Оқытушыларға

(Н.П. журналына тақмид)

Тарих оқытушыларымыздың үстіне үлкен міндет береді. Халықтың ащы тұрмысы үшін күйінген бір жазушы айтқан екен: «Күшіңізден келгенше жұрт ішіне жақсылық тұқымын шашыңыз» деп, хазір біз де сізге сол сөзімізді айтамыз, жана да сіздің бәріңіз бірге жиналып, бәріңіз бір арқанмен тұтасып, ел ішіне барып, бір-бірін сүйу тұқымын шашып, қолға қол ұстасып, осы күнге шейін біздің ойымызға да кіріп шықпаған бек жақсы көркем тұрмыстық негізін салар-ау деп иланамыз. Оқытушылар! Сіз хазір бүтін Русия оқытушыларымен біргесіңдер.

Бұрынғы ауыр, қараңғы, құлдық күндерінде сендер өздеріңіздің ойға алған істеріңді істеуге үлкен қорқынышта тұратын едіңіз. Сол істеріңізді істеу планын сақтап қалу үшін тиісті тілектеріңізді айтатын орындарда айта алмаушы едіңіз. Енді бейнетқор халық бүтін істі басқаруды өз қолдарына алғандықтан, сізге баяғыдан бері ішіңізде жасырып, сыртқа шығара алмай келген, көрінбеген күшіңізді майданға шығаруға, темір қолды Николай жолдастарының бүтін халықты ойыншық етіп ойнап, оларға түрлі азап көрсетулерін сөйлеген кітаптарды алдыңызға жайып қойып, үлкен қуаныш, бітпес күш, арылмас оймен елдің бағы, елдің бірлігі, тегістігі үшін сізге қызмет етуге айқын жол ашылды. Енді сіз де қыспа таяқтан шығып, еркін сұлап дем алуыңызға болды.

Елдің бахыты, жарық күндері үшін қызмет ететін сіз, оқытушылардың кем кетігін толтыру елдің өз қолында. Белгілі ел оқытушылардың қадірін білер, олардың қызметін тақадыр (қадірлер - Е.М.) етер.

Міне,соныңүшіналдымыздағыкелешекқұрдастық(социалистический) тұрмысы адамшылықтың көркейуіне, оқытушылардың халдерінің жақсаруына иманымды арттырады.

Оқытушылар! Бұрын сізге әуелі өзіңіздің тұрмысыңызды  жөнге салу үшін тоқтаусыз түрлі кермелерге ұшырасуға тура келетін еді. Сол уақытта сендер өздеріңнің туғандарыңды ұмытпай, оқу-оқыту істерін алға жіберуге тырысатын едіңіздер, жалпы оқу, ақшасыз оқу деген сөздерді де көңіліңізден шығармайтын едіңіздер. Бұған байлар, түрлі іс басында тұрған Николайдың жолдастары қарсы келетін еді, себебі олар өздерінің балаларын қалай да болса оқытуға қолдарынан келетін еді.

Оларға қара халықтың оқуы, білімі артуы қолайсыз келді. Олар тек өз балаларын оқытып, надан қара халыққа басшы әкім етуді ғана ойлады. Хазір  бейнетқор  халық  хүкметі,  халық  ағарту  комисары  арқылы сіздің кем-кетігіңізді толықтыруға әзір. Ақша жағы кем бола тұрса да басқалармен біртегіс сіздің де керек-жарақтарыңызды түгендейді. Енді

жалпы ақшасыз оқытуды майданға қойу үшін һеш бір кедергі жоқ.

Хазір ішкі-тысқы дұшпандармен күресе-тартыса көп қиындыққа ұшыраған мемлекетімізде бостандық қызыл туы желбіреп тұр.

Сіз, оқытушылар да һеш бір кедергілерге ұшырамай іс мектептерді құрай аласыздар. Енді сізге жеңді сыбанып істеуге ғана керек. Алдымыздағы үлкен кедергілер бәрі де жойылды, бәрі де жоғалды.

Солай бола тұрса да, сіз, оқытушылар құр өзіңіз ғана бірігіп, тек өзіңіздің ғана пайдаларыңызды қарап уақытыңызды өткізу тиіс емес, қолдан келгенше қара халықпен араласуға, оларға жақындасуға керек.

Алдымыздағы келешек тұрмысты бастаушы қара күштер қол астында езіліп тапталғандарды тұтқындықтан құтқарушы сол халық екендігін, сол халықтың қиын халдерін көріп, өзіңіздің де қиналғандарыңызды ұмытпаңыз. Өз тізгіндерін қолдарына алған бейнетқор халықпен бірге болуға ұмтылыңыз!

Сіздің бар күштеріңіз тұтқындықта тұрған күндеріңізде сол тұтқындықтан құтылу үшін құрал болған болса, енді халық үшін пайдалы істерді майданға шығару үшін құрал болуға тиіс. Осы бірігу,

халықпен бір бағытта жұмыс ету арқасында ғана халық оқытушылары атын алуға лайық боларсыңыз.

Сіз халықтың өз балаларысыңыз, білесіңіз, сіз күштеңіз, сіздің күшіңіз мал арқасында емес, тек өзіңіздің ел қамын ойлап, арымай- талмай соған ұмтылуыңыздан майданға келіскен. Сіздің күшті болуыңыз өзіңіздің ісіңізге қарап болады.

Соның үшін сізге бейнетқорлардың іс басына мініп отыруынан қорқуға жарамайды, қолдан келгенше оларға жақындасып, олармен бірігіп іс етуге керек, со халықтың арқасында ғана оқытушылар өздеріне һәм халыққа пайда келтіре алады.

Бейнетқорлар өздерінің қандарын, ата-аналарының көз жастарын төктіріп алған еркіндіктерін сақтау тек білім арқасында ғана болатындығынан сіз ғана естеріне түсіріп тұра аласыз.

Хазір мектеп – халық мектебі болды. Оқиым дегеннің бәріне де оқуға жол ашылды. Енді сіз оқытушыларға да сол мектепке оқушы балалардың атасы болған халықтан шетте – қақас тұру, олардың тұрмыстарынан өзге бағытқа жөн тарту мүмкін емес.

Халыққа бірігу-араласуыңызбен олардың барлық сырларына түсінерсіз, бостандық жолында күрес мезгілінде қандай ауыр қиындықтарға ұшырағандарын көрерсіз, осы күрес жолында жанын аямай, құрбан болғандардың рухын үлкен тәжіммен еске түсірерсіз.

Ақыл – бір бағасыз алтын. Қандай қара тұрмыспен қаптанса да, түпсіз терең шұңқырларға түссе де, тұрған жерлеріне жарығы айнадай. Солай бола тұрса да, ақылды сондай жойылмастық алтын ету үшін ең әуелі ол ақыл өзі ашылған, жарық етілген болуы керек.

Сіздің кеудеңіздегі ақыл нұры құрдастық «социализм»-ға ұмтылу рәуішімен пайдаланса, оқуды бейнетқорлық негізіне құруға тіленсе ғана ашық етіп, төңірегін жарық етеді.

Оқушылар!

Сіз шыныңызбен надан қалпы жатқан халықты жауыз қара жүректердің құлдығынан құтқарғыңыз, тіршілік жолын әдемі безектермен безегіңіз келсе, бейнетқор қара халықпен қол ұстасып, бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып бірлесуге тырысыңыз, халықтан басқа тіршілік жоқ. Халықтан айырылып істеген іс те жоқ. Һәр уақыт халықпен бірігіп іс ету, халықтың жолбасшылары социалистер салған айқын жолмен алға қарай ұмтылу – сіз, оқытушылардың көз тіккен ең түпкі мақсатыңыз болуға керек.

Бірлікте тірлік, бірлікте жасау, бірлікте ел болып қатарға кіру.

Қалпақ

 

Содержание: