Ғали БЕГАЛИЕВ

Ғали Бегалиев 1888 жылы Батыс Қазақстан облысының қазіргі Қазталов ауданында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, филология ғылымының кандидаты (1943), доцент. Қазандағы Мұхаммедия се­ минариясын (1902), Орынбордағы мұғалім­­ дер курсын (1918), Мәскеу педа­гогикалық ғылыми институтының аспирантурасын (1933) бітірген.

Ғ.Бегалиев 1912-1918 жылдары Батыс Қазақстан облысының Ақбұлақ станса­сын­ дағы қазақ мектебінде істеді. Осы жинақта жарияланып отырған «Ұран» газетінің мақалаларында да Ғ.Бегалиевтің есімі жиі аталады. 1918 жылы Ордада өткен мұғалімдердің тұңғыш съезінде Ғали съезд төрағасының көмекшісі болады. Съезде Бөкей ор­ дасының барлық мектептері қазақ бөлімдеріне беріліп, оқу ісін жаңаша ұйымдастыру, оған лайықты мұғалімдер даярлау, оқулықтар жазу ісін басқару Ғ.Бегалиевке жүктеледі. Ол осы мәселе бойынша 1918 жылы Орал қаласында бірыңғай еңбек мектептерінде мұғалімдер даярлайтын курс ұйымдастыруға қатысып, онда негізгі пәндерден лекция оқыды. 5-10 орыс кластарына арналған қазақ тілі оқулықтарын жазады.

Ғ.Бегалиев 1918-22 жылдары Орал қаласындағы педагогикалық курста, 1922-24 жылдары Ордадағы педагогикалық техникумда оқытушы болған. Одан соң 1924-1930 жылдар аралығында облыстық «Қызыл ту», республикалық «Еңбекші қазақ» газеттерінде қызмет етті. Қазақ педагогикалық институтында оқытушы, Қазақстан Оқу министрлігін­де нұсқаушы, Тіл және Әдебиет институтында бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер (1946-62) болды. Бегалиев – 50-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы. Қазақ, орыс мектептеріне арналған қазақ тілі оқулықтарын жазып, білім беру мазмұнын ғылыми негіздеуге атсалысты. Орысша-қазақша және қазақ тілінің терминологиялық сөздіктерін жасауға қатысты.

1966 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. Бүгінде Қазталов ауданының Қошанкөл ауылындағы орта мектеп Ғали Бегалиевтің есімін иеленген. Ал оның жұбайы, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер Мәдина Қожбанқызы Бегалиеваның атында Бөкей ордасы ауданы, Бөрлі ауылдық округіндегі орта мектеп бар.

Тип материала: 
Тұлғалар