Одақтастардың бағыты

Төрт жылдан бері бүлініп жатқан ел, төгіліп жатқан қан бұл күндері азырақ тиылайын деді. Русияның ертедегі одақтастары өздерінің қас дұшпаны Германияны жеңіп, басын аяқтарына жеткізіп, қанға тойған қасқырдай өз мұрынын жаласып, жылмаңдасып тұр.

Соғыстың басталып мұнша ушығып кетуіне себепші болған Германия һәм одақтастар бабаларының таласы еді. Оның басқа мұнша қан төгіп, дүния сарп етіп, ел бүлдіргендей ердің құны – нардың пұлы дегендей, араларында һеш нәрсе жоқ еді.

Одақтастардың бір біріне жәрдемдесіп, төрт жылдан берлі бірігіп жүруіне себеп: Германияның қуаттылығы, бұлардың онан қорыққандығы еді. Германия жеңілген соң олар өз өздері болып қалды. Бұл күнде бұның дүния байлығы одақтастардың қолына қарап қалды. Ертеде көзі көріп ұмтылғанға бұл күнде қолдары жетті, ауыздарына түсті. Енді қайткенде таласпай, түскен олжаны қалай бөліп аламыз деп, соның қамтамасында еді. Әлденеше әрі тарт, бері тарт болып, аралары ашыла жаздап, бұл күнде бір ымрамаға келісті.

Енді өздері аз-көп болса да алғанға қанағат етіп, бүтін Еуропаға татушылық уақытын құрғысы келеді. Сол ниетпен баяғыдан бері жауласып келатқан елдердің елшілерін шақырып, бір жерде жарасудың әңгімесін сөйлесіп, кіші болысып тұр.

Германияны жеңіп, дегеніне көндірген соң өз аралары сөйлесіп, патуаласса да болатын еді. Бірақ одақтастардың олай ете қоюына көз алдында кешегі Германиядан да қорқынышты бір дұшпан шығып, олардың бойларына тыныш ұйқы беретін болмады. Олардың бұл арадағы бас дұшпаны – біздің Совет хүкіметі болып та білінді.

Екі жылға айналды, қызметкер өкілдерінің Русияны басқарып тұрғанына. Бұлайша болушылығына одақтастар риза болмай, олардың ниеті Русияда болып, тұрған Совет хүкіметін жоюда болды. Сол оймен былтырдан бері михты, атты қазақты Советке қарсы көтеріп, дұшпан етті.

Бұл күнде қанша айдап салынғанмен, олардан һеш нәрсе өнбесіне көздері жетіп, сонымен одақтастар ал-дал. Совет хүкіметі оларға екі жағынан да қорқынышты. Оны былайша қалдырып та болмайды. Қалдырған уақытында одақтастардың қара бұқара халқына Совет хүкіметі жол көрсетіп, басшы болғандай. Олардың байларына қарсы қызметкерлерін айдап салғандай. Енді бір жағынан ерік беріп, Совет хүкіметін тыныш қойса, олар оның күнбе күн тамырын жайып, өсіп- күшеюіне себепкер болғандай. Қалайда Совет хүкіметін жоямыз десіп, шартқа мінген уақытында өз іштерінен басылмастай жау тауып кеткендей...

Одақтастардың қара халқы белгілі, олар кімде кіммен қарсы жауласуға төрт жыл ішінде арып-азып жүдеулі. Енді олардың байлар үшін қанын төгіп, күшін сарп ететін бір күн де жайлары жоқ. Олар: біз, қара халық, жұмыскерлерді бас пайдалары үшін баяғыдан бері айдағаны да жетер деп ойлайды. Қазірде әбден түсініп болулы кім үшін соғысқанына, кім үшін осынша қайғы- қасірет шеккеніне.

Одақтастардың ниеті 1 сиез құрып, біреулердің маңдайынан сипап, біреулердің арқасынан қағып, атаң жақсы, енең жақсымен өздерінің байларының бастарына қарақұстай шүйіліп келатқан бостаншылық бәлесінен құтылғысы келеді. Бұл күнде Германияны жаншып, қолдары жеткенше аларын алса да, одақтастар үлкен ойға түсулі. Олардың қаупі күшті, кешегі Русиядағы, Германиядағы бостаншылық революциясы бүгін өзімізде бола ма деп. Орыста мақал бар: «Өлеріңнің алдында демалып еш нәрсе бітірмессің» деген. Одақтастардың байларының күні санаулы. Олар қандай басын қорғап, сиез құрып алдаса да, революция болажақ, оны ақ пен қарадай білу керек. Совет хүкіметі оған шанады, оның болуына көзі жетеді, оны одақтастар анау-мынау деп алдап жұбатса да көрініп тұр.

 

 

Содержание: