Ішкі Орданың атқа мінген адамдарына

Дүниені тегіс өрт алғандай заман болып тұр: әр жұрт та жұртшылығын айтып жан сақтау, бас қорғаудың қамын істеп жатыр. ...ын жан сақталып, бас қорғалар ма, жоқ па, ол екінші сөз, оны келер шек көрсетеді. Кеше Орынборда жалпы Алаштың азаматтары бас қосып, әр нәрсе туралы тоғыз күн толғандырып кеңес жасап еді: со тоғыз күн кеңескендегі съездің мүде-мақсұты: ен далада жайылып жатқан малдай, өзінен басқаның бәрі жау, құралдан бос, өнерден кеш қалған қазақ-қырғыз жұртын мынау келе жатқан өрттен қалай аман алып қалу жайы еді. Бұ жаһан соғысында біз сияқты талай жұрт қаза тауып, жоқ болып кетіп отыр. Біздің бұ күнге дейін аман қалып отырғанымыз жұрт озған жүйріктігімізден, ие болмаса жасанған қолды бұзған батырлығымыздан емес, соғыс шалығы біз тұрған жерден аулақтығынан еді.

Енді соғыс Русияның өз арасына келіп орнап, халық соғысы (гр. война) деген соғыс болып отыр. Бұ соғыс анау соғыстан қорқыныштырақ, жаманырақ. Мәнісі, анау соғыста аз да болса тәртіп болады, бас болады. Онда басшылары «ал, соғысалық» десе, соғысады. «Құрталық» десе құртады. Бұл халық соғысында бас та, аяқ та болмайды. Мұнда кім күшті, сол күшсізді өртейді, өлтіреді, малын, шаһарын тартып алады. Әлпештеген мағсұм (ару) балаларын көз алдында зая қылады (Құдай бермесін). Міне, осы істің бәрі ішкі Русияда басталып отыр. Тал түсінде талайлар таланып, талайлар бауыздалып, асылып-кесіліп қалып отыр. Уездердегі адамдар бас қорғап қашып жатыр. Бұ соғыс хүкімет күшсіз, тәртіпсіз болуы себепті жылдам басылмайды, бұл неше жылдарға кетуі ыхтимал.

Жаман айтпай жақсы жоқ, осы өрт, осы қырғын ертең қазаққа да келсе, сонда бізің қазақтың етер не амалы, не қаруы бар?

Кешегі сиезде тоғыз күн толғанған қайғы осы қайғы еді: Съез қаулысының байлауы – әуелі қазақ былайғы жұрттардай өз тізгіні, өз билігі өзінде болатын айырым автаномиялы ел болуы; – екінші, шеттен келер жолбасар ұябұзарлардан сақтанатын милиция жасау болып еді. Бұл съезде әр елден сайланып барған, шақырылып барған басты адамдар бәрі де дерлік барып еді. – Съездің қаулысын жарыққа шығару, елдің, елдегі сіздей атқа мінгендердің борышы Хан Ордасында бұ күнде бас болып тұрған азаматтар тез арада жалпыордалық съезін жиып, съездің қаулысын жұртқа жар етіп, түскен салғырттарын дұрыс бөліп орындау үшін ыжтиһад етпек керек. «Бүгін басым аман, ертеңгіні есептеп не қыламыз» деу адамшылық емес. Ел ішіндегі таққа таласуды биылша қоя тұрсақ та болар.

«Алаш» деп ұран салып, Аллалап іс басталық, бөлініп жарылмалық, қашан да бөрі бөлінгенді жейтін.

Екі талай іс болып,

Елге қиын күн туды.

Аспанда ай, күн тұтылып,

Жер жиһанды қан жуды.

Көзі ашық елдер қам етіп,

Ертерек бекем бел буды.

Тіршілік керек бізге де,

Қоялық енді наз қууды.

Үрім-бұтақ хақы үшін

Қорғалық, Алаш, жер-суды.

Көрінетін ерлігің.

Білінетін бірлігің,

Күн туды, Алаш, күн туды.

Ғұмар ҚАРАШҰЛЫ

Содержание: 
Тип материала: 
Газеттер шықандар