Өзіміздің Ғарекең

Жұмыстан сәл  қол  босап,  бөлмеге  сыймай  отырғанмын. Өзінің әдеттегідей шапшаң жүрісімен сып етіп Ғарекең (Ғарифолла Көшенов) кіріп келді. Орнымнан ұшып тұрдым. Тұрмай қара редактордың бірінші орынбасары кіріп келгенде.

  • Не отырыс? - деді өзінің қуақы әдетімен адамға бір шекелей қарап. Мен міңгірлеп қалдым.
  • Сенің жағдайың белгілі болды. Жүр, кеттік, - деді қалай тез келсе, бөлмеден солай тез шығып. Журналистердің жалақысының  жартысын  ай  сайын  жұтып  қоятын  өзіміздің

«Сәлемге» келдік. Ғарекеңнің бір ауық шампан ішетін ғадеті бар. Даяшы әкелген ақ қайнардың телпегін жалма жан айналдыра бастап едім, Ғарекең:

  • Тұра тұр, бұл пәлең қайда қашар дейсің, - деп мені тоқтатып, әңгіме бар екенін аңғартқандай.
  • Сен осы бөлім бастығы болудан неге қашқақтайсың? – деді маған бір шекелей көз тастап. Сынай қарап отырғанын сездім.
  • Аға, алып жүре алмайтын сияқтымын, - дедім шынымды айтып.

Бұл кезде бөлім бастығы Ғилаж Наурзин газеттің үгіт- насихат бөлімін басқаруға кетіп, мен жалғыз қалғанмын. Бұл туралы газеттің сол кездегі редакторы Бақтыбай Далабаевпен де әңгіме болған еді. Мен қырық түрлі сылтау айтып, келіспеген едім.

  • Жауапкершіліктен қашып отырмын десейші, - деді ол ренішті үнмен. – Ал жауапкершіліктен қашатындар табансыз, жалтақ, өзіне талабы төмен адамдар болып келеді.

Ғарекеңнің бұл сөзі тура ондыққа тиді. Жасың қайран жиырма бестің ол жақ, бұл жағында болса, «табансыз, жалтақ» деген сөздерді естігенде өліп кететін кез емес пе? Көндім.

Ғарекең осылайша жастарға қамқор болып жүруші еді.

*   *   *

Бір күні түске дейін жұмысқа келе алмай қалдым. Түс қайта Ғарекең шақыртты (ол кезде редактор). Кірдім. Байқаймын, редактор ашулы, алдындағы қағазынан бас көтерген жоқ. Іштей дайындалып келген мықты өтірігім бар.

  • Иә, сөйле, жігітім, - деді төмен қараған қалпы.
  • Ғареке, үйдегі батарея жарылып, түске дейін сонымен ит әуре болдым, - дедім саспай әбден шаршаған дауыспен. Ғарекемде үн жоқ. Бір уақытта барып:
  • Жарайды, «осы өтірігім саған жарайды» деп отырсың ғой. Жарайды. Бар, - деді. Үні қамығып шықты. Бөлмесінен жерге кірердей болып зорға шықтым.

*   *   *

Әр журналистің «осы мақалам жақсы-ау» деп өзі ғашық болатын дүниесі болады. Оны алғаш кез келгенге оқытқысы келмейді.   Сондай   ғадет   сонау   сексенінші   жылдардағы біз сияқты жас журналистердің  арасында  да  болушы  еді. Ол кезде Ғарифолла Көшенов редактордың орынбасары. Сондай материалдарымыз жазыла қалса, бірден редакторға көрсетуге батпай, Ғарекеңнің тура өзіне апарамыз. Өйткені ол ризашылығын берсе, міндетті түрде шығады. Және Ғарекеңе жастарды түсінеді деп арқа сүйейміз. Осылайша Ғарекеңнің талай рет батиқасын алғанбыз. «Қосшы баланың әңгімесі» деген сықақ әңгіме жазып, Ғарекеңе апардым. Онда облыстағы бір басшының шоферінің әңгімесі баяндалатын. Аудандағы, ауылдағы мерекелік салтанаттарға, жиналыстарға баратын басшының карта ойнап, арақ ішетіні, қайтарда сый-сияпат алатыны жазылған еді. Әрине, аты-жөні, қызметі өзгертіліп алынды.

Біраз уақыт өтті. Ғарекең үндемейді. Бір күні әдейі кіріп, «газетке жариялауға жарай ма?» деп сұрадым. Ғарекең жұлып алғандай:

– Оқ! – деді. Мен «оғын» түсінбей, қайта сұрадым. Ғарекең тағы да «оқ» деп қысқа қайтарды да, «ол әңгіменің уақыты келген жоқ. Дәурені келгенде шығады» деді.

Сөйтсем, Ғарекең ұнатып тұрған нәрсесіне билігі келмесе, «жоқтың» орнына бір қарпін алып қалып «оқ» дейді екен.

*   *   *

Сөйткен Ғарекең бүгінде Ақ Жайықтан алыста, Алматыда тұрып жатыр. Журналист ағамызды бір кезде өзі отымен кіріп, күлімен шыққан «Орал өңірінің» мерейтойымен құттықтаймыз. Аман жүр, қаламы жүйрік қамқор Аға!

 

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

«Орал өңірі», 17 қараша 1998 жыл