Ғұлама Ғабдолғазиз

ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Бөкей ордасынан шыққан қазақ зиялыларының арасында шығыс мәдениеті мен әдебиетін жете меңгерген, Кабул мен Мысырда қос университет бітірген, жеті жұрттың тілін білген ғұлама ғалым Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің орны ерекше.

Білімпаз үш буын

Қазан төңкерісіне дейін қазақ жерінен ұзап шығып, әлемге әйгілі университеттерде жоғары білім алған бөкейлік зиялылар тобын үш буынға бөлуге болар еді:

 

Әуелгі аға буын – Мұхамед-Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамбетов, Юсуп Ниязов, Сұлтан Шалабаев, Мырзағұл Саңғырықов, Сұлтан-Мұрат Жантөрин, Сақыпкерей және Ғұбайдолла Жәңгіровтер, Шәңгерей Бөкеев. Бұлардың Ғұбайдолладан басқасы 1860 жылға дейін Орынбордың кадет корпусын бітіріп, Жәңгірдің хан ставкасында, кейін «уақытша кеңестің» тұсында Орданың округ-қисымдарында правитель болып, ел басқарды.

Орта буын – Шарафуддин Шығаев, Өтешқали Аманиязов, Бақтыгерей Құлманов, Мұстафа Көкебаев, Шахмұрат Харабаев, Мұханәлі Шынтеміров, Нұрым, Жұмағали Қарабаевтар, Меңдіғали Мұқашев, Жарас Әзербаев, Әжіғали Шынтасов және басқалары 1860-1890 жылдары Санкт-Петербургтен білім алды, көпшілігі Орынбордың кадет корпусын бітірді. Бұл буын әр жылдары Бөкей ордасының округ-уездерін басқарған.

Үшінші буын – кейінгі толқынға жататындар: Уәлитхан Танашев, Батыр-Хайыр мен Абдол-Кәрім Ниязовтар, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ғұмар Қараш, Ишанғали Меңдіханов, Нұрмұхан Ақбаев, Ғұсман мен Ибраш Танашевтар, Фазыл мен Шафхат Бекмұхамбетовтер, Сейітқали Меңдешев, Мәжит Шомбалов, Мүбина Ниязова, Нұғыман Залиев, тағы басқалары. Бұлардың барлығы да елдің бостандығы үшін ұлт-азаттық қозғалысқа белсенді араласқан қайраткер, абзал жандар. Бұл ұрпақ түгелімен кешегі совет үкіметі заманында саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Жиһан кезген

 

Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1888 жылы Астрахан губерниясының Бөкей ордасында, қазіргі Қазталов ауданының Қараоба ауылдық округіне қарасты Әбдіраш ауылында ауқатты, сол аймаққа танымал әулетте дүниеге келген екен. Руы – Нәртелі Қостаңбалы. Әкесі заман талабына сай білім алған, ел арасында өзінің әділ, жанға жағымды қасиеттерімен, жомарттығымен танылған адам болған.

Ауыл молдасынан ескіше хат таныған бала Ғабдолғазиздің білімге талабын байқаған әкесі оны Қазан медресесіне жібереді. Сөйтіп, Ғабдолғазиз Қазандағы Алатай (М.Тәж-Мұрат Апанаев деп келтіреді) медресесінің табалдырығын аттайды. Мұнда ол шариғатпен қоса, жалпы ислам дінінің, шығыс халықтарының тарихынан сусындайды. Араб, татар, орыс тілдерін жетік меңгереді. Медреседен кейін арнайы ақсүйектер мектебінде оқиды. Соңынан зайырлы мектепке ауысады. Осы мектепте жүргенде қазақ тарихын зерттеп, ел аузынан әдеби мұраларды жинауға ден қояды.

  • ғасырдың басында медресені ойдағыдай аяқтап, еліне оралғанда өзіне қамқоршы болып, білім алуына барлық жағдай жасап жүрген әкесі қайтыс болады. Ал шаңыраққа ие болып қалған ағасы Ғабдолғазиздің білім қуғысы келетін ниетін онша қолдамапты. Бірақ әке дәулетінен өзіне қалған еншісін ақшаға айналдырып, Ғабдолғазиз Мысыр еліне, Каирге оқуға кетеді. Мұнда ол атақты әл-Азһар университетінің заң факультетіне түседі.

Әлемге әйгілі Каир университеті қабырғасында Ғабдолғазиз Мұсағалиев өзінің бар қайрат-жігерін терең білім алуға жұмсайды. Шығыс халықтарының тарихын, этнографиясын, жыр-қиссаларын зерттеп, мұсылман құқық жүйелерімен жетік танысады. Мысыр кітап­ханасын шарлайды. Ғабдолғазиз 1907-1908 жылдары университетте жүрген кезінде араб тіліндегі «Гүлжиһан» дастанын жаттап алған. М.Ысмағұловтың өз естелігінде: «Мен Ғабдолғазиз Мұсағалиевті көрген адаммын. Оның терең білімі, сауаттылығы таң қалдыратын. Әсіресе, «Гүлжиһан» дастанын жаттап алуын ерлік деп есептеймін» деген.

Мысыр университетін бітірген соң Ғабдолғазиз Үнді мұхиты арқылы кемемен бүкіл Африка, Азияны аралайды. 1909-1910 жылдары Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония сияқты Шығыс елдерінде болады. Жүріп өткен жолдарын, ол жерде тұратын ұлттар мен ұлыстардың тұрмыс-тіршілігі жайлы ғылыми-танымдық мақалалар жазады. Мысалы, «Айқап» журналының 1914 жылғы 24-санында «Мысыр» деген мақаласы жарық көрген. Осы сапар барысында көптеген құнды жазбалар, күнделіктер де жазылған. Бірақ, өкінішке орай, кейін Қазан төңкерісі кезеңінде олардың бәрі жоғалып кеткен.

Сапарының соңында Ғабдолғазиз Порт-Артур арқылы Владивосток қаласына келеді. Сосын теміржолмен Новоузенск стансасына жетеді. Бұл станса Қараобаға 35 шақырым болатын. Осы бекетте Ғабдолғазиз Мұсағалиевті қарсылауға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш секілді ел азаматтары шығыпты. Сөйтіп, Қайырда оқыған қазақ талай жылдан соң туған ауылына аман-сау оралады.

 

Полиглот, баспагер

Академик С.Зиманов, зерттеушілер С.Дәулетова, М.Ысмағұлов Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің сегіз тілді жетік меңгергенін айтады. Соның ішінде араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, орыс, испан, француз тілдерінде мүдірмей оқып, аудара және жаза да білген.

Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің есімі қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарымен де бірге айтылады. Мысалы, қазақ жерінде шыққан тұңғыш қазақ басылымы – «Қазақстан» газетін шығарушы 27 адамның бірі Ғабдолғазиз болған. «Айқап» журналын шығарушы Мұхамеджан Сералинмен де достық қарым-қатынаста болады. Ол 1912-1914 жылдары «Қазақ», «Айқап» сияқты ірі басылымдарда көлемді ғылыми-танымдық бірнеше мақала жариялады. Оның ішінде қазақ халқының 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілхайыр тұсындағы Ресейге қосылу жөнінде мақала да бар. Өзінің «Қазақ жайында» атты тарихи очеркінде Ғабдолғазиз мәселеге заңгер ретінде құқықтық сараптама береді.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін де Ғабдолғазиз Ресейде шығып тұрған «Шора» және «Тәржіман» журналдарында, «Уақыт» («Вахт») атты татар газетінде бірнеше мақала жазған. Оның мақалалары қазақ халқын бостандыққа, теңдікке шақырып, халықтың ұлттық санасын оятуға үлкен әсерін тигізді.

1917 жылдың ақпан айында патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет құрылғанда Ғабдолғазиз Мұсағалиев («Ғ.Мусин» деген бүркеншік атпен) Орал қаласында шілде айынан бастап өз әріптестерімен бірге «Ұран» («Призыв») деп аталатын жартылай ресми газет шығарады. Ұлт істері Комиссариатының қазақ бөлімшесі Бөкей облысына көшкенде «Ұран» газеті Қазан төңкерісінің мұраттарын насихаттайды. Бұл газет бетінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1917 жылы желтоқсан айында Ордада революциялық комитеттің құрылуын қостаған.

Ордада 1918 жылы 17 қарашадан бастап «Хабар» және «Известия» газеті шыға бастағаны белгілі. Бұл қазіргі «Орал өңірі» газетінің бастауы болатын. Осы газет 1919 жылғы 20 ақпаннан «Дұрыстық жолы» деген атаумен шыға бастағанда оның редакция алқасында Мұстафа Көкебаев, Ғұмар Қарашев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиевпен бірге Ғабдол­ ғазиз Мұсағалиев те болған.

 

Ағартушы, аудармашы

Ғ.Мұсағалиев өмірінің тағы бір ерекше қыры – ұстаздығы. 1899 жылы Жетісу облысында 3 жылдық «Мамания» медресесі дүниеге келіп, 1909 жылы 8 жылдық мектепке айналған еді. Мектеп жанынан интернат ашылып, онда кедей-кепшіктің балалары ақысыз оқытылды. Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Сұлтанбек Берсүгіров, Мейірман Ермектасов, Әубәкір Жайшыбеков, ақын Сара сияқты атақты адамдар сауатын осында ашқан. Ал медресеге білікті ұстаздар «Айқап» журналы арқылы конкурстық негізде шақырылыпты. Осындай таңдаулылардың қатарында Ф.Есенгелдина, М.Малдыбайұлы, Ф.Жиһангерұлы, З.Назарұлы сынды ұстаздардың қатарында Ғабдолғазиз Мұсағалиев те болған.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1911 жылдың күз айларынан бастап «Мамания» мектебінде меңгеруші қызметін атқарады. Ол мектеп бағдарламасын өзі жасап, қай пәнді қалай оқыту қажеттілігін оқушылардың санына және сапасына қарай өзгертіп отырыпты. Мектеп шәкірттері оқу барысында жазу, арифметика, Құран, география, Пайғамбарлар тарихы, Ислам тарихы, зоология, татар тарихы сияқты пәндерді меңгеруге міндетті болған екен.

Патша құлап, ақ пен қызыл тартысқан аласапыран кезде де Ғабдолғазиз ағартушылық жұмыстарынан қол үзбеген. 1918 жылы 2-5 қыркүйекте Орда қаласында Бөкей губерниялық мұғалімдердің І съезі шақырылғанда Ғабдолғазиз Мұсағалиев делегат болып сайланып, оның президиумының тұрақты төрағасы болады.

1919 жылы 15 сәуірде РСФСР-дың Ұлт істері жөніндегі Халық ко­ миссариаты Қазақ АССР-ын құруға дайындық жұмысты бастауға оннан аса қайраткерден тұратын ынталы топ құрамын бекіткенде солардың ішінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев те болатын. Алайда жұқпалы сүзекпен ауырып, ұзақ уақыт денсаулығы түзелмей, бұрынғыдай іске жігерлі кі­ рісе алмайды. Бірақ ағартушылық жұмыстан қол үзбейді. Ауылдық жер­ лерде­ мектеп салдырып, кедейлердің, шаруалардың балаларын Тіленшісай, Жақсыбай, Әбдіраш ауылдарына оқытуға атсалысады. «Нариман­ бек Нариманов» атты несиелік серіктестікті (кредитное товарищество) ұйымдастыруға белсене қатысады.

1920 жылы Бөкей губерниясынан бір топ мәдениет, әдебиет, өнер қайраткері делегациясы РСФСР Халық ағарту комиссариатының шақыруы бойынша Мәскеуге барады. Осы делегация құрамында Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ғұбайдолла Ахметов (әдебиетші), Ахмет Мәметов (ақын, Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың әкесі), халық композиторы, күйші Сейтек Оразалиев, тағы басқа да ондаған азамат болған.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1920 жылы елде қарап жатпай, аудармашы болған. 1923 жылы ол Мәскеуде көрмеде болып, А.В. Луначарскиймен кездеседі. Аталмыш қызметтен кейін әдеби қызметпен айналысты. Сол жылдары (1923-1933 ж.ж.) ол бірсыпыра естеліктер мен әдеби және ғылыми еңбектер жазған. Әсіресе, қазақ мектептеріне, педагогикалық техникумдарға және жоғарғы оқу орындарына арнап хрестоматиялар шығарып отырды. Бірақ, өкінішке орай, олардың көпшілігі жоғалып, осы күнге дейін зерттеушілер қолына түспей отыр. Ғабдолғазиздің бұдан кейінгі өмір тарихы бізге беймағлұмдау. 1929 жылы Ордадан Алматыға көшеді. 1930 жылы Алматыда шығармашылық қызметпен айналысады. Академик Салық Зиманов Ғ.Мұсағалиевтің 1933 жылы Алматы қаласын­­ да дүние салғанын жазған.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев «Айқап» журналында жарияланған бір мақаласында: «Мың айт, бір айт, баяғы надандық, білімсіздік, өнерсіздік, жалқаулық – қазақ халқы не көрсе де, сол жалқаулық, надандық себепті көріп жатыр. Қазақты сол надандықтан құтқармай тұрып, қазіргі ауыршылықтан аман-есен алып шығу оңай болмас. Не қылсақ та, сол надандықпен күресіп, соны жығып, жеңудің амалын табу керек» деген екен. Бар ғұмырын халқын ағартуға арнаған абзал азаматтың еңбегі мен есімін кейінгі ұрпағы ескеріп жүрсе керек-ті.

 

Арайлым МАҒЗОМОВА,

тарих ғылымдарының магистрі

 

Тип материала: 
Тұлғалар