Баспасөз

Баспасөздің халыққа ететін қызметі – оның басшылығы өте зор, халықты белгілі бір саяси бағытқа салушы баспасөз, өнер-білімнің керектігін айтып, халықты оқу, білім жолына сүйреуші баспасөз, тіл- әдебиеттің ілгерілеп жайылуына себеп болушы баспасөз, халықтың тұрмыс, шаруашылық реттерін жақсы жолға салушы баспасөз.

Баспасөз арасында халық ішіне бек көп таралғаны газета, журналдар,сондықтан бұлардың үстіне түскен қызмет те өте ауыр һәм міндетті.

Халықты саяси бағытқа салу, белгілі бір тілек, мақсұтты халық арасына таратып, бүтін халықты өз дегеніңе құл ету туралы дүниядағы ең күшті құралдардың ең біріншісі баспасөз.

Бүтін дүнияда саяси һәм діни  өзгерістер  жасауды  мақсұт  еткен зор данышпандардың бәрі де баспасөздің осы күшіне таянды, сонан пайдаланды һәм соның арқасында олардың көбі өздерінің тілектеріне де жетті.

Бейнетқорлардың еңбегімен миллиондар тауып жатыпішер жалмауыз капиталистер, қанішер қанды жүрек залым  хәкімдер, патшалар да баспасөздің бұл мағнауи күшінен пайдалануды ұмытпады.

Ескі залым Николай хүкіметі де Русияның ақ көңіл бейнетқорларының ақ жүректеріне қол салып, пікірлерін шатастыру туралы баспасөзді құрал етіп (бір жол оқылмайды – қ.) оларға, жауыздықты жақсылыққа айналдырып өзінің жауыр саясатын жасырмақ, халық алдында өзін һәр түрлі қаралықтан ақтамақ, ағартпақ болды.

Ақшаның күшімен жалдама жазушылар тауып, сол жолда миллиондаған халық ақшасын жұмсады.

Русиядағы баспасөздің бәрі де Николайдың оң көзі болған цензорлардың ілгегіне ілігіп, жалғыз-ақ ескі хүкіметтің саясатына жәрдем ететін сөздерге ғана ерік берілді. Халықты ағарту, тура бағытқа салушылар, халықтың шын қамқоры социалистер жасырын реуіште яки шет мемлекетте тұрып, газета, журналдар шығаруға, солар арқылы өз пікірлерін таратуға мәжбүр болды.

Бейнетқорлардың ұлық жетекшісі жолдас Ленин де бұдан 20-30 жыл бұрын баспасөз арқылы өзінің социализм пікірін халық арасында таратуға кірісті. Оның Русияда жасырын шығарған һәм шет мемлекеттерде тұрып таратқан газета, журналдары Русия жұмыскерлері арасында өте сүйіліп оқылды. Сол жасырын шығатын газеталар арқылы ғана жұмыскерлер мағнауи  азық   алып               тұрды. Николайдың     цензор,          жандармалары социализм бағытында жазылған баспасөздердің таралғанына һеш бір кедергі бола алмады. Русия бейнетқорларының жүрегіне социализмнің тұқымы егілді, соның арқасында хазіргі ұлық өзгеріс, бостандық туды.

Баспасөзде не қадар (не түрлі – қ.) зор мағнауи күш-қуат барлығы осы айтылғандардан һәр кімге мәлім болса керек.

Бізде бұрын «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран» газеталары шықты. Олардың бәрі де әдеби газеталар болғандықтан саясатпен шұғылданбады. Көбірек қазақ әдебиетінің ілгерілеуіне, қазақ арасында өнер-білімнің таралуына қызмет етті. Олар һәр нәрсеге ұлтшылдық, қазақшылдық көзімен қарады, сол бағыт бойынша һәр нәрсені тексерді. 1917 жылдың октябрь өзгерісінен бері қарай мемлекеттің саясаты

бүтіндей өзгерді.

Ескі, шірік биналар (үйлер, ғимараттар – қ.) құлатылды, совет хүкіметінің арқасында жаңа тұрмыс басталды. Жаңа тұрмысқа жаңа, таза негіздер құрылды. Бүтін бұратаналардың, соның ішінде біздің қазақ халқының қолы жетпей жүрген шын бостандық, теңдік, шын құрдастық жаңа туды.

Бейнетқор қазақ халқының бейнетқор хүкіметі, оның ұлық жетекшілері арқасында хұқық-правада жетім қалмай, жұртпен тең болса, не арманы бар? Жұртпен қатар мектептеріміз көбейіп, өнер- біліміміз артса, жер-суда тең болып, жұртымыз көгерсе, бейнетқор қазақ халқының пайдасын қорғайтын өзімізден әскер, полк құрылса, енді одан артық не тілек, не мақсұтымыз бар?

Ескі хүкіметтен қаққыны көп жеген қазақ халқының мұң-мұқтажының көбейгендігіне Мәскеудегі қазақ комиссариаты арқылы кіндік комитеттің көзі жетті. Қазақ халқының өнер-білім, шаруашылығын ілгерілету, қазақ әскерін тұрғызу туралы кіндік хүкімет тарапынан Ішкі ордалыққа осы өткен 3 айдың ішінде неше миллиондаған ақша жіберілді. Хүкімет өз кезегінде міндетін атқарды.

Енді осы бостандық, теңдіктен тиісінше пайдаланып қалу, хүкіметтің тілегін жеріне жеткізу бізің міндетіміз, бізің борышымыз. Осы үлгі- дәстүрді, жаңа тұрмыс, жаңа бағыттың халыққа пайдалы екендігін айтып отыру, түсіндіру үшін баспасөз – газета, журналдарға мұхтаж екендігіміз әлбетте анық, оның керектігі жұртқа мәлім.

Міне, осы керекті жұмысты, осы зор міндетті атқару ниетімен қазақ комиссариатының Ішкі ордалық бөлімі тарапынан осы «Дұрыстық жолы» газетасын шығаруға мақұл көрілді.

«Дұрыстық жолы» жаңа тұрмыстың қазақ үшін пайдалы екендігі туралы һәр уақыт өзінің дұрыстығын айтып, халықты адастырмай түсіндіріп тұражақ. «Дұрыстық жолы» қазақ ішінде өнер-білімнің таралуына, шаруашылықтың жаңа негізге құрылып, ілгерілеуіне жәрдем етежақ. Сол туралы халыққа жетекші болмақ.

«Дұрыстық жолы» совет хүкіметінің шығарған декрет-бұйрықтары, социализация хақында шығарылған закондарымен халықты таныстырмақ, соларды ғамалға қою туралы халыққа жолбасшылық һәм хүкіметке жәрдем етпек.

«Дұрыстық жолы» қолға тиген бостандық, құрдастықтан бейнетқор қазақ халқының дұрыстық жолымен пайдалануына қызмет етпек, қазақ халқының мұң-мұқтаж, кем-кетіктерін хүкіметке жеткізіп, тозғанды түзетуге, жыртылғанды жамауға, жоқты бар қылуға тырыспақ.

«Дұрыстық жолы» совет хүкіметінің қызыл туына кір жағуды тілеуші жауыздардың, большевизм туына паналап, үстіне қой терісін жамылып жүрген кейбір қасқыр залымдардың бұзық ғамалдарын жазып, халыққа жариялап тұрмақ.

Газетаның көлемі орташа болып, өзі әзірге жетісіне екі рет шықпақ. Жалғыз   бейнетқорлар               пайдасы            үшін          шығарылып               тұрған   бұл газетаны қазақ бейнетқорлары алып оқыр һәм сонымен пайдаланар деп ойлаймыз. Сонда айтылған жоспар-жоба, бағытпен іс етер деп шанамыз.

Жасасын совет хүкіметі!

Жасасын оның бүтін дүнияға таратқан бостандық жолы!

 

 

Содержание: