Құрдастық жолы

Жер бітіп, су аққалы, ол жердің үстінде адам баласы қоныс етіп, күлін төгіп от жаққалы білімділердің тапсақ деп іздеген, жетсек деп көздеген бір мақсұты – мұңы болатын. Ол мақсұт, ол мұң: жер үстіндегі тәмам адам баласының құрдастық жолында жайлы тұрмыс құруы болушы.

Бұл «құрдастық», «жайлы тұрмыс» деген сөздер ауыздай айтқанда яки қағаз бетіне шимай салып жазғанда оп-оңай болса да, жарыққа шығарып, ғамалға қоюы өте ауыр, орасан қиын жұмыс.

Құрдастық жайлы тұрмыс былай болса табылады деп адам баласы неше түрлі тапқа бөлініп, һәр қайсысы да өз мақсұттарына жету үшін неше түрлі ғамалдар қолданып отыр. Бұл таптардың қай біреулері өткен замандарда басым болып, хүкімет тізгінін қолдарына алып тұрса да, манағы айтқан құрдастық, жайлы тұрмыс деген мақсұттың адам баласы маңайын да көрген жоқ.

Енді осы соңғы дәуірде алғы қатарда болып, мерейі үстем, жобалары жоғары тап социализм жолындағы таптар. Бұл таптардың ішінде әсіресе жұмыскерлер табының ұстаған жолы, таратқан жобасы алдына қара салмай, бәйгіден келіп отыр.

Мұның озып отырғанына себебі мынау: бұл жолдың түп негізі күллі адам баласын өз қолдарыменен жұмыс етуші бір тапқа тізіп, құрдас жасап, сол арқылы табиғаттың адам керегіне беріп қойған нәрселерін өткелектен өткізбей, тіп-тіке пайдаландыруды ойлайды.

Адам баласы бірі қалмастан (әрине, еңкейген шал, еңбектеген жастан басқасы) өз қадарыменен жұмыс етсе, біреудің күш ... жемесе, ұрламаса, қалтасын беріп жатып ішетін де ... жалдайтын алып сатарлар болмаса, басқа жалпыға көкте күннің көзі қандай ұлығысыз ортақ, жан-жануарлардың дем алып, өкпесі азықтануына ауа қандай тегін, сондай-ақ біздің ішіп-жейтін, үстімізге киіп, ішіне кіріп пайдаланатын түрлі керектеріміз тіке қолымызға тиетін етілсе, ол хәлде адам баласы адамша тұражақ, баяғыдан  бері іздеп жете алмай келе жатқан жайлы тұрмыс құрдастық жолында табылмақ.

Атақты жүйрік Лев Толстойдың айтып кеткен бір сөзі бар: Егер бір адам өз күшіменен жұмыс етпей тіршілік етсе (тек қалтасын жұмсайтын жатыпішер адамдар сияқты), ол хәлде, қайда болса да, қалай болса да, сондай-ақ бір адам оның бекерлігінің айырбасына құрбан болып, азап шегіп, аштан өліп жатқандығын анық білу керек.

Толстойдың бұл сөзі талас көтермейтін дұрыс сөз. Неге десеңіз, адам баласының тұрмысында мың түрлі керек нәрсесі болса, соның бірі емес, бәрі де табиғаттың шикі материалынан алынып, жұмыскерлердің еңбегі арқылы әзірленіп шығып алдымызға келеді. Аузымызға салған бір сынық нан, үстімізге киген бір шаршы бөз, ішіне отырған лашық, астымызға төсеген жайма, мұның бәрі де көктен домалап біздің түсіп отырған жоқ. Мұның бәрі өзіміздей адам баласының маңдайының тері, табанының еті арқылы табылып отыр.

Бұларды біз пайдалансақ, айырбасына өзімізден де бірнеме бермекке борышты боламыз. Бұған беретін біздің төлеуіміз өз күшімізбенен жұмыс етіп еңбегімізді елге сіңіру.

Хазіргі совет хүкіметінің басында тұрған қаһармандарымыз тарихта

... көрінбеген шекте қайрат жасап, содан алысып ел тізгінін қолына алғандағы мақсұты осы.

Олар бұл мақсұттың артына түсіп, арымай-талмай алысты, жұлысты. Кеселдік көрсеткен қарсы таптардың бәрін де қақпақ жауырыннан салып жықты, қашаннан ... адам баласы тап солай болар ма еді деп көзі жетіп, қолы жетпей жүрген «теңдік», «құрдастық» жолын сөзбенен емес, іспенен жарыққа шығарды.

Енді мұның аржағында тағы сұранатын һеш неме қалған жоқ.

Біздің  қазақ  жұрты  да  бұл  жолдың  мәмілесіне  жақсы  түсініп,

империализм соғысының кесірлі сипаты болып қалған бүлгіншілік, тарқаулықты (?!) совет хүкіметіне жобалатып, жаппай жаңа басталған ауыр жұмыстардың өзімізге тиген сыбағалы үлесін тақаусыз орындау анық борышымыз.

Жасасын бүкіл адам баласының құрдастық жолы! Жасасын қаһарман басшыларымыз!

Ғ.Қ. (Ғұмар Қараш)

 

 

Содержание: