Қазаққа

Бес қарыс бетегелі жерің бар-ды, Бұрқырап шығып жатқан кенің бар-ды. Атысып, алтындаған ақ кенепті, Ойнаған одақтасып көлің бар-ды.

Көк етті, көнтерілі көш бастаған, Шекелі, күшті қошқар ерің бар-ды. Кетсе де ердің құны, нардың пұлы, Инабат ерге біткен сенім бар-ды.

Телегей теріс айналып, жер тебіренсе, Араңыз ашылмаған желім бар-ды.

Тең түсіп, қатарынан қалыспаған, Қазағым, сондай болған елің бар-ды.

 

Келгенде жабырқама бұл кезіне, Құлақ сал бастап жүрген ер сөзіне,

Жан қиғыш, жазыдағы жамандарың, Таң туды түсер қысқыш бір тезіне.

Қорғалап, кібіртіктеп, кейін қалма, Жау болма тар заманда өзді өзіңе. Қақтықпа, қарайлама, ілгері жүр, Бекем бас айағыңды, бақ көзіңе.

Көзіңді аш: есіңді жи, жайды байқа, Саф алтын ауыстырма сар-жезіне. Тік тұрған өре қойса асыл қамқа, Самарқан сатып жүрме сар бөзіне.

Ғ.Қ.