еңбекке деген көзқарасын қалыптастырудың алғашқы қадамдарын көрсетіп отыр. Екінші мұғалімдер съезінің соңғы мәжілісінде оқушыларды жаңашылдықпен оқытып, тәрбиелеуде мұғалімдерге ғылыми-педагогикалық, оқу-әдістемелік жағынан көмек беретін журнал шығаруды ұсынады. Бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, журналдың атын «Мұғалім» деп атау қабылданды.

Міне, өткен ғасыр басындағы екі съездің тарихынан сыр шертетін мұрағатта сақталған парақтардың айтары осы. Бұл съезд ағарту саласында ұлттық мүддені жоғары қойды, бұрын бай мен дәулеттінің қолы жеткен білімді жалпыға бірдей қылу, қоғамда жетекшілік рөлде тек ұлттық көшбасшылардың болғанын көздегені, сындарлы саясаттың астары аңғарылады. Сонымен, Ұлттық мектепті қалыптастырудың алғашқы ойлары ХХ ғасырдың 20 жылдардың өзінде айтылғанын байқап отырмыз. Бүгінгі күнде шетелдік білікті кадрлармен иық тіресіп еңбек ететін қазақ жастарын тәрбиелеу туралы мемлекетіміздің саясатымен үндес келіп тұрғанын сезінуге болады.

Бұл съезд ағарту саласында ұлттық мақсат, қоғамдық саяси астары аңғарылып, мемлекеттің қалыптасуында жаңа көзқарастағы адамды тәрбиелеу­ міндетін көздеді, осындай қазақ ұлтының қызметі үшін аянбай үлес қосқан шарадан кейін де Н.Манаев ағартушылық, тәлім-тәрбиелік идеяға толы қызметінің бәрінде де халыққа адал еңбек етіп, ел мұқта­ жын өтеуде күрделі істер тындырды. Мұғалімдер съезіндегі қаралған мәселелер іс жүзінде түгелдей шешімін таппаса да, өзектілігі дер кезінде айтылғанын, олардың ғылыми-педагогикалық, тарихи-экономикалық мазмұнға ие болғанын байқаймыз. Н.Манаевтың бұл съезге қатысуы оның болашақ өміріне үлкен бағыт-бағдар алған педагогикалық ұлттық мәселелерді шешуіне де сабақ болғандығын сеземіз. Оның өмір сүрген дәуірі мен бүгінгі таңдағы өзгеріс пе дегендегі жалғыз-ақ айырма – ол кезде қазақ орталыққа мойын созған бодан әрі жартылай сауатсыз болса, қазір баянды болашаққа бағдар бұрған, өз алдына Тәуелсіз ел, екі дәуірде де ортақ нәрсе, ол – жастарды білім нәрімен сусындатып, өзге елдерден кем қалмай, қай салада да тең дәрежеде сөйлесіп, қазақ ұлтының әлем алдында абыройлы, білімді болу асыл мұратына қол жеткізу.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қоғамдағы өзгеріс, елдегі жаңалық, мәдениеттегі түбегейлі бетбұрыс халық санасына әсер етті. Нұғыман Сәрсенұлы Кеңес үкіметін қолдаушылардың бірі болғанымен, туған халқының ұлттық мүддесін, саяси еркіндігін, рухани бостандығын естен шығармады. Атқарған барлық істерін өз ұлтының пайдасына шығуды көздеді. 1918-1920 жылдары Төленді болысында ағарту бөлімінің меңгерушісі және кедей комитетінің төрағасы болды. Қарапайым кедей халқын сауаттылыққа шақырып, оларға мәдени және әлуметтік көмек көрсетуде басшы бола білді [20, 62-63-б.]. 20-жылдары Астрахан қаласында кедей комитетінде қызмет атқарады.

Әскери-революциялық комитетке бағынышты болған Астрахан мұ­ сылмандар істері жөніндегі әскери-саяси комитет осы аймақ бойынша барлық мұсылмандарға әскери-саяси, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп отырған [21]. Елдегі әскери-революциялық жұмыстарының құбылмалы саясатын халыққа ұдайы жеткізуде бұқара-көпшіліктің мұң-мұқтажына көмектескен Волга-Каспий қырғыздарының (қазақтардың) комитеті болған. Қоғамдық істерде белсенділік танытқан, жауапты қызметтерде ұқыптылық пен сауаттылық көрсеткен Н.Манаевқа басшылық қызметтер ұсынылды. Комитет тапсырмасы негізінде қазақ ауылдарына барып, жергілікті кеңестер ісіне, кедейлер комитетінің, оқу орындарының жұмысын басқаруға, азық-түлік дайындау, тағы басқа сан алуан қызметке араласты. Халықтың сауатын ашып, оларды мектепте оқыту мәселесін шешу, панасыз балаларды жетімдер үйіне қабылдатуға қызмет етіп, азаматтық парыз ретінде де, педагог ретінде де жауапкершілікпен үлес қосты. Ауыл қазақтарының саяси санасы өсіп, оларға мемлекеттің ұстанған бағытын, жаңа шыққан заң, жарлық-нұсқауларды түсіндіру мә-селесімен білімдар адам деңгейінде мұқияттылықпен жұмыс істеді [22].

1918 жылы құрылған Астрахан өлкесінің мұсылмандар әскери-саяси комиссариаты 1923 жылға дейін жұмыс атқарды. Жұмыс бабымен ол өзге комитеттермен де тығыз байланыста болды. Комиссариат өз міндетіне сай қазақты ғана емес, жалпы түркі тілдес татар, башқұрт, шешен, ноғай, дағыстан ұлт өкілдерін де қабылдап, жұмысын әскери-саяси бағыттағы шаралармен шектелмей, сонымен қатар әлеуметтік саланы қамтитын мәдени оқу-ағарту ісімен де айналысты. Астрахандағы білім беру саласындағы қызметкерлерге қысқа мерзімдегі курстар ашу мәселесі қозғалғанда, мұсылмандардың білім алу жағдайын арнайылап күн тәртібіне қойған. Мұсылмандарға арналған оқу орындары өте аз болған. Мұсылмандар мекендейтін аудандарда, қалалық жерлерде, ұлттық мектептерде ана тілі, арифметика, тарих сабақтары өткізілген. Мұғалім кадрларының аздығы балаларға толық деңгейде сапалы білім беруге кедергі болды, сол үшін мұсылман балаларының білім дәрежесі төмен деген түсінік қалыптастырды. Мектептерде жастармен қатар үлкендерді де оқыту қажеттігі туындады. Сондықтан да халыққа білім беру комиссариаты мұсылмандар бөлімі қызметкерлерінің білім дәре­же­ сін түсініп, оларға қысқа мерзімге курстар ашуды ойластырып, сапалы білім беруді көздеді. Астраханды мекендеген мұсылман өкілдерінің бар­ лығын­ сауаттандыру, оларға арнайы кәсіби мамандық беру мақсатында әскери-саяси комиссариат, білім беру бөлімі, Волга-Каспий қазақтары ревкомдары да өзара тығыз байланыста жұмыс істеді [23].

1920 жылы Қазақ автономиясын құру декреті қабылдануына байланысты Ресей Федерациясы мен Қазақ Автономиялы Республикасы аралық шекара бөлу үшін комиссия құрамы бекітілді. Бұл комиссия ішіне Н.Манаев та енді. Сол кезде Теңіз округі Ресей Федерациясының Астрахан қаласымен шекаралас болды [8]. Шекара бөлу комиссиясының төрағасы сол кезеңде белгілі мемлекет қайраткері Сейтқали Меңдешов болды. Бұл шарадан кейін Астрахан губерниясында, сол арқылы Ресей елінің қатарында есептелген Бөкей ордасы Синиморск, Сафоновка, Ганюшкино, Никольск-Жамбай территориясы Қазақстан жеріне енді [24].

Республикааралық территориялық бөлісу мәселелеріне қатысқан Н.Манаев Қиғаш өзенінің Қазақ Автономиялық Республикасы құрамына қалуы үшін ой қосып, өзіндік үлес қосты. Халқын патриоттық сезім мен қадірлеген, Отан сүйгіштік қасиетін іспен дәлелдеген Нұғыман Манаев­ тың тарихи қызметін осылайша ұрпақтар алдында үлгі тұтуға болады.

Н.Манаев 1921-1922 жылы Теңіз уездік атқару комитетінің төрағасы, 1922-1923 жылы Теңіз уезінің халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып,білім беру саласын ұйымдастыруда басшылық қызметтерді атқарды.

  • ғасырдың басындағы халықтық руханиятта, ағарту саласындағы басты мәселелердің бірі газет-журналдар шығару жұмысының мәні зор болды. Қазақстанның әр аймағында бұқаралық-ақпарат құрал­ дары халыққа қызмет істеді. Солардың қатарында Б.Қаратаевтың ұйымдастыруымен шығарылған «Қазақстан» газеті – тарихта қоғамдық-ағарту мәселесін көтере білген үлкен басылым бола білді. Халыққа білім беру саласын осылайша рухани жаңарту бастамасы мен көтеруге үлес қосу ниетін сол кездегі көптеген қоғам қайраткері‚ ағартушы педагогтар қолдайтындықтарын білдірді. Бұл орайда оларға рухани және материал­ дық көмек көрсеткендер: қаржылай қолдау жасаған Бөкей ордасынан – Шәңгерей Бөкеев, Жетісудан – Барлыбек Сырттанов, Семейден – Ықсан Рахимов т.б., Сейітқали Меңдешев пен халықтың білім-танымының кең болуын, заманға сай болуын ойлаған азаматтар ішінде, әрине, Нұғыман Манаев та болды. Н.Манаевтың қоғамдық ағарту саласындағы теориялық ойларын іс жүзіне асырушы, қазақтар арасындағы оқу, білім беру мәселелерін қолдаушы болғандығын оның осындай әрекетінен анық байқаймыз. Ал «Қазақстан» газетінің алдына қойған мақсаты, әрине, биік болды [25, 4-б.]. Н.Манаев кейіннен, яғни 1923-1925 жылы Бөкей губерниясының атқару комитеті төрағасының орынбасары, губерния­ лық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болады [26, 3-б.]. Бұл қызметтерді атқара жүріп, Н.Манаев педагогтық қызметтен бас тартқан жоқ. Қайта, керісінше, басшы адамның халыққа бар білге­нін үйретуден жалықпау керектігін дәлелдеуге тырысқан.

Орал қаласында 1913 жылы мұғалімдер семинариясы ашылып, кейін ол 1917 жылы 3 жылдық педагогикалық курс болса, 1922 жылы сол педагогикалық курстың негізінде оқу мерзімі 4 жыл есебімен техникум болып қайта құрылды. Алғашқы басшылық орынға А.Л.Каталов тағайындалды [27, 14-15-б.]. Мұғалім кадрларын білімді, тәжірибелі мамандармен толықтырып, педагогикалық техникумда арнайы кәсіби пәндерден басқа әлеуметтік, экономикалық ғылымдардан дәріс оқылды. Бұл оқу орны мұғалім әдіскерлердің басшылығымен, студенттердің қатысуымен сауатсыздықты жою ісіне үлкен үлес қосты. РСФСР халық ағарту комиссариатының бұйрығымен 1924 жылы педагогикалық техни-кумнан қазақ жастарын оқытатын курстар ашылды. Осы жылдан бастап, педагогикалық техникумда педология пәндері жүріп, оған арнайы кабинет жасақталды. Бұл даярлық курстарында қазақтың білімді педагогтары татар, қазақ жастарына сабақ берді. Ағартушы-педагог Нұғыман Манаев білім ордасына 1923 жылы 24 қарашадан бастап оқу жоспарында көрсетілген пәндерден дәріс оқу үшін жұмысқа алынады [28].

Білім беру, ағарту саласында жұмыс жасаған Н.Манаевты 1925 жылы үлкен территорияны қамтыған шаруашылық жағдайы күрделі Жетісу губерниясының бірінші хатшысы етіп тағайындады [29]. Оқу-ағарту бағытында қызмет еткен адамға сан алуан түрдегі ауыл шаруашылығы, темір жол, өнеркәсіп сияқты әлеуметтік-экономикалық өлкені біліммен басқару, ұйымдастыра білу шеберлігін қажет ететін губернияны басқарып, оның шаруашылығын жақсартып, заман талабына сай жұмыс жасай білу оңай еместігі түсінікті. Басты шешімі табылмай тұрған жер мәселесі күн тәртібінде бірінші орында тұрды. Құнарлы жерге орыс-қазақ болып таласу, одан ұлттар арасында араздық, кикілжіңдердің туып кетуі әбден мүмкін еді. Сондықтан Н.Манаев бұл мәселенің астарында саяси мән жатқанын түсініп, сақтықпен, сабырмен жұмыс істеді. Мал шаруашылығынан туындайтын ет, сүт, жүн өндіру секілді экономикалық мәселелердің түйінін көбейтпей, дер кезінде шешімін табу қажет болды. Өнеркәсіп орындарының жұмыс жасау деңгейі, оның экономикаға қосар үлесі, халықтың ауқатын жақсарту үшін өндірістік қатынастар мен өндірістік күштердің нығаюы күрделі мәселелер қатарынан саналуы – белгілі жағдай. Экономикалық әлеуметтік-саяси маңызы бар Түркістан-Сібір теміржол желісін салдырудағы Жетісу губерниясының қоғамдық іс-әрекеті қандай деңгейде болғандығын анықтап, осы мәселеге оң әсер ететін, олардың дамып өркендеуі ғылыми-техникалық жетістіктермен толығуы бүгінде зерттелуде. Мұндай аймақта білім беру, ағарту және мәдениет саласында жұмыс жасап, көркейтуге құлшыныс елеулі бола­ тын [30, 23-б.].

1927 жылы 19 наурыздағы губерниялық жиналыста М.Тынышбаевтың сөйлеген сөзі: «Жетісу темір жолы туралы әңгіме бұдан 20-25 жыл бұрын қозғалған. 1917 жылы және былтыр жол торабын салу айтылды. 1907 жылы теміржол құрылысы Оңтүстік Сібірге Түркістан арқылы өтетін болып, Жетісу аймағы назардан тыс қалды. Соңғы шешім бойынша Сібір-Түркістан теміржолы, Алматы-Алтын Емел бұл да талас мәселе болды, әрі қарай Сигий арқылы салынатын болды. Осы съезде Сібір-Түркістан жолын салудағы Жетісу губерниясына қатысты съезд делегаттары ше­ шім қабылдап, ол туралы Т.Рысқұловқа телеграмма жіберіледі» [31].

Өз кезегінде Н.Манаев теміржол салу халықтың өзара байланысын жақсартып, экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады деп есептеді. Ол Түркістан-Сібір теміржолын салып, оны табысты аяқтау мақсатында шет елдерден бізде жоқ мамандарды ғана шақыру керек, қалған қызметкерлерді жергілікті жерлерден алу абзал деген ойын білдірді. Бұл, бір жағынан, өз жеріміздегі жұмыссыздардың санын азайтып, өкіметтің қаржысын едәуір үнемдеуге көмектеседі, яғни шет елдерден келген қызметкерлерге қарағанда жергілікті адамдарға шығар шығын әлдеқайда төмен екені белгілі. Міне, осы сияқты күні бүгін де мәні жойыла қоймаған қоғамдық пікірді Нұғыман Сәрсенұлы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында айтқан болатын [32].

Н.Манаев «Жетісу шаруашылығын көтеру» атты «Еңбекші қазақ­» газетінде жарияланған мақаласында Жетісу губерниясының эконо­ микалық жай-күйіне жан-жақты тоқталады. Шаруашылықтың әр сала­ сынан мәлімет ала келіп, оларды өткен жылмен салыстырып, жұмыс жүргізудегі олқылық пен кемшілікті талдап, болашақта губерния өмірін қалайша жақсарту керек екендігін айтады. Бұл мақаладан сол кездегі Жетісудың жері – 24576,652 десятина, соның 10-11%-ы жайылым жер өсірмейтін дала болғаны, бүкіл губерниядағы 164086 қожалықтың 100 мыңнан астамы мал шаруашылығымен тіршілік еткенін; бүкіл егістік шаруашылығынан 1926 жылы базарға 77 600 пұт тауар өнімін, мал шаруашылығынан 2 500 000 пұт тауар түсіргені аян болады. Базарға түсетін аяқты мал бұған кірмейді. Оның саны 456 000 деп мөлшерленеді. Жетісу шаруашылығының дені мал шаруашылығы екенін айта келіп, су мәселесін шешсе, егістік алқапты көбейтуге болар ед» дейді мақала авторы Н.Манаев [33].

Губерниядағы барлық шаңырақтың 20-25 пайызы жер шаруашылы­ ғымен тіршілік етеді.­

«Барлық жердің жүзден бес жарымынан астамы егістік. Егер де қол­да бар суды түгелімен пайдаланса, егістік көлемін екі есе көбейтуге бола­ды» деген пікірлерді айтады.

Бұл тұста айта кететін жай – ол кезде кей жерлерде мал шаруашы­ лығы жер шаруашылығымен қатар жүргізілген.

Н.Манаевтың бағдарлауынша, Жетісу губерниясының 75-80 пайызы малмен, 20-25 пайызы жер шаруашылығымен шұғылданады. Осы мақаласында ол әрбір қазақ шаңырағы 1,80 десятина егін салса, сол кездегі бір шаруа мұжық қожалығы қазақтардан 10 есе артық салып, малды қазақтармен тең өсіреді екен дейді [33]. Жер шұқып, егін салуға кейбір қазақтың әлі де болса, жалқаулықтан арылмағандығын, бұл жөнінде орыстан үлгі алу керектігін айтқан. Жетісу губерниясы мал мен жер шаруашылығынан басқа, өнеркәсіп орындары бар өлкенің бірінен саналады. Өндірісті шикізатпен, қала тұрғындарын азық-түлікпен қам­ тамасыз ету үшін мал және егін өнімдерін көптеп өндіру керек еді. Халықтағы мал санының жыл сайын азайып бара жатқандығын айта келіп, ірі қара, жылқы саны төмендеп, салық төлеуге жеңіл болу үшін әрі сатуға ыңғайлы қой, ешкіні жаппай көбейте бастағандығын және бар малдың тұқымын асылдандырып, түрлі жұқпалы ауруларға қарсы емдеу жұмысын пәрменді жасау керектігін жалпы жұртқа түсіндірді.

Коммунистік партияның идеологиясын терең насихаттау барысында кедейлердің қоғамдағы беделін көтеру, бай-феодалдарды тап ретінде жою сияқты саяси жұмыстар жасалғаны бүгінде жасырын емес. Жетісу жеріндегі кедейлердің тап ретінде қалыптасуы мәселесіне тоқталды. «Қосшы» ұйымының жұмысына Н.Манаевтың қосқан үлесі зор болды

  1. Мақаланы бір губернияға қатысты деп қабылдау танымға тарлық етеді, оның әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын көтеру туралы ойлары тек қана Жетісу өңірі емес, жалпы республика бойынша жергі­ лікті­ губерниялар мен уездерде шешілуі қажет мәселе деп түсіну қажет.

Н.Манаевтың Қазақстан өлкелік партия комитетінің VI конфе­ ренциясында жасаған «Жетісу шаруашылығын көтеру» баяндамасы­­ ның негізгі мазмұны өнеркәсіп, темір жол саласына арналды. Халық шаруашылығын көркейту үшін, ең алдымен, байланыс мәселесін жолға қою, әрбір жұмысшының әлеуметтік тұрмысын көтеру сияқты ауқымды мәселелерді осы конференцияда баяндады. Мысалы, Жетісу губерниясында темекі, шұға фабрикасы, сыра, былғары зауыттары бар. Осыларда бірнеше қызметші жұмыс істейді. Үй-жайы өте нашар, жеткіліксіз, бірен-саран ағаш үйде еуропалық орыс жұмысшылары орналасқан. Ал қазақ жұмыскерлері шалғайдағы баяғы жеркепелерде, қала сыртында немесе пәтер жалдап тұрады [34]. Әрине, мұндай көріністен кейін өнеркәсіпті дамыту, өркендету мүмкін емес екендігін түсінген Н.Манаев жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды бірден-бір мәселе етіп қойды. Кейбір жұмысшылар көлігі жоқтықтан кеш қалып қояды немесе түн ортасында келіп, таң атқанша жұмысты тосып отыратын болған. Жұмысшының жан төзгісіз осындай жағдайымен санасып жатқан басшылар жоқ. Жұмыстан сәл кемшілік табылса, сорлыларды шығарып та жіберетін болған екен. Ал бірен-саран орыстар жақсы үйде тұрса, біз неге жеркепеде тұрамыз деген сияқты қазақ арасында наразылық пайда болып, қазақ пен орыс арасында ұлт мәселесі шиеленісіп кетуі мүмкін еді. Сондықтан түйіні қиын болса да, уақыт күттірмей, шешу қажет шараларды Н.Манаев партия қызметкерлерінің алдына қоя білді.

1475 шақырымға созылған теміржолдың 3/2 бөлігі Жетісу губер­ ниясының территориясы арқылы өтетін Түркістан-Сібір теміржол құ­ рылысын тездету, оны сапалы да уақтылы аяқтау керектігі туралы Н.Манаев баяндай келіп, тез арада шешуді ВКП (б) Орталық Комитетіне ұсыныс жасаған. 1920-1930 жылдары халық шаруашылығын жақсартып, ел игілігіне қызмет ету маңызды шаралардың бірінен саналған [33].

1926 жылы желтоқсанда КСРО еңбек және қорғаныс комитеті Түркістан-Сібір теміржолын салу туралы арнайы қаулы қабылдайды. 1927 жылы 2 наурызда РСФСР Халық Комиссарлар кеңесі аталмыш қаулыны қабылдап, бұл магистральдың Қазақстан мен Орта Азияның шаруашылығын салыстыруда екі мәселені атап көрсетеді:

Орта Азияның мақталы аудандарында, Сібір мен Жетісуда астық аймақтарын Сібір орманымен, оған керекті материалдармен қоса қамтамасыз ету арқылы мақта егісі көлемін ұлғайту;

Ресейдің Европалы бөлігін Орта Азия арқылы тасымалдап, астық пен ағаш экспортын шығару;

Қазақстан мен Қырғыз одақты 1927 ж, 18 наурыз Жетісуда Түркістан-Сібір темір жолы бойында жолаушыларды тасымалдау қызметімен ғана шектелмейді, ол экономиканың күретамыры екендігі белгілі. Қазақтың шалғай аймақтарымен өзара байланыстары сауда-саттықты өркендету, экономикалық сұранысты қанағаттандыру жолының маңыздылығын айтуға болады. Н.Манаев қоғам қайраткері ретіндегі еңбектерінде эко­ номикалық басшылықты да қоғамдық-саяси жұмыстарымен, білім беру мәселесімен ұштастырып отырды. Экономика, темір жол салаларында жергілікті маман-кадрларды даярлау бағытында да көптеген сүбелі істер атқарды. Теміржолшыларға арналған қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру, кәсіби мамандығын жетілдіру мәселесін ұдайы назарда ұстады.

  • ғасырдың І жартысында Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі күрт өзгерді. 1925 жылы желтоқсанда өткен өлкелік партия комитетінің V конференциясының «Ауылды кеңестендіру» туралы шешімі тап күресінің шұғыл шиеленісуіне түрткі болды [35, 338-б.].

1928-1929 жылдары Н.Манаев Ақтөбе губкомының бірінші хатшысы етіп тағайындалды [36]. Ол кезеңнің саяси сипаты бай-кулактарды жаппай тәркілеу, халықты күшпен ұжымдастыру науқанының қайнап тұрған шағы еді, мұндай кезде жұмыс жасау, мемлекет тапсырмасын орындау оңай болмады.

Ауыл-селолық жерлерде халықтың кейбір бөлігі әлі де болса өкімет саясатын жан-жақты түсіне алмай жатқандығы белгілі болды. Кеңес өкіметін ауыл тұрғындарына түгелдей дерлік мойындату, ал, қарсылық бағыт көрсеткендерді жазалау тәсілдерінің де қолданыла бастауы жанға батты. 1927-1929 жылдары әр түрлі саяси сылтаулармен қазақтың көрнекті мемлекет қайраткерлері Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев республика басшылығынан шеттетілді. Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев, Халық ағарту Комиссары С.Сәдуақасов, Жер Халық комиссары Ж.Сұлтанбеков және басқалар қызметінен алынды. Сондай-ақ КСРО-да ұлттық өлкелердегі басшыларды орнынан алу, маман-кадрлардың мекендерін ауыстырып отыру сияқты саяси әрекеттердің Нұғыман Манаевқа да әсері тиді. 1929 жылдың 24-шы мамырында Алматы қаласына басқа лауазымды жұмысқа­ шақырылып, Голощекин нұсқауымен оны Халық ағарту Ко­ миссариа­тының комиссары етіп тағайындайды [37]. Бұл жаңа сападағы қызметте кейін Нұғыман Манаев бірінші бесжылдықтың жоспарын жоспарлау мәселесіне белсене атсалысты.

Қазақстандағы елді мекендердің ағарту саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді талқылай келе, маңызды шараларды жүзеге асыру барысында жаңашылдық таныта білді.

Сол кезде Қазақстан құрамында болған Қарақалпақ Автономиялық облысының әлеуметтік жағдайын көтеру шараларын бастағанда да көрегендік танытты деуге толық негіз бар. Халық шаруашылығын білікті­ мамандарсыз көтеру мүмкін еместігін түсініп, білікті мамандар дайындау­ ісін бірінші мәселе етіп қойды.

Мақта шаруашылығын жүргізу үшін де адамдардың сауатсыздығы мен олақтықты жою жолында халық арасында болып, әңгіме жасау, оларға арнап агропункттерде, оқу залдарында дәрістер оқу т.б. жұмыстар­ жүргізу, Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтында жедел түрде 50 адамдық курс ұйымдастыру, оларға сәйкес келетін тыңдаушы контингентімен қамтамасыз ету тапсырылған.

Осындай кең ауқымда көрсетілген 1929-1930 жылдардағы мақта шаруашылығына байланысты шараларға:

Төрткөл мақта техникумы – 20.000 сом, тоғызжылдық Төрткөл мектебіне – 10.000 сом, Төрткөлдегі, Шымбастағы, Хожелідегі шаруа жастары мектебіне ШЖМ – 15.000 сом, тракторшы жүргізушілер мен механиктер курсына – 10.000 сом, агроөкілеттілік курсына – 5000 сом, партиялық кеңес белсенділері мен аграрлық сауатсыздықты жою курстарына – 5000 сом, Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтында курс дайындау үшін (ВТУЗ) 6500 сом жұмсалатыны мұра­ ғат құжаттарда сақталған. [38].

Мұндай мұрағат деректері Нұғыман Манаевтың тек қана бір саланың маманы – халық ағарту саласының іскері ретінде ғана емес, қай салада да өзін білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, көреген қоғам қайраткері болғанын дәлелдейді. Ауыл шаруашылығы басым болған сол кезеңде шаруалардың еңбегін жеңілдетуге бағытталған техникамен қамтамасыз ету шаралары қазіргі өндірісті инновациялау экономикалық реформаларымен үндесіп жатыр.

Қазақстанда сондай-ақ ұжымдық оқу мерзімімен шаруа жастарының мектебі (ШЖМ) болды. 1926 жылы сауаттылық Қазақстанда 25,2 пайыз, ал жалпы КСРО-да 56,6 пайызды құрады. Бұдан Қазақстанның Одақтағы басқа республикалардан пайыздық үлес жағынан едәуір кейін қалғандығын көреміз.

1927 жылғы 15 желтоқсанда жүргізілген санақтың деректері бо­ йынша, Қазақстанда бастауыш сатыдағы біліммен қазақ балаларының тек қана 20 пайызы қамтылды. Республикада барлық үлгідегі 4092 мектепте 277087 оқушы оқыды. Осыған дейін 1926 жылы мамыр айы­ ның өзінде Қазақ АКСР Халық Комиссарлар кеңесі бірінші «Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектебінің жарғысын» қабылдады. Онда 8 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды оқыту, соның өзінде ұлдар мен қыздарды бірге оқыту, мектепте қандай болмасын дінді оқытуға жол бермеу, онжылдық оқу мерзімі қарастырылады. 1928 жылы Қазақстанда бар болғаны төрт ФЗО (ФЗУ) мектебі мен екі кәсіптік-техникалық мектеп болды. Осы жылдары Халық ағарту комиссариаты тарапынан жоғарғы типтегі жалпы білім беретін мектептерде және кәсіби оқу орындарында оқитын жастарды стипендиямен, ал мұқтаждар балаларды оған қоса киімдермен қамтамасыз ету міндеті қойылды [39, 20-21-б.]. Бұл жарғыда жасөспірімдер мектебіне еңбек машығына үйрететін сабақтарды енгізе отырып, қолөнер мен техникалық бағытқа бейімдеудің қажеттілігі айтылады. І және ІІ сатылы мектептердің оқу бағдарламаларында да сол төңіректегі шаруашылыққа және үй тұрмысына қажетті еңбек дағды­ сына балаларды икемдеу жағы қарастырылады.

1930 жылы тамыздың 27-сі күні ҚазАССР үкіметі жалпыға бірдей мін­ детті оқу туралы Декрет қабылдады. Ол Декрет бойынша республи­ка­ дағы барлық баланы ешқандай топ, жікке бөлмей, жалпыға бірдей ортақ талаппен оқу міндеті қойылады. Жергілікті жердегі халыққа білім беру органдары осы бағытта сан қырлы күрделі жұмысты жүргізді. Сонымен, 1930-1931 оқу жылынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілгенде көшпелі аудандар әзірше қамтылмай, олардың жалпыға бірдей міндетті оқуға тартылуын 1931 жылдың көктемінен бастап енгізу рұқсат етілді. Өйткені бұл аудандар отырықшы және жартылай отырықшы болды. Осыдан келіп, Халық Ағарту комиссариаты көшпелі аудандар үшін оқу жылының төмендегідей құрылымын бекітуге мәжбүр болды.

Халық бір жерде ең көбі үш-төрт ай отырғандықтан, бұқаралық мектептің негізгі түрі жылжымалы мектеп болуы керек. Олар уақытша сипаттағы шараларды атқарады. Өйткені көшпелілікте олар қалыпты бұқаралық еңбек политехникалық мектептерге айналады. Сондықтан бағдарламалық қысқарту мен оқу уақытын қысқартудан жылжымалы мектептер тыйылды.

Ол мектептерде сабақтар көшпелі халықтың шаруашылық-эконо­ми­ калық мүддесіне сәйкес жыл бойы жүргізілді. Үзіліс, шын мәнінде, сабақ оқу мүмкін емес жағдайлардағы уақытқа тураланады. Осындай кезең­-дер күз бен көктемде, көшпелілер жаппай қыстаудан, ал күзде жайлау­ дан көшкенде 20-30 күн бойы оқуға арналып, 2-3 күн дем алуға мүмкін­ дік берумен ғана шектелген.

Гурьев, Ақтөбе округтері көшпелі аудандарының мектептерінде са­ бақтар 15 сәуірден, ал қалған аудандарда бірінші сәуірден бастала­ ды. Сонымен, Қазақстандағы бастауыш мектеп сегіз бен он бір жас арасындағы барлық баланы қамтыды, ал жоғары үлгідегі мектептер жеті жылдық жалпыға бірдей оқуды енгізу проблемаларын шешуге жуық­тады­. Оқушылардың негізгі көпшілігін ауыл еңбекшілері мен жұмысшылары­ ның балалары құрады. Мектеп ілгері қарай оқу мен өндірісті біріктіру жолымен едәуір жылжыды. Дегенмен, жетістіктерге қарамастан, өмірдің осы кезеңдегі талаптарына әлі де сәйкес болған жоқ.

Бұл кезеңде мектептің негізгі кемшілігі – техникумдар мен жоғарғы оқу орындарына дайындық үшін қажетті білім мөлшерін бере алмады. Сондай-ақ политехникалық оқытуда да кемшіліктер байқалады. Сон­ дықтан РСФСР ХКК мектепті техникаландырудың жоспарын жасады, соған сәйкес жұмыстар республикадағы барлық облыста жүргізілді.

Әлеуметтік-мәдени шараларының жоспарында бұрынғысынша – бірінші қатарда халықтың әр түрлі топтары арасында сауатсыздықты жою мәселесі тұрды [39, 22-б.]. Осылайша Нұғыман Манаев Халық ағарту комиссариатының комиссары болған тұста халық арасындағы сауатсыздықты жою, мектеп жасындағы балаларды оқуға тарту, ересек адамдардың жұмыстан бос уақытында білім алу қажеттілігін ұйымдастыру шараларын табандылықпен қызмет жасағанын көруге болады.

1930    жылы   шілденің     29-ы     күні   денсаулығының   нашарлауына байланысты­ Халық ағарту коммиссариатының комиссары жоғары лауазымнан Голощекиннің бұйрығымен босатылады [40]. Содан кейін ол шығармашылық жұмыспен айналысуға ден қояды. Н.Манаевтың өмірі мен ғылыми шығармашылық үшінші кезеңінде «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Казақстан» газеттеріне мақалалары жарияланады.

1934 жылы саяси идеологияны насихаттау барысында «Ленин әліппесі» деген коммунистерге арналған оқулық жазады. Бұл сол кезеңдегі ересектердің саяси білім алуына жасалған қажетті адамдар­ дың бірі ретінде саналады. Ол заманның тәртібіне сай ұлт‚ халық қамын ойлағандардың «саясатқа қайшы» пікірлері мұқият қадағаланып «ерекше папкаға» түсіп отырды. Тоталитарлық езгі машинасы үздіксіз жұмыс істеп келді. Ақырында, 1937 жылы тұтқындалған Н.Манаев 1938 жылы наурыздың 7-сі күні «халық жауы» деген сылтаумен атылды.

Қазақ совет энциклопедиясының 7-томында Н.Манаевтың өмірден өткен жылын 1942 жыл деп көрсеткен, бұл деректің шындыққа кел­ мейтіндігін мұрағат құжаттары мен тарихи зерттеу еңбектері дәлел­дей­ді [41,440-б.].

Н.Манаевтың қуғынға түсуіне сылтау – оның «Имам-Ислам» оқулығы мен «Ғалия» медресесінен алған діни сауаты еді. Бұл жөнінде мұрағат құжаттарында өлкелік бақылау комиссиясына И.Доспановтың саяси хабарламасы берілген, онда Н.Манаев «Имам-Ислам» деген оқулығын жазған. Бай Мамановтармен, Теңіз уезіндегі балық шаруашылығындағы ірі кәсіпкер У.Танашевпен байланыста болған» деп жазылған [42]. Бұл оны қуғынға ұшыратуға, сөйтіп, ату жазасының берілуіне желеу болған. КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының төрағасы, юстиция генерал-майоры А.Костроминнің 4 H – 1719/58 бұйрығымен Нұғыман Сәрсенұлы Манаевты ақтап шығарады. Бұдан кейін саяси тұрғыдан ақталған Н.Манаев жайында Ә.Сәрсенбаев, С.Дәулетқалиев т.б. қаламгерлер естеліктер мен мақалаларын жариялады. 1980 жылы Гурьев облысы Теңіз ауданы Калинин совхозындағы мектепке қоғам қайраткері, ағартушы-педагог Н.Манаевтың есімі берілді [43].

1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен соң үрей билеген‚ пікір айтуға батылы бармайтын көнбіс халық қана қалды. Сол жылдардан Сталин дүниеден өткенге дейінгі аралықта Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса‚ оның 25 мыңы (!) «ОГПУ-НКВД үштіктері» үкімімен атылған. Олардың негізгі бөлігі – халықтың қадірлі азаматтары‚ ұлттың қаймағы [7, 137-б.].

М.Қ. Қозыбаев «Тарих зердесі» деген еңбегінде осындай құнды пікірлеріне тоқтала келіп, Нұғыман Манаев та осы жылдары атылған еліміздің абзал азаматтарының бірі ретінде атаған.

Қорыта айтқанда, Н.Манаевтың ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстанда қалыптасқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік жағдайларда азаматтық, басшылық сападағы қосқан үлесі зор. Оның оқу-ағарту саласын, білім беру жүйесін қалыптастырып, мектеп өмірін жаңартуға қажетті құнды еңбегі мен пікірлері педагогика тарихы үшін де елеулі болып қалмақшы. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын көтеруге барынша үлес қосып, ұйымдастыру шараларын жасай білген қоғам қайраткері ретінде тұлғалық орны ерекше азамат күйінде тарихта есімі ардақталуға тиіс.

 

Ғабит ҚАБЕКЕНОВ,

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік

технологиялар және инжиниринг

университетінің педагогика және

психология кафедрасының доценті, PhD доктор,

Ақтау қаласы

 

1 ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 16-тізбе, 2317-байлам, 3-парақ.

 

2 Тәжімұратов М. «Ғалия» медресесі // Қазақ әдебиеті. 1996. 28 мамыр, №22.

 

3 Дәулетқалиев М., Нығыметов Е., Сәрсенбаев Ә. Қажырлы мемлекет қайраткері. // Коммунистік еңбек. 1980. 9 август.

 

4 Кәкішев Т. Садақ. – Алматы:Жалын, 1986. – 264-б., 62-б., 137-б.

 

5 Манаев Н. 1916 жыл туралы есімде қалғаны. // Еңбекші қазақ газеті. 192-6. 2 август.

 

6 «Қазақ» газеті. – Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы:

 

Қаз. Энциклопедиясы, 1998. – 560-б.

 

7 Қозыбаев М. Тарих зердесі. (Замана асуы), 1-кітап. – Алматы:Ғылым 1998. – 344-б.

 

8 Серікқалиұлы З. Тағдыр және біз. – Алматы:Ана тілі 1996. – 320-б.

 

9 Нұрпейісов К., Құлкенов М., Хабижанов Б., Мектепов А. Халел Досмұхамедов және оның шығармашылығы. – Алматы: Санат, 1996. – 176-б., 63-б.

 

10 Зиманов С., Дулатова С., Исмагулов М. Казахский отдел народного комиссариата по делам национальностей РСФСР. – Алма-Ата:Наука Казахской ССР 1975. – 221-с.

 

11 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306–қор, 2-тізбе, 161-іс, 65-парақ.

 

12 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306-қор, 2-тізбе, 161-іс, 66-парақ.

 

13 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306-қор, 2-тізбе, 161-іс, 66-парақ.

 

14 Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы: Санат, 1995. – 35-б.

 

15 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306-қор, 2-тізбе, 161-іс, 67-парақ.

 

16 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306-қор, 2-тізбе, 161-іс, 67-парақ.

 

17 Тәжімұратов М. Ғұмар Қараш. – Атырау: Арыс, 2005. – 384-б., 22-б.

 

18 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306-қор, 2-тізбе, 161-іс, 70-парақ.

 

19 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306-қор, 2-тізбе, 161-іс, 68-парақ.

 

20 Қабекенов Ғ. Қоғам және мемлекет қайраткері // Қазақ тарихы журналы. №4. 62-

63-б.

 

21 Астраханский областной государственный архив. фонд-386, оп-2, дело-5.

 

22 Астраханский обласной государственный архив. фонд-386, оп-2, дело -95.

 

23 Астраханский областной государственный архив. фонд-386, оп-2, дело - 95.

 

24 Астраханская область. Справочник. Нижно-Волжское книжное издательство. 1994.

– 336-с.

 

25 Қорқытов Б. Заңгер Бағытжан Қаратаев // Атырау. 2003. №25. – 4-б.

 

26 Сәрсенбаев Ә., Дауымов С. Жұртым деп соққан жүрек // Жас Алаш 1994. №137. –

3-б.

 

27 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306–қордың көрсеткіш кітапшасында. 14-15-б.

 

28 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты 306–қор. 1-т. 24-іс. 32-парақ.

 

29 Алматы облыстық-мемлекеттік мұрағаты 489-қор, 4-тізбе, 287-іс, 161-парақ.

 

30 Нығыметов Е. Ағартушы әрі қоғам қайраткері // Қазақстан мұғалімі. 1980. 8 август.

№3. – 23-б.

 

31 Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты. 489-қор, 4-тізбе, 287-іс, 161-парақ.

 

32 Нұғыман Манайұлының жасаған баяндамасы // Тілші. 1927. №238.

 

33 Манаев Н. Жетісу шаруашылығын көтеру туралы ойлар. // Еңбекші қазақ. 1926. 2 август №166

 

34 Манаев Н. Қосшы ұйымында жасаған баяндамасы. – Алматы, 1927.-35-б.

 

35 Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк). – Алматы:Дәуір, 1994. – 445-б., 338-б.

 

36 ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 16-тізбе, 2317-байлам, 11-парақ.

 

37 ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 1-тізбе, 2388а-байлам, 293- парақ.

 

38 Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қор, 3-тізім, 31-іс

 

39 Құнантаева Қ. Қазақстанда халыққа білім беру ісінің дамуы. 1917 -1990 ж.ж. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998. – 138-б.

 

40 ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 17-тізбе, 422-байлам, 47-парақ.

 

41 Қазақ совет энциклопедиясы. Т.7. – Алматы,1975. 648-б.- 440-бб.

 

42 ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 16-тізбе, 2317-байлам, 6-парақ.

 

43 Қасымов С. Нұғыман Манаев есімі берілді. // Ленин жолы, 1983. 10 сентябрь.

 

 

 

Тип материала: 
Тұлғалар