Тамимдар Сафиевтің естелігі

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында «БҚОМ 9083/50» нөмірімен сақтаулы тұрған бұл естелік 5 дана оқушы дәптеріне араб әрпімен жазылған қолжазба. Авторы – «Дұрыстық жолы» газетін шығарушы Жазушылар құрамасының мүшесі болған Тамимдар Сафиев. Естеліктің басындағы сөздерге қарағанда, бұл жазбалар белгілі зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың өтінішімен жазылғанға ұқсайды. Дәптерлердің Мұстафа Ысмағұлов қорында сақталуы да осыны көрсетіп тұр. 1916-1920 жылдар арасында Бөкей Ордасында болған қоғамдық-саяси оқиғалардың суретін анық көрсететін бұл естелік алғаш рет жарияланып отыр. Оны төте жазудан аударып, оқыған – Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені директорының орынбасары Гүлмару Мырзағалиева.

 

БҚОМ 9083/50

Мұқабасы жоғалған оқушы дәптері, араб әрпімен қазақша жазылған, бірінші беттің жоғарғы жағында «Бірінші дәптер» деген жазу бар.

(1-24 беттер аралығында нөмірленген)

 

Қадірлі інім Мұстапа!

Көп-көп сәлем, сәлемнен кейін аман-саулық білдіремін. Қарақалпақтан қайтып үйіме келдім. Сен тапсырған жұмысты бастайын деп едім, бірақ қалай болар, қолым бармай отыр. Өйткені сен естелік жаз деп едің, мен естелік жазайын десем, жазғаным өмірбаян болатын түрі бар. Өмірбаянның саған керегі де шамалы ғой.

Қалай да бір нәрселерді шатпақтайын, пайдасы болса қала береді ғой.

Мен сөзімді қысқаша 1916 жылдан бастағым келді. Азырақ 1916 жылды жазып, содан әрі қарай созамын ғой.

Бөкейлік өзіңе белгілі Жәңгір хан өлгеннен кейін Уақытша совет құралып, соның қарауына берілген, Астраханға бағынған. Бөкейлік - жеті қисым - І-ІІ Теңіз, Нарын, Тарғын, Қалмақ, Талөпке, Жаңақала (Қамыс- Самар, Новоказанка) болып бөлінген, бұл бөлімдердің әрқайсында 11-12 болыс болған.

Менің туған жерім – Талөпке қисымы (часть). Қолдан келгенше білгенімді айта алуым да сол Талөпке қисымы туралы болады. Қазіргі Казталовка (Орал облысы).

Талөпкенің жері батыста бұрынғы Самар губерниясымен (қазіргі Куйбышев) шекаралас, солтүстікте Орал атты қазақ жерімен шекаралас болатын. Бұл өзіңе айқын.

Талөпке қалашығын айнала отырған ел қазақ рулары төре, еділбай, алаша, тама, қоңырбөрік, құлсүйіндік, беріш, ысық, таз, ..., тоқсаба, қапай, қарақалпақ, ноғай-қазақ (өзің білесің Жақсыбай жағындағылардың бәрін бір ноғай-қазақ дейтін едік), төлеңгіт, табын, тағы басқалар.

Өзім қарақалпақ болған соң, қарақалпақ туралы бір-екі ауыз сөз қылмақшымын.

Бұрынғы қариялардың айтуы бойынша, 1920 (дұрысы 1820 – Г.М.) жылдың аяғы 1930 (дұрысы 1830 – Г.М.) жылдың бастарында Бөкей елін Жәңгір хан билеп тұрған уақытында орта Азиядағы қоңыратты жайлаған қарақалпақтардан 4 үй қашып, бөкейлікке келген екен. Бұлар Жәңгір ханға келіп қоныс сұраған, сенің біртабан қарашаңыз боламыз дегесін, хан бұларға Басқұншақ тұз көлінің қасында 8-10 километр жердегі Торғай көлі Сары басық көл деген жерден жер берген. Бұлар осында орналасқан, жылдардың өтуімен қарақалпақ өсіп-өніп, көбейген, бір топ ауыл болған, тұзда жұмыс қылған. Басқұншақтан тұз ұрлап сатып, пайдаланатын болған. Бір рет тұзға барып қайтқан жолдарында қуғын келіп, тұз көліндегі бастық (чиновник) бұларды ұстаған. Төбелес болған. Қарақалпақтар бастықты (аға жолы белгісін майор дейді) сабаған.

Бұларға бірен-саран солдаттан қашқан татар башқұрттардан бірнеше адам келіп қосылған, ... олар біз де қарақалпақпыз, ағайынымызға келдік деген. Бұларды өз қарамағына алған.

Содан Астрахан губернаторының бұйрығымен қарақалпақтарды көшіруге солдат шығып, қарақалпақтың біразы көшкен. Сол көшуде болса керек, бірнеше үй қарақалпақтар Талөпке төңірегіне келіп орналасқан.

Бұл қарақалпақтарға жергілікті әкімдер біле бір жағы Самара губерниясы шекарасынан бастап ені 5-6 шақырым, ұзыны 15 шақырымдай жер кесіп берілген. Қарақалпақ көшіп келген аз халық, өздері жарлы кедей, бұрыннан жергілікті халық қоңсыларынан да қысымшылық көрдік деп күнелткен.

Бірақ қоңсы төлеңгіт, еділбай, беріш, ысық руларымен қоңсы аралас отырған. Қарақалпақтардың шаруасы тым төмен болған. Кейін қоңсы орыстар-диқандармен бірлесіп бірді-жарым егін еккен. Бай шаруалардың малын баққан. жазда бірқатарлары Самара губерниясындағы орыс байларына жалданып, солардың жұмысында болған. Байлардың малын баққан.

Ел болған соң түрлі адам болады ғой. Қарақалпақтардың ішінде Сәбитов, Абдолов дегендер белгілі ұры болған. Бұлар қоңсы аукетай алаша Ерғали Аязбаев деген ұрымен бірлесіп ұрлық кәсібінде болған. Қоңсы ауыл атты қазақтардан мал ұрлап келіп кәсіп еткен. Ал бұлар туралы 1917-1918 жылдардағы жағдай туралы сөз болғанда тағы сөз болады, соның үшін бұл жерде еске алдым.

 

1915 жыл

1914 жылы басталған жер жүзілік соғыс империяшылар соғысы көпке созылды. Соғыс ылаңы 1916 жылға дейін ел арасында оншама сезілген жоқ сияқты еді. Ел әдеттегі тұрмыс күнделікті қалпында еді. Бірақ осы 1916 жылы соғыстың зардабы сезілді. «Қазақтан солдат алады екен» деген хабар таралды. «Ақ патша қазақтан жүз жылға дейін қазақтан солдат алмаймын деп ханға уәде еткен екен, сол жүз жылы толып, 4-5 жыл өтіпті, енді солдат алатын болыпты» деген алып-қашпа сөздер жайды. Бұл ылаңменен қатар 1916 жылы елге керек қайбір нәрсе қара (өте – Қ.) қымбаттады. 14 тиын тұрған талон 15-16 тиын болды, тағы сондай қымбаттаған нәрсе қаралар болды. Тағы бір заттардың кеміс болып, жетпеуі басталды. Елден басын кесіп, өлшеп мал алу болды. Бұрынғы күміс ақша орнына 15-20 тиындық марка шықты. Тағы-тағы сондайлар болды. Бұл жағдай белгілі ел арасына түрлі өсек үшін хабарлардың таралуына, халықтар комиссияға құрақ тұруына (ұшуына – Г.М.) әкелді. 1916 жылғы Июнь жарлығы елге тым қатты тиген жарлық болды.

Июнь жарлығы елдің зәресін ұшырды. «19 бен 30 жастардың арасы жігіттер соғыс майданының шебіндегі жұмысқа алынады» деген хабар әсіресе жастарды қорқытты. Әкім қара Қызыл үйге (ол уақытта болыс кеңсесі «қызыл үй» деп аталатын) жиналып, тізім алу басталды. Істеп жатқан жұмыстарын тастап, бағып отырған малын қойып, 19-30 жас арасындағы жастар атқа мінді, лек-лек болып, топ-тобыменен ауыл, елді аралады. «Елмен қоштасамыз» деп қыдыру басталды, бірқатарлар «бұл жұмысқа барудан қалай қаламыз, қайткенде құтыламыз» деп, қалай бас қорғаудың шарасын іздеуге кірісті. Тізімге жазылмаудың шарасын іздеді. Менің Орынборда оқып жүрген кезім, жаз ауылға келіп, үйде болған уақытым еді. Бір күні атқа мінген 20-30 атты Июнь жарлығы бойынша тізімге ілінгендер, маған келді. Қатар құрбы жігіттер маған «Неғып отырсың?  Солдат  болдық,  соғысқа  кететін  болдық.  Жүр,  атқа  мін.

Елмен қоштасамыз, тағы басқа не шаралар бар, көреміз» десті. Тізімге іліккендер қатарында мен де бар едім. «Жақсы, мен де сізге қосыламын» деп, жігіттерге уәде берсем де, ауылымыздан 10-15 шақырымдай жердегі Талөпкеге бардым. Болыстың әкімдері қызыл үйде  емес, Талөпкеге жиналған екен. Тізім сонда жазылып жатыр екен. Азын-шоғын орысша жазу білетін едім. Мені де тізім жазуға отырғызды. Өзімнің тізімге кіргенімді көрдім. Қалу шарасы парасыз, тамыр-таныссыз болмайтын түрі көрінеді. Сөйтіп, ауылға қайттым. Енді бас қорғаудың шарасын көрмекші болдым. «Орынборға барып, мектеп арқылы «отсрочка» ала аламын ба, қалай болады» деп соны ойладым. Бұл Орынборда татар медресесінде оқып жүрген кезім еді. Ағайын туысқандармен кеңесіп, август айының ішінде Орынборға жүріп кеттім. Бұл бір жағынан қашқын болғаным еді.

 

Орынборда

Ол кезде Орынборда «Қазақ» газеті шығады, редакторы Ахмет Байтұрсынов, қызметкері Міржақып Дулатов, бұлармен таныстығым бар еді. Орынборда оқудағы шәкірттер болып жұма күндері редакцияға барып, «Қазақ» газетасын поштаға тапсыру, адресін жазу жұмыстарын істеп, жәрдемдесетін едік. Орынборда оларға барып сөйлесіп көрдім. Майдан жұмысынан қалу жөнінде олардан мені тыныштандырғандай жәрдем болмады. Сөйтіп жүргенде бір күні қыста медреседе бірге оқыған сабақтасым Кітабиев деген бір татар жігітін ұшыраттым. Хал-жағдайды сөйлесіп, түсініскеннен кейін ол маған былай деді: «Менің жездем осы Орынборда қазынаға (әскерге) ет тапсыратын болып договор жасады. Қаланың шетіндегі бір бойняны (мал соятын) арендаға алды. Соған рабочийлар, қызметкерлер керек, оған жұмысқа кіргендер соғысқа майданға бармайды. Отсрочка беріледі. Мен соған жұмысқа жазылып, солдаттан уақытша қалатын болдым. Жүр барып сөйлесейік, маған көмекші болып жұмысқа кір, отсрочка аласың» - деді. Айтқанындай мені апарып, жездесі Уахидов деген байға таныстырды, жұмысқа орналастырды. 15-20 күн өткенде Астрахан губернаторынан маған алты айға отсрочка да келді. Енді көңілді бірлеп жұмысқа кірістім. Енді бір тынышымды алған нәрсе мынау болды: «тізімге кірген жігіттерден қашып кеткендер болса, оның әкесін, ағайындарын солдатқа айдайды екен» деген хабар болды. Соның үшін жұмысқа орналасқанымды, отсрочка алғанымды, қай жерде екенімді айтып Талөпкеге, үйге хат жазып, хабар еттім. Кеңселерге білдірдім, сентябрьдің ішінде Талөпкеде тұратын Мифтахиддин Уәли деген бір жолдастан хат алдым. Ол Талөпке елінің жағдайын былай суреттейді: «Ел жылау-сықтауда, әсіресе еңбекшілерге

қиыншылық түсті. Астрахан, Ордадан адамдар (чиновниктер) келді. Жергілікті правитель Мерәлі Қарабаев, оның төңірегіндегілер ойларына келгендерін істеп, елді зарландыруда. Күні-түні арақ ішу, карта ойнау, адам саудасы, пара алу болып жатыр. Карта ойынына ақша орнына адам (жігіт), банкіге адам қоятын болды. Біреуі банкке бір жігіт қойдым десе, енді біреуі мен бір жігіт жүрдім дейді. Жігіттің құны 200-ден 500 сомға дейін барды. Байлар балаларының орнына кісі жалдап жіберіп жатыр. Көбісі пара беріп алып қалып жатыр. Елдің көз жасы төгілуде. Жігіттердің бірқатары жөнелтілді»,- деген.

Ал енді Орынбордағы жағдайға келсек, бұнда да Уәлиев деген байдың саудасын көрдім. Айлық төлеп рабочий алудың орнына, байға ақша төлеп, жұмысқа орналасушылар аз болған жоқ. Байлардың балалары Уәлиев байға 100-200 сом төлеп, рабочий болып кіріп жатты. Мен өзім тамыр-таныс арқылы 15 сом айлық (жалақы) алып, конторында жұмыс істедім.

Август айының ақыры, сентябрьдің бас шамасы болар деймін, Орынборда Торғай облысының бас көтерген ақсақалдарының жиналысы болды. Жиналысқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамедияр Тұңғашин қатынасты, Торғай облысынан келген болыс старшина ақсақалдар келді.

Жиналыс ашық, мен де бір тыңдаушы болып жиналысқа кірдім. Жиналыста қаралған мәселе соғыстың кейініндегі қара жұмысқа адам беру, оны қалай ұйымдастыру, Июнь жарлығын қалай орындау болды.

Әлихан Бөкейханов сөз сөйлеп, Ресей халқының соғысқа қатынасын, бұл кездегі жағдайды айта келіп, соғысқа татар, башқұрт тағы басқа ұлттардың қатынасын айтып, енді қазақ халқының да шетте қалуы қолайсыз, Отанымызды қорғау керек, майданға баруымыз керек деген сөздерді айтты, басқа бірқатар адамдар Әлиханның сөзін мақұлдады. Бірақ Торғай облысынан келген бір-екі ақсақал: адам бере алмаймыз

- деп, өздерінің дәлелдерін айтып өтті. Қысқасы жиналыс адам беруді мақұл көріп, соны ұйғарды. Сонымен жиналыс тарады.

Бұрыннан «Қазақ» газетасының қызметкерлері, редакторы Ахмет Байтұрсыновпен таныс едім. Оқып жүргенде «Ақас» деп үйіне барып жүрген уақыттарым да бар еді. Бір күні Байтұрсыновтың үйіне бардым.

«Хош келдің!» - деп шайға отырғызды. Оның үйінде Әлихан Бөкейханов отыр екен. Ахмет мені Әлиханмен таныстырды.

Бұрын «Қазақ» газетасында «Қыр баласы» деген атпенен жазылған мақалаларын оқысам да Әлиханмен таныстығым жоқ еді, көрген де жоқ едім. Осы бірінші ұшыратуы болды. Орта бойлы, жалпақ бетті, нық денелі, ауыр сөзді адам екен. Әлихан менен Бөкейде болып жатқан жағдайды сұрасты. «Жігіт беру қалай жүріп жатыр, елдегі азаматтар бұл іске қалай қарайды, Жәңгір ханның туысқан Шәңгерей князь не дейді екен, Бөкейхановтардың пікірі қалай екен» деп сұрасты. Мен Бөкейде болып жатқан жағдаймен оншама таныс болмасам да, білгенімді айттым, көргенімді білдірдім. Әлихан сол кездегі жағдайды сөйлеп, жігіттердің майданға кетіп отырғанын айтты. «Көзі ашық оқыған азаматтар да бару керек, өз ұлтының қамын ойлау керек, көптен қалмау керек» деп сөздерін айтты, сөйтіп тарады. Мен жұмысымда жүрдім. Орынборда шығатын «Қазақ» газетасын үзбей оқып тұратын едім. Бір күні газетадан мынадай хабарды (мақаланы) оқыдым. Мақалада: Қазақ рабочий партияларының майданға қара жұмысқа кетіп жатқанын, сол қазақ рабочийлардың бір бөлігін земгор (Земский городской союз) деген ұйымның өз қарауына алатынын, ал сол қазақ рабочийларға басшылық еткендей, переводчик болғандай қазақ жастарын сол ұйымның қызметке шақыратынын айтқан. Жұмыс жағдайы қолайлы, жалақысы жақсы делінген. Сол жұмысқа ... жастар, көзі ашық азаматтар баруы керек екені айтылған.

Сол газеттегі мақаланы оқумен Ахмет Байтұрсыновқа бардым. Ахмет Байтұрсынов жай-жағдайын толық түсіндірді. «Ел азаматы қалмай майданға жіберіліп жатқан уақытта көзі ашық оқыған жігіттеріміздің шетте қалуы жөн емес. Көппен бірге болуы керек, жұмысқа бару керек» деп, менің ұлтшылдық сезімімді жаман қыздырды. Өзіммен бірге оқыған Хайретдин Болғанбаев деген бір жігіт сол Орынборда екен. Ахмет маған оның сол жұмысқа жазылып кеткенін, қазақшыл Хасенғали дейтін бір татар бар еді. Оның да кеткенін маған айтты. «Сен де бар, солардан қалма» деді.

«Мәскеуде шығып тұрған «Сөз» газетасы бар, соның  редакторы Гаяз Смақов деген бар, соған хат жазып қолыңа беремін. Қазір Әлихан Бөкейханов та Мәскеуде, оның адресін беремін, Мәскеуге баруыңмен Болғанбаев жолдасыңды, қазақшыл Хасенғалиды тауып аласың, солармен бірге қазақ рабочийлардың ішінде бірге жұмыс қыласыздар» деді.

Қысқасы, мен земгорға қазақ рабочийлардың арасында жұмыс ету үшін баратын болдым. Енді қожайыным байменен есептесіп, жұмыстан шығатын болдым.

Қожайыныма келіп, расчет сұрасам, ол маған: кетпе, кетсең қателесесің, отсрочкаң бар, енді саған не керек? - деді. Бірақ жігіттердің кетіп жатқаны, Ахметтің сөзі, бірге оқыған жолдасым Хайретдиннің кеткені, қызған ұлтшылдық сезім маған іркілуге жол бермеді. Қожайыннан расчет алып, жұмыстан шықтым.

Ахметке, Міржақыпқа келіп, Мәскеудегі «Сөз» газетінің редакторы Гаязға арнап хат жаздырып алып, Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі адресін алып, октябрьдің 15-тері шамасында Орынбордан Мәскеуге жүріп кеттім.

Мәскеуге келіп адресі бойынша Әлиханды іздеп тауып алдым. Ол бұрын келген Хайретдин, қазақшыл Хасенғалидың қай жерде екенін біледі екен. Мені жетелеп соларға алып барды. Сол күні жатып, ертеңіне земгор ұйымының бастықтарына барып сөйлеспекші болдық. «Өзім алып барамын» деген Әлихан біздерді өзі алып барып таныстырмақшы болды.

 

Мәскеуде

1916 жыл. Соғыс ылаңы Мәскеуге азырақ тигені сезілді. Ерте тұрмасақ нан ала алмайтын болдық. ... ... ... Кешегі уәде бойынша ерте тұрып, Хайретдин Болғанбаев, Хасенғали, мен үшеуіміз Әлиханға бардық. Әлихан біздерді ертіп земгордың кеңсесіне алып барды, бір бастыққа кірдік, сөйлестік. Ол кісі: «сізді бүгіннен бастап жұмысқа кірді деп есептейміз, ертең келіп ақша аласыз, киім алуға қағаз береміз, соны аласыз, батыс майданда рабочиийлар бар, соларға жібереміз, Минскіде біздің кеңсе бар, соның қарауында боласыз», – деді.

Ертеңіне барып акт алдық, офицерлер магазині бар екен, соған барып қолымыздағы қағаз бойынша 100 сомнан пұл төлеп, мұздай киіндік. Кеңсеміз 100 сомнан жалақы беретін болды. Солай етіп Мәскеуде 5-6 күн болып, Минск қаласына жөнелдік. ... ... ...

Ноябрь айының бас күндерінде Минск қаласына бардық, ертеңіне земгордың ондағы ұйымына барып, документ қағаздарымызды көрсеттік. Бізді қабыл етті, документтерін тексеріп, күте тұрыңыз дегені, Минскіден 70-80 шақырым жерде станция Молодежный бар, сол станцияға жақын қазақ рабочийлары бар, соған барасыз деді. Солай етіп, Минск қаласында тағы 5-6 күн болып, Молодежный станциясына жөнелдік.

Соғыстың үдеп тұрған кезі, Молодежный станциясына немістер келіп алып, тағы кейін азырақ шегінген екен. Молодежный станциясына барып, ... ... ..., станция бұзылған, қираған көрінді. Молодежный стансасынан 7-8 шақырымдай жерде земгор ұйымының 7-дружина рабочийлары окоп қазу жұмысында екен. Сол 7-дружинада бір мың кісі қазақ рабочийлары бар екен. Белгіленген орнымыз сол қазақ рабочийлары тұрған 7-дружина еді. Молодежный станциясына барып түсіп, станцияда телефон бар, сол телефонмен сөйлесіп, 7-дружинаның штабынан көлік сұрадым. Күн бойына станцияда отырып, кешқұрым қараңғы түскенде көлік келді.

 

Түнде штабқа бардым. Штабтың бастығы ертеңмен мені көріп сөйлесті.

«Осы жерде 4-5 шақырымдай жерде мың адам қазақ рабочийлар бар, соларға барасың, ондағы рабочийлардың басында Берг деген деген уәкіліміз бар, Эмдин деген тағы басқа қызметкерлеріміз бар, сондағы уәкіліміздің қарауында істейсіңдер» деді. Қасыма бір адам қосты. Қалың тоғай орманның ішіменен жаяу жүріп кеттік. Жолда баратқанымызда тас төбемізден немістердің екі аэропланы ұшып, екі бомба жерге түсті. Анадай жерден бұрқырап топырақ көтерілді. Менің зәрем қалған жоқ, дір-дір қалтырадым. Бірақ қасымдағы жігіт: қорықпа, бұндай бола береді, - деп мені жұбатты. 1916 жыл ноябрьдің 15-тері шамасында 7-дружинадағы қазақ рабочийлары партиясына бардым. Рабочийлардың басындағы Берг деген, Эмдин дегендермен сөйлестім. Қызметкерлер қатарында бір барақтан орын берді, орналастым. Ендігі жұмыс жұмыстағы қазақ рабочийлармен танысу, олардың жай-жағдайларын білу болды. Өзімді таныстыру болды.

Қазақ жігіттері Ақтөбе уезі (Торғай облысы) І-ІІ Бөрте болысының жігіттері екен. Жігіттердің ішінде орысша білгендері болмаса да, қазақша сауатты оқығандары бар екен. Танысып болғаннан кейін жігіттердің менің алдыма қойған мәселелері мынау болды.

  1. Біз дін тұтқан халықпыз, бізге бес уақыт намазымызды оқуға уақыт берілсін. Намазымызды оқып беретұғын молла берілсін.
  2. Тазалық жағдайымыз жөнделсін, доктор қарап, ауруларымыз бағылсын.
  3. Ас-суымыз көпшілік кухнядан айырылсын. Өзімізге тиісі паек ауқатты өзіміздің белгілеген кісіміз тиісті жерінен есептеп алсын. Өз кухнямызда өзімізден болған аспаздарымыз пісіріп, өзімізге үлестіріп беретін болсын. Бұл  7-дружинада  земгор  ұйымының  уәкіл  басшыларынан  басқа рабочийларды  қай  жағынан  болса  да  бақылап  басқарып  отыратын әскери бір бөлім де бар еді. Онда бір взвод па, отделение ме әскер, 2 прапорщик бар еді. Бұл екі прапорщиктің біреуі Рябов деген тым қатал, айтқанға түсінбейтін, рабочийлардың жай-жағдайымен есептеспейтін қолайсыз адам еді, ал енді біреуі Александров, бұрын мұғалім (учитель)

болған жігіт, жақсы жайлы жігіт еді.

Қазақ рабочийлардың жоғарыда сөз қылған талабын земгор уәкіліне, әскери бөлімшедегі прапорщиктерге айтып сөйлестім. Мәселе қойдым.

Жігіттердің алдыңғы екі талабы көп сөз болмай-ақ орындалды, тез арада бес уақыт намазына уақыт берілді. Жігіттердің өздерінің қалауы бойынша араларынан молла сайланды.

Күн сайын дерлік фельдшер я сестра қарап тұратын болды, аурулары болса, айырылып, балниске (больница – ауд.) алынатын болды.

Ал енді бірінші мәселе ас-ауқат мәселесін шешу біраз қиынға соқты.

Бірақ тап сол кезде көп ұзамай Мәскеудегі земгордың орталық ұйымынан рабочийлардың жағдайымен таныспақшы болып екі адам келді. Олардың біреуі татарлардың белгілі жазушысы Гаяз Смақов, екіншісі татарлардың бір белгілі адамы Садри Максудов деген еді. Гаяз Смақов дегенмен оның жазған кітаптарын оқып, оның үстіне Мәскеуге алғашқы келгенімде Ахмет Байтұрсыновтың оған жазған хатын тапсырып, азырақ таныстығым бар еді. Гаязбен айырым оңашалап сөйлесіп, қазақ жігіттерінің жай-жағдайын айттым. Ас-ауқат мәселесін түсіндірдім. Орысша шала-шарпылау сөйлесіп, тілім жетіңкіремей жүр еді. Гаязға татаршалап бәрін айттым.

Гаяз Смақов сол күні земгордың уәкілі, әскери бөлімнің екі прапорщигі, бәрімізді  өзіне  шақырып  алып,  менің  шеше  алмай  жүрген  мәселем

– асхананы айыру, паек, азық-ауқатты рабочий жігіттердің өздері белгілеген адам алып, өз арасынан аспаздары болу мәселесін қойды. Бұл мәселе жігіттердің өз талабына лайық шешілді. Жігіттердің ішінен паек, азық-ауқатты алатын адам сайланатын болды, жігіттердің өздері белгілеген аспаздары болатын болды.

Жігіттер өз арасынан паек, азық-ауқатты алатын уәкілдерін өздері сайлап қойды, аспаздарын өз араларынан белгілеп, солардың қолында піскен ауқаттарын жеп, ішкен астары бойларына тарағандай болды. Азық-ауқат туралы наразылық ... тарасылды. Мен бір тілмаш, қазақ жігіттері мен әкімдердің арасында бірінің сөзін біріне айтып, шала-шарпы білген тіліммен сөйлесемін. Күндіз бірден жұмыс істеген жерде болсам, кеште бірден бараққа барып жігіттермен сөлесемін. «Қазақ» газетін, «Алаш» газетін, «Айқап» журналын алдыратын болдық, алып тұрдық. Жігіттер бес уақыт намазын оқиды (бұл бір демалыс қой). Майдандағы жігіттерді ел де ұмытқан жоқ. 7-дружинадағы қазақ жігіттеріне арналған вагон-вагон азық-ауқат келіп жатты. Жылқының сүр еттері - қазы, қарта, қарын-қарын сары май, тағы-тағылар. Бір-екі рет Минскіге барып, елден келген азық-ауқатты алып қайттым.

 

Бұратана бөлімі ұйымдасуы

Бір күні Минскіден бір уәкіл келді. Бұл Хусаин Бекентаев деген еді. Өзі Қостанайдың жігіті, студент. Бұл Минскіде ұйымдасқан «Бұратан ел» бөлімі (инородческий отдел) деген ұйымның уәкілі еді. Ол уәкіл қазақ рабочийлардың тұрмыс, жұмыс жағдайыменен танысу үшін жіберілген уәкіл екен.

Хусаин Бекентаев 2-3 күн болды. Қазақ жігіттердің хал-жағдайымен танысты. «Жұмыс, тұрмыс жағдайыңыз жақсы екен» - деді. Басқа дружиналарда жағдай мақтанғандай емес дегенді айтты.

Намаз деп демалыс алғанымызды, докторлық жәрдемді жақсылағанымызды, айырым кухня, бөлек азық пісіру, тағы сондайларымызды мақұл көрді. Жігіттермен де сөйлесіп, өзі де жағдайды түсіндірді.

Бекентаевтың бір хабары: земгордың қапталында «инородческий отдел» ұйымдасқаны, оның қазақ оқығандарының жігерімен болғаны, ол ұйымның жұмысы майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттеріне жәрдем, олардың жұмыс жағдайын, тұрмыс халін жақсарту екенін айтты. Бұл ұйымның басында Әлихан Бөкейханов отырғанын, оның төңірегіне қазақ зиялыларының (интеллигенция) жиналғанын, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Асфендиар Кенжин, Мырзағазы Есболов, ... Саматов, Хусаин Бекентаев, ... ... тағы сондай-сондай оқығандардың келгенін, оқып жүрген студенттердің жиналғанын айтты.

Міне, осындай жағдайда 1917 жылға кірдік. 1917 жыл февраль айының соңғы күндері, күнде келіп тұрған поштамыз жоқ болды, газета, хат келмей қалды. «Патша тақтан түсіпті-мыс, жаңа патша болады-мыс» деген ызың хабарлар жайылды.

Марттың екісі күні Берг деген басшымыз мені шақырып алып, «Минскіге барып қайт, газета жоқ, түрлі хабарлар шығып жатыр.  Газеталар алып кел» деді. Мен марттың 6-сына дейін Минскіде болдым. Әлихан Бөкейханов басында отырған Бұратана бөліміне бардым. Онда Әлихан, Міржақып, Кенжин, Есболов, тағы басқаларды көрдім. Әлихан менен жай-жағдайды, 7-дружинадағы қазақ жігіттерінің жағдайын сұрасты.

Бөкейхановтың қолында «Русское слово» газетасы бар. Соны оқып көріп: «Милюков, Шингарев, Родзянколар менің жолдастарым еді. Бәрі министр болып кетіпті. Мен бұл жерде не қылып отырғаным» - деп сөз етті, күлді. 1917 жыл марттың 6 күні Минскіде үкімет митингі болды. Мен, Есболов, Міржақып үшеуіміз митинг-демонстрацияға қатынасайық, көрейік деп шықтық. Минскінің үкімет майданына бардық. Майданда митингі болып, Батыс майданның командующийі Алексеевтің бұйрық тақырыбы оқылды. Патшаның түскені айтылды, жарияланды.

Бір кезде қызыл жалау көтерген топ-топ болып, адамдар майданға келіп еді. Мен онша көп нәрсені біліңкіремеймін ғой. Мырзағазы Есболов «жүрің, жылдам кетейік, қызыл жалауменен рабочийлар шықты, бір сойқан болады» деп алып кетті. Бірақ ешнәрсе бола қойған жоқ. Митинг тыныш тарқасты.

Кезекте тұрып бірнеше газеттерді алып (барын) мен сол күні Молодежный станциясына жақын жердегі орналасқан жұмыс орным 7-дружинаға қайттым. Жұмыс тамам етті, қызмет жүріп жатты, майданда ойласу басталды.

1917 жыл апрельдің бас кезінде «майданның кейінінде жұмыс ететұғын рабочийлар қайтарылады» деген хабар болды. Бастығымыз бұл хабарды Уақытша үкіметтің жарлығы деп жариялады. Бұл хабарды, қуанышты хабарды рабочий жігіттерге жеткізу, айту керек болды.

Бұл хабарды естумен жігіттерді жинап, үлкен жиналыс қылып, сонымен қатар ... жігіттерге қуанышты хабарды айттым.

Жігіттер аса қуанды. «Ал енді қайтатын болсақ, соның садақамыз» деп молла мен екеуіміздің алдымызға ақшаны үйіп салды.

Бірақ жігіттердің ақшаларын өздеріне қайтарып беріп, қуаныштарына ортақтастым, енді қалған аз күнге тәртіп сақтап тыныш жұмыстарды істеу керек екенін айттым.

Қайту хабарын жігіттерге айтып жеткізумен бірге сол күні «Қазақ» газетінің редакциясына Талөпкедегі бір жолдасыма телеграм арқылы хабар еттім.

Рабочийлардың қайтуына елдің қуанышы да үлкен болған. «Сүйінші» деп бірталай дүния жинап алғандар болған.

Елге қайту хабары болғаннан кейін жұмыста жүрген менің де қайтқым келді. Көп ойланбастан арыз беріп, 20 күнге демалыс (отпуск) алдым. Солай етіп отпускіге елге Талөпкеге қайтып келдім. Сол келгеннен қайтып земгор штабына барғаным жоқ. Мені іздеген адам да болған жоқ.

Ендігі сөз Талөпке, Орынборда болған уақытта сондағы бір уақиғаларды (эпизоды) жазармын.

1917 жыл.

 

БҚОМ №9083/50

ІІ дәптер (№4) (І дәптердің жалғасы 24-47-беттер)

Мұқабада «1917 жыл және 1918 жыл» деген жазу бар

 

Талөпке, Орынбор Қайту

1917 жыл соғыс майданында қара жұмыстағы жігіттердің қайтатын болғаны апрельдің ішінде мәлім болды. Минскідегі Бұратана бөлімі таратылатын болды. Мен енді майдандағы жұмыстан босанып, қайтудың ылажын көрдім. Майдың бас күндерінде отпуск алып, Талөпкеге келдім. Сол келгеннен қайтып майдандағы жұмысқа бармай қала бердім. Мені іздеген ешкім болған да жоқ.

1917 жылдың апрель, май айлары елде айырықша өзгешелік жоқ дерлік, патшаның түскені ел арасына жайылған. Уақытша үкімет мекемелері түзілген. Сырттан қарағанда барлығы бір түрде. Келген-кеткен ешкім жоқ. Учредительное собрание болады, оған елден Бөкейден уәкілдер сайлау жұмысы басталған. Кандидаттар көрсетілген, мен көрген қағазда Бөкейден екі кандидат, біреуі - Бақтыгерей Құлманов, енді біреуі - Уәлитхан Танашев еді. Жігіттердің майданнан қайтуына байланысты ел бірқатар қуанышта.

Майдың бас күндерінде болыс әкімдерін сайлау жиналысы (сход) болды. Жиналысты басқарған бұрынғы старшина, депутат, қысқасы бұрынғылар болды. Әкімдер сайланды. Учредительный жиналыста уәкілдер белгіленді.

Бірақ сайлау кезінде жастар бірен-саран майданнан қайтқандар болып бұрынғы ескі әкімдердің сайлануына наразылық білдірді. Жастардың сөзі мынадай болды: «Қариялар, енді әкімшілікті, қожайын болуды қойыңыз, жастарға жол беріңіз»,- деген сөздер болды. Жастар азшылық болды. Бірақ жастардың ішінде майданнан келген мен көзге түстім бе, мені болыстың секретары етіп сайлады. Жиналыстан үйіме қайтып келдім де, енді болысты көрмейін дегендей оны-мұны сылтау етіп, кеңсеге бармадым. Ауылымызға жақын Алмалыға (Алғай) барып, жаз бір-екі ай сонда болдым.

Алмалыда көп жиналыстар болып жатты, эсерлерден уәкілдер келіп, большевиктерден де агитаторлар келіп, жиналыстарда түрлі сөздер болды. Алмалы қайнаған қазандай еді. Майданнан қайтқандар совет ұйымдастырып, екі үкімет уақыты басталды.

«Орынборда өткен жылы қалған бір нәрселерім бар еді» деп, августе Орынборға кеттім.

Үйден Орынборға деп шыққанмен Алғайда (Алмалы - Александров Гай) бірнеше күн тоқтадым, бір жұмысым шығып Ордаға бардым. Ордада Уақытша үкімет адамдарымен азғана таныстым. Онда Мұсағалиев, Батырқайыр Ниязов, Ханзада Жәленов деген үкімет мүшелерін көрдім. Бірақ Ордада совет жоқ. Уақытша үкімет адамдары еді.

Июль айының аяқ кезі, «өткен жылы Орынборда қалған бір нәрселерім бар еді, соны алып қайтайын» деп Орынборға жүріп кеттім. Орынборға бара жатып жолда Сызрань станциясында Мырзағазы Есболовты ұшыраттым. Ол Минскідегі Бұратана бөлімін таратып жауып қайтып келе жатқанын жұмыстағы жігіттердің қайтып болғанын айтты.

Август айының басында Орынборда болып, 10-15 күндей жаттым.

Онда бұрынғы таныстарым Хайретдин Болғанбаев, Назар Төреқұлов, Міржақып Дулатов, Мұқтар Саматов, Ахмет Байтұрсыновтарды көрдім. Сол күндерде Торғай облысына комиссар болған Әлихан Бөкейханов еді. Орынбордағы Ахмет Байтұрсынов, Дулатов, Әлихан қаланың сыртында Жайықтың қазақ бетінде 8-10 шақырымдай жерде көгалға қара үй тігіп, көшіп шығып отырады екен. Бір күні Болғанбаев, Төреқұлов, Есболов бәрімізді Міржақып Дулатов қонаққа шақырды. Бардық, қонақ болдық. Ахметтің де үйінде болдық. «Әлиханның үйіне де барамыз» деп жиналып едік, бірақ Әлихан Бөкейханов өзі жоқ болған соң оған бармадық. Бөкейханов Торғай облысының комиссары, сол кезде Мәскеуде болып жатқан Уақытша үкімет Керенскийдің шақырған август совещаниесіне кеткен екен. (Ол өзіңе белгілі Уақытша үкіметтің август совещаниесі еді). Сол күндерде Орынборда 20-30 қазақ жігіттері жиналған екен. Менің білгендерім: Ахмет, Міржақып, Мұқтар Саматов, Болғанбаев, Мырзағазы Есболов, Төреқұлов Назар, Досжанов барлық жастардың  жиналысы болды. Жиналыс бір ұйым ұйымдастырды. Атын ұмытып қалдым, ол ұйымға «Жігер» ме я «Алаш» деген бе, ат берілді. Барлығымыз мүше болып жазылдық, 20 сомнан жарна төледік. Жиналысқа Мұқтар Саматов басшылық етті. Мырзағазы Есболовтың ұсынысы болып, болашақ қазақ үкіметіне «қор» даярлау мәселесі көтерілді. Қор жинау барлық мүшелерге тапсырылды. Ұйымның басқарма мүшелері болып (ұмытпасам) Мұқтар Саматов, Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов, тағы біреулер сайланды. Жиналыс тамам болып, әрқайсымыз үйімізге тарқадық.

Мен Орынбордан қайтуыммен Алғайға барып, сол Алғайда болдым. Алғайда оқу талабында болып, жаңа ашылған гимназияға кіріп, оқуға кірістім.

Бұл 1917 жыл екі үкімет (двоевластье) уақыты еді. Алмалыда (Алғайда) совет болып, соныменен қатар Уақытша үкімет мекемелері бар еді. Екеуі де өзінше үкім жүргізіп тұрды. 1917 жыл октябрьден кейін Алмалы (Алғай), Шортанды (Новоузенск) бұл қалаларда (бұлар Сарытаудың қарауындағы қалалар ғой) совет бекініп, өз жұмысын жүргізді. Байлардан, саудагерлерден салғырт салып, ақша жинады. Канпескелеу басталды.

Соныменен бұл қалаларда 1918 жылдың басында-ақ байлардың малын, саудагерлердің дүкендерін кәнпескелеу болды. Жазғытұрым көктемде кедейлерге байлардан алып көлік беру, сауын сиыр беру басталды. Ал бұл жағдай Орданың қарауында болған біздің Талөпкеде жоқ еді. Талөпкеде совет құрылған жоқ. Орда ұзақ, байланыс сирек, Ордада Астраханменен қатынасып, совет үкіметін орнату жаңа-жаңа басталған уақыт еді.

Талөпкеде болса, Уақытша үкімет мекемелері большевик дегенді халыққа тым жаман деп түсіндірумен болды. Дегенмен ел арасында большевик келеді екен, жарлы кедейлерге жәрдем береді екен деген ұзынқұлақ хабарлар жайылуда еді.

Алмалы Шортандыда болып жатқан жаңа үкімет советтердің істеп жатқандары Талөпке еліне де мәлім болып, бірқатар жарлы кедейлердің көңіліне ұнады. Бірақ басшылық етіп, совет ұйымдастыру, көрші Алмалы Шортандыдағыдай жұмыс жүргізетін ұйым, бастық жоқ болды.

Міне, осындай жағдаймен 1918 жылға кірдік.

1918 жыл февраль айында болар деймін, Талөпкеге Ордадан ба, Астраханнан ба бір адам келген (мен бұл уақытта Алғайдамын). Бұл адамның Талөпке адамдарының айтуына қарағанда бір құлақшын, атын мен білмеймін, фамилиясы Панасюк деген. Бұл уақытта Талөпкеде тұрушы жақын арада фронттан қайтқан Панченко деген екі ағайын жігіт тағы басқалар Панасюкпенен танысып алады. Шортандыдай совет ұйымдастыруға кіріскен. Талөпкедегілерде бұларға қарсы тұрғандай күш жоқ. Ордада бұл уақытта совет ұйымдасқан, сондықтан Талөпкеде қала кедейлерінен бір топ адам Панасюктің басшылығымен совет ұйымдастырған. Алмалы Шортандының үлгісі бойынша байлардан, саудагерлерден ақша жинаған. Талөпкенің советі солай етіп жұмысқа кіріседі. Жұмыс енді бітті ғой, - деп Панасюк қашпақшы болады. Әлбетте ақша берген байлар: салық ретінде байлардан жиналған ақшаны Панасюк деген талап кетті, ақшамызды жинап алып қашып кетті - деп дабыл таратып, Алмалы Шортандыдағы жағдайды сезген бай, саудагер дүкеншілер совет жұмысына наразылық білдіріп, Уақытша үкімет адамдарымен бірлесіп, қалайда Панасюкті жоқ қылу шарасына кіріскен. Панасюкті талаушы деп Ордаға білдірумен қатар өздері Талөпкеде советке қарай әрекет бастаған. Панасюк (бір құлақ (кулак)) енді қашу ниетімен Алғайдан пойызға мінбекші болып жолға шыққан, тап сол кезде Талөпкенің Уақытша үкімет мекемесінің адамдары мен байлар, дүкенші саудагерлер бірлесіп, Панасюктің артынан қуғын ұйымдастырып, милицияларын жіберген.

Алмалы (Алғай) қаласының ортасынан Қараөзен (Большой узень) өтеді. Бұл өзен қаланы екіге бөледі, өзеннің Талөпке беті Кардон деп аталады, ал арғы беті село, мен Кардондағы бір үйде тұратын едім, сол тап мен тұрған үйдің алдында көшеде ат шанада келе жатқан Панасюкке Талөпкеден шыққандар қуып жетіп, ат шанасын бұрып, қайтарып алып кетті. Ол жерде Алғай советінің одан хабары болмаған болса керек.

Сол ұстап алып кеткеннен Панасюкті Талөпкеге апарып қамап, екі күннен кейін атып өлтірген. Панасюкті атқан Әжі деген сол Талөпкеде тұратын бір шеркеш болды. Панасюкті атып өлтіруге басшылық еткен сол Талөпкедегі байлар, саудагерлер, тағы Уақытша үкімет адамдары болды.

Панасюк атылғаннан кейін, Панасюктің басшылығымен ұйымдастырылған совет адамдары Иван, Ефим Панченко дегендер және басқа да бір фронттан қайтқан жігіттер Алмалы Шортанды советіне барып, Талөпкедегі жағдайды айтып, совет ұйымдастыруға жәрдем сұраған. Осы жолдастардың арзасы (арызы) бойынша Алмалы (Алғай) Шортанды (Новоузенск) советі Нестеров дегеннің басшылығымен Талөпкеге бір отряд жіберді. Бұл Нестеров Панченколардың бастауымен Талөпкеге жүрген. Алғайдан Талөпкеге барар жолда қарақалпақтардың Қоңырсай деген бір ауылы бар еді.

Бастап отряд Қоңырсайға келіп тоқтап, ондағы қарақалпақтардан жігіттер қосып алады. Қоңырсайдағы қарақалпақтар мен Панченколар бұрыннан таныс болған.

Алғайдан шыққан Нестеровтың отрядына қарақалпақтардан мына жігіттер қосылады: Буқай, Салық, Фатих (үш ағайын) Сәбитовтер, Шавели, Каюм (екі ағайын) Жұмашевтар, Сары, Латип (екі ағайын) Мусиндер, Қожантай, Иқсанбай (екі ағайын) Алманғалиевтер, Ғатауолла Насипов, Тайтім Сағитдинов, Умей Яхин – осы жігіттерді Нестеров отрядына қосып алып, ескіше март айының 6 күні Талөпкеге барып, Талөпкеде үкіметті өз қолына алып, Панасюкті атқан Әжі дегеннің ағайын-жақындары бар екен, солардан 7 адамды атып өлтіріп, ревком ұйымдастырды. Ревкомге бастық Иван Панченко, мүшелері Ефим Панченко, тағы басқалар кірген. Талөпкедегі осындай жағдайға наразы болған тағы бір адамдар қашып Ордаға кетеді. Бірақ бұларға Орда тимеді. Ал Талөпкеде ұйымдастырылған ревкомге Орданың қатынасы жәрдемі болмады. Солай етіп Талөпкеде алғашқы совет ревком орнауына Орданың қатынасы болмағандықтан Талөпке советі Ордаға бағыну жағына көңіл бөлмей, көбірек Шортанды Алғай советіменен байланыс жасап, солардың айтқанын орындайтын болды. Шортанды Алғай советімен бойлай байланыста болды. Нестеров Талөпкеде ревком түзіп, март айының 10-дары шамасында Алғайға қайтып келді. Алғайға келген күнінде мен оны көріп сөйлестім. Ол Талөпкедегі жағдайды айтты. Талөпкеден алған көліктерін Алғайдан қайтарды. Талөпке ревкомы соныменен жұмысқа кірісіп, ауыл болыстарға адам жіберіп, совет сайлауын жүргізе бастады. Нестеровпен бірге Талөпкеде шабуыл еткен жоғарыда айтқан жігіттер бәрі қызыл гвардияға жазылды. Ұмытпасам, майдың 20-сына уездің совет сайлау сиезі белгіленген еді.

Талөпке ревкомы қасында қызыл гвардия отряды ұйымдастырылды. Отрядта 15-25 адам бар еді. Отрядтың командирі Ефим Панченко, отрядқа жазылғандар: Салық, Буқай, Фатих Сәбитовтер, Шавели, Каюм Жұмашевтар, Сары, Латип Мусиндер, Михаил, Иван Новиковтар, Тілеп тағы басқалар болған.

Талөпкенің бұл жағдайы 1918 жылдың басынан совет орнап, жұмыс жүріп жатқан Орда қаласындағыларға да жетіп, май айында Талөпкеде уездік сиезді өткізуге Орда губерниялық атқару комитетінің председателі Милютин келді. Болыстардан уәкілдер жиналып, ескіше  айдың  15- інен 20-сына дейін уездік сиез болып, атқару комитеті сайланды. Иван Панченко председатель, Баһауи Мифтахидинов, Абсалям Шигалиев, Серікқали Жақыпов тағы басқалар исполком мүшелері болды.

ІІ.

Сол 1918 жыл ескіше май айының 22 күні 23-іне қараған таңда Оралдың атты казак отряды келіп Талөпкені алды.

Бұрыннан Талөпкедегі советке қарсы адамдар Талөпкеге 35-40 километр жердегі Жалпақтал (Сломихин) қазіргі Фурманов деген қалаға жиналған атты казактарменен сөйлесіп қойған болса керек. Атты казактар 21 майда Алғайды, Талөпкені, Жаңақаланы (Новая Казанка) басып алды. Талөпкедегі 15-20 қызыл гвардия, Алғайдағы Шортандыдағы жүзге тарта қызыл гвардия қарсы төтеп бере алмады. Атты казактар 23- 24 май күні Шортанды (Новоузенск) қаласын да басып алды.

Талөпкедегі қызыл гвардиялардан 6 адам: Ефим Панченко, Каюм Жұмашев, Салық Сәбитов, Буқай Сәбитов, Фатих Сәбитов, Тілеп дегендер қашып барып, Талөпкеден 150 километр жердегі Савинка деген қаладағы қызыл гвардия отрядына қосылды. Басқалары: Сары Мусин, Шавели Жұмашев, Үмей Яхин, Хисам Якубов, тағы бір қатары ауыл арасында тасаланған. Иван Панченко, Абсалям Шигаев, Баһауи Мифтахидинов, Серікқали Жақыпов, Латип Мусин тағы бірнеше адам Талөпкенің ішінде тасаланды.

Атты казактар Талөпкені алғанда қалада қалған Ордадан келген Милютин қалайда жол тауып Ордаға шығып  кете алды. Ал  қашып шыға алмай қалған Иван Панченко тағы басқалар қолға түсті. Қалада тінту, іздеу болды. Сол күні казактар (атты казак) 34 адамды ұстап, Алғайға қарай айдады. Алғайға айдалған 34 адамнан ертеңіне 20 адам қайтып қалаға келді. 14-ін казактар атып салған. Атылғандардың ішінде мен білген Иван Панченко, Латип Мусин, М.Новиков бар еді. Қайтып келгендердің ішінде Серікқали Жақыпов, Баһау Мифтахидинов, Абсалям Шигалиев тағы басқалар. Солай етіп Уральскінің атты казагі Талөпкеде 4 айдай үкім сүрді. Түзілген советтерді таратып, орнына өз кеңселерін орнатты. Талөпкеде комитет обороны деген кеңсе болды. Оған бастық Мұхамбетрахым Қарабаев болды. Ғабдош Болманов, Ханзада Жәленов, Амақаев, Азерян, Неверов, Катсин дегендер атты казак түзген кеңсе қызметкерлері болды. Начальник милиция Ханзада Жәленов болды, Сахиб Ямбулатов судья болды.

Төрт ай Орал атты казактарының үкіметі тұсында Талөпкеде болған бірнеше есте қалған уақиғаларды айтып өтейін.

Июнь айының бас кезі, үйде жатыр едім. Ерте күн шықпастан бұрын келіп біреу мені оятты. Тұрып қарасам, қызыл гвардияға жазылған біздің ауылдың Хисам деген жігіті екен. Жасы менен үлкен. Келе: «Ал, бала, бүгін Талөпкеден милиция отряды шығатын көрінеді. Мен қашып шықтым. Мені жасыр» - деді. Мен оған: «Отряд шықса бұл жерге де келеді ғой, (ауыл екі өзеннің ортасында еді, Қараөзен және Сарыөзен) мен: Қараөзен бойына қарай бар, астыңда атың бар, сондағы тоғай- талдың арасына жасырын» - дедім. Солай етіп ол атқа мініп кетті. Мен орнымнан тұрып, енді жатпай шай іштім де, жақын жерде еккен егініміз бар еді, қолға темір күрек алып, сол егіннің тышқанын қарайтын адамдай егінге бардым. Үйден 200 адымдай жерге барғанымда менің үйімнен 2 километрдей жердегі Қоңырсай аулы қарақалпақтардың ішінде қиян- кескі шабуыл, тарс-тұрс еткен мылтық даусы шықты. Азғана жер жүріп тышқанның інін шұқылап жатыр едім. Екі атты маған шауып келді. Бұлардың біреуі милиция, біреуі бізің ауылға қоңсы беріш Иманғали Дәулетияров деген еді. Келе сала маған: «Ойбай, сен неғып жүрсің? Мына ауылыңыздан 2-3 гварди таптық. Жүр, мін атқа. Қашқан гварлар осы сіздің ауылда көрінеді» - деді. «Үшеуін тауып ұстадық» - деді. Ұстағандары ауылға келіп жасырынып жатқан Сары Мусин, Шавели Жұмашев деген екі қызыл гвардеецтер екен, енді біреуі Талөпкеден қашып құтылған Панченкомен бірге кеткен үш ағайын - Салық, Буқай, Фатих деген үш қызыл гвардеецтердің әкесі Сәбит деген қарт екен. Мен де үйіме келіп атқа мініп ердім.

Шыққан милиция отрядының басында белгілі баскесер комитет оборонаның оң қолы Сарыжалақ деген екен, ауылдан қырып-жойып ат мініп, үй қалдырмай тінтіп, әр үйдің қазан-табағын қиратып, жаңа басын жарып тұрған егілген егіндерді сүздірді. Солай етіп жүріп ерте күн шықпай маған келген Хисам деген жігітті тауып алды. Ол ауылдан ұзамай бір егіннің арасында жатыр екен. Солай етіп бір күн ауылды әбігерлеп,  жасырынып  бой  тасалап  жүрген  3  қызыл  гвардеецтерді, бір қартты ұстап, қол-аяқтарын байлап, беті-аузын, үсті-басын қанға батырып сабап, Талөпкеге алып кетті. Ауылда біз қала бердік.

Арада бір күн өткеннен соң не жағдай болып жатыр екен деп Талөпкеге бардым. Барған жерімде ақтардың мировой судьясы Сахиб Ямбулатов ұшырады. Бұрыннан таныстығым бар еді. «Ау, сен қайда жүрсің? Жақсыбайға қызыл гварлар келіп, елді талап жүр екен. Бір милиция отряды жіберілді. Сені соған бастық етіп жібермекші едім. Сені таба алмай Жәленов Ханзада өзі кетті, сен жүр, соттың үкімі бар, соған заседатель ретінде қол қой» - деді. Кеңсесіне кірдім. Маған қол қоюға берген үлгісін (приговор) оқып көрсем, кешегі біздің ауылдан ұстап алып кеткен 4 кісі және Талөпкеден 2 кісі - 6 қызыл гвардияға шығарған үкім екен. Онда жазылғаны Сары Мусинді, Шавели Жұмашевті, Хисам Якубовты, Сәбит Кенжебаевты, Михаил Новиковты тағы бір жігіт атын білмедім, Алғайға полевой сотқа жіберілсін деп сот үкім етті деп жазыпты. Мен қол қоймадым, «сотта болғаным жоқ қой, мен білмеймін ғой» - дедім. Сахиб Ямбулатов «жақсы, олай болса, мен басқа біреуден қол қойдырамын» деп мені зорламады.

Енді жағдайды байқағаным, бұл алты гвардеецтерді Талөпкеден айдап шыққан милициялар Алғайға баратын жолда 5-6 шақырым жердегі Қараоба деген обаның қасында қылышпен шапқылап, бір сусыз құдыққа салып кетіпті. Міне, бұл Талөпкеде Орал атты казак сотының бір хайуандық жұмысы еді.

Бұл жағдайды көріп, қалада енді ешкімге көрінбестен ауылға қайта бердім. Осы төрт ай шамасы майдың 23-інен сентябрьдің 15-іне дейін Талөпке, Алғай, Шортанды (Новоузенск) Орал атты казактарының- ақтардың қолында болды.

Бұл күндерде Ордада совет үкіметі орнаған еді. Астраханнан қызметкер партия мүшелері келіп, совет түзіліп атқару комитеті бар еді. Бірақ Талөпкеге ешбір жәрдем бере алмады, соныменен қатар Талөпке уезінің жай адамдары Ордамен қатынаса берді. Оған тыйым болған жоқ сияқты.

Алғай Шортанды жақтарында Сарытаудан шыққан қызыл гвардия отрядтары мен атты казак отрядтарының арасында соғыстар болып тұрды. Казактар Шортандыдан әрі аса алмады.

Біздің ауылға елу километрдей жердегі Алғайда да (Алмалы) Талөпкедегідей қан төгу, қолға түскен қызыл гвардеецтерді атты казак үкіметі айуандарша атып өлтірулері болып жатты.

1918 жылдың июнь айы шаруашылық жұмыстарымен бір күні Алғайға бардым.  Онда  қыстың  күні  гимназияда  бірге  оқыған  жолдастарды ұшыраттым. Біреуінің үйінде қонақ болып отыр едім, терезенің алдынан жалаң бас, жалаң аяқ ондаған адамды атты казак солдаттары айдап өтті. Менің қасымда отырған гимназист жолдас: «Ал, қара, мыналарды атуға айдап баратыр, күнде осылай атып өлтірулер болып тұрады»- деді. Ұзамай біз де үйден шығып, өзеннен өтетін көпірдің қасына таман бардық, атып салған бірнеше қызыл гвардеецтерді көрдік. Қайсыларын жақын-жарандары, қатын-балалары келіп, көмуге алып кетіп жатыр. Ал қайсылары көпір жақта аунап жатқанын көрдік. Мен қорыққанымнан еш

нәрсе істей алмай, ауылға қайтып жөнелдім.

1918 жыл сентябрьдің 16 күні ертеңмен ерте біздің үйге бір аттылы адам шауып келді. Бұл ауылнай (староста) еді. Сол күні Шортанды (Новоузенск), Алғай, Талөпкеге қызыл гвардия отрядтарының шабуылы басталған екен. Маған келген староста: «Талөпкеге қызылдар келіп өрт салып жатыр. Қазір ауылға келеді» - деді. Дұрысында қала жаққа қарасақ, 13-14 километр жердегі (Талөпкедегі) оттың жанғанын бұрқыраған түтінін көрдік.

Сол күні ауылдың үстінен мал айдаған, көшкен, қызыл гвардиядан қашқан көп адамдарды көрдім. Мен де біраз тайсалдап жасырынуға кірістім. Сол арада Жақсыбай болысынан малын айдап көшіп қашқан Әжікей Жәкиев келді. Ол да: «Ал жүр, қашайық, Қараөзен бойына барып тасалана тұрайық», - деді. Соныменен мен де атқа мініп, біздің ауылдан 10-15 километр шамасындағы Қараөзен (Большой узень) бойындағы тоғай-талдыққа қарай шықтым.

Осы жағдайдан екі-үш күн бұрын Сарыөзеннің (Малый узень) Талөпкеден 4-5 километр Орда жақ бетіндегі ауылда тұрған (Нысанбай ауылы) Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев деген жолдастардан записка (хат) келіп еді. Олар былай деген еді: Ордада совет орнады, мұғалімдер курсы ашылмақшы. Соған біз баратын болып жиналып жатырмыз. Кел, бірге Ордаға барайық» - деген екен. Мен соларменен Ордаға барайын деп жиналған күнімде Талөпкеде жоғарыда айтылған жағдай болып қалды.

Қызыл гвардияның Талөпкеге ондаған адам отряды Панченко бастаған, май айында Талөпкеден қашып құтылған бірнеше кісі еді, олардың ішінде менің қарақалпақ ағайындарымнан Салық, Буқай, Фатих Сәбитовтер, Каюм Жұмашев бар еді. Олар келіп Талөпкені алып, ондағы Туқбатуллин (Тухфатуллин) деген бай саудагердің үйін, дүкенін өртеп, Талөпкеде еш қарсылық болмаған соң Алғайға жөнелген. Алғайда соғыс болып жатыр, сентябрьдің 17-18 күні атылған доптың дүрсілі құлағымызды жарып жатты. Сентябрьдің 18 күні қызыл гвардия Алғайды алып, Оралдан келген атты казак әскерін Жалпақталға қарай қуып, Қараөзеннің бойындағы жаңа Талөпкеге (Орыс Талөпке дейтін едік) тықты.

Тайсалдап ауылдан 10-15 километр жерде жатқан ел адамдары бұрынғы жайларына қайту шарасын қарап бастады. Орал атты казактарына сенімі бітті.

Сентябрьдің 18 күні мен де үйіме қайтып келіп, енді банағы жолдастарым жазған хат бойынша мен Ордаға жүрудің шарасын көре бастадым.

Бір жағым – қызылдар, бір жағымда – ақтар, екеуінен де қаупім бар. Енді Ордаға қарай қалай шығып кетуді ойлап атқа мініп, Нарынның қызыл құмына қарай елдің ішімен жол тарттым.

Нарында Хайролла ахун деген болатын, соның екі баласы Ғабит, Шамғали деген, оларменен Орынборда бірге оқыған едік. Сол жолдастарға барып, солар Ордаға жақынырақ қой, солардан Ордаға барармын деген ойым болды.

Дегенімдей сентябрьдің 20 күні жолда бір қонып, Нарындағы Хайролла ахунның үйіне бардым. Барсам Ғабит Сарыбаев Ордадан отрядпен шығып, тап сол күні Нарындағы үйіне келіп жатыр екен.

Орда советінен белгілі бір адамдарды ұстауға шыққан екен. Онымен ұшырасып, хал жағдайды сөйлесіп, Ордаға баратынымды айттым. Ол қасыма бір адамын қосып «Ордаға бар» деп мені жөнелтті. Ертең-бүгін өзінің де Ордаға қайтатынын айтты. Мен Ордаға тура бармай, Ордаға жақын жерде қарақалпақ ағайындарымыз бар еді, мен соларға барып, қонақ болып, 3-4 күн жаттым. Бұл Басқұншақ тұз көлінен алыс емес, Орда мен Басқұншақтың арасында жолында еді. Ол жерде ауыл совет председателі Асы Неғматуллин деген қарақалпақты көрдім.

Ол Ордадағы совет жұмысыменен, Сарбасты ауыл совет председателі екен, өзінің ауылдағы жұмысын да барлығын сөз қылды. «Сен ауылда қонақ болып жата бер, Ордаға бірге барамыз» - деді. Ордамен ол ауылдың қатынасы күнде дерлік. Ордаға келген Халел, Ғали менің Ордаға жақын келгенімді естіп, сентябрьдің 25 күні (ескіше) мені Ордаға шақырып хат жазыпты.

Халел Есенбаевтан записка алдым, ол: Ордаға тез кел, мұғалімдер курсы ашылды, мен сондамын - депті. Сентябрьдің 28 күні Ордаға келіп мұғалімдер курсына орналастым. Мұғалім болу ісіне кірістім.

 

Ордада

Орда қаласында совет, Орда бір губерния атағын алған. Губисполком бар. Председатель губисполкомда Милютин. Ішкі істер комиссары – Асанғали Меңдіғалиев. Халық ағарту (білімдендіру) бөлімі – Сейітқали Меңдешев. Мәскеуден Тұнғашин Мұхамедиар, Бекентаев Хусаин деген жолдастар келіп, қырғыз (қазақ) әскер комиссариатын ұйымдастыру жұмысында еді. Бөкейде қазақтан ерікті әскер қазақ бөлімдерін ұйымдастыруға кіріскен еді. Бөкейдің бетке шығар оқыған азаматтарының бәрі сол Ордаға жиналған. Талөпке ауданынан мен білгендерден: Ғазиз Мұсағалиев, Ғұмар Қарашев, Батырқайыр Ниязов, Ахмет Ниязов, Мәжит Шомбалов, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ға...у Мырзалиев, Бисен Жәнекешев, Жаңақаладан Меңдешев, Бегалиев(а), Қарменов, Залиев, Қалмақ болысынан білген Рысқұл Теміралиев, Ыдырыс Берғалиев, Сыдық Әзірбаев, Әбілқадыр Әзербаев, Мұстафа Көкебаев, Абдол Бөкейханов, Нарыннан Ғабит Сарыбаев, тағы-тағы көп азаматтар бар еді. Хамит Шурин, Абдрақ Құлшурин. Ғазиз Мұсағалиев Февраль революциясынан кейін Ордада шыға бастаған белгілі «Ұран» газетасының редакторы. 1918 жылда да бірнеше нөмірлері шығып, сентябрьде жабылған уақыттары еді.

1918 жыл октябрьден бастап Талөпкеден Орал атты казактары қуылып, совет жұмысы тағы басталды. Бірақ Орданың бұл жұмысқа жігерлі қатынасы болмады. Талөпке ресми Орда қарауында болғанменен, жұмысты Талөпке советі Алғай Шортанды (Новоузенск) советінің жолбасшылығыменен жүргізді. Алғай Шортанды советінде 1918 жылдың басында басталған байларды кәнпескелеу, мал алу Талөпкеде 18 жылдың ноябрінде басталды. Панченко бастаған қызыл гвардия отряды Алғай советінің басшылығыменен Талөпке байларының малын айдап алып әскер пайдасына деп, Алғайға тапсыра берді. Қызыл гвардиядан қашқан Талөпке байлары саудагерлері Ордаға барды. Ордаға арыз үстіне арыз берді. Талөпкедегі қызыл гвардияны «талаушы», «бандит» деп көрсетті, дұрысында да Талөпкеде тәртіпті жұмыс болған жоқ еді. Орал атты казактарменен соғыс майданы Талөпкеден 30-40 километр жерде Жалпақталда (Сломихин) Орал атты казактары тұр еді. Бұл кезде Орда Талөпкеге қарай алмады, Алғай Шортанды советтері Талөпкедегі орынды, орынсыз жүргізіліп отырған Панченко бастаған отрядтың жұмысына көп қатынаса алмады, тек Панченко отрядының айтқанын мақұлдай берді. Өйткені бұл – майдан, соғыс майданы еді. Орда болса, түскен көп арыздар, Талөпкеден қашқандардың сөзін мақұлдап, Панченконың отрядын «талаушылар», «бейбастақшылар» деп қарады. Алғай Шортанды советімен сөйлесіп келісе алмады. Талөпке советіне басшылық ете алмады. Панченко отряды Ордада совет бар екеніне көңіл бөлмеді, Орданы байлардың, революция дұшпандарының топталған жері, онда байлар отыр деп Алғай, Шортанды советіне көрсетті, соған қарап Алғай, Шортанды советтері Ордаға жаман көзбен қарады. Сенбейтін болды. Қалайда Ордадағы орналасқан советпен Алғай, Шортанды советі арасында алакөздік болды. Дегенмен Орда советі Талөпкедегі жұмыстармен танысу, тәртіпке салу мақсатымен 1918 жылдың декабрінде Ішкі істер комиссары Асанғали Меңдіғалиевті Ордадан Талөпкеге жіберді. Бірақ Меңдіғалиевтің Талөпкеге келер жолын тосқан Панченко отряды Талөпкеге жетер жерінде қарсы шығып, Талөпкеге жеткізбей жолда өлтірді. Бұл жағдай Талөпкеменен Орданың арасындағы алакөздікті тағы кескіндестірді. Екі арадағы түсініспеушілік тағы да күшейді. Бұл жөнде Орда советінің Сарытауға қараған Алғай Шортанды советімен сөйлесуі болды ма, жоқ па, сөйлесу болған болса, қандай нәтиже болғаны маған белгісіз. Солай етіп екі арадағы келіспеушілік созыла берді.

1918-іншіжылжоғарыдаайтыпедім, Мәскеуден Ордағаәскерикомиссар болып Мұхамедияр Тұнғашин, оған орынбасар болып Хусаин Бекентаев келді. Тұнғашин қырғыз (қазақ) әскери комиссары болып белгіленген, бұған қырғыз (қазақ) әскер комиссариатын ұйымдастыру, қазақтан ерікті (ыхтиярлы) қазақ әскери отрядтар ұйымдастыру тапсырылған. Ол кезде Қазақстан территориясы бәрі дерлік контрреволюцияшы ақтардың қолында, сондықтан бұл ұйым Ордада болуы мақұл табылған болса керек. Бұл азаматтардың келуімен қатар қырғыз (қазақ) әскери комиссариатына керекті барлық құрал-сайман, керек-жарақ келді, комиссариат түзілді, қазақ жастарынан әскери жұмысқа ерікті әскери полк түзу жұмысы басталды. Міне, осы қазақ азаматтарынан әскер топтау уақыты

 

 

БҚОМ №9083/50

ІІІ дәптер (48-71 беттер)

Сыртқы бетінде «1918-1819 (1918) жылдар Орда, Талөпке» деген жазуы бар оқушы дәптері

 

комиссары Тұнғашин, оның орынбасары Шапқат Бекмұхамбетов, саяси комиссары Бисен Жәнекешев, Әмірғали Меңешев, соғыс комиссариатының саяси бөлімінің қызметкерлері, облыстық атқару комитеті көп жұмыс істеді. Қазақ соғыс комиссариатының соғыс бөліміне еді.

Қырғыз (қазақ) әскери комиссариаты түзіліп, оның түрлі бөлімшелері ұйымдастырылды. Қазақтан ерікті атты әскери полктер түзу ісі басталды. Бұл ерікті атты әскери полктердегі әскер адамдарды соғыс ісіне үйретуге Мәскеуден 30-40 адам командирлер келді. Уезден ерікті қызыл әскер қатарына жігіттер жазыла бастады, арнаулы комиссия қарап, жігіттерді әскер қатарына алды. Міне, Ордада 1918 жылдың аяғы, 1919 жылдың басында елдегі байлардан ат алу, әскерге деп байлардың малын алу басталды. Ірі байлар кәнпескеленді. Қазақ жігіттерінен ерікті екі үлгілі атты полк түзіле бастады. Полктерді түзуде соғыс комиссары болған Бисен Жәнекешев, Шапқат Бекмұхамбетов, ... көп жұмыс көрсетті. Әскери комиссариаттың саяси бөліміне Астраханнан саяси қызметкерлер келді. Саяси бөлімге бас болған Астраханнан келген Омаров деген татар жігіті еді. Қазақ жастарынан командирлер жетістіру үшін полк мектебі (полковая школа) ашылды, оған қазақ жастары алынып, оқу жүріп кетті, бұл мектепте болғандардан менің есімде қалған жігіттер Шәкір Жексенбаев, ..., Шаишев, Шапиғ... Уәлиев, Ғұспан Мұқашев, Рамазан Құрманғалиев, Алғазиев, Салық Есенбаев, тағы басқалар болған еді.

Мен сол күндері Орданың бастауыш мектебінде мұғалім едім. Мектеп балаларының ішінде бір ұры пайда болып, қала мектебінде март айынан бастап мектепте оқу тоқтады.

Әскери полктің саяси комиссары Бисен Жәнекешев, Әмірғали Меңешев еді. Тұнғашин – әскери комиссар, оның орынбасары – Шапқат Бекмұқамбетов. Полкте агитаторлар болды, олар қазақ жігіттерінен Ғабит Сарыбаев, Баймырза Қарменов, тағы басқалар еді. Солай етіп ерікті қазақ үлгілі атты полк түзу тәмам етті, әскери құралдар, киім-кешек, құрал-жарақ, форма киімдер келді. Сол күндерде Бөкей подотделі деген бір кеңсе ашылды, оның жұмысы баспасөз газета-журнал шығару, түрлі саяси кітаптар шығару, кітап жазу еді. Ордада оқытушылар семинариясы ашылып, бірқатар жастар соған кірдік. Халел, ..., мен тағы біраздар оқу ісінде еді.

Ұмытпасам, 1919 жылы февраль айында болар деймін, бір күні қазақ жастарының жиналысы болды, бұл жиналысты шақырған сол уақыттарда ұйымдастырылған жастардың «Жігер» деген бір ұйымы еді. «Жігер» ұйымының бастығы Мұстафа Көкебаев, сол кезде жаңа ашылған Бөкей подотделі деген кеңсенің бастығы еді. Ол кеңседе қазақ азаматтарынан Ғұмар молла Қарашев, Ғазиз Мұсағалиев, Қари Қарашев, Халел Есенбаев істейтін еді.

Жиналыста газет шығару мәселесі  қаралды.  Бұрынғы  шығып тұрған «Ұран», «Қазақ дұрыстығы» газеталарының қазіргі жағдайда қанағаттандырмайтыны айтылды, жаңа газетті енді кім шығарады, оның аты не болу керек деген мәселе болды. Біраз сөз тартысы, сөйлеулер болғаннан соң Бөкей подотделі газетті шығарады, оның аты «Дұрыстық жолы» болсын деген ұйғарысты жиналыс мақұл көрді. Бұл жиналыста газета шығару үшін редакция ... кандидаттар ұсынылды. Олар: Ғазиз Мұсағалиев, Ғұмар молла Қарашев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Сафиев дегендер еді. Сол күндерде мен де Бөкей подотделіне жұмысқа кірген едім. Бөкей подотделі ашылғаннан кейін Астраханнан бір баспа машина алдырылды. Бұрын «Ұран» газетасы кішкене «Арканка» деген машинада басылған екен. Енді жаңа машинаның келуімен типографияға арнаулы бір жай алып, баспахана ашылды. Солай етіп Бөкей подотделі Дұрыстық жолы» деген газета және «Мұғалім» деген журнал шығара бастады. Соныменен қатар әскери комиссариат «Соғыс комиссариатының хабарлары» деген екі беттік бір беті рус тілінде, ал бір беті қазақ тілінде тағы бір газетаны шығара бастады. Бөкей подотделінде «Дұрыстық жолы» газетін шығарып жүргенімізде, май айында мені (Сафиев) және Халел Есенбаевты соғыс комиссариатының саяси бөліміне жұмысқа шақырды. Халел Есенбаев саяси бөлімнің мәдени-ағарту бөлімшесіне бастық болып, мен оның қарауында шығатын «Соғыс комиссариатының хабарлары» деген газетаны шығару жұмысын басқаратын болдым. Ол уақыт газетаның редакторы Батырқайыр Ниязов еді. Мен барғаннан кейін газетаның қазақша бетін, газета шығару жұмысын басқару редакторлығы маған жүктелді. Солай етіп мен және Халел Есенбаев әскери жұмысқа оқып, қазақ ерікті әскери үлгілі атты полкінің әскери қызметкері ...

Солай етіп қырғыз қазақ соғыс комиссариатының ұйымдастырған ерікті атты қазақ полкінде ерікті әскери қызметкері болдым.

1919 жыл Ордада осындай совет мекемелерінің ірі жұмыстары болып, қырғыз (қазақ) соғыс комиссариаты түзіліп, қазақ жігіттерінен ерікті әскери полктері ұйымдастырылып, совет елімізді қорғау жұмысы жүргізілді. Бұл уақыт үкімет қиыншылық жағдай уақытта жасап еді. Өйткені бұл кезде Орданың күнбатысында оншама алыс емес, Царицын қаласын революция дұшпаны Деникин алып, Ордадан 40-50 километрдей жердегі Астрахан темір жол станцияларына Кайсат, Жәнібек, Сайхын станцияларына жиі-жиі шабуыл жасап тұрған кез, солтүстіктегі, күншығысындағы Талөпке, Жаңақала, Нарын уездері Орал атты казагы Толстов деген жанаралдың отрядтарының қолында болған уақытта еді. (Міне, осындай жағдайда Ордада жұмыс болды.) Айналамыз дұшпандар, Ордада күндіз арқамыздағы ..... кеңседе отырдық, кеште қалада патруль жұмысын атқардық, көшелерде қарауыл болдық.

1919 жылдың май айында Орал атты казактары тағы шабуыл жасап, Талөпке, Жаңақаланы алды. Алғайды да алды. Шортанды соғыс майданы болды. Тап сол уақытта мен соғыс комиссариатынан 15 күнге отпуск алып, атты казактардың артында үйіме бармақшы болдым. Саяси бөлім бастығы Ғұмаров, соғыс комиссары Тұнғашиннің орынбасары Шафқат Бекмұхамбетов: «Демалысқа бар, Талөпкенің де  жағдайын біле келерсің», - деді, белгілі бір задание берген жоқ. Тап осы күндерде ерікті қазақ атты полкінің бір ме, екі ме эскадроны Талөпке мен Орданың арасында Аралтөбеде жатыр еді. Бұлар – атты казактарға қарсы шыққан отрядтарымыз еді. Бұл отрядта командирлерден басқа отрядқа саяси комиссар бастық болып Ерғали Аязбаев деген бар еді. Аязбаев патша тұсында ұры, Оралдан жылқы айдап келіп ұрлықпенен кәсіп еткен жігіт, патша тұсында қашқын бір жігіт еді. Қазақ атты полкі түзілгенде ол Ордаға барып, әскер қатарына өз еркіменен жазылған еді.

Май айының соңғы күндері мен отпуск алған күндерде ағарту бөлімінде істеп жүрген Ғали Бегалиев те отпуск алған екен. Ол да Талөпкедегі үйіне баратұғын болды. Солай етіп біз Талөпкеге қарай жүріп кеттік. Тап осы күндерде Ордада мынадай жағдай болған еді. Мәскеуден Ордаға келген командирлерден 15-тей командирлер, басында полк командирі полковник болып Ордадан Орал атты казактар жағына қашып кетті, олар барып Талөпке Алғайдағы атты казактарға қосылған еді. Әлбетте бұл жағдай Орда үшін, ерікті атты полк жігіттері үшін, соғыс комиссариаты үшін үлкен көңілсіз уақиға болды.

Ордадан шыққан мен және Ғали Бегалиев екеуіміз Орда мен Талөпкенің орта жолында Ерғали Аязбаев бастаған қазақ полкі отрядына келдік. Ерғали Аязбаевпен сөйлестік, ол бізге: «Қайда баратырсыз (бара жатырсыз), Талөпкені алып жатқан Орал атты казактарына баратырсыз ба? (бара жатырсыз ба?) – деп біраз сөз қылды. Дегенмен бізді ірікпеді, біз жолымызды тоқтатпай жүре бердік. Ғали Бегалиев Талөпкеге жетпей, қаладан 10-15 километрдей жердегі туысқандарының арасында ауылда қалды. Мен Орал атты казактарының алып жатқан районындағы өз үйіме қарай кеттім. Жолда Талөпке қаласына соқпай, айналып қыр жолменен үйіме бардым. Талөпкенің жағдайыменен ауылдағылар арқылы таныстым. Сонымен қатар үйде көп іркілмей, Орал атты казактары алып тұрған Алғайға да барғым келді, өйткені Алғайда гимназияда бірге оқыған жолдастарым, таныстарым бар еді. Соларды көргім келді. Алғайда болдым. Бірақ Алғайға барсам, бірқатар жолдастарым Орал казактары әскеріне тәуелді болып жазылып, атқа мінген екен. Маған да: «Бізбен жүр, бірге болайық»,- дегенді айтты. Бірақ мен оларға Ордадан келгенімді, ондағы жұмысымды айтпадым, қаланың шетіндегі бір таныстың үйінде болып, тез үйіме қайттым. Талөпке, Алғайдағы Орал атты казактарының айуаншылығын көріп, тез Ордаға қайтуға асықтым. Ордаға қайтар жолымдағы Талөпкеге соқпай айналып, Сарыөзеннен көпірсіз жерінен Аяқөткел дейтін көпке белгісіз бір жерінен өтіп, Ерғали Аязбаевтың жатқан жеріне де соқпай, Ордаға қайттым. Ордада Талөпкеде, Алғайда көргендерімді, ондағы жағдайды айттым. Алғайда Ордадан қашқан командирлерді көргенімді, бірақ оларменен сөйлесуге қорыққанымды айттым, солай етіп белгілі жұмысыма кірістім.

Июнь айының ішінде Савинка жақтан шыққан қызыл гвардия отряды Панченко отряды, Аязбаев Ерғали бастаған отряд Талөпкеден ақтарды қуып шығып, алды. Жаңақала, Жалпақтал жағына қарай шабуыл басталды. Бұл күндерде Алғайды ақтардан тазартып, Жалпақтал жағына шабуыл жүрді. Осы жыл июль айында болса керек, Ордадағы ерікті қазақ атты полкі Орал жаққа соғыс майданына жіберілді. Тап осы күндерде Ордаға Куйбышев келіп, бірқатар Ордадағы әскери жұмыстарды қарап, көрсетпелер беріп, Ордада бір батарея топтарының (доптар – зеңбірек болса керек) әскер жатқан казармаға қаратылып қойылған екен. Куйбышев соған да көңіл бөлген болса керек. Сол күні-ақ топтардың аузы дұшпан келу қаупі бар жаққа бұрылып қойылды.

Ордада бұл күндерде облыс, бір эскадрон әскер қалды, әскери комиссар Сахиб Ямбулатов еді. Осы күндерде Орал соғыс майданында Оралдан шыққан қазақ атты әскер бригадасының саяси комиссары Бақытжан Қаратаев келді, ерікті қазақ атты полкі және қазақ бригадасы соғыс комиссариатымен байланыс жасап, бір командада соғыс майданында болуға сөйлесті.

...1919 жыл үлгілі бір эскадрон әскер бар. Айнала Орда қамауда дерлік. Царицында Деникин әскері бар. Орданың қарауындағы екі-үш уез Талөпке, Жаңақала (Қамыс-Самар), Нарын ақтардың қолында. Ертең бүгін Ордаға налет (шабуыл) болып қала ма деген қауесет күшеюде. Күндіз-түні ұйқы жоқ.

Август айының 15 күні бір эшелон соғыс комиссариаты Сайхин станциясына жөнелді. Сонымен қатар Ордада жұмыста жүрген агитатор және де басқа жастардың арасында соғыс комиссариатымен бірге көшеміз бе, иә осы Ордада қаламыз ба деген сөз көтерілді. Бірқатар жігіттер Ордада қаламыз деп әртүрлі жол іздеді.

Халел Есенбаев, Шақат Бигалиев, Қари Қарашевтар тағы басқа бірқатар жігіттер қалатын болды, Орынборға бармайтын болды. Бұл айтылған жолдастар Ордада қалатын болған соң саяси бөлімде «Соғыс комиссариаты хабарлары» деген газетті шығарып тұрған «Дұрыстық жолы» газетінде жұмысым болған соң менің де Ордада қалғым келді. Осы мақсатпенен сұранып соғыс комиссары Тұнғашиннің алдына кіріп, Ордада мені де қалдыруын сұрандым. Тұнғашин: «Сенің сұранымыңды тыңдап тұрмын, сені қалдыруға болмайды ғой, Орынборға барамыз, саяси бөлім де барады, барғаннан соң онда да осы «Соғыс комиссариаты хабарлары» газетін шығару керек. Сондықтан сен қалмайсың, бәріміз де баратырмыз ғой. Орынбор өзің көрген таныс қалаң ғой» - деді. Мен Тұнғашиннің айтқанына көнгім келмей, оның орынбасары – бөкейдің жігіті Шапқат Бекмұқамбетовтың алдына кіріп: «Мені қалдырыңыз, Орынборға барғым келмейді» – дедім. Шапқат маған Тұнғашиндей маған жөнді сөзін айтқан жоқ. Бір жағы жолдастық ретінде ме, болмаса шыны ма, мені сөкті, ұрысты. «Қаламын деген не, жүресің, бәріміз бірге боламыз, аузыңды ашпа, енді сөз қозғама» - деді. Екі бастықтан сөз естіп, мен де лажсыз Орынборға баратын болып шықтым.

Августің 16-17-18 күндері саяси бөлім мекемесі жиналып, отарбаға мінетін Сайхин станциясына жүріп кетті. Мен де төсек орнымды арбаға салып кетпекші болып жатырғанда, Халел Есенбаев келіп: Бүгін сен кетпе, ертең станцияға обоздың артынан жетерсің, саған мен провод (ұзату) кешін жасаймын, Астраханнан әртістер бар, соларды шақырамын деді. Халел екеуіміз бір жайда тұратұғынбыз, айырылмас дос едік. Кеште әртістер келді, қонақтыққа ас-ауқат даярлатқан екен. Таң атқанша өлең айтып, әртістермен ойнап ..... еттік. Таң атқан, жарық түскенде Халел мені жолға шығарып салды. Солай етіп кешегі кеткен обоз арбалар Сайқынға жетпей-ақ арттарынан мен де қуып жеттім. Станцияда эшелон вагондар даяр екен, Сайқында бір күн қонып, ертеңіне августің 20-сы күні поезбен жүріп кеттік. Августің 25-і күні Еділдің бойы Покровск (қазіргі Энгельс) қаласына келдік. Сол қалада 4-5 күн эшелон тоқтап жаттық. Эшелонда Ордадан алып шыққан баспахана машинасы да бар еді. Саяси бөлімнің кетуіменен Ордадағы гарнизонның кетуіменен 25 август Ордаға Орал атты казактарының бір отряды шабуыл жасап, қаланы бір күн талап қайтып кетіпті. Бұл хабарды Саратауға жатқан жерімізде естідік. Бұл күндер Ордада қарсыласатын күш болмаған. Бұл казактар отрядын бастап Ордадан қашып кеткен Алғазиев Абдрахман, Мұқашев Ғұсман деген өзіміз білген, бірге жұмыста жүрген (Ордада) жұмыс істеген жолдастар болған. Атты казактар бандасы Ордадан кеткенінде 20-30 адамды тұтқын етіп айдап шығыпты. Тұтқын болғандардың ішінде Батырқайыр Ниязов, Салық Есенбаев болған. Бұл жолдастардың сөзіне қарағанда банда тұтқын қылған адамдарын Ордадан 20-30 шақырым шыққаннан  кейін  Ордаға  қайтарып  жіберген.  Бұлар  қайтып  Ордаға келіп, жұмыстарында болған.

Жаңа түзілген Қырғыз (Қазақ) ревкомы Қырғыз өлкелік соғыс комиссариаты Ордадан көшуіменен Ордада жағдай біраз өзгерген. Бірқатар қызметкерлер соғыс комиссариатымен Орынборға кетуі, бірқатар қызметкерлердің жұмыстары өзгеруге байланысты және де баспахана қызметкерлерінің де көшуіне байланысты Ордада шығып тұрған «Дұрыстық жолы» газеті жабылып тоқтап қалды. Бөкей ... жұмысы да көрінбей қалды. «Соғыс комиссариаты хабарлары» деген газета соғыс комиссариатының саяси бөлімімен бірге Орынборға көшіп кетті.

 

1919 жылдың аяғы. Орынбор қаласы. Орынборда

20 күндей жолда жүріп, сентябрь айының 11 күні Орынборға келдік. Орынборда ревком, (Қазақ) Қырғыз соғыс комиссариаты, саяси бөлім тиісті даярланған үйлерге орналастық.  Орынбор  губерналық  қала. Біз келген күндерде орысша «Комунна» деген газета, татарша «Бізің жол» деген газета шығып тұрып еді. Енді Орынбор Қырғыз (Қазақ) республикасының орталығы болды.

Ордадан кеткенде эшелондармен (көшпенен) бірге шыққан соғыс комиссары Тұнғашин, оның орынбасары Бекмұхамбетов Орынборға келгенімізде жоқ болды. Олар жолдан Мәскеуге барып, Мәскеуде екеуін де тоқтатып, Орынборға жібермей қойған.

Орынборға ревком мүшелері де келді. Бөкейден Меңдешев, Оралдан Қаратаев, Әйтиев, Арғаншиев Орынборға келді. Мәскеуден ревком бастығы болған Пестковский келді. Бұлар да кеңселерін ашып, орналасып жұмысқа кірісті. Бірақ Қырғыз (Қазақ) орталық мекемелерінің  келіп орналасуына Орынбордың Қырғыз (Қазақ) республикасының орталығы болуына Орынбордағы ұйымдар онша жақсы қарамады. Наразылау болып тұрғандары сезілетін еді.

Солай етіп Орынборда мен «Соғыс комиссариаты хабарлары» газетін тағы шығаруға дайындалдым. Бірақ бір күні Сейтқали Меңдешев мені шақырып алды, оныменен бірге Әйтиев отыр еді. Ол қазақша газет шығару мәселесін қозғады. Қазір «Соғыс комиссариаты хабарлары» емес, ревком органы қазақша газета шығару керек деді. Сол отырыста не деген газета шығарамыз, аты қалай болады деген мәселе болды. Меңдешевтің ұсынуы бойынша газетаның аты «Ұшқын» болатын болды. Мені соғыс комиссариатының саяси бөлімінен шақырып алып,

«Ұшқын» деген қазақша газета шығаруды, редакция ұйымдастыруды тапсырды. Сол уақытта Орынборда қоңсы Бөрте болысынан оқушылар қазақ жігіттер бар еді. Бернияз Күлеев, Қамбетов, Мерғали, соларды жұмысқа шақырып, редакция ұйымдастырдым. Ревком редколлегия составын көрсетіп таныс етті. Редколлегияға  мені  председатель қылды. Күлеев, Ишмұқамбетов, Ахметсапа Юсупов редколлегия мүшелері болып белгіленді. Ахмет Байтұрсынов редколлегияда болған сияқты. Ұмытпасам, Ордадан уақытша келген Халел Есенбаев, Шақат Бегалиндерді уақытша редакцияға жіберді. Біраздан кейін Тұнғашин Тоқтамыс келді. Ташкеннен келген Хайретдин Болғанбаев біраз уақыт істеді. Солай етіп ноябрь айында Орынборда қазақша «Ұшқын» газетасы шыға бастады. Редакцияға Орынбордың бір (Неплюевская) көшесінен көшесінен жай берілді. Бастап «Ұшқын» жұмасына бір рет, соңынан екі- үш рет шығып тұрды. Газета екі беттік сары қағазға басылып тұрды. Осы күнге дейін ұмытпаған бір жұмысым: ол кезде Орынборда татарша «Бізің жол» деген татарша газета шығатын. Сейтқали Меңдешев сол газетаға бір мақала жазып, Қырғыз (Қазақ) ревкомының келгенін, Орынбор Қазақ республикасының орталығы болғанын айтып бір мақала жаз, татар көпшілігіне білдір, таныстыр деп маған тапсырды. Мен сол тапсыру бойынша татар газетасына мақала жаздым. Ол мақалам сол газетаның бір нөмірінде басылып шықты. Солай етіп «Ұшқын» газетасы Қазақстанның бірінші сиезіне дейін шығып тұрды. Бірінші сиез белгілі 1920 жылы октябрь айының басында (октябрьдің 4 күні ескіше) ашылды. Мен (Сафиев) «Ұшқын» газетасы редколлегиясының председателі болып, 1920 жылдың май айына дейін істедім.

«Ұшқын» Қырғыз (Қазақ) ревкомының органы өлкелік газета болып шығып тұрды. Сол кездегі жағдайды, ревкомның жұмысын көпшілікке таныстыру, бірінші сиезге даярлық жұмыстарын көпшілікке білдіріп отырды.

1919 жылдың аяғы, 1920 жылдың бас күндерінде Батыс Алашорда үкіметі адамдары Совет үкіметіне бас иіп беріліп, Орынборға келіп берілді. Бұлардың ішінде үкімет составы Жаһанша Досмұқамбетов, доктор Халел Досмұқамбетов, Кәрім Жаленов, Күсепқалиев тағы басқалар бар еді. Бұларменен бірге келгендердің ішінде Алаш орда әскер отрядтарының командирлері, 25-30 адамдар бар еді. Әскерлердің ішінде Бисенов, Мұрат Қаратаев тағы басқалар бар еді. Осылар қатарында Колчак әскері қапталында деректориада болған бөкейлік Уәлидхан Танашев келді.

Қырғыз (Қазақ) ревком бастықтары Алаш орданың бастықтарын қабыл алып, ұшырасулары болған күні Алаш орданың басшыларын қабыл алып ұшырасу кешін ұйымдастыруды маған тапсырды, бұның үшін арнаулы азық ауқат, қаржы берді.

«Ұшқын» газетасы редакциясында ұшырасу кешін ұйымдастырып, жастармен ұшырасу болды.

Әлі ұмытпаймын, мәжіліс кешін ашқанда мен сөзімді «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып елін тапқан соң» деп халық мақалымен бастап едім.

Алаш ордашыларды қабыл алу осындай жағдайда өтті, барлығы өздерінің тиісті орындарына орналасты.

Осы 1919 жылдың аяқ кезінде партияға адам алу туралы Ленин жұмалығы (Ленинская неделя) болды. Сол жұмалық күндерінде партияға кіріп, мен партия билетін алдым. Партия қатарында болып, тағы жұмысымды істей бердім.

Осы 1919 жылдың аяғы 1920 жылдың бас күндері бір күні ревком мүшесі Седельников (аты жөні қатерімде жоқ) мені шақырды. Бардым. Барсам кеңсе ішінде өзі, Жангелдин, Әйтиев отыр екен.

Бәрі отырып маған «қазақша шығыс бір кешін ұйымдастыр, спектакль ұйымдастыр деді, қазақ жастарының жұмысын көрсет» деп тапсырды. Содан кейін газетада жұмыс істеуменен қатар Бернияз Күлеев екеуіміз шығыс кешін ұйымдастыруға план белгілеп, іске кірістік.

Қазақ жастарын жинап, ол кезде сахнаға қойғандай лайықты қазақша пьеса жоқ, табылғаны қолжазба Ишанғали Меңдіханов дегеннің (бөкейлік) «Тамырлар» деген пьесасын репетиция жасауға кірістік.

Бір күні біздің репитицияға Жангелдин, Седельников келді, бір татарша театр қоюшы режиссері, тағы бір рус театрының режиссері келді.

Олар Седельниковтың тапсыруымен келген болса керек. Олар біздің репитицияны қарап, қайбір ескертулер берді. Соңынан Седельников маған: «Осылай етіп рус, татар режиссерларынан жәрдем алып тұрыңыз, олар тәжірибелі ғой» - деді. Мен оған: «Бұлардың жәрдемісіз-ақ өзіміз де театр қойып кеш өткізе аламыз» - дедім. Солай етіп кеш ұйымдастырдық, Орынбордың «Фурум» деген театры үйінде кеш ұйымдастырдық, бір бөлімді кеш болды. «Ахау Семей», «Ұрқия», «Гәкку» әндері айтылды,

«Тамырлар» пьесасы ойналды. Кештің ақырғы антракті уақытында Седельников маған: «Жақсы, татар, рус режиссерларының жәрдемісіз- ақ кеш істей аламыз екен» - деп қол алысты.

1919 жыл декабрьде Ордадан хабар келді. Меңдешев семьясыз бір жайда тұратын еді. Оның тұрған үйінің бір бөлмесінде Әмірғали Меңешев, Алма Оразбаева тұратын еді. Бір күні кеште Әмірғали Меңешевке бардым. Алма Оразбаева бар, бәріміз сөйлесіп отыр едік. Меңдешев ревкомнан келіп бізге Орданың жағдайын (хабарын) айтты. Ордаға атты казак бандаларының шабуылын, ондағы айуаншылықтарын, көп жігіттерді өлтіріп кеткенін айтты. Бұл хабарға өкіндік, жанымыз ашыды.

Атты казак бандаларының шабуылы көпке белгілі шабуыл ғой. Бұған осы күні Ордада орнатылған естелік дәлел ғой.

1920 жыл

Бұлжылдыңбаскүндерінде Меңдешев Бөкейге, Ордағакомандировкаға кетті. Ол уақытта Меңдешевтің бір бөлмесінде тұрған Әмірғали Меңешев пен Алма Оразбаева да Бөкейге Ордаға кеткен еді.

Меңдешев кетерінде үйін маған тапсырды, оның үйінде мен тұрып қалдым. Үй – екі үлкен бөлме, бір үлкен залдан тұратын еді. Мен жалғыз тұрған сол уақытта Мәскеуден шығып Орынборға Бердект Алһнди деген Англияның бір уәкіл адамы келді. Ол кісіні ревком Меңдешевтің бос бөлмесіне уақытша орналастырды. Қасында переводчигі бар. Ол кісі русша тек екі сөзді біледі екен, «спасибо», «хорошо» деген. Ағылшын тілін, араб тілін, парсы тілін жақсы біледі екен. Переводчик бір жерге кетсе, маған келіп арабшалайтын болды. Мен арабшаны шала-шарпы түсінетұғын едім. Бұл үйдің басқа бөлмелерінде қожайындары тұратын еді. Соларда жұмысы болса Бердект маған келіп, мен арқылы сөйлесетін болды. Ол белгілі адам еді. Сол кезде Кавказ жағынан әскер топтаған

«Калиен» деген генералдың революция дұшпаны шабуылы уақыты еді. (Дикий дивизия деген болса керек) соларға жазған үндеуі «Известия» газетінде жарияланып еді.

Көп уақыт болды. Жаз шыға Меңдешевтің мен тұрған жайына (үйіне) Әйтиев келді. Семьясыменен. Солай етіп Әйтиевтің үй ішіменен біраз күндер тұрдым. Май айында жаман ауырдым. Он-он бес күн жаман ауырып жатқаннан кейін азырақ аяққа басып, тәуірірек болдым. Содан соң демалыс сұранып, демалысқа шығып Бөкейге, Ордаға мен де жөнеліп кеттім. «Ұшқын» газетін шығарып, менің орнымда Ахметсапа (фамилиясы ұмытпасам Юсупов еді) қалды. Басқа қызметкерлер Бернияз Күлеев, Тұнғашин Тоқтамыс, Мұқанғали Ишмұқамбетовтар еді. Демалысқа шығып, Орынбордан Бөкейге Ордаға жүріп кеттім. Менімен бірге Орынбордан Ахметов деген бұрынғы 16-17 жылдарда мені оқытқан оқытушы (учитель) таныс кісі еді.

Оны Бөкейді жақсы білетін кісі деп кооператив ұйымдастыруға уәкіл етіп Орынбордан Бөкейге жіберген екен. Ол жолда Алғайдағы үйіне соғып, Ордаға кетті. Мен де үйіме соғып, демалыста жүрсем де Ордаға бардым. Ордада бұл учитель Ахметовпенен тағы да ұшырастық.

Ол мені Бөкейдің Жаңақала, Талөпке аудандарында уәкіл болып кооператив ұйымдастыруға шақырды. Мен оған былай дедім. «Мен отпускіде  жүрмін.  Орынборға  қайтамын»  дедім.  Сол  уақыттарда  да Меңдешев бар еді. Ол жолдас Меңдешевке барып, оның не жұмыспенен келгенін жәрдемге кісі керек екенін айтып, менің Ордада жүргенімді айтып, жәрдемшіге мені сұраған. Бір күні Меңдешев мені шақырып алып: Демалысың біткен, қазірше Орынборға барма, мен сені мына уәкілге жәрдемші етіп жіберемін, соған барасың, Орынбордағы жұмысың, ондағы ревкоммен өзім сөйлесемін, - деді. Солай етіп мені Меңдешев ревком мүшесі Бөкейде кооператив ұйымдастыру жұмысына қосты. Жоғарыда айтылған уәкілдің айтуыменен іске кірістім.

1920 жыл ел бірқатар тынышталып, шаруаларын жүргізіп жатыр. Талөпке, Жаңақала және Орданың басқа уездерінде совет орнаған, тек бірен-саран бандалар ғана тыныштықты бұзатұғын еді.

Мен (Сафиев) кооператив ұйымдастыру үшін Талөпке, Жаңақала уездеріне уәкіл болдым. Осы уездерде уәкілдер шақырып, кооператив басқармаларын сайлау керек еді.

1920 жыл июнь айының соңғы күндері Ордадан Жаңақалаға барып, кооператив басқармасын сайлау сиезі болатын күнін белгілеуге Жаңақалаға бармақшы болып шештім. Ордадан Талөпке, Жаңақалаға (Новая Казанка) баратын жол бір жол еді. Менімен бірге Ордадан бір татар, бір рус жігіттері бірге шықты. Жолда сөйлесіп, таныстым. Татар жігіті ұмытпасам фамилиясы Еникеев. Олар Талөпкеге баратынын айтты. Жолдан айырылысып, мен Жаңақалаға, олар Талөпкеге кетті.

Мен Жаңақалаға барып, кооператив сиезі болатын күнін белгілеп, Талөпкеге айналдым.

Талөпкеде уез атқару комитетінің председателі Халел Есенбаев, халық соты Рахмет Абдрашитов, милиция начальнигі Сашников дегендер еді. Мен Талөпкеде сиез күнін белгілеп, ауылға кеттім.

Ордадан менімен бірге шыққан екі жолдас Талөпкеге белгілі Панченконы және үш ағайын Сәбитовтерді тұтқынға алған, әлбетте бұл Орданың тапсыруы бойынша істелген, өйткені бұлардың Талөпке уезінен бірінші болып советті қуаттағаны, атты казак бандаларына қарсы құрал алып, жауласқаны, бірінші болып қызыл гвардия қатарына жазылғандары болғаныменен қатар 1918-19 жылдары революция жолында күрескендері болғанымен қатар 1920-ыншы жылы қызыл гвардия қатарынан шығып, өз алдына қожалық түзіп, Панченко және Сәбитовтер бұрынғы ұрлық кәсіптеріне кіріскен. Алғай, Шортандыға арқа сүйеп, ел арасында өз бейбастықтарын жүргізуге бет алған, олардың 1918-19 жылдарда қызыл гвардия қатарында Панченко отряды болып елде жөнсіз істеген істері, талан-тараждықтар жүргізгені, орынсыз істеген жұмыстары көп еді (әйелдерді зорлау, қатын үстіне қатын алу, «оныңыз жөнсіз» деп бір ауыз сөз айтқандарды атып өлтіріп кету, тағы- тағы сондайлары көп болды).

Міне, осындай тәртіпсіздіктері үшін жазасын беру, тәртіпке шақыру үшін болса керек. Орда бұларды қолға алу керек деген болса керек.

Мен Талөпкеде кооператив сиезін шақыру күнін белгілеп, уәкілдер келгенше үйіме барып қайтпақшы болып кеттім. Үйге келіп бір-екі күн демалғаннан кейін Алғайға барып, бұрынғы жолдастар, таныстарды көрейін деп Алғайға келдім. Менің Алғайға Талөпкеден келгенімді, Ордада қызметте жүргенімді Алғай біледі

БҚОМ №9083/50

Сыртында «Кітаптардан пайдаландым» деген жазуы бар №2 дәптерден (72-83 беттер аралығында нөмірленген)

екен, бір жолдастың үйіне қонып, ертеңмен тұрсам, екі милиция келіп, мені жетелеп чекаға (ЧК – Чрезвычайная Комиссия, Төтенше комиссия, кейіннен НКВД – Қ.) алып барды. Чекада бұрыннан менің әкеммен таныс, мені де білетұғын Курбатов деген кісі отыр. Мені көріп: «Жақсы болды, сен Ордадан келген шпион агент екенсің, мына қағазда қол қой»,- деп маған ұсынды. Не қылып жүргенімді сұрасты, документтерімді тексерді.

«Ал енді кетпейсің, осы Алғайда, айрықша рұқсат болғанша жатасың», - деді. «Бар, жатқан үйіңде жата тұр, ешқайда шықпайсың»,- деді.

Алғайдың ішінде жатқан үйіме келдім. Бірақ тынышым кетті, «Бұл қалай болды, белгілеген сиез күніне Талөпкеге бара алмай қаламын ба?» - деп ойладым. Шыдай алмай, кеңсе жұмыс уақыты біткеннен соң, мені тоқтатып қойған чекист Курбатовтың үйін білетін едім, кешке қарай үйіне бардым. Бұрынғы таныс үйіне кіргізді, шайын берді, менімен бірге ойнап өскен дерлік баласын есіне түсіріп, оның соғыс майданында ақтардың қолынан өлгенін айтып, қамығып жылап алды. Біраз сөйлесіп отырғаннан соң маған былай деді: «Сен біздің қолға түскен Орда Талөпкенің адамысың. Мен сені ... Саратауға жөнелтуім керек еді, тек сен болған соң амалым жоқ, сені босатамын, ал тез қайт үйіңе, Талөпкедегі капратип (кооператив) сиезін өткер, басқа адам болғанда басқаша шара көрер едім», - деді. «Ертеңмен маған кеңсеге келіп кет»,- деді. Бір жағынан қорқып, бір жағынан қуанғандай болып жатқан үйіме келдім. Уақыт кеш еді. Жатқан үйіме келсем, бұл үйде винтовкалары сайлаулы, белдерінде наган, менің нағашы ағам Сағит Мусин, баяғы Нестеров деген тағы бір кісі отыр. Сағит Мусин мені көріп: «Тап іздегенім сен едің, Ордадан агент болып келіп, не қылмақшы болып жүрсің, ...» (дәптерде көп нүкте қойылған – Г.М.), - деп біраз сөзді жеткізді. Нестеров қой- қойлаған болып отырды. Біраздан соң ауқат келді: «Кел бермен, же мына астан, бұл сенің ақтығың, атауың болсын, бүгін сені өлтіремін»,

- деді. Шарам жоқ, тыңдап отыра бердім, ауқат желінді. ... жоқ, бірақ Сағит «өлтіремін» дегенмен маған тиіскен де жоқ.

Ертеңмен тұрып чеканың кеңсесіне, баяғы Курбатовқа бардым. Ол маған: «Қазір тез кет, қайта бер, енді боссың», - деді. Мен қуанып, жатқан үйіме келдім. Бірге қонған жігіттер үйде жоқ еді.

Сол арада бір жолдас бірге оқыған маған келді. «Бүгін бір ... бар, қаланың шетіндегі баққа барамыз, пикник болады, соған жүр» деп мені жетелеп алып кетті. ... кешкі сағат 5-терге шейін бақта қыдырып, ойын- күлкі, қыдыру болып енді қайтып келе (ж)атырсам, баяғы чекист Курбатов жолда ұшырап қалды. Мені көрді де өзіне шақырып алды. Қолымнан ұстап: «Әлі кетпей жүрсің бе, тез кет, ешкімге көрінбе», - деді. Жатқан үйіме келдім де, кеш қараңғысы түсе ауылға қарай жөнелдім.

Ауылыма келіп бір қонып, кооператив сиезді белгілеген күнім июль айы Талөпкеге келдім. Уезатком председателі Халел Есенбаевпен сөйлесіп, ертең сиез, келген қайбір уәкілдермен сөйлесіп, сиез болатын үйді белгілеп, білдіру жазып, енді Багауи деген жолдастың үйінде қондым.

Ертеңмен тұрып, шай ішіп, енді жұмысқа бармақшы болып көшеге шықтым. Шыққан үйге жақын милицияның кеңсесі бар еді. Тап сол милиция кеңсесінің тұсына келгенімізде екі-үш әскери адамдар келіп жетті.   Винтовкалары   арқасында,   нагандары   қолдарында,   екеуі:

«құралыңыз бар ма, беріңіз», - деді. Бізде не құрал болсын, еш нәрсем жоқ. Сол арада начальник милиция Сашинков бар екен, оны кеңседен шығарып, наганын алды. Өзіне «қозғалмайсың, орныңда отырасың» деп бұйырды.

Мен бұл арада тікелей уез атқару комитетіне бардым. Халел Есенбаев кеңсесінде тағы бір жігіттер отыр екен. Халел маған: «Кооператив сиезіңді өткізе бер, тағы айналып келерсің», - деді. Мен барсам, кооператив сиезіне келген уәкілдер жиналып, белгілі бір үйге келген екен. Сиезді аштым, сол арада бір-екі құралды қызыл әскер келіп: «Не жиналыс?» - деп сұрасты, документтерді қарады. «Жұмысыңызды жүргізе беріңіз»,

  • деп шығып кетті.

Уездің кооператив сиезін ашып, қысқаша баяндама жасап, уездік мекемелермен келісілген басқарма кандидаттарын сиезге ұсындым. Солай етіп, сиезді көпке ұзатпай, басқарманы ұйымдастырып, сиезді жаптым. Сол күнде Талөпкеде болып жатқан жағдайға мен де және келген уәкілдер де қайран, еш нәрсені білмейміз. Әлбетте сиез 4-5 сағатта тәмам етті. Кооператив сиезін жауып, сиезден шыға тағы уездік атқару комитетіне (Халел Есенбаев председатель) жүгіріп бардым. Онда барсам, адам жоқ. Кеңсе тарап кеткен, 4-тер шамасы. «Енді не қыламын» деп, кеңсенің бір қызметкерін (сторож) тауып сөйлестім. Оның маған айтқаны: «Халел, тағы Уахит Абдрашев қашып кетті. Мен оларды мына астаумен Қарасудан өткізіп жібердім. Олардың саған тапсырғаны: «тез қашсын, тез шығып кетпесе, қолға түседі» деді», - дегенді айтты. Менің де еш нәрсеге қарайтын жағдайым болмады. Әлгі сторожым мені де астаумен Қарасудан өткізді. (Қарасу – Сарыөзеннен бір-екі километрдей жерде Талөпкенің ішінен өткен бір өзен еді).

Қарасудан өтіп, тоғай шабынның ішімен жаяулап Талөпкеден бір-екі километрдей жердегі «лау» - жолаушыларды жүргізетұғын үйге барып, тез асығыс аттарын жектіріп, енді Жаңақалада өзім келіп белгілеп кеткен кооператив сиезін өткізуге кеттім.

Талөпкеде бұндай жағдайдың болу себебі: жоғарыда айтып өткен Ордадан шыққан чеканың екі адамы Талөпкеге келіп, Панченко Ефим және Қоңырсайда аулында жатқан үш ағайын қарақалпақ жігіттері Салық, Буқай, Фатих Сәбитовтарды ұстап, Ордаға жөнелткен. Осындай жағдайдан соң бұл жігіттердің жанашырлары бірге атқа мінген. Бірге атты казак бандаларына қарсы жауласқан жігіттер қарақалпақ Сағит Мусин, Қожантай Иманғалиев, тағы басқалар Алғай советіне барып, ол арқылы Шортанды советіне шағымданған. «Орда біздің жауынгер жігіттерді ұстап алып кетті», - деп жәрдем сұраған. Содан соң Алғай советі, мәселені шешу үшін болса керек, революцияның бастапқы күндері Талөпкеде болған Нестеров, Иванов дегендерге тапсырған, бұлар Алғайда бірнеше кісімен қызыл әскер отрядын ұйымдастырып, 18-19 жылдардағы қызыл гвардия Сағит Мусин, Иманғалиев Қожантай деген қарақалпақ жігіттерінің тағы басқа ондаған қарақалпақ жігіттеріне құрал беріп, Талөпкеге аттандырған. 20-30 кісі отряд болып, Талөпкеге келіп, Талөпкені қамады. Талөпкеде жұмыста жатқан, Ордадан келген екі жігітті қамауға алды. Начальник милиция Сашников деген жігітті де қамаққа алып, оларды Алғайға жөнелтті. Уездің атқару комитетінің председателі Халел Есенбаев пен судья Уахит Абдрашев жолдастардың артынан қуғын болып, Орда жолында Аралтөбеде қуғыншылар артынан жеткен екен, олар атысып .... Ордаға қарап жөнеп кеткен. Мен өз жұмысыммен Жаңақалаға барып, кооператив басқармасын сайлау сиезін өткізіп, басқарма сайлап Ордаға қайттым. Бұл күндерде Халел Есенбаев Ордада еді, ұшырасып сөйлескенде: «Талөпкенің жағдайы өзің көргендей. Ордадан чека адамдары барып Талөпкеден ұсталған Панченко, Салық, Буқай, Фатих Сабитовтер осы Ордада түрмеде жатыр, Алғайдан келген отрядтың ұстап алып кеткен жігіттер чеканың екі адамы, Талөпкедегі начальник Сашинков Алғай Шортандыда болса керек. Бұл туралы әзірге істеліп жатқан жұмыс қағаз жазысу болып жатыр. Не болатынын білмеймін», - деді. Мен сиездерді Талөпкеде, Жаңақалада өткізген есеп баяндамамды кооператив ұйымдастырушы уәкілге тапсырдым. Жұмыстан босандым.

Сол кезде Ордада облыстық кезекті сиез шақырылды, Қазақстандық бірінші сиезге даярлық жұмыстарын бастады. Жұмыстарды жүргізіп жатқан Сейітқали Меңдешевке бардым. Орынборға қайтармай, кооператив ұйымдастыру жұмысына жәрдемші етіп жіберген өзі еді, оған кооператив ұйымдастыру жұмысында болғанымды, жұмыстың істелгенін, енді босанғандығымды айттым.

Меңдешев енді маған: «Орынборға қайт», - деді. Солай етіп, август айында Ордадан шығып, Орынборға жөнеліп кеттім. Бұнда айтарлықтай уақиға болған жоқ. Бірақ белгілі ол уақытта транспорт жағдайы жақсы емес еді. Жолда бірнеше күндей жүрдім, Бұзаулық (Орынбор мен Самараның арасында) станциясында Сапажков бандасы  болып, станцияны алған екен, сол станцияға жете алмай бір күн бөгелдік. Бірақ Сапажков бір күн тұрып, станциядан шығып кеткен екен. Біздің пойыз да көп іркілмей жүріп кетті. Орынборға барып, жұмысыма кірістім. Орынборда жатақ-жайым Алма Оразбаева, Шапқат Бекмұхамбетов, Әмірғали Меңешевтермен бірге болды. Ревкомға барып, Ордада іркілген себебімді, Меңдешевтің жұмысқа қосқанын айтты. Ревком маған былай деді: «Оралдың Жымпиты уезіне барасың. Онда газет шығару керек, сол газетаны ұйымдастырып шығарасың», - деді.

Ревкомда маған документтер даярланып, 4-5 күн Орынборда демалып, бір ауыл советтен екінші ауыл советке баратын көлікпенен (лау) Жымпитыға қарай жүріп кеттім.

4-5 күн жол жүріп, бір өзім кейде ат арба, кейде өгіз арба, кейде түйемен жүріп, сентябрьдің бас кездерінде Жымпиты келдім.

Жымпитыда уездік атқару комитетінің председателі Молдағалиев, Ішкі істер бөлім бастығы Бисенов, Денсаулық бөлім бастығы Қасаболатов дегендер еді. Жымпитыға келсем, баспахана жоқ, машина жоқ, газета шығаруға ешбір жағдай жоқ. Атқару комитетінің бастығы Молдағалиевпен сөйлесіп, газет басатын машина, әріп, тағы басқа құрал аспаптарын әкелуге Орал қаласына (губерния) уәкіл жіберетін болдық. Жымпитыда баспахана құрал аспаптарын білетін, газета шығару құралдарымен таныс бір адам тауып, Оралға командировка ұйымдастырдық. «Баспахана аспаптары келгенше» деп мен демалыс сұрадым. 15 күнге демалыс алып, ауыл жаққа барып қайтпақшы болдым. Жымпиты атқару комитеті маған 15 күнге демалыс берді. Демалыс деп шыққанмен енді Жымпиты қаласына барғым келмеді. Жымпитыдан шығып, Оралға келсем, Бұзаулық станциясынан шыққан Сапажков бандасы Оралға жақындап келген екен. Қаладағы бар күш, қызметкерлер сол бандыға қарсы күрес үшін даярлықта. Қаладағы жұмыс бәрі соған қаратылған. Қалада ешкіммен сөйлесе алмадым, асып ауылға кеттім.

Ендігі ойым – қалай да Ордаға бару, Жымпитыға қайтпай, Ордада Меңдешев бар, сонымен сөйлесіп, реті келсе Ордада жұмысқа орналасу болды. Солай етіп, үйіме келіп, бір күн, екі күн болдым ба, жоқ па? Ордаға баратын бір жолдастармен ілесіп, Ордаға келдім.

Сентябрь айының 15-20-лары шамасы. Арбалы көлікпен кешке қарай Орданың көшесіне кірер үлкен жолмен келеатыр (келе жатыр) едік, көшеде Халел Есенбай(ев) жолдасым ұшырай кетті.

- Ау, тамыр, қалайсың, аман-сау бармысың? Мен сені қалай іздеймін, қайдан табамын, қалай хабар етемін? – деп ойлап келе жатыр едім. Осы қазір мен бөкейлік кезексіз сиезден шығып пәтеріме қайтып келе жатқаным. Сиезде Бірінші Қазақстан сиезіне делегаттар сайланды. Меңдешевтің ұсынысымен сен де делегат болып сайландың, мен де сайландым. Жүр, мен жатқан пәтер үйге бірге жатып, бірге жүреміз, - деді. Жолым болды екен, - деп, мен Есенбаевпен бірге барып, бір жайда орналастым.

Енді октябрьдің басында Орынборда болатын Бірінші Қазақстандық сиезге жүрудің қамында болдық. Документтер даярлау, жол қаржы, ақша алу, тағы сондай жұмыстармен екі-үш айналып, уәкілдердің, делегаттардың жүретін күні Сайхын станциясына барып, делегаттарға арналған вагонға мінетін күні белгіленді. Сол күнге бәріміз де Сайхинда болуымыз керек. Бөкейде Бірінші Қазақстандық сиезге сайланғандар: Мәжит Шомбалов, Бисен Жәнекешев, Сейтқали Меңдешев, Рысқұл Теміралиев, Ыдырыс Берғалиев, Нұғыман Залиев, Абдрақ Құлшурин, Хайырлы Бекқалиев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев, Милютин, Ибраев, Шапқат Бекмұхамбетов, Ғабдол Бөкейханов, Мұстафа Көкебаев, Мұғазия ......, Уалидхан Танашев, Сейдалин, Мұхамедияр Тұнғашин, Варламов, тағы басқалар еді. Михайлов.

1920 жылдың сентябрьдің 20-21 күні Халел Есенбаевпен екеуіміз бір лау ат арбаға мініп, Сайхын  станциясына  қарай шықтық.  Орда мен Сайқын арасы 50-55 километр шамасы. Жолда бір қонып, бойлай демалынады. Халел екеуіміз бір үйге келсек, ол үйге жайдақ арбаға бір нар жеккен Жәнекешев пен Құлшурин түсіп, қоян етінің қуырдағын шайменен жаңа алдарына алған екен. Бізге үй иесі: Қош келдіңдер! – деп қарсы алды. Қоян еті майлы қуырдақпен шайды ішіп алып, бәріміз көп ұзамай Сайхынға келіп түстік. Сайхинда басқа делегаттар да келіп жиналып жатыр екен, кеш пойыз болып, делегаттарға арналған вагонға мініп, Орынборға жүріп кеттік.

Жолда 6-7 күндей жүріп, Орынборға келдік. Октябрьдің 4 күні Қазақстандық бірінші ұйымдастырушы сиез ашылды. Сиезді Радус Зенкович ашты.

Сиез делегаттарының ішінде (қызыл) еңбекшілердің сайлаған делегаттарымен қатар, байлар, алашордашылар, байлар партиясында болғандардың да делегат болып сайланғандары бар еді. Мен білгеннен сиезге делегат Әлихан Бөкейханов, Аббас Ермеков, Уәлидхан Танашев, Ахмет Байтұрсынов, тағы сондай адамдар бар еді.

Сиезде бұл адамдар туралы сөз болды. Бірақ оларға шешуші дауыс берілмей, кеңесте дауыс берілді, сонымен қатар оларды сиездің төрі алдыңғы қатарға өткізбей, есік жаққа отыруға мәжбүр етті.

Сиез 8-10 күндей созылды, күн тәртібіне қойылған мәселелер шешілді, тиісті қарарлар қабыл етілді. Сайлау болды. Совнарком председателі Радус Зенкович болды. Орталық атқару комитетінің (ЦИК) председателі Сейтқали Меңдешев, секретары Бөкейханов Ғабдол болды. Бөкейден келген делегаттардан бірнеше жолдастар Залиев, Құлшурин, Теміралиев, Шомбалов, Милютин үкімет саставына (составына) кірді. Қалған бір сайлану Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев Орталық комитет мүшелеріне кандидаттар қатарына кірдік.

Сиездің жабылар күндерінде, бір күні бірқатар қазақ оқығандарының жиналысы шақырылды. Бұл жиналыс ол кезде шығып тұрған «Ұшқын» газетасының редакциясында болды. Бұл жиналысқа келгендерден менің есімде қалғандар Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Саматов, Садуақасов, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев, Бернияз Күлеев, Ахмет ... бар еді.

Жиналыста таза сайланған (ЦИК) Орталық атқару комитетінің органы етіп газета шығару, ревком органы «Ұшқын» газетасының атын өзгерту мәселесі қаралды. «Ұшқын» газетасын Қазақ Орталық атқару комитетінің органы етіп, атын өзгерткенде не деп ат қоямыз? – деген сөз болды.

Қысқасы жиналыс «Ұшқын» газетасының аты өзгертіліп, «Еңбекші қазақ» болсын, ревком органы емес, Қазақ Орталық атқару комитетінің органы делінсін деген қарар қабыл етті. Газетаның редакторы болып Маннан Тұрғанбаев белгіленсін делінді, редакция коллегиясына кімдер сайланғаны есімде жоқ. Солай етіп қазақстандық бірінші ұйымдастырушы сиез болып өтіп, біз уәкілдер (делегаттар) ауылымызға тарқастық. Жолда он күндей жүріп ноябрьдің бас күндерінде Ордаға жеттік.

112/ Июль айы Қазақстан республика болатын болып Мәскеуде қазақ (қырғыз) ревкомының састабы (составы – құрамы) белгіленген, ревком болуыменен соғыс комиссариаты сол ревкомның қарауында болатын болған. Қазақ (қырғыз) ревкомы Орынборда болуға лайық көрінген. Осы ұйғарулар бойынша ревком, соғыс комиссариаты Орынборға көшетін болды. Бұл август айының бас күндері еді. Көшу даярлығы басталды.

БҚОМ №9083/50

(Мұқабасы сары түсті, 12 беттік оқушы дәптеріне оң жағынан бастап араб әрпімен жазылған қолжазба. Дәптердің парақтары тек бір бетіне, 1-ден 12-ге дейін нөмірленген.)

1918 жыл. Мен Алмалыдамын. Алмалы – бұл қазіргі Алғай селосының бұрынғы қазақша аты. Бұл село бұрын Самара губерниясына қараған еді. Новоузен уезіне бағынады. Новоузен уездік қала, қазақша Шортанды деп аталатын еді. Оған жақын бір село Малый узен деген село, бұл қазақша Тақташ деп аталады. Бұлар бөкейліктің Талөпке қисымымен (районы) шекаралас еді. Талөпке районы солтүстігінде Орал (Теке) қазақ орыстары жерімен де шекаралас еді.

1917 жылғы Октябрь социалистік революциясынан соң, бұл қалаларда уақытша үкімет, екі үкімет болуы жөн болып, совет орнап  жұмыс жүріп жатырды. Бай, саудагерлердің дүкендерін жабу, оларға салық салу, малдарын айдап алу, кедейлерге жәрдем беру, қызыл гвардия ұйымдастыру басталған еді.

Мен Алмалыдағы гимназияда оқудамын. Оқу 1917 жылы сентябрьде басталып, әдеттегіше жүріп жатты.

1917 жылдың аяғы, 1918 жылдың басында Бөкейліктің орталығы Орда қаласына  Астраханнан  адамдар  келіп,  Уақытша  үкімет  мекемелерін өзгертіп, совет ұйымдастыру жұмысын жүргізіп жатыр еді. Орда қаласында совет ұйымдасқан, бірақ Орданың қарауындағы басқа райондарда Уақытша үкімет мекемелері әлі өзгертіліп, совет ұйымдасқан жоқ еді. Тоқтаусыз күрес, екі үкімет таласы бар еді. Орда қағаз жүзінде болмаса, істі ұйымдастыру, райондарда совет жұмысын жолға салуға жігерлі кірісе алмай жатыр еді.

Талөпке районы бір жағынан Самар губерниясы(ның) Алмалы, Шортанды қалаларымен шекаралас болып, бір жағынан Орал қазақ орыстарының жерімен шекаралас еді. Орданың қарауындағы Талөпке, Жаңақала (Новая Қазан) бөлімдерінде совет ұйымдастыру, жаз Алмалы, Шортандыда совет жұмысы жолға салынып, қызыл гвардия түзілуімен қатар шекаралас Орал қазақ орыстары (атты қазақ) орталығы Орал қаласында конный революцияшылар бас көтеріп, советке қарсы шабуылға әскер даярлап жатыр еді. Осындай тиянақ не әрі не бері үкімет тұсында жергілікті ел азаматтары да екі тарап болып, бір жағы совет үкіметін қолдаса, бір қатарлары контр-революцияны қолдады. Осындай әрі-сәрі кезде Ордадан Талөпкеге совет ұйымдастыру үшін Панасюк уәкіл болып келген. Бұл Талөпкедегі Азамат соғыс майданынан қайтқан солдат Иван, Ефим деген екі ағайын Панченко деген фамилиялас жігіттермен сөйлесіп, 1918 жылдың февралінде совет ұйымдастырады. Бай саудагерлерден салғырт салып, ақша жинайды. Бірақ бұл жолдастардың ісіне жергілікті үкімет Уақытша үкімет адамдары наразы болады.

Мұнан соң февраль айында бірнеше күн Талөпкеде болып, совет ұйымдастырып, енді жұмыс бітті ғой, - деп Орда, Астрахан жағына қайтпақшы болады. Талөпкеден 40 шақырымдай жердегі Алғай (Алмалы) стансасына жөнеледі. Сол кезде Талөпкедегі Уақытша үкімет адамдары, байлар,  саудагерлер  Панасюкке  қарсы  адамдар  болып  жиналып,

«Панасюк деген бізді талап кетті. Ақша жинап алып, қашып кетті», - деп Панасюктің ізінен қуғын жасап, милицияларын жіберген. Панасюк Алмалыға (Алғай) стансаға келіп жетеді. Панасюктің ізінен қуып жетіп ұстап, Талөпкеге қайта алып барды. Талөпкеде бір-екі күн қамаққа алып, сотсыз, тексерусіз Талөпкенің Уақытша үкімет адамдары Панасюкті атып өлтірді. Панасюкті атқан Талөпкеде тұрған шеркеш Әзи деген еді. Бұл істі Орда советі түгілі Алмалы-Шортанды советі білмей қалды.

Панасюк атылғаннан кейін оның ұйымдастырған совет ұйымының адамдары, екі ағайын Панченко дегендері, тағы басқа соғыс майданынан қайтқандар түгелі Алмалы-Шортанды советіне барып, Талөпкедегі жағдайды айтып, жәрдем сұрады.

Алмалы, Шортандыда совет орнаған. Шортандыда жүздеген, Алмалыда 40-50 қызыл гвардиялар бар еді. Талөпкеден кеткен Панченко, тағы басқаларға жәрдемге және Панасюкті өлтіргендерден өш алу, Талөпкеде совет орнату үшін Алмалы советі 15 адам қызыл гвардия отрядын берді. Бұл отрядқа басты командир Несторов деген жіберілді. 1918 жылы февраль айының аяқ ондарында Алмалыдан шыққан отряд Талөпкеден 15 шақырымдай жердегі қарақалпақ ауылы Қоңырсай деген ауылға келіп түсті. Бұл ауылда соғыс майданындағы қара жұмысынан қайтқан кедейлер көп еді. Отрядты бастап алып келе жатқан қызыл гвардияға барған. Бұл қарақалпақ ауылынан бірінші болып қызыл гвардияға жазылғандар қарақалпақ Сәбит Кенжебаев дегеннің үш ағайын баласы Салық, Буқай, Фатиқ дегендер. Жарас, Қайым деген екі ағайынды Жұматовтар, Сағит, Сары, Типыл, Латип деген төрт ағайын Мусиндер, Қожантай, Нысанбай Аманғалиевтер, Ғатау Насиев. Оның ағайыны Сағит еді. Ұмай, Ысмақ Яхин деген екі ағайын жігіттер болды. Бұлар Алмалыдан шыққан отрядқа қосылып, Талөпкеге келіп, Талөпкені алып, Панасюкті өлтіргендерден қолға түскен 7 адамды атты. Бірқатар советке қарсы байлар, саудагерлер қашып кетті. Солай етіп Талөпкеде совет қайта түзілді. Талөпке советінің бастығы Иван Панченко, Бағауи Мифтахитдинов, Абсалямов, Ефим Панченко болды. Солай етіп Талөпкеде совет ұйымдастырып, командир Несторов барған отрядымен Алмалыға қайтты. Талөпкеде қызыл гвардияға жазылған 15-20 адам Талөпкеде ұйымдасқан совет қарауында қалды. Бұл отрядқа командир Ефим Панченко болды. Талөпке советі қарауындағы болыстарда совет ұйымдастырып, Талөпкеде совет сайлауы сиезін шақыруға даярлық жүргізді. Ордамен сөйлесіп, сайлау сиезіне Ордадан уәкіл келетін болды. Талөпке сайлау сиезін шақыру ескі есеп бойынша май айының 25-іне белгіленді. Болыстардан сиезге делегаттар сайланды. Майда болатын сиезге даярлық жүріп жатты.

Тап осы кезде қоңсы Алмалы-Шортанды советтеріндегі жағдай туралы бір-екі ауыз сөз: Бұл күндерде Алмалы-Шортанды советтері орныққан, байлардың мал дүниесін кәнпескелеу басталған еді, жазғытұрым көктем. Егін егіс уақытында байлардан кәнпескеленген малды кедейлерге бөліп беру жүргізіліп жатқан уақыт болды. Егіс егу үшін кедейлерге пар өгіз, егін құралдары, тұқым бидай, сауын сиырлар үлестіріп жатыр еді. Сонымен қатар қызыл гвардияны күшейту, оларға азық-ауқат топталып жатыр еді. Соныңмен қатар қоңсы Орал (Теке) қазақ орыстарының, революция дұшпаны байлардың қоңсы совет қаласы Алмалыға шабуыл жасау қаупі күшейіп тұр еді. Оларда үлкен даярлық әскер топтау, күш жинау болып жатыр еді.

Орал қазақ орыстарының Талөпкеге де шабуыл жасау қаупі үлкен еді. Өйткені Талөпкеден 40-50 километрдей жердегі Оралға қарайтын Жалпақтал (Сломихин) деген қалада қазақ орыс әскерлерінің жиналып жатқаны белгілі еді. Қазақ орыстардың революция дұшпандары шабуыл жасауы мүмкін деп, Алмалы, Шортанды советі және Талөпке советі күтінуде еді.

Бірақ Орал қазақ орыс революция дұшпандарының сайланған әскерге қарсы тұрғандары бұл қалаларда көп жоқ еді. Бұларға губерниялық орталықтан, Ордадан жәрдем бергендері көп тағы болмады.

1918 жыл майдың 15 күні оқу бітіп, мектебіміз жабылды. Мен үйіме қайттым. Біреу жарым күн үйде болып, майдың 18 күні Талөпкеге бардым. Талөпкелік болыстарының совет сайлауы өтіп, енді аудандық советтер сайлау сиезін өткеруге Ордадан губерниялық исполком председателі жолдас Милютин келген еді. Сайлау сиезіне Милютин жолдас басшылық етті, аудандық совет атқару комитеті сайланды. Оған председатель Иван Панченко болды. Мүшелері Бағауи Мифтахидин, Апсалям Шигалиев (бір жерде Шигаев – Г.М.), Серікқали Жақыпов, Ефим Панченко, тағы басқалар сайланды.

Осылай болып атқару комитеті жаңа іске кіріскенде, қоңсы Орал қазақ орыстардың революция дұшпандары майдың (ескіше) 22 күні таңда Алмалы, Талөпке, Шортанды, Жаңақалаға шабуыл жасап, басып алды.

Алмалыдағы жүздеген қызыл гвардия, Шортандыдағы жүзден аса қызыл гвардия, Талөпкедегі 20-30 қызыл гвардия отряды  даярлық бола шабуыл салған революция дұшпандарына төтеп бере алмады. Бұл қалалардың советтеріне, қызыл гвардияға үлкен қала советтерінен жәрдем келе алмады. Ордадан да жәрдем болмады. Өйткені бұл уақытта ол қалаларда совет үкіметі орнағанмен, әскери күш жоқ еді. Қызыл гвардия отрядтары жаңа-жаңа ұйымдасып жатқан уақыт еді.

1918 жыл май айының 23-іне  қараған  түнде  қазақ  орыс  отряды елу атты келіп, Талөпкені қамады, Талөпкеде қарсы тұрарлық күш болмады. 20-лаған қызыл гвардия қапыда қалып, бірқатарлары қаладан қашып шықты, бірқатарлары қаладан қашып шыға алмай, қала ішінде тасаланды. Майдың 23 күні (ескіше) қалада тінту болып, сайланған совет атқару комитетінің адамдары қолға түсті. Ордадан келген губисполком председателі Милютин қалай да қазақ отрядынан құтылып, Ордаға жөнеліп кете алды. Атқару комитетінің адамдарынан Иван Панченко, Серікқали Жақыпов,  Бағауи  Мифтахидинов,  Апсалям  Шигалиев, тағы басқалар – 34 адам тұтқынға алынды, қамалды. Қызыл гвардия отрядының командирі қызыл гвардеец Ефим Панченко, Кенжебаев Сәбит дегеннің үш баласы Салық, Буқай, Фатиқ Сәбитовтер, Қайым Жұмашев, Тілеп Аманғалиев қашып құтылды, Жарас Жұмашев, Сары Мусин, ...

..., Ұмай Яхин деген қызыл гвардеецтер тағы басқалар қашып, ауылға шығып, ел арасына тасаланды.

Талөпкені қамап алған қазақ орыстар мен жергілікті байлар саудагерлер бірлесіп «комитет обороны» деген атқару комитетін сайлады: бұның бастығы төре Мұқамбетрахим Қарабаев болды, Ғабдош Болманов, Ханзада Жәленов дегендер мүшелері болды. Сахип Янбулатов деген судья болды.

Қазақ орыстар тұтқынға алған 34 адамын сол күні Алмалыға айдатып жіберді. Сол күні Алмалыда да соғыс болып, қазақ орыстар Алмалыны да алды, Шортандыға аттанды. Талөпкемен қатар Жаңақала, Орда(ны) да қазақ орыстар қарауына кірді. Қолға түсіп Алмалыға айдалғандардың ішінде совет атқару комитетінің председателі Иван Панченко, мүшелері Бағауи Мифтахидинов, Серікқали Жақыпов, Апсалям Шигаев тағы басқалар бар еді. Бұлар мен білетіндер. Бұл айдалып кеткен 34 адамнан ертеңіне майдың 24 күні 20 адам қайтып келді, ал 14 азаматты қазақ орыстар Алмалы жолында атып өлтірген. Қайтқандардың ішінде Серікқали Жақыпов, Бағауи Мифтахидинов, Апсалям Шигаев дегендер бар еді. Атылғандардың ішінде мен білетін Иван Панченко, Латип Мусин деген бар еді.

Солай етіп 1918 жылдың май айында Талөпкеде революция дұшпаны қазақ орыстар үкіметінің мекемесі ұйымдастырылды. Бұл комитет обороны деген еді. Бұның председателі Мұқамбетрахим Қарабаев болды. Ғабдош Болманов, Ханзада Жаленов, Тоқғали, Тукаев, Федоров, Рамакаев дегендер болды. Талөпкеде комитет обороны милиция ұйымдастырды. Начальник милиция Ханзада Жаленов, судья Сахип Ямбулатов деген болды. Солай етіп революция дұшпандары қазақ орыстардың түзген үкіметі Талөпкеде 4 ай шамасы үкім сүрді. Осы 4 ай ішінде Талөпкеге ешқайдан жәрдем болған жоқ. 4 ай бойында Алмалы, Шортанды қалаларында соғыс болып тұрды. Қазақ орыстардың қолына түскен Алмалы советінің бастығы Шугунков, әскери комиссары Глухов, совет мүшесі ... Суриков дегендер атылды. Революция дұшпаны қазақ орыстардың үкіметі уақытында Талөпкеде де талай айуаншылықтар болды.

Мен 1917-1918 оқу жылында Алмалыда оқуда болып, жазда демалыс етіп, ауылда үйімде болдым. Талөпкедегі, Алмалы Шортандыдағы жағдайларды көріп тұрсам да жұмысқа қатынасқаным жоқ. Үйімде шаруа бағып отыра бердім.

Июнь айының 10 шамасында бір күні таңертең біреу келіп, мені ұйқымнан оятты. Бұл – ауылдағы таныс жігіт, қызыл гвардияға жазылған Хисам Жақыпов деген еді. Талөпкеден қашып шығып, ауылда тасаланып жатқан еді. Маған келіп былай деді: «Ал, бала, бүгін Талөпкеден милиция отряды шығады екен, бізің ауылға келеді екен, мен ауылдан шетірек жасырынбасам болмайды. Мені жасыр, тасаланамын»  деді. Мен оған: Отряд шықса ауылда тінту болады ғой, бізің үйге де келеді. Мен ауылдан шетірек жасырын деп кеңес бердім. Ол атқа мініп, бізің ауылдан 13-15 километрдей жердегі Қараөзен бойына кетті. Енді мен жатқаным жоқ, күн шығып көтерілді. Мен қолыма темір күрек алып, үйге жақын егілген егіс бар еді, соның тышқанын қараған болып, егіске қарай шықтым. Сол жерде бізің ауылдан 2-3 километрдегі қарақалпақ ауылы Қоңырсайдың үсті шабуыл салған аттылар, дүңкілдеген мылтық, у-шу дауыс болып қалды. Егіннің тышқанын қарауға жаңа кіріскенімде екі атты адам шауып маған келді. Біреуі мылтық асынған милиция еді, ал енді біреуі қоңсы ауылдағы беріш Аманғали Дәулетбаев деген еді. Олар маған келе: Ойбай, сен не қылып жүрсің? Мына ауылдарыңыздан екі-үш крауар (гвардия деген шығар – Г.М.) таптық. Жүр, атқа мін, тағы крауарлар бар көрінеді. Соларды табайық, крауарлар осы сіздің ауылға жиналған көрінеді, - деді. Үйіме келіп, мен де атқа міндім, көпке ердім.

Бұл отряд ауылда тегіс тінту салып, ауылға келіп, тасаланып жатқан қызыл гвардияшы Сары Мусин, Жарас Жұмашев деген екі гвардеецтерді ұстап алған. Талөпкеге қамалған уақытта гвардия отрядының командирі Панченко Ефим дегенменен бірге қашып шыққан қызыл гвардеецтер Салық, Буқай, Фатиқ дегендердің үйіндегі әкесі Сәбит Кенжебаев деген қартты ұстаған екен. Таңмен ерте маған келген Хисам деген жігіт ауылдан ұзамай егіс арасында жатыр екен. Оны да тауып ұстаған екен. Бұларды азап беріп, Талөпкеге айдап кетті. Солай етіп Талөпкедегі комитет обороны атынан ел арасына шыққан отрядтар елде үй қалдырмай тінтіп, қатын-баланы шулатып кететін болды. Камди Яхин деген қызыл гвардеец милиция қамап келген атқа мініп, унтикысыменен (винтовкасымен дегені шығар – Г. М.) қашты. Атыс болды.

Не жағдай бар екенін білу үшін ауылдан шығып Талөпкеге бардым. Талөпкеге кірген жерде бұрыннан таныс, қазір комитет судьясы Сахип Ямбулатовты ұшыраттым, сәлемдескеннен кейін Ямбулатов маған: кеше қолға түскен крауарларға сот болды. Сот Алмалыға жөнелсін деп үкім шығарды, бұл соның үкімі, заседатель ретінде сен қол қой, - деді.

Кеңседе соттың үкімін оқып көрдім. Бұл үкім кешегі бізің ауылдан ұстап алып келген жігіттерге шығарылған үкім екен. Үкімде былай делінген:

«Қолға түскен қызыл крауарлар Сары Мусин, Жарас Жұмашев, Хисам Жақыпов, Сәбит Кенжебаев, Суар Нұрмаков, (тағы біреу) Алмалыға дала сотының қарауына жіберілсін», делінген. Мен бұл үкімге қол қоймадым, Ямбулатовқа: «Мен үкім шығаруға қатынасым жоқ, қол қоймаймын» дедім. Ол маған: «Олай болса басқа біреуден қол қойдырамын» -деді.

Соттың осы үкімі бойынша кешегі ұсталған гвардеец жігіттер Алмалыға айдалған. Жолда Талөпкеден 7-8 шақырымдай жерде Қараоба деген жерге келіп, милициялар комитет оборонаның тапсыруы бойынша болса керек, қылышпен шапқылап өлтіріп, сосын бір құдыққа салып кеткен. Бұл жағдай сол кезде-ақ белгілі болды. Өлгендерді туысқан адамдары сол жерге көмді. Мен Талөпкенің осы жағдайын көріп, тура үйге қайттым, ешқайда шықпай үйде жата бердім.

Бір күні шаруашылық жұмыспен қоңсы қала Алмалыға бардым. Онда қыста бірге оқыған жолдастарды ұшыратып, біреуінің үйінде қонақ болып отырдық. Тап сол күнде біз отырған үйдің терезесінің алдынан жалаң аяқ, жалаң бас 10-даған адамды қазақ орыс әскери адамдар айдап өтті. Бізің отырған жолдастардан біреуі:

– Қараңдар, мына адамдарды атуға айдап бара жатыр. Қазір атады,

  • деді. Біз ұзамай кейіннен шығып қарасақ, Алмалының ортасынан ағып өтетін Қараөзеннің бойына айдап келіп, 10-даған адамды тал түсте атып салған.

Қазақ орыстарының осындай айуаншылығы қара халық арасында үлкен наразылық пайда етті. Соған ел азаматтарының арасындағы алауыздық шаруаларға да оңай тиген жоқ. Мал баққан шаруалар күн көру, тамақ асыраудың жабдығында болды. Жағдай қалай болып кетеді, кім жеңеді. Кім тыныштық береді деген қобалжу жағдайында еді. Солай етіп, июнь, июль, август айлары өте берді.

Мен ауылда үй шаруасын бағып жата бердім.

Август  айының  іші,  бір  күні  Талөпке  қаласын  Орда  жақ  бетінің ... ... Нысанбай ауылындағы Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев деген жолдастарымнан хат алдым. Хатында олар былай деген: «Ордада мұғалімдер курсы ашылады екен. Соған біз баратын болдық, сен де жүр, бізге кел, бірге Ордаға барайық» деген. Бұны мақұл көріп, Ордаға баруға мен де даярландым. Сол жолдастарға қосылып бірге жүрмекші болып, Ордаға қай күндері жолға шығатындарын сұрап хат жазып жібердім. Сол хатқа тез арада жауап болған соң, сентябрьдің он бестері шамасында Талөпкеге барып, солардан бір хабар алайын деп, ерте тұрып алғасын Талөпкеге  барайын  деп  әзірленіп  жатыр  едім.  Сағат  ертеңгі  8-дер шамасында ауылнай старостамыз шауып келді. Келісімен аттан түспей- ақ: Бала, қызылдар келіп Талөпкені алды. Өртеп жатыр, қашамыз - деді. Дұрысында  сол  күні  қызыл  гвардия  отрядтары  Сарытау  жағынан Шортанды,  Алмалыға  шабуыл  жасаған.  Солармен  қатар  Астрахан жағынан қызыл гвардия отрядтары Талөпке, Алмалыға шабуыл жасаған еді. Қызыл гвардиялар Шортандыны алып, Алмалыға келіп соғысқаны, Астрахан жағынан қызыл гвардия отрядтары Талөпкені алып, Алмалыға шабуыл жасағаны белгілі болды. Талөпкедегі қазақ орыс комитет оборона қызметкерлері                        ондаған   милициялары   қызыл   гвардияға   қарсыласа алмады, шегінді. Қызыл гвардия отряды Талөпкені алды. Ғатауолла, Серғалиев деген саудагерлердің үйлерін өртеді. Талөпкеге келіп бірінші кірген қызыл гвардия отряды май айында Талөпкені қазақ орыстар алған уақытта қашып шегінген Панченко отряды болды. Олар мына жігіттер еді: Салық, Бірқай, Фатиқ деген үш ағайынды жігіт Сәбитовтер, Қайым Жұмашев, Тілеп Әмірғалиев дегендер еді. Бұлардың командирі Панченко Ефим еді.

Солай болып, 1918 жылдың сентябрь айында Шортанды, Алмалы, Талөпке, Жаңақала (Новая Казанка) Орал қазақ орыс революция дұшпандарынан тазартылды. Совет ұйымдастырылды.

Орал қазақ орыстары түзген комитет оборона таралып, оның қызметкерлері қазақ орыстармен бірге кетті. Бірақ жаз 4 ай шамасы майдан сентябрьге дейін болған дәуірде комитет оборона қызметкерлері елге көп өсек әңгімелер таратты. Большевикті қызылдар деп, халыққа құбыжық қылып көрсетті. Соның салдары болса керек, қызыл гвардияның бұл шабуылы елді едәуір шошытты. Көшу, қашу сияқты уақиғалар болды. Бірақ негізінде көп әбігершілік болған жоқ. Қызыл гвардиялар Шортанды, Алмалыны, Талөпкені соғыспен алып жатқан уақытта Талөпкенің адамдары малдарымен қашып, көшіп, қазақ орысқа ерген еді. Жакин, Сары (Садыр?) халпе дегендер бізің ауылдың үстінен өтті. Қызыл гвардияға жазылғаннан бұрын ағайын ара-ара азарлығымыз болған Сапы нағашыдан тасалап, мен де атқа мініп қашудың қамын жедім. Бірақ қашқанда мен қазақ орыс революция дұшпандарымен бірге емес, Орда жаққа қашудың қамында болдым. Бір жұма бұрын Халел Есенбаевтан алған записка бойынша солардың ізінен Ордаға бармақшы болдым. Бірақ бұл жағдайда қалайынша Талөпкеден шығып кете аламын, соның жолын табу қиын болды.

Тайсалдап ауылдан қашып шыққанмын, бір күн қонып, ертеңіне сентябрьдің 18-і күні үйіме қайтып келдім. Енді Ордаға қалай жүрудің жабдығында болдым. Ордаға төте жолмен жүріп баруға болмайтын болғанын біліп, енді Жаңақала ауданы арқылы Нарын ауданына өтіп, сонан  Ордаға  кетпекші  болдым.  Сентябрьдің  19-ы  күні  Талөпкеден

10 километр жердегі үйден шығып, Жаңақалаға барып бір қондым. Жаңақаладан шығып, Нарын ауданында бірге оқыған бір-екі жолдастарым бар еді. Қалайда соларды тауып алып, солар арқылы айналма жолмен Ордаға баруды ойладым. Ол жолдастарым Орынборда Хусайния мектебінде 3 жылдай бірге оқыған сабақтас жігіттер Шамғали, Ғабит Сарыбаев дегендер еді. Бұлар Нарындағы Хайролла ахун дегеннің балалары еді. Соларға жолдастарға барып жетсем, Ордаға да барамын ғой деп ойладым.

1918 жыл сентябрьдің 21-і күні Нарын құмындағы Хайролла ахунның ауылын тауып, ахунның үйіне барсам, бірге оқыған сабақтас жолдасым Ғабит Сарыбаев Ордадан ауылына келіп жатыр екен. Мені көріп қуанышпен қарсы алды. Ол Ордада қызметте екен. Ордада милиция начальнигінің орынбасары жұмысында екен. Бір жұмыспен шығып, үйіне келіп, бір қонған екен.

Ғабит маған Орданың жағдайын айтты. Ордаға Астраханнан белгілі партия қызметкерлері келіп, совет үкіметі құрылғанын, ауыл болыстарда совет орнағанын, губерниялық атқару комитеті болғанын, өзінің милиция начальнигінің орынбасары екенін, Нарында құмда жасырынып жүрген бір күнәһар адамдарды ұстауға отрядпен шыққанын сөйлеп берді. Бөкейліктің жеті қисымынан қазақ оқығандары Ордаға жиналып жатқанын, совет жұмысына орналасып, жұмыс етіп жатқанын сөйледі. Мәскеуден де адамдар келіп жатқанын айтты. Қазақ соғыс комиссариаты ұйымы ашылып, қазақтан ерікті атты әскер түзу мәселесі көтерілгенін сөйледі. Тез Ордаға кел деді.

Нарын қисымы егін екпейді, мал баққан шаруа, олардың базарлайтын базары Орда, бір жағы Жаңақала, ал енді бір жағы Қызыл үй, бұл Қызыл үй – Басқұншақ тұз көлінің басындағы қала. Сол тұз көлінің қасында менің қарақалпақ бір ағайындарым бар еді. Соларға барғым келгенін Ғабитке айттым. Ол қасыма адам қосып, құмнан шығарып, сол Басқұншақтағы ағайындарыма жеткізді.

Басқұншақтағы ағайындарда қонақ болып, 5-6 күн жаттым. Ондағы ауыл совет председателі Асыр Негметуллин деген қарақалпақ ағайын екен, жолығып, сөйлестім, Орданың жағдайын, Ордадағы жұмыс жағын тағы да сұрасып біліп, жақсы түсіндім.

Ол председатель Ордаға баратынын сөйледі. Бірге барамыз деді. Менің бұл ауылға келгенімді Ордадағы Халел Есенбаев тез-ақ естіген екен. Маған ауылдан қалаға барған бір адаммен маған хат жазыпты.

«Тез арада Ордаға кел. Ал тез келмесең к.қ.» - депті.

1918 жыл сентябрьдің 28 күні Ордаға бардым. Талөпкеден келген Халел Есенбаев пен Ғали Бегалиевтерді көрдім. Халық ағарту бөлімі бастығы Сейтқали Меңдешевпен сөйлесіп, мұғалімдер курсына оқуға кірдім, солай етіп курста оқып, бітіріп, Орда қаласында мұғалім болдым. Ордада совет орнаған, Орда бір губерния атағын алған. Губерниялық совет атқару комитеті, оның бөлімдері ұйымдастырылған, губерниялық атқару    комитетінің  председателі             Милютин,       ішкі                  істер           комиссары Меңдіғалиев Асанғали, халық ағарту бөлімі Меңдешев Сейтқали, тағы- тағылар. Орданың қарауындағы 7 қисым (бөлім) уезден барлық оқыған жасы-қарты Ордаға жиналған екен. Мен білгендер: Талөпкеден Ғазиз Мусағалиев, Ғұмар Қарашев, Қари Қарашев, Батырқайыр Ниязов, Ахмет Ниязов,  Мәжит  Шомбалов,  Ғали  Бегалиев,  Халел  Есенбаев,  Ғаппар Мурзалиев; Жаңақаладан Меңдешев Сейтқали, Залиев Нұғман, Бегалиев Ешмақан, Қарменов, Құлшурин Абдрақ; Тарғыннан Шурин Хамит, Бисен Жәнекешев, Әмірғали Меңешев; Қалмақ бөлімінен Рысқұл Теміралиев, Ыдырыс  Берғалиев,  Абдол  Бөкейханов,  Мұстапа  Көкебаев,  Сыдық Әзербаев, Қадыр Әзербаев; Нарын бөлімінен Ғабит Сарыбаев; Теңізден Шафқат Бекмұхаметов, Нұғыман Манаев, тағы басқа да көп азаматтар бар еді. Сол кезде Мәскеуден Тұнғашин Мұқамедиар, Бекентаев Хусаин деген азаматтар Ордаға келіп, Мәскеудегі қарар бойынша қазақ әскери комиссариатын ұйымдастырып, қазақтар линиялы атты әскер түзу үшін қолға алып жатыр еді.

Ғазиз Мұсағалиев Уақытша үкімет тұсында Ордада шығып тұрған «Ұран»  газетасының  редакторы.  Ал  басқа  азаматтар  да  әрқайсысы лайықты совет мекемелерінің жұмысында еді.

Саратов губерниясына қараған Шортанды, Алмалы, Тақташық (жер атауы болса керек – Г.М.) Савинка қалалар советтің қызыл гвардия отрядтары қазақ орыс бандылардан 1918 жылдың сентябрінде Шортанды, Алмалы, Талөпке, Жаңақаланы тазартып, қазақ орыстар тұсында тарап кеткен советті қайта түзді. Бұл қалаларда совет үкіметі орнатылды.

Шортанды, Алмалыны қазақ орыс бандылардан тазалаған қызыл гвардия отрядымен бірге Талөпкені келіп алған отряд ішінде май айында Талөпкеден қашып шыққан қызыл гвардия Панченко Ефим, Салық, Буқай, Фатиқ Сабитовтер, Қайым Жұмашев, Тілеп Әмірғалиев бар еді. Бұл жолдастар Талөпкеде қалып, Талөпке советінің қарауында болды. Шортанды, Алғай советтерінде өздерінің қызыл гвардия отрядтары болды. Талөпкені алып, совет орнатуға бұл жолы Орданың қатынасы болмады дерлік. Талөпке, Алмалы соғыс майданы болды. Талөпкеде Панченко командасында болған қызыл гвардия отряды басшылық етті, бұған Алғай советі жәрдем берді.

Талөпке ауданында Панченко отряды Шортанды, Алмалы советіндегідей байлардың мал дүниесін кәнпескелеу жүргізді, бірақ бұл кәнпеске тәртіпті болмады. Кәнпескеленген мал дүние Ордаға берілді. Шортанды, Алмалы советіне тапсырылды, қызыл гвардия ұйымдастыру, оларға ауқатқа босалды. Бұл тәртіпсіз жергілікті кәнпескеден Талөпке ауданынан көп адамдар қашып, Ордаға тығылды. Орда оларды қорғады. Қашқандардың сөзі, берген арыздары Панченко отрядын талаушы банда деп көрсетті. Панченко отряды Алмалы, Шортанды советіне арқа сүйеп, Ордаға бағынғысы келмеді. Орданы байлардың жиналған жері деп есептеді. Орданы, ондағы советті байлар жиналған орын деп Шортанды, Алмалы советіне көрсетті. Шортанды, Алмалы советтері бұл жерлер соғыс майданы болғандықтан Панченко отрядының орынсыз жөнсіз істеген кейбір істерін тәртіпке сала алмады. Орда да бұл жұмысқа қатынаса алмады. Панченко бастаған совет Ордадағы совет қызметкерлерін Шортанды, Алмалы советіне жаман көрсетті. Орда советі байлардың жиналған жері, олар совет үкіметіне қарсы деп көрсетті. Сонымен Шортанды, Алмалыдағы совет мекемелері Орда адамдарын дұшпан деп қарады, олармен сөйлесіп, түсінісе алмады. Ордадағы совет мекемелері Талөпкені өз районы деп қарап, совет орнатуға, жұмысты тәртіпке салуға кірісіп, 1918 жылдың декабрь айында Ордадағы совет атқару комитетінің ішкі істер комиссары Асанғали Меңдіғалиевті Талөпкеге жіберді. Бірақ бұл жолдасты Талөпкеге жеткізбей, жолда қарсы шығып, Панченко отряды өлтірді, қылышпен шауып. Бұл жағдай Талөпкедегі совет мекемелері мен Ордадағы совет мекемелерінің арасын тағы ашты. Екіара түсінбеушілік тағы күшейді, Талөпкені Шортанды, Алмалы советтері бақылады, Талөпке советі Алмалы, Шортанды советіне арқа сүйеді. Солай етіп Ордамен екі арадағы араздық күшейе берді.

1918 жыл Талөпкеде байлардың малын кәнпескелеуді аяқтау, салық салу, жерлер беру – бұл жөнінде Орда Талөпкеге сілтеу бере алмады. Шортанды, Алмалы советінің үкімі бойынша, солардың сілтеуі бойынша жұмыс жүргізілді. Орда Астрахан советінің сілтеуі, Мәскеудің көрсетуі бойынша өз жұмысын тәртіпті жүргізді.

Мәскеудің қарарымен Ордада қазақ соғыс комиссариатын ұйымдастыру, қазақтан ерікті атты әскер түзуге Мәскеуден келген Тұнғашин Мұхамедиар менен Хусаин Бекентаев жолдастар Ордаға келіп, тапсырылған міндетті жұмыстарын орындауға кірісті. Орда советі де осы қазақтан ерікті атты әскер түзу жұмысын қолға алды. Қазақ соғыс комиссариатына керек және қазақ ерікті әскерлерге керек әртүрлі киім- кешек, құрал-жарақтар әкелінді, жаңа әскерлікке ерікті жазылған қазақ жастарын үйретуге командирлер келді. Арнаулы комиссия түзіліп, өз еркімен әскерлікке жазылған азаматтарды сайлап алу басталды. Қазақ жастарынан командирлер даярлау үшін полк оқу мектебі ашылып, оған оқығаны бар қазақ жастары оқуға кірді. Солай етіп қазақтан ерікті атты әскер полктарын ұйымдастыру жұмысы жүріп жатты.

Осы 1918 жылдың соңғы жартысында Орда губерниясының жағдайы жақсы емес еді, батыс жағында Царицын қаласын Деникин әскері басып, солтүстік жағы қазақ орыс Толстов әскері, бер жақта ішкі бандылар көтеріліп бір қиын жағдайда еді.

Қазақ соғыс комиссариаты қапталында саяси бөлім ашылып, агитация жұмысы жолға салынды.

Төте жазудан аударып оқыған – Гүлмару Мырзағалиева, Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің қызметкері

Содержание: 
Тип материала: 
Газет туралы