Қаршыға ҚОСАНОВ

Қаршыға  Ғалиасқарұлы  1950  жылы 5 желтоқсанда Ақжайық ауданы Чапаев ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1968 жылы Жымпиты аудандық байланыс торабында монтер болып бастады. 1968-1973 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты зоотехникалық факультетінде білім алды. 1973 жылдың қыркүйегінен 1974 жылдың маусымына дейін Приурал ауданы Жданов атындағы кеңшарда №1 бөлімше зоотехнигі, содан кейін «Казсельхозтехника» облыстық бірлестігінің Желаев бөлімшесінде, бірлестік жанындағы мал шаруашылығы фермаларына қызмет ету және механикаландыру стансасында шебер, аға инженер болды.

1975 жылдың қазанынан 1980 жылдың тамызына дейін Орал облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, комсомол жұмысы кабинетінің меңгерушісі, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет етті.

1980 жылдың тамызынан Орал облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1986 жылдың қыркүйегінен 1989 жылдың мамырына дейін Жаңақала аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды.

1989 жылдың тамызынан 1991 жылдың қыркүйегіне дейін Орал облыстық партия комитетінің жауапты ұйымдастырушысы болды.

1991 жылдың қыркүйегінен 1994 жылдың қазанына дейін мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі аумақтық комитетте агроөнеркәсіп  бөлімінің  бастығы,  содан  кейін 1996 жылдың наурызына дейін «Дастан» баспа-полиграфия корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары, мекеме акционерлік қоғам болып қайта құрылғаннан кейін атқарушы директор, вице-президент қызметін атқарды.

2003 жылдың ақпанында «Жайық Пресс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры болып тағайындалды.

Осы мекемеде басшы болып 2006 жылға дейін еңбек етті.

2006 жылғы 25 сәуірде мемлекеттік қызметке, облыстық мәслихаттың аппарат басшылығына ауысты.