Бисен ЖӘНЕКЕШОВ

Бисен Жәнекешев – Азамат соғысы кездерінде ерлік көрсеткен қазақтың бірінші атты әскери полкінің саяси комиссары, Батыс Қазақстанда Ке­ ңес үкіметін орнату жолындағы күреске белсене қатысушы, Азамат соғысының ардагері, ақын. Ол 1893 жылы Ішкі Бөкей ордасының (бұрынғы Астрахан губерниясына қарасты) Тарғын уезі, №9 болысы Қарабөлтек ауылында (қазіргі Бөкей ордасы, Бисен ауылы) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 15 жасында ескіше хат танып, өлең жазуға, домбыра тартуға әуестенеді. Әкесі Жәнекеш момын адам болған. Анасы Тойдық аса сындарлы, әзілқой, шешен кісі болыпты. 1912-1915 жылдары Бисен Баймағамбет халпенің медресесінде оқиды. Халпенің оқыған дәрісі ұнамайтындығын айтқан Бисенді «дін-шариғатқа» тіл тигізді деп, медреседен шығарып жібереді.

1915 жылдың күзінде Уфаға барып Ғалия медресесіне оқуға түскен. 1916 жылы ауылда мұғалімдік қызмет атқарған. Қазан төңкерісінен кейін жергілікті жерде Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысты.

1916 жылы «Ел едік Еділдейін еңсеміз зор», 1917 жылдың шамасында «Балаларға» атты өлеңдері жарық көрді. Бисеннің көп өлеңі қағазға тү-сірілмегендіктен, шумақтар ел аузында жүрген. Оларды кейінгі жылдары Ордадағы ұстаз, өлкетанушы Ғ.Зарипов тыңдап жүріп, жазып алған.

1918 жылы Бисен қазақтың тұңғыш атты әскер полкіне өз еркімен қосылды. Қазақ өлкелік соғыс комиссариатының саяси комиссары болып қазақ жастарын елді ішкі және сыртқы жаулардан қорғауға шақырды. Қызыл гвардияның жергілікті қарулы отрядын ұйымдастырды.

1919 жылы атты әскер полкінің барлау бөлімін басқарды. Азғыр, На­ рын, Күйгенкөл, Шүнге, Қарақол, Сайқын маңында ақ гвардияшылардың тұрақты әскер бөлімдерін талқандауға қатысты.

Бисен Жәнекешев азамат соғысын абыроймен аяқтап, жиырмасыншы жылдардың ортасында, 1924 жылдың наурыз айында «түйнеме» деген жаман аурудан қайтыс болды. Қарулы серіктері сүйегін өзінің өсиеті бойынша қаза болған 80 жігіттің қасына әкеліп қойды.

1955 жылы мүсіншілер Х.Шамсуддинов пен А.Шилимов осы жауынгерлерге арнап, Орда ауылында үлкен ескерткіш тұрғызды. Бұл ескерткіште қолына ту ұстап, қасқая қарап тұрған комиссар мен туға бас иіп отырған екі жауынгер бейнеленген.

Тип материала: 
Тұлғалар