Біздің аудандағы алғашқы газет

Ұлы Октябрь социалистік революциясының даңқы бүкіл қазақ даласымен бірге біздің бұрынғы Орда ауданына да зор әсерін тигізді. Ұлы революцияның қарсаңында Ордада «Ұран» газеті шыға бастады. Бұл кездегі алғашқы газеттің өз алдына ерекшелігі болды. Бұл редакция мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын еді, редактордың өзі көпшілік арасында газет таратып, одан түскен қаржыны редакция мен типография қызметкерлерінің еңбекақысына төлеп отыратыны әлі есімде.

«Ұран» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды. 1918 жылы Астраханнан бір типография мен 15 әріп теруші келуіне байланысты бұрынғы «Ұран» газетінің орнына қазақ тілінде «Хабар», «Дұрыстық жолы» газеттері және айына бір рет «Мұғалім» журналы шығарылып тұрды.

Бұл газеттердің ол кезде идеялық жағы да бірбеткей болған жоқ. Октябрь революциясын жақтаған Бисен Жәнекешев сияқты жаңа типті адамдардың мақала, өлеңдері басылуымен қатар, өмірі өтіп бара жатқан ескі дүниені көксеуші ағымдағы мақалалар да басылып жүрді.

Ауданда алғашқы газеттің шығуы Орда феодалдарына ұнамады, олардың ашу-ызасын туғызды. Олар 1919 жылғы декабрьде Орданы Анохин бандысы бүліншілікке ұшыратқан кезде, Ордадағы типогра­фия­ ны бүтіндей құртуды ойлады. Бірақ олардың арам ойлары іске аспады. Біз типографияда істен шыққан әріптер мен керексіз жабдықтарды қал­ дырып (оларды алдау мақсатында), қажетті материалдарды типогра­ фияның төменгі подвалына жасырдық. Бандылар Ордада болған аз уақыттың ішінде типографияға кіріп, ондағы қызыл жалау мен плакаттарды жыртып, біздің қалдырып кеткен қажетсіз типография жабдықтарын алып және бүлдіріп кетті. Олар редакция, типография қызметкерлерін іздестіргенімен, олардың бірде-бірін кездестіре алма­ ды. Бірқатар әріп терушілер қолына қару алып, Орданы ақ бандылар-­дан қорғауда кескілескен ұрысқа қатысты. Бұл соғыста Астраханнан кел­ген аға әріп теруші, коммунист Добров жолдас қаза тапты.

 

Байшылдар редакция қызметкеріне қастерін тігуді мұнымен ғана қойған жоқ. Насаев бастаған бандылар 1920 жылы құм жағасындағы бақшасында жүргенде печатник, коммунист, астрахандық Романенконы ұстап алып, Орданың оңтүстік бетіндегі көп жиденің түбіне кескілеп, өлтіріп кетті.

1920 жылы бұл газет, журналдардың орнына «Қызыл дала» қазақ тілінде, «Степной набат» газеті орыс тілінде шығарылып тұрды. 1923 жылы бұл газеттер біріктіріліп, «Сәуле» газеті қазақ тілінде шығарылды. 1924 жылы бұл газет аты «Еңбек» деп өзгертілді. Мұнан кейін 1925 жылдан бастап «Кедей туы» деген атпен шыға бастады. Ол жарты жыл жұмыс істегеннен кейін оның қызметкерлері мен типография құралы Оралдағы «Қызыл ту» редакциясына беріліп, Ордада газет шығару тоқталды.

Мен «Қызыл ту» газетінде әріп теруші болып істеп, Ордада «Жаңа жол» газетінің шығуына байланысты 1930 жылы Ордаға келіп, метром­ паж, әріп теруші болып істедім.

 

Алғашқы Орда газеті редакциясында істеген қатардағы қызмет­ керлері, оның авторлары мен тілшілерінің республикамыздың жо­ ғарғы орындарының қызметкерлеріне дейін өскендері аз емес, Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, Алматы ауылшаруашылығы институты кафедрасының меңгерушісі Хамит Чурин жолдас та Орданың алғашқы газеттерінің байырғы авторларының бірі. Алматы облысы, Нарынқол ауданының қарт мұғалімі Ғабит Сарбаев жолдас та осы аудандық газетте қатардағы қызметкері болып тәрбиеленді.

«Жаңа жол» газеті 1952 жылға дейін шығып тұрды. Марқұм Қуан Тастайбеков 1930-1933 жылдары бұл газетте жауапты секретарь және редактор болып істеп, газеттің идеялық дәрежесін жақсартуда өз үлесін қосты.

 

Бұрынғы Орда ауданы мен Жәнібек ауданының қосылуына байла­ нысты кәзіргі «Коммунист» газеті жоғарыда аты аталған газеттердің мұрагері болып отыр. «Коммунист» газетінің өрісі кең, тілге бай болып, ауданның мәдениет, шаруашылық салаларын өткір тілмен байыпты жазу арқылы КПСС XX съезі қойған міндеттерін жүзеге асыруда үгітшілік және ұйымдастырушылық міндетін мүлтіксіз атқаруына тілектеспін.

 

Ибрагим МУЛЯКАЕВ,

аудандық типографияның қарт әріп терушісі

 

Редакциядан: Ибрагим Мулякаев жолдас қатардағы әріп теруші ғана емес, редакция мен типография қызметкерлерінің арқа сүйер кеңесшісі болып отыр. Оның еңбектегі қырық жылдығын өткен күзде тойладық. Мулякаевтың тәрбиелеп шығарған ондаған наборщигі Орал қаласы мен облыстың көптеген аудандық типографияларында болушы еді. Олар түгел дерлік Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Мулякаевтың пенсияға шығып, демалатын шағы да болды. Бірақ ол КПСС ХХ съезінің шешімдерін жүзеге асыруда қажырлы еңбегімен үлес қосуды қарт та болса «өзімнің абыройлы міндетім» деп санап отыр. Кәзір аудандық газеттің 4 бет болып шығуына байланысты типографияға көптеген жас қызметкерлер қосылды. Мулякаев типографиядағы жастарға өз тәжірибесін үйретіп, жастардың өзінің мұрагері болып шығуына күш салуда.

 

Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық «Коммунист» газеті, №65 (1648) 1957 жыл, 16 тамыз