Ғұмар ҚАРАШ

Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте Қырқұдық деген жерде (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы) Әуелі ауыл молдасынан оқып, хат танып, кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты моллалардан, Жалпақтал (қазіргі Фурманов елді мекені) қаласында Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, медресе бітіреді. Бұдан соң 1902-1910 жылдары өзі туып-өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытады.

Ғұмар Қараш – көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Оның 1910-1918 жылдарда Қазан, Үпі (Уфа), Орынбор қалаларынан «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел-хажы», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын, эпостық жырларды жинап, 1910-1912 жылдарда Орынбор қаласынан «Шайыр», яки қазақ ақындарының басты жырлары», «Көксілдер», яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уа ғайри мағыналы жырлар» деген екі жинақ шығарады.

1911-1913 жылдары әуелі Орда, кейін Орал қаласында шығып тұрған «Қазақстан» газетінің басы-қасында Ғ.Қараш жүріп, көптеген мақала жариялады.

Ғұмар 1917 жылы шілдеден бастап шыққан «Ұран» газетіне де белсене атсалысты. Газеттің №6 санында (1 қыркүйек 1917 жыл) «Ұран» газеті туралы» өлеңін, №20 санда (31 желтоқсан, 1917 жыл) «Айырым мүфтилік» туралы хабарландыру, ал №24 (16 ақпан, 1918 жыл) нөмірде «Ішкі Орданың атқа мінген адамдарына» атты мақаласын жариялаған. Бұл кезеңде Ғ.Қараш Орынбордағы қазақ съезінің шешімімен қазақ мұсылмандары өз алдына муфтилік құрылғанда, қазақтан сайланған төрт қазының бірі болғаны көрінеді.

Ғұмар Қараш 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді. Ғұмар сол жылғы желтоқсанда Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда тартымды баяндама жасайды.

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы діни мансабын біржола тастап, елге нақты қызмет ету, әлеуметтік өмірге белсене араласу жолына ойысады. Сөйтіп, туған елі Жәнібекке келеді. Ордадағы педтехникумда сабақ береді. 1918 жылғы 24-ші қыркүйекте болған Бөкей губерниясы мұғалімдерінің I съезіне және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния кеңестерінің I, II, III, IV съездеріне делегат боп қатысады.

Ғ.Қарашқа Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын «Мұға­лім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми-пән журналының шығарушылар алқа­сын басқару жүктеледі. Бұл – тұңғыш қазақ кеңес педагогикалық журналы­ еді. Ғ.Қараш осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды.

1919 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің жұмысына оның алқа мүшесі және белсенді тілшілерінің бірі ретінде қызу атсалысқан.

Ғ.Қараштың 1920 жылы 21 маусымда II Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайланады. Сол жолғы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі. 1921 жылы 12 сәуірде ақынды жаулары Құнаншапқан деген жерде азаптап өлтірген. Ақынның мезгілсіз қазасы хақында «Қазақ тілі» (1921, № 136) газеті: «Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне білімді, пікірлі қызметкерлердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындар қолынан қылышпен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрегімізге от жағады», – деп жазды.

Тип материала: 
Тұлғалар