Ілияс ЖАНСҮГІРОВ

Жансүгіров Ілияс – ақын, қоғам қайрат­ кері. 1894 жылы 5 мамырда бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы) туған. Алғашында өз әкесінен, ауыл молдаларынан сауат ашқан.

Қарағаш ауылында жәдитше бастауыш мектепті бітіреді. Зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың дерегінше, Ілияс «Мамания» мектебінде Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің шәкірті болған. (М.Ысмағұлов өз естеліктерінде 1930 жылдары Ілияс Жансүгіровпен кездескенін, Мұстафаның бөкейлік екенін естіген соң Ілияс одан Ғабдолғазиз Мұсағалиев туралы сұрағанын айтады. М.Ысмағұловтың жазуынша, Ғ.Мұсағалиев 1917-1918 жылдары шығарған «Ұран» газетінің сандарын Жетісуға І.Жансүгіровке жіберіп отырған). Ілияс Жансүгіровтің «Кек», «Көбік шашқан» атты поэмалар мен «Исатай-Махамбет» пьесасын жазып, Батыс Қазақстан өңірінде өткен тұлғалардың тарихына қызығушылығына да ұстазы Ғ.Мұсағалиевтің әсері болуы мүмкін.

1919 жылы І.Жансүгіров Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түседі. Оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы Верныйдағы (Алматыдағы) Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады. 1925 жылы Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға түсіп, 1928 жылы бітіріп шыққан соң, «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке жіберіледі. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдас­ тыру ісіне де белсене қатысқан. Бұрынғы ҚазАПП (1926) таратылған соң, 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланып, 1934 жылы өткен 1-съезге дейін қызмет істейді. Съезде Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланды. 1934-1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы, сонымен бір мезгілде 1933-1936 жылдары Қазақ АКСР-ы ОАК-ның мүшесі болды.

1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілген.

Тип материала: 
Тұлғалар