«Қазақстан» газетін шығарған және қаржылай көмек көрсеткен тұлғалар

Зейнел-Ғабиден Тағиев (1823 – 1924 ж. ж.)

«Қазақстан» газетінің шығарылуына Әзірбайжан елінің ірі кәсіпкері, иманды меценат Зейнел-Ғабиден Тағиев те қаржылай қолдау көрсеткен. Ғалым, белгілі журналист Мақсат Тәж-Мұрат 2009 жылы шыққан «Кәбиса жыл» атты кітабында Ғұмар Қараш пен Елеу­син Бұйринның Бакуге барған сапарында Тағиев берген ақшаның 500 сомын пошта арқылы Астраханға аударғаны жайлы мәлімет келтіреді. Сондай-ақ ғалым Зейнел-Ғабиден Тағиевтің өмірдерегі туралы да құнды дерек жазған.

Шәңгерей Бөкеев (1847-1920 ж. ж.)

Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев 1847 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Жасқұс деген жерде туып, 1920 жылы сол облыстың Қаратөбе ауданы Ақбақай деген жерінде қайтыс болады. Шәңгерей - Жәңгір ханның немересі. Шәңгерей 5 жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, шешесі Ермектің тәрбиесінде қалады. Әйтсе де ол жетімдік көрмейді. Ата дәулетінің арқасында жасынан оқып, ғылымға қолы жетеді. Астраханда реальдық училищені бітіргеннен кейін, Орынбордағы әскер бастықтарын даярлайтын кадет корпусына түседі. Бірақ Шәңгерей онда екі-ақ жыл оқиды.

Сейітқали Меңдешев (1882-1937ж. ж.)

Сейітқали Меңдешев Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Меңдешев Сейітқали (1882-1937) - мемлекет және қоғам қайраткері. 1903 жылы Қазан мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін 13 жыл Бөкей ордасындағы ауылдарда мұғалім болып қызмет жасады. Осы жерде ол революциялық-насихаттық жұмысқа қосылып, саяси әдебиеттерді таратумен айналысты, құпия жиылыстар мен шерулерді ұйымдастыруға қатысты. 1917 жылдың қазанында С.Меңдешев большевик С.Генераловпен бірге Бөкей ордасында ашық революциялық үгіт жүргізді.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев (1880-1933 ж. ж.)

Тарихшы, қоғам қайраткері, заңгер Мұсағалиев (Мусин) Ғабдолғазиз 1880 жылы Бөкей ордасында туған. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашқан Ғабдолғазиз одан әрі Қазақ медресесіне оқуға түскен. Медресені аяқтағаннан кейін арнайы ақсүйектер мектебінде оқиды. Каир университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Мысырдың бай кітапханасын сүзіп, халифат дәуіріндегі қолжазбалармен танысты, түркі халқыньщ ежелгі тарихын зерттеді. Шетелдің 8 тілін (қытай, араб, парсы, түрік т.б.) білген. «Гүлжиһан» атты дастанды зерттеп, қазақ тіліне аударды.

Ғұмар Қараш (1875-1921 ж. ж.)

Ғұмар Қараш – көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Елеусін Бұйрин (1874-1933 ж. ж.)

Елеусін Бұйрин Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Нарын құмында 1874 жылы дүниеге келеді. Әкесінен жастай айырылып – тағдыр тауқыметін ерте тартса да, ауқатты байлардың малын бағып жүріп, ауыл молдаларынан арабша тіл үйренеді. Мұнымен тынбай оқуды ниет еткен Елеусін мал айдаған татарлармен бірге Қазан қаласына келіп орыс-татар байларына жалданып, тіршілік азабын көреді. Дегенмен тумысынан зерек бала орыс тілін тез меңгеріп, Қазан мұғалімдер семинариясына оқуға қабылданады. Оқуды жақсы аяқтағаннан соң Астрахан қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Бақытжан Бейсәліұлы Қаратаев (1860-1934 ж. ж.)

1860 жылы 10 мамырда Қаратөбе ауданы, Ақбақай ауылында дүниеге келген. Қазақстанның ірі тарихи тұлғаларының бірі, алғашқы қазақ заңгері, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-демократ. Сұлтан тұқымы әулетінен тарайды. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Бақытжанның арғы атасы болып келеді. Білімге деген ынтасын байқаған әкесі оны Орынбор қаласының гимназиясына оқуға береді, ол оны “өте жақсы” деген дәрежемен бітіріп шығады. 1891-1897 жылдары Санкт-Петерборда, Кутаисиде, Орынборда сот тергеуші, сот орындаушысы қызметтерін атқарған.