«Қазақстан» газетін зерттеушілер

Мақсат Тәж-Мұрат

Әдебиеттанушы-ғалым. Филология ғылымдарының кандидаты. 1959 жылы Атырау облысы Жылой ауданы Төлес ауылында туған. ҚазМҰ-ды бітірген. Республикалық баспасөз құралдарында жауапты қызмет атқарды. «Шәңгерей: жасампаздық өмірі» (1998), «Батыс Алаш-Орда:биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі» (2003), «Ғұмар Қараш» (2004), «Кәбиса жыл» (2009) кітаптарының авторы.

I тарау. Ғұмардың туысы мен тағдыры

Исатай Кенжәлиев (1927-2011)

Исатай Нәсекенұлы Кенжәлиев 1927 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Саралжын ауылында дүниеге келген. Ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты. Батыс Қазақстан пединститутын (1951 ж.), ҚазМУ-дың аспирантурасын бітірген. «Тайманұлы Исатай», «Мақамбет Өтемісұлы», «Исатай-Мақамбет», «Құрманғазы», «Қазталовка – байырғы атамекен», «Датұлы Сырым», «Батыс Қазақстанның қасіретті жылдары» «Бөкей ордасы», «Мақамбет толғаулары» т.б. кітаптары жарық көрді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры.
2011 жылы дүние салды.

 

Мұстафа Ысмағұлов (1914-1987)

Мұстафа Ысмағұлов – зерттеуші, ғалым. Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды-құнды деректерді, архивтік материал­дар мен фотосуреттерді, 120 күйдің пленкасы мен Махамбет пен Дальдің достығы туралы жазылып бітпей қалған романның қолжазбасын, түркі, араб, парсы тілінде жазылған көне кітаптар туралы мәліметтерді Астрахан, Москва, Ленинград, Саратов, Омбы, Орынбор архивтерінен жинаған.

Хайыржан Бекхожин (1910-1979)

1910 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Ғалым, профессор. Журналистік қызметін 1929 жылы Павлодар округтік «Кеңес туы», аудандық «Колхоз» газеттерінде хат-хабар жазудан бастап,  1935-1939 жылдары Семей облыстық «Екпінді» газетінде қызмет етті. Ал 1942-1945 жылдары Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінің редакторы, 1945-1979 жылдар аралығында ҚазМУ-дың журналистика факультетінде аға оқытушы, декан, кафедра меңгерушісі болды. Хайыржан Бекхожин журналистика саласына кадр даярлау және Қазақстан баспасөзі тарихын зерттеу ісіне елеулі үлес қосты.