Ғұмардан қалған сөз

Толғатып Ғұмар Қараш жырды жаңа, Өр халық қағанатын құрды дара. Оянып ұйқысынан қалың қазақ, Боялып қызыл қанмен тұрды дала.

 

Шеңгелі ақ патшаның таза қысқан, Баба өтті өкініш пен наза құшқан. Қасқайып тұрған ерлер жел өтінде, Бастауы бар газеттің – «Қазақстан».

 

Сұңқары көкте самғап, сыналды өнер, Айналып сөз қаруға, тұмарға өлең. Қорғаған Алаш арын, ұлт намысын Ордадан газет шықты «Ұран» деген.

 

Нарында тоғысқандай барлық алып, Жарқырап сөз алауы жанды ма анық. Кеткенмен Шәңгерейлер шетке ығысып, Өткеннен сабақ алып қалды халық.

 

Дарын көп мақтан еткен Жайық атын, Мұхиттың «Айдайымен» қайыратын. Дүркіреп өлең көші жол тартқанда, Күркіреп тұрғандай ма Тайыр ақын!?

 

Кісенді, бұлқынғанда, тарлан үзген, Толқын бар омыраулап алға жүзген. Жол басын талай талант жалғайды анық Өр Қасым Оралында салған ізбен.

 

Арайлап атады әркез таң да осында, Тойлайды туған газет сан жасын да. Ұрандап кейінгі ұрпақ шығар алға Ғұмардан қалған сөздің арқасында!

 

 

Ғайсағали СЕЙТАҚ