Қасым АМАНЖОЛОВ

Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қа- занда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыс- тауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалған ол біраз жыл ағасының қолында өседі.

Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде  оқып,  сауатын  ашады.  Кейін,1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей малдәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді.

1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады.

1933 жылы міндетті әскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді.

Алғашқы өлеңдерін Қ.Аманжолов Семейде жазған. Олар қабырға газетіне ғана басылып жүрген. Кейін ол дәптері жоғалып кеткен. Сондықтан 1930 жылдарға дейін жазған өлеңдері сақталмаған. 1930 жылы жазған өлеңдері өзі қызмет істеп жүрген «Лениншіл жас», «Қызыл әскер» және «Пионер» газеттерінде жарияланған.

Қ.Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен әсер етті. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор еді. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.

Бір деректерде Қасымның «Екпінді құрылыс» редакциясында ақын Абдолла Жұмағалиевпен әріптес болғаны айтылады. Ақын Қуан Тастайбеков, болашақ жазушы Жәрдем Тілековтермен сырлас, пікірлес болып жүріп, бірге жүрген. «Оралға» өлеңінде Қасымның жастық дәурені мен қызықты шағы шалқыта суреттелген. «Екпінді құрылыс» газетінде жүргенде Қасым Аманжоловтың талай жауһар жырлары дүниеге келген.

1936-1941     жылдары      Қ.Аманжолов     Алматыға     барып, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет істейді. Бұл кездері ол өлеңмен қатар әр түрлі тақырыпқа мақала, очерк, фельетон жазады.

1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көреді. 1940 жылы Маяковскийдің он шақты өлеңін аударып, 1941 жылы «Бар дауыспен» деген атпен жеке жинақ етіп жариялады.

Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға  ауыстырылады,  содан  соғыс  аяқталғанға  дейін «қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде» болады.

1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бір ерекше, өлмес туындысы – «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэма. Бұл поэма – Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Бұл поэма Ұлы Отан соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А.Жұмағалиев туралы.

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң таңдамалары өлеңдер жинағы «Дауыл» деген атпен жарық көрді. 1949-1952 жылдары Қ.Аманжоловтың  «Балбөбек»,  «Нұрлы  дүние»  жинақтары,

«Таңдамалы шығармалар» жинағы басылып шықты.

1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып,  ара-тұра жатып қалып жүрді. 1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ.Аманжолов Қазақстан Жазушыларының ІІІ съезінің ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан  айынан бастап сырқаты мендей түсті. 1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мәңгілікке көз жұмды.

 

Тип материала: 
Тұлғалар